Құрылымдық-функционалдық анықтама. Бұл анықтама адамдар қауымдастығының билеуші және бағынышты болып екі құрылымдық элементке бөлінуімен және олардың бір-біріне функционалдық тәуелділігін анықтаумен байланысты. Осы анықтама билік пен оған бағынушылардың өзара қарым-қатынасын субъект-субъектілік қатынастар ретінде қарастыру арқылы оларға қойылатын әлеуметтік талаптар жүйесін айқындауға мүмкіндік береді.
Конфликтік анықтама билікті дау-жанжал жағдайында игілікті бөлуді реттейтін мүмкіндік, шиеленісті шешудің құралы деп түсіндіреді.
Аталған анықтамалардың барлығы билік, билік құру ұғымдарымен белгіленетін қоғамдық қатынастардың шынайы мазмұнын жете түсінуге, биліктің көпөлшемділігін, оның мәндік аспектілерін жете түсінудің қиындығын ашуға, билік мәнінің сарапшылар анықтаған тәсілге, позицияға және мүддеге тәуелділігін түсіндіруге мүмкіндік береді.
Біраз ғалымдар билікті кең мағынасында басқаларға тигізілетін жалпы ықпал ретінде қарайды.
П. Моррис, А, Гидденс сияқтылар, жоғарыдағы көзқараспен келіспей, билікті біреуге немесе бірдеңеге тигізетін жай ғана ықпал, әсер емес, оларды өзгертуге бағытталған іс-әрекет дейді.
Америка саясаттанушылары Г. Лассуэл мен А. Каплан «Билік және қоғам» деген кітабында билікті шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі ретінде сипаттайды.
Биліктің объектісі және субъектісі болады. Ол саяси өзгерістерге байланысты ауысып отырады.
Биліктік іс-әрекеттің өзінің мойындалуын сипаттайтын маңызды тұстарының бірі легитимділік туралы мәселе. «Легитимділік» термині (лат. сөзі legitimus – заңды) өмір сүріп отырған билікті өзінің бағыныштыларының, сонымен қатар биліктің басқа субъектілерінің заңды деп тануын анықтайды. «Легитимділік» терминін тарихи тұрғыда 1830 ж. Франциядағы шілде революциясы кезеңінде пайда болған легитимистер партиясының іс-әрекеттерімен байланыстырады. Олар 1789-1794 жж. революциялар нәтижесінде биліктен аластатылған Франциядағы Бурбондар династиясының идеяларын заңды және қажетті деп танып, оны заңды билік ретінде қайта жаңғыртуды ұсынған еді.
Аталмыш ұғым саяси дағдарыстар, биліктік құрылымдардағы түпкілікті өзгерістер, биліктің ауысу жағдайларында және осы жағдайлардағы билік өкілеттіктерін кеңейту қажеттілігі пайда болғанда, олардың заңдылық дәрежесі күмән тудырғанда ерекше өткір саяси мәселеге айналады. Яғни билікті тартып алу, оны заңсыз жаулап алу және басып алушының өз еркін таңу тенденциясы пайда болады.
Қандай билік болмасын өзінің заңды екендігін қорғайды. «Билік легитимділігі» ұғымын француз революциясы мен оның салдары ерекше өзекті мәселе ретінде қалыптастырғанымен, бұл ұғым қарапайым формада саяси ойлардың бастапқы кезеңдерінде-ақ пайда болған. Адамзат биліктік қатынастардың, билік құру мен бағынудың пайда болу кезеңінен бастап неге біреулері билік құрып, үстемдік етеді, ал басқалары – оларға бағынып, қол астында болуы тиіс және билік, оның акциялары бағынушылар үшін қаншалықты қажетті деген сауалдарға жауап іздеумен келеді. Легитимділік туралы мәселе билік үшін бәсекелестік күресте өте күшті қару болды. Өйткені, биліктің ауысуы, биліктік құрылымдардағы түпкілікті өзгерістер өздерімен бірге белгілі бір аласапыран мен тәртіпсіздікті ала келді, осының салдары – ұзаққа созылған қанды соғыстарға апарып соқтырғандықтан, қоғамның саяси элитасы биліктің алмастырылуын, билік құрушы субъектілерді заңдастырудың әртүрлі әдістерін, осы процестердің астарында белгілі бір қағидалық негіздердің бар екенін келтіре отырып жасақтады. Бұл монархиялық режим жағдайында – биліктің мұраға қалатындығы туралы, республикаларда – биліктің сайлануы туралы заң.
Орта ғасырларда Еуропада зайырлы элита мен діндарлар арасында билік үшін бәсекелестік күрес орын алды. Бұл күресте шіркеу ұзақ уақыт бойы зайырлы биліктің легитимділігін тану құқығын сақтап қалды, яғни шіркеудің беделі мемлекеттік биліктің заңды екендігін тануда шешуші мәнге ие болды.
Легитимация – ең алдымен, осы биліктің қажеттілігін, оның бағыныштылар үшін игілікті екендігін идеологиялық және құқықтық тұрғыдан негіздеу. Легитимация тек биліктік құрылымдарға, билік субъектісіне ғана емес, сондай-ақ олардың акцияларына, шешімдеріне, қағидаларына да таралады. Билік легитимациясы биліктік ықпал ету кеңістігіне, оның шегіне, шекарасына байланысты. Осы ассоциативты кеңістіктің ішінде билік қажетті деп танылып, ал оның шешімдері орындалуға міндетті деп саналады.
Биліктік ықпал ету кеңістігін игеру үшін билік биліктік ықпал ету күшіне ие болуы керек. Бұл күш билік құрушы субъектінің билік ресурстарын: адамдарды басқару өнері ретіндегі саясатты; саясаттың нақтылық дәрежесін; күш пен құралдардың қажетті арсеналдарын пайдалана білу қабілеттілігін; әдістердің ыңғайлығы мен тиімділігін және т.б. қаншалықты игергендігіне тәуелді.
Биліктің ықпал ету кеңістігі жеке адам, бағынышты ассоциацияның соңғы, ажырамас құрылымдық элементі, оның атомы болатын құрылымданған және ассоциативты кеңістік. Демократиялық қоғамда – бұл азаматтық құқықтар мен міндеттерге ие жеке тұлға. Сондықтан да демократиялық қоғамда билік легитимациясы оның құқығын қорғайтын заң шеңберінде жүруі қажет. Билік легитимациясы – азаматтарға тікелей ықпал ету актісі емес, ол – осы билікті мойындайтын қоғамдық келісім деңгейінде заңды әлеуметтік-саяси ортаны қалыптастыру процесі. Легитимацияның актілері биліктің, оның шешімдері мен іс-әрекетінің маңыздылығы туралы қоғамдық пікірді қалыптастыратын идеологиялық, саяси, құқықтық іс-әрекет болып табылады.
Билік легитимділігін тану – бұқаралық сананың феномені, сондықтан билікті заңдастыру үшін пайдаланылатын бірқатар идеологиялық қағидалар бар:
Достарыңызбен бөлісу: |