Басаяқтылар (Cephalopoda) – жұмсақденелілер типіне жататын омыртқасыз жануарлар класы. Екі класс тармағына бөлінеді: төрт желбезектілер немесе сыртқы бақалшақтылар (Тetrabranchіa – Еctocochlea) және екі желбезектілер немесе ішкі бақалшақтылар (Dіbranchіa – Coleoіdae). Бұлардың 650-ден астам түрлері теңіздер мен мұхитта тіршілік етеді. Денесі жалаңаш (наутилус деген түрінің ғана бақалшағы бар), тұрқы 1 см-ден 18 м-ге (алып кальмарлар) дейін. Басы денесінен анық жіктелген, аузының айналасындағы жемін ұстауға арналған 8 – 10 қармалауыштарының жабысқақ сорғыштары бар, кейде мүйізденген ілмешегі болады. Басаяқтылардың басының бауыр жағында орналасқан мантия қуысына жалғасатын түтікше бар. Басаяқтылар мантия қуысынан енген суды түтікше арқылы қысыммен сыртқа шығарып, соның екпінімен қозғалады.
Олардың жұтқыншағында үккіші (радула) орналасқан. Ауыз қуысына бір немесе екі жұп сілекей бездері ашылады (осьминогтардың артқы сілекей бездері у шығарады). Кейбір түрінде жіңішке шегі қапшық тәрізді қарынға жалғасады, онда қорғаныш қызметін атқаратын ерекше секреция (сия) безі бар. Жұп не қос жұп желбезегімен тыныс алады. Тұйық қан айналу жүйесі өте күрделі, себебі, омыртқасыздардың ішінде тек Басаяқтылардың ғана жүрегі бір қарынша және екі жүрекшеге бөлінеді (ішкі бақалшақтыларда төртеу болады). Миы, сезім мүшелері, әсіресе, көзі жақсы дамыған. Бұлар негізінен дара жыныстылар, аталықтары жалған қолға (гектокотильге) айналған қармалауышымен ұрықтарын аналықтарының мантия қуысына салу арқылы ұрықтандырады. Басаяқтылар – жыртқыштар, олар көбінесе балықтарды, шаянтәрізділерді жейді. Ал өздері – судағы сүтқоректілердің (әсіресе, кашалоттардың) жемі. Басаяқтылардың кәсіптік маңызы зор. Қытай, Жапония, Корея, т.б. елдерде тағамға пайдаланылады. Бұлардың етінің сапасы балық етінен де артық, сондықтан жыл сайын 1,64 млн. т (оның 1,2 млн. т-сы кальмарлар) Басаяқтылар ауланады.