№ 1
дәріс
|
Бастауыш білім берудегі метапәндік тәсілдеме пәні
1. Бастауыш білім берудегі метапәндік тәсілдеме пәні туралы түсінік
2. Бастауыш білім берудегі метапәндік тәсілдеме пәнінің зерттеу нысаны
3. Бастауыш білім берудегі метапәндік тәсілдеме пәнінің мақсат-міндеттері
4. Бастауыш білім берудегі метапәндік тәсілдеме курсының құрамы
5. Бастауыш білім берудегі метапәндік тәсілдеме пәнінің зерттеу әдістері
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Мақсаты: Болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқыту жайында түсінік беру, білімдерін қалыптастыру
Білім берудің жаңа парадигмасы оқушыларда әлемнің біртұтас бейнесін қалыптастыруда пәндік білім, білік және дағдыларды жеке-жеке емес, кешенді түрде меңгертуді және білім алушының әмбебап оқу әрекеттерін өз бетінше ұйымдастыра алу, білімі мен біліктерін ортаның жиі өзгермелі жағдайына қарай оңтайлы пайдалану, өзін-өзі басқара алу, өзіндік білім алу қабілеттерінің болуын талап етуде.
Осыған байланысты білім беру мазмұны мен үдерісін реформалау мемлекеттің ұлттық саясатының құнды басымдықтары қатарынан табылады. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзатық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту, педагогикалық білім беруді жаңғырту, білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету» мәселелері басты мақсат-міндеттер қатарына қойылған.
«Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында» бастауыш білім берудің мазмұны оқыту нәтижелеріне бағдарланатындығы және заманауи қоғамның динамикалық сұраныстарына сәйкес болу, сын тұрғысынан, шығармашыл және позитивті ойлауды дамыту қажеттігі, оқу пәндері мазмұнының ықпалдасуын күшейте түсудің орындылығы, оқытудың, тәрбие мен дамытудың біртұтастығын қаматамасыз ету аспектілерін ескере отырып айқындалатыны көрсетілген.
Ал бұл теориялық ойлауы жетілген, ақпаратты қайта өңдеу дағдылары қалыптасқан, сыни және шығармашыл ойлайтын, реттеушілік біліктерін игерген оқыту үдерісінің субъектісін қалыптастыру қажеттілігін арттырады.
Осыған байланысты бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқыту барысында оқушыларда метапәндік нәтижелер қалыптастырудың өзектілігі артады. Себебі білім беруге метапәндік тұрғыдан келу әртүрлі оқу пәндерінің бір-бірінен алшақтығы, бытыраңқылығы, бөлінуі мәселесін шешуді көздейді. Осыған орай субъект үшін өзекті жекеленген білімді саралау, өңдеу және қолдану және жекелеген пәндер аясында дағдыларды қалыптастыру емес, ақпаратты алудың, оқыту тәсілдерінің пәндік салалары үшін жалпыға ортақ интеграциялық оқыту алдыңғы қатарға шығады. Демек мұндай күрделі мәселені шешуде жаңа әлеуметтік сұраныстарға сай білім берудің түйінді құзыреттілігін қамтамасыз ететін оқу мақсаттарын білім алушылардың жалпы мәдени, тұлғалық және танымдық дамуы ретінде анықтау қажеттігі туындайды.
Қазіргі әлемнің еңбек нарығында табысқа үміткер қызметкерлерден, ең алдымен, дағдылар мен біліктердің нақты жиынтығын меңгеру ғана емес, сонымен бірге тікелей метабіліктерді меңгеру талап етіледі. Олардың арасындағы маңыздысы – ұйымдастырушылық ортаның жиі өзгеретін жағдайларына тез бейімделу және тиімді өзіндік білім алу қабілеті.
Метапәндік тұрғыда оқытуда берілетін білім бастауыш сынып оқушыларының дүниені эмоциялық-тұтас қабылдауын мүмкін етеді. Осы арқылы оқушылардың дүниетанымындағы бөлшектенушілікке, есте сақтау қабілетіне шамадан тыс жүк түсіруге, шығармашылық ой-өрісін тарылтуға жол берілмейді.
Алайда, қазіргі уақытта бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқытуды жалпы білім беретін мектептердің оқыту үдерісіне толығымен ендіру, көшіре салу мүмкін емес. Өйткені оларды жүзеге асырудың әдіснамалық-ұйымдастырушылық негіздері жасала қойған жоқ, ол біріншіден. Екіншіден, бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқытуды жүзеге асырудағы қиындықтар себептерінің анықталмауы және оны ендіру тетіктерінің жасалмауы да бұл мәселенің теориялық-практикалық тұрғыдан зерттеле түсуін қажет етеді. Сондықтан бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқытудың теориялық-практикалық шешімдерін табу көкейкесті проблемаға айналып отыр.
Бастауыш білім берудегі метапәндік тәсілдеме пәнінің зерттеу нысаны – бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқытудың мазмұнын, оқушыларда білім, білік, дағдыны (метапәндік нәтижені) қалыптастырудағы мұғалімнің әрекетін, білім алудағы оқушының әмбебап оқу әрекеті мен метапәндік тұрғыда оқытудың нәтижесі сияқты ұғымдарды қамтитын оқыту үдерісі.
Бастауыш білім берудегі метапәндік тәсілдеме пәнінің мақсаты болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне бастауыш білім беру пәндерін (қазақ тілін, әдебиеттік оқуды, математиканы, дүниетану, жаратылыстану) метапәндік тұрғыдан оқыту теориясы мен әдістемесінен жүйелі білім беру, сабақта қолдану әдіс-тәсілдерін меңгерту.
Осы мақсатқа жетуде мынадай міндеттер көзделеді:
«метапән», «метапәндік тұрғыда оқыту» ұғымдарының мәні және олардың зерттелу жайымен таныстыру;
бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқытудың психологиялық негіздеріне шолу жасау;
жаңартылған білім мазмұны жағдайында бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқытудың мүмкіндіктерін түсіндіру.
оқушылардың метапәндік нәтижелерін қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды өз бетімен құрастыруға үйрету;
метапәндік сабақтарды жоспарлауға үйрету;
метапәндік сабақтарды жасатып көрсету.
|