Бастау, батпақтардан, мұздықтардан, көлдерден, бұлақтардан ағып шығатын жылғалардан басталады. Өзеннің басқа бір өзенге, көлге, теңізге құятын жері өзеннің сағасы
Құрлық суларына өзендер мен көлдер, мұздықтар мен батпақтар, жерасты сулары, сондай-ақ жасанды су көздері (тоғандар, бөгендер, каналдар) жатады. Құрлық сулары беткі және жерасты сулары болып бөлінеді. Жерасты сулары құрлық суының ⅓ бөлігін құраса, беткі сулар ⅔ бөлігін құрайды.
Өзен суының көлемі гидросфера ауқымында мардымсыз болғанымен, олар су айналымында өте маңызды рөл атқарады. Өзен – күрделі табиғи жүйе, ол көптеген құрамдас бөліктерден тұрады.
Өзен басталатын жер – бастау, батпақтардан, мұздықтардан, көлдерден, бұлақтардан ағып шығатын жылғалардан басталады. Өзеннің басқа бір өзенге, көлге, теңізге құятын жері өзеннің сағасы деп аталады. Кез келген өзеннің басталатын жерінен сағасына дейін ойпаңмен ағатын аймағы – өзен аңғары. Үнемі су ағып жатқан ойысты арна деп атайды. Өзен барлық тармақтарымен бірге қосылып өзен жүйесін құрайды, ал белгілі бір аумақтағы өзендер саны сол жердің өзен торын түзеді. Өзен жүйесі суын жинайтын аумақты өзеннің су жинау алабы деп атайды. Дүниежүзі өзендері арасында алабы ең үлкен өзен – Амазонка, оның су жинау алабы 7 млн км2 -ге жуықтайды. Өзендер өздері барып құятын теңіздер мен мұхиттардың алаптарына енеді. Жалпы алғанда, құрлықтың барлық өзендері Атлант және Солтүстік Мұзды мұхиттың, Тынық және Үнді мұхитының алаптарына, сондай-ақ ішкі тұйық алапқа жатады. Өзен алаптарының шекарасын суайрық деп атайды. Бірақ суайрықтар көзге айқын көрінерліктей қырат болып тұрмайды. Жазық жерлерде суайрық тегіс қыраттар арқылы өтеді және оны анықтау қиынға соғады.
Қазақстанның барлық өзендері Солтүстік Мұзды мұхит және ішкі тұйық көлдер алаптарына құяды. Екі алап арасындағы суайрық Сауыр-Тарбағатай тау жүйесінің қырқасы мен Сарыарқа, Торғай үстірті арқылы өтіп, Оңтүстік Оралға тіреледі.Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар. Олардың ішінде 7 өзеннің (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) ұзындығы 1000 км-ден асады.
Құрлықта жер бетінде және жер астында су жиналатын көптеген тұйық ойпандар бар. Егер осындай ойпандарға жиналатын су белгілі бір уақыт ішінде буланатын судан артық болса, көл пайда болады. Көлдің теңізден өзгешелігі – ол мұхиттың бөлігі емес, көлемі де кіші. Көлдің өзеннен айырмашылығы – тұйық, қазан шұңқырларда орналасады. Көл суының көптеген қасиеттері, тұздылығы оның ағынды немесе ағынсыз болуына байланысты. Ағынды көлден өзен ағып шығады. Ондай көлге тұз жинақталмайды, өзен суымен бірге ағып кетеді. Сондықтан ағынды көлдің суы тұщы болады. Ешбір өзен ағып шықпайтын көлдер де бар. Оларды ағынсыз көлдер деп атайды. Су ағып шықпайтындықтан, оларда біртіндеп тұз жинала береді. Құрғақшылық аймақтарда көл суы төгелдей буланып кетеді де, түбінде тек тұз қалады.
Бөген – көлдің жасанды, қолдан ұйымдастырылған түрі, суат. Су тоқтайтын орын. Өзен бойына бөгет, тоған сынды құрылыс нысаны салынып, өзен суы сонда жиналады. Су жинала келе, үлкен бассейнге айналады. Бөген көбінесе, суы ішуге жарамсыз өзеннің бойына не көл көп жиналған аймақта салынуы мүмкін. Адамзаттың су қоймасын салудағы өзіндік мақсаты бар: ауыл шаруашылық, өнеркәсіп, тұрмысқа қажетті суды жинау үшін, балық өсіру үшін, су тасқынымен күресу немесе электрэнергиясын өндіру мен адамдардың демалуы, спортпен айналысуы үшін салынады.