Ежелгі замандағы саяси ойлардың қалыптасуы
Нақтылы бір тарихи дәуірдегі қоғам, мемлекет, құқық, саясат туралы ойларды дұрыс түсіну үшін сол қоғамның, сол дәуірдің белгілі бір әлеуметтік топтары мен таптары үшін, олардың қандай мүдделерді қорғағандығын, бұл ілімнің авторы қандай мақсат пен позиция ұстанғандығын білу шарт. Сонда ғана саяси және сол мемлекеттің ерекшелігіне қарай дұрыс баға беруге болады. Ең алдымен саяси ілімдер тарихының негізгі кезеңдері мен оның ерекшеліктерін және саяси тарихын терең білу шарт.
Саяси ілімдер тарихын хронологиялық және мазмұндық тәртіппен ірі төрт кезеңге бөлуге болады:
Ежелгі замандағы саяси ілімдер тарихы (алғашқы мифтік көзқарастардың пайда болуынан, б.з.д. 3 мың жылдықтан – б.з. V ғасырына дейін).
Орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси ілімдер тарихы (V-XVIIғғ).
Жаңа заман және ХХ ғасырға дейінгі саяси ілімдер тарихы.
ХХ және ХХІ ғасырлардағы саясат туралы ойлар.
Саяси ілімдер алғашқы кезеңде адамдардың алғашқы мифтік көзқарастары негізінде пайда болды.
Адамзат саясаттың сиқырлы сырын, құбылмалы құбылысын өте ерте заманнан түсініп – білгісі келген. Ежелгі Шығыс ойшылдары мемлекеттің, саяси биліктің мән-мағынасы неде және кімге қызмет етеді, қоғамдық құбылыстың қандай түрлері бар және олардың ең жақсысы, халыққа ең қолайлысы қайсысы деген сияқты сауалдарға жауап іздеген. Бірақ ол кездеге пайымдаулар негізінен діни-мифологиялық сарында болғаны белгілі. Себебі, ертедегі адамдар жер бетіндегі өмірге құдайдың құдыретінен туған жалпы әлемдік космостық тәртіптің бір ажырамас бөлігі ретінде қарады. Мысалы, Мысырда (Египетте), Вавилонда (қазіргі Ирак), Үндістанда, Қытайда сол кездегі мифтерге сүйенсек, басқарушының билік көзі құдайда және ол жер бетіндегі істерді реттеп, тындырып отырады. Көне Қытай мифі бойынша билік құдайдың құдыретімен жүргізіледі де, ал іске асырушы онымен байланысты император болып есептеледі. Әрине, діни көзқарастар мен парадигмалар ғылыми болып саналмайды, бірақ біз мұны жоққа да шығара алмаймыз, себебі қазіргі кезде діннің қайтадан қоғамда үлкен орын ала бастағанына қарасақ, мемлекеттегі және мемлекет аралық саясаттағы діннің орны ерекше.
Ежелгі шығыстың саяси ойлары (буддизм, конфуцийшылдық, даосизм, заңшылдар мектебі). Ежелгі Грекия мен ежелгі Римдегі саяси ойлар (Платон, Аристотель, Цицерон). Ортағасырлық Шығыстағы саяси ойлар (Әл-Фараби, Низами, Әлішер Науаи). Саяси ойлар тарихындағы Еуропалық ортағасыр (Марк Аврелий, Фома Аквинский). Қайта өркендеу дәуіріндегі саяси ойлар (Н.Макиавелли, Томас Мор, Жан Боден). Еуропалық ағартушылық дәуірдегі саяси идеялар (Т.Гоббс, Дж.Локк, Ш.Монтескье, Ж-Ж. Руссо). ХХ ғасырдағы шетелдік саяси ой-пікірлер (В.Парето, Д.Истон, Г.Моска, М.Вебер, Т.Парсонс, М.Дюверже)
Батыс елдерінің ішінде саяси идеялар Ежелгі гректерде қарқынды дамыды. Онда қоғам шығыс елдерімен салыстырғанда көп жағдайда қарама-қарсы өрістеді. Саяси ұйым түрін жеке мемлекет болып саналған қалалар құрды. Патшалық өкіметтің орнына аристократиялық және құлиеленушілік демократия орын алды. Саяси өмір қызу өрбіді, ол саяси сана теориясының терең дамуына әкелді. Сондықтан олардың саяси санасы мифтен теорияға тез ауысты.
Платон – антикалықзаманның ғана емес, бүкіл философия, саяси ілімдер тарихындағы ұлы ойшылдардың бірі (б.з.д. 407-399). Платон идеалды мемлекет туралы еңбегінде әділдікті әркімнің өз ісімен айналысуынан және басқаның ісіне араласпауынан көреді. Адамдардың әлеуметтік топқа бөлінуімен олардың арасындағы мүлік теңсіздігін қалыпты жағдай ретінде қарастырады.
Платон адамдардың жан дүниесіне мемлекеттік құрылымның бес түрінің сәйкес келетінін айтады (аристократия, тимократия, олигархия, демократия және тирания). Олардың әпқайсысы биліктерін өз мүдделеріне қарай іске асырады. Тимократияда әскери адамдар билікте болады, олар жиі соғысады, соғыс мемлекеттің басты байлығы болып есептеледі. Олигархияда байлар билікке ие болғандықтан, өздеріне дұшпандық ниеттегі кедейлермен үнемі қақтығыста болады. Бұл мемлекетте кедейлердің наразылығы нәтижесінде кез-келген уақытта мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін. Тирания – мемлекеттік құрылымның заңсыздық пен зорлық-зомбылық үстемдік еткен ең нашар түрі.
Платон идеалды мемлекет құру туралы жобасында аристократиялық мемлекеттік құрылымды жақтайды және өз жобасының қиындықпен болса да жүзеге асатынына сенеді. Идеалды мемлекеттің өзі де мәңгі өмір сүре алмайды.
Платонның шәкірті Аристотель (б.з.д. 384-322жж). Еңбектері: «Афины политиясы», «Саясат», «Никомах этикасы». Аристотель тұңғыш рет саясат ғылымы туралы талдау жасауға кірісті. Саясатты ғылыми тұрғыдан түсіну адамгершілік пен этиканың дамыған ұғымы болып табылады.Әділдіктің екі түрін көрсетеді: теңестіретін және үлестіретін.Теңестіретін әділдіктің өлшемі ретінде «арифметикалық теңдік» қарастырылады. Бұл принциптің қолданылу аясы – азаматтық-құқықтық мәмілелер, шығынды қалпына келтіру, жаза және т.б. ал үлестіру әділдігі «геометриялық теңдік» принципі түрінде ұсынылады және бұл принцип ортақ игіліктерді еңбегі мен қоғамдағы орнына қарай бөлуге негізделеді.
Мемлекеттің дұрыс түрлері: монархия, аристократия, полития;
Мемлекеттің бұрыс түрлері: тирания, олигархия, демократия.
Ежелгі Үндістандағы саяси ілім үндіс қоғамында ұзақ ғасырлар бойы олардың рухани және әлеуметтік-саяси өмірінде үстем болған брахмандарға тікелей байланысты болып келеді.
Брахманизм идеяларының алғашқы көріністері б.з.д. екі мыңыншы жылдықтағы «Веда» ескерткіштерінде кездеседі. «Веда» - «білім, кіріспе» (Санскрит тілінде) деген ұғымды білдіреді. Веда бойынша барлық варналар мен олардың мүшелері құдай көрсетіп берген «дхармаға» - заңдарға, міндеттерге, құқықтар мен ережелерге бағынуы тиіс. Дхармадағы ережелер бойынша брахмандар қоғамда жоғары дәрежеде және үстемдік жағдайда көрсетіледі. Оқу, білім, дін ілімін, құрбандық шалу, өзіне және өзгеге арнап садақа үлестіру, садақа алу ісін құдай брахманға міндеттеген.
«Ману заңдарында» адамдардың варналарға бөлінуі және олардың қоғамдағы орны мен әлеуметтік теңсіздігі қорғалады. Мұнда да брахмандардың жоғары дәрежедегі жағдайы мен үстемдігі, артықшылығы туралы айтылады. Тіпті патшалар да брахмандарды құрметтеуге, олардың ақыл-кеңестері мен талаптарын орындауға, олардан «Веда» ілімін оқып үйренуге тиісті. Бұл заң бойынша патшаның басты міндеті варна жүйесін қорғау және оған қарсы келгендерді жазалау болып табылады.
«Ману заңдары» бойынша патшаның өкілдігі шектеулі, ол брахмандардың ақыл-кеңестерін тыңдаумен қатар кейбір талаптарға да сәйкес болуы керек. «Ману заңдарының» 3-бабында «ақылсыздықпен өз елін азапқа салған патша уақыт күттірместен өзінің ағайын-туыстарымен бірге елден кетуі тиіс және ол өмірден айырылады» деп айтылады. «Ману заңдарында» жазаға көп көңіл бөлінген, оның басты мақсаты варналарды сақтауға және қорғауға бағытталған. Құдай иелігінің ұлы ретінде жаза (данда) оның жердегі бейнесі «таяқ» деген ұғымды білдіреді. Яғни, жаза өзінің бұл ұғымында «басқару өнері» (данданиттер) деген мағына береді.
Б.з.д. VI ғасырда Будда («данышпан» деген ұғымды білдіреді) деген атпен белгілі болған Сиддхартха Гаутама «ең бастысы – адамның атағы мен шыққан тегі емес, адамгершілігі» деп үйретті. Буддистер үшін брахмандар артықшылыққа ие болған варна мүшесі емес, қарапайым адамдардың бірі.
Будда ілімін жақтаушылар дхарманы табиғи заңдылықты басқарушы әлем ретінде көреді. Саналы мінез-құлық үшін танымның қажеттілігі, табиғи заңдылықты қабылдау және мойындау туралы айтылады. Адам өмірінің мәні байлық пен атақта емес, әрқашан шындықты айтып, мейірімділік пен қайырымдылыққа ұмтылуда екендігі дәріптеледі.
Дхарма түсініктемелерінде адамдардың бір-біріне бауырмалдығы, қайырымдылығы, жамандыққа жамандықпен емес, жақсылықпен жауап беру арқылы ғана бұл әлемді ізгілікті өмірге қол жеткізетіндігі баяндалады. Буддизм ілімі бойынша адамдардың балығы тең дәрежеде.
Ежелгі Қытай қоғамдық-саяси ойындағы ықпалды ағымдардың бірі даосизм ілімінің негізін салушы болып б.з.д. VI ғасырда өмір сүрген Қытай оқымыстысы Лао-цзы болып саналады. Оның басты еңбегі «Дао және дэ туралы кітап» («Дао дэ цзин») Аспан астындағы күштер туралы дәстүрлі діни түсініктерден даосизмнің айырмашылығы – аспан астындағы билеушіден тәуесіз заттардың табиғи дамуы мен табиғи заңдылықтары туралы сипаттама берілуінде. Яғни, даосизм ілімі «дао» ұғымына негізделеді, ал «дао» «алғашқы түп негіз» дегенді білдіреді.
Даосизм ілімінде аспан, табиғат және қоғам заңдылықтары анықталады. Бұл заңдылық жоғары қайырымдылық пен табиғи әділдікті жақтайды. Дао ілімі бойынша барлық адам тең. Өз дәуіріндегі мәдени жетімсіздіктер мен адамдардың әлеуметтік-саяси теңсіздігін, халықтың қайыршылық жағдайын және т.б. Лао-цзы даодан ауытқу деп есептейді. Сол кездегі халықтың ауыр жағдайына наразылық білдірген Лао-цзы даоның әділдікті қайта орнататынына сенеді.
Даосизм ілімінде адамдардың қанағатшылдығы мен белсенді әрекеттерден тартыну принципі көбірек орын алған. Лао-цзы сонымен бірге соғыстың барлық түрі мен армияны қатты сынға алады. Оның айтуынша, әскер жүріп өткен жерде арам шөптер мен тікенектер ғана өседі, үлкен соғыстардан кейін ашаршылық жылдары басталады. Прогрестік дамуды жақтырмаған Лао-цзы өткен дәуірге қайта оралуды және білім мен ғылымнан бас тартуды ұсынады. Оның айтуынша ақылды билеуші өзінің қол астындағыларға «дао» жолымен жүруге жағдай жасайды. Ондай билеуші халықтың жеке ісіне араласпайды. Оның басты мақсаты – елдегі тәртіп пен заңдылықты сақтау ғана.
Қытайдағы саяси ілім тарихында конфуцизм ілімі маңызды роль атқарады. Оның негізін қалаған б.з.д. 551-479 жылдары өмір сүрген ұлы Қытай ойшылы Конфуций болды. Оның көзқарастары оның шәкірттері құрастырған «Лунь юй» («әңгімелер мен пікірлер») кітабында жинақталған. Бұл кітап ғасырлар бойы Қытай халқының өмірі көзқарасына, тәлім-тәрбиесіне едәуір ықпал етті. Оның даналық туралы өсиеттері әлі күнге дейін мәнін жоғалтқан жоқ. Ол «даналыққа біз үш түрлі жолмен жетеміз, ең ізгі жол – санамен саралау, ең оңай жол – еліктеу, ең қиын жол – тәжірибеден тәлім алу» деді.
Дәстүрлі көзқарастарға сүйенген Конфуций мемлекеттің патриархалды – патерналистік концепциясын жасады. Оның айтуы бойынша, мемлекет – үлкен отбасы. Патшаның қол астындағыларға билігі әкенің балаға билігі ретінде көрсетіледі. Патшаның билігі отбасындағы жасы кішілердің ересектерге бағыныштылығымен теңестіріледі. Конфуций суреттеген әлеуметтік-саяси жүйедегі адамдар теңсіздігі, «қараңғы адамдар», «төменгі адамдар», «құрметті адамдар», «жоғары шенді адамдар», «лауазымды адамдар» ретінде көрсетіледі.
Әлеуметтік теңсіздікті қалыпты жағдай ретінде қарастырған Конфуций аристократиялық билік концепциясын, яғни ақсүйектер тобының билігін жақтады. Биліктің зорлықсыз тәсілін жақтаған Конфуций билеушілерді өз бағыныштыларына қайырымды болуға шақырады. Билеуші қайырымды болса, төменгі адам да қайырымды болады. Биліктің осы ережесін ұстанған Конфуцийден «Шөп жел соққан жаққа қисаяды» деген нақыл сөз қалған. Ішкі және сыртқы соғыстарға қарсы болған Конфуций Қытай жерінен алыс тұратын басқа халықтарды білімділікпен және ақылмен жаулап алуды ұсынады.
Ежелгі Қытайдағы легизм идеялары б.з.д. IV ғасырларда жарық көрген «Шан цзюн шу» («Шан облысы билеушісінің кітабы») трактатында баяндалған. Бұл тарктаттың негізгі бөлімдерін Шан Ян деген атпен белгілі болған Гунсунь Янь жазды. Легизм ілімінің негізін салған ол Шан облысының билеушісі болыд. Шан Ян заңдар мен қатал жазаға сүйенген басқару жүйесін қолдады. Сол кездегі үлкен ықпалға ие болған конфуцизмді сынаған Шан Ян заң нормалары ғана елде тәртіп орната алады деп есептеді. Ел басқарудың негізгі әдісі ретінде қатал заңдарды жақтаған ол мемлекет пен адамдар арасындағы қатынастарды оңай реттеуге болатындығын айтты. Бұл «кімді кімнің жеңетіні» туралы принципке негізделген таптар күресінің қатынастарын көрсетті. Оның
айтуынша, «халық өз өкіметінен күштірек болса, мемлекет әлсіз, ал өкімет өз халқынан күштірек болса, армия күшті, әрі қуатты болады».
Легистер қайырымдылық пен адамгершілік қылмысқа апаратын тура жол, ал нағыз қайырымдылық пен сүйіспеншілік өзінің бастауын жазалаудан алады деп дәріптеді. Яғни олар мейірімділіктен бұрын қорқынышты алдыңғы орынға қояды. Олардың пікірінше елде жаппай тәртіпсіздік болмас үшін, мейірімділіктен гөрі жазалау басым болу керек. Аямай жазалау арқылы халық арасында үрей мен қорқыныш тудыру керек. Олардың бұл қағидасы үрей мен қорқыныш қана елде тәртіп пен заңдылық орната алады дегенді білдіреді.
Шан Янның басқару туралы концепциясы адамдарға дұшпандық көзқараста болу оларды жазалау және күштеу шаралары арқылы қалаған тәртіпке көндіруге болады деген тұжырымға сәйкес келеді. Легистер ілімін Шан Яннан басқа да Цзын Чань, Шэн Бу-хай, Ханфэй және т.б. одан әрі дамытты.
Көне түріктердің де қазіргі кейбір шығыс мемлекеттерінің қалыптасуы мен мемлекеттік идеологиясына әсерін тигізді. Бұған шолу жасасақ.
Ерте түрік мемлекеттерінде VI-VIII ғасырларда тасқа қашалып жазылған Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің дүниежүзілік өркениет тарихында алатын орны ерекше. Бұл ескерткіштер жазба мәдениетінің ғана емес, сол кездегі саяси ойдың да асыл мұрасы болып табылады. «Күлтегін», «Білге қаған» және «Тоныкөк» шығармаларында сол бір тарихи кезеңнің саяси тынысы, түркі халықтары өміріндегі аласапыран оқиғалар, ел билеушілерінің отаншылдық, бірлік, намыс туралы түсініктері, наным-сенімі, ұлыс аралық қарым-қатынастар, жеңістері мен қателіктері баяндалады.
«Күлтегін» ескерткіш жырының авторы Иоллық тегін өз дәуірінің саяси қайраткері, қағанның кеңесшісі, тарихшысы болған. Ол бұл еңбегінде Түркі қағанатының қашан және қалай құрылғанын, қағанатты құрған және нығайтқан ұлы қағандар мен олардың қолбасшыларының өмірбаянын, қағандықты ұстап тұру үшін жүргізген ерлік күрестерін баяндайды. Қағандық билікті қолдаған Иоллық тегін түркі елінің бүтіндігі мен тәуелсіздігі үшін әкімдер мен бектерді өз уысында ұстап отыруды, олардың қарсылығын күшпен басуды дұрыс деп есептейді.
«Жоғарыда Көк тәңірі төменде Қара Жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласына менің ата-бабаларым Бумын қаған, Істемін қаған үстемдік қылған. Таққа отырып түркі халқының мемлекетін басқарған, үкім-билігін жүргізген. Дүниенің төрт бұрышы түгел оларға дұшпан болған. Әскер құрып, жорыққа аттанып, олар дүниенің төрт бұрышының халқын түгел бағындырған» деп басталатын «Күлтегін» жазуының кіріспесінде түркі мемлекетінің қалай құрылғаны туралы мифтік көзқарастармен бірге, мемлекеттегі басқарудағы қаған билігі мен ол құрған тәртіптер жайы да айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |