Адам баласы бастық болуды армандайды, бірақ бастық болудың астарында қандай өзгешіліктердің жатқанына көңіл бөлетіндер аз. Бұл ерекшеліктермен танысу үшін бастық болудың анықтауына назар аударған дұрыс. Бастықтың негізгі қызметі — жұмысшыларын ынталандырып, солармен қатар бір мақсатқа жету. Осы әрекеттерді жоғары денгейде орындай алу үшін, адамның мынадай қасиеттері болу керек: жауапкершілік, тіл табыса білу және шешендік өнер. Біріншіден, әр жұмысшы өзінің орындаған жұмысына жауапты болу керек. Қарапайым жұмысшы болсын, бастық болсын, бұл қасиет барлығына қажет. Өйткені жұмыстың нашар орындалған жағдайында, жеке адамның ғана емес, сол мекеменің де беделі төмендейді, тапсырысшылардың арасында сенімін де жоғалтады. Бір мекеменің бір нәтижеге жету ықтималдығы басшысының жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бастық бұйрық бере отырып, одан да жоғары біреудің бұйрығын орындайды, сондықтан басшының ғана емес, әр қызметкердің жауапкершілігі жұмыстың табысты болуына және сапалы орындалуына алып келеді. Екінші — бастықтың басқа жұмысшылармен тіл табыса алуының маңыздылығы. Бұл да белгілі бір бұйрықтың орындалуына әсерін тигізеді. Егер де бастық қарамағындағы әр жұмысшының бабын таба алатын болса, қарым-қатынастары нығайып қана қоймай, жұмыс үдерісі тиімді және қысқарақ уақытта орындалатын болады. Адаммен тіл табысу үшін жұмыс туралы ғана емес, сол адамға қызық мәселелер туралы сөйлесу қажет. Бұл жағдайда жұмысшының бастығына деген сенімі артып, жұмыс барысындағы түсініспеушіліктер азаяды, себебі қол астындағы жұмыскер бастығымен бір деңгейде сөйлесіп, барлығын жеткізіп айтатын болады деп есептеймін. Тағы бір бастыққа керекті қасиет — шешендік өнер. Басшы өз ойын, мақсаттарын дұрыс жеткізе алу үшін және жеткізген ақпаратына сендіре алу үшін шешендік өнерін жетілдіру керек. Бүгінгі күнде шешендік өнерді, іскерлік сөйлеуді жетік білген маман оқуда да, жұмыста да басқа адамдардан бір қадам жоғары болады. Шешендік сөйлеу ойды тез арада жеткізу арқылы, уақытты үнемдеуге, лауазымдық міндеттерді түсінікті түрде жеткізуге себепті болады. Қорыта келгенде, жоғарыда бастық міндетін атқару үшін керекті төрт қасиет сипатталды: жауапкершілік, тіл табысу қасиеті және шешендік өнер. Осы қасиеттерге ие болған жұмысшыға бастық болу аса қиындыққа соқпайды.