Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу мотивациясындағы мақсат, эмоция және қызығушылықтардың рөлі


Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу мотивациясындағы мақсат, эмоция және қызығушылықтардың рөлі



бет4/9
Дата09.05.2022
өлшемі107,77 Kb.
#33670
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу мотивациясындағы мақсат

1.3. Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу мотивациясындағы мақсат, эмоция және қызығушылықтардың рөлі

Бастауыш сынып оқушылары көпке дейін тапсырманы қалай орындаудың тәсілін жақсы білмейді. Олар берілген тапсырманы жаттап алғысы келіп тұрады. Осылай болуы олардың жаттауға икемінің молдығынан емес, оқуға әлі төселмегендігінен, қалай жұмыс істеуге ешкім оны үйретпегендігінен. М.М. Мұқанов өзінің «Жас және педагогикалық психология» еңбегінде бастауыш мектепте тапсырманың балаларға екі түрлі жолмен берілетінін көрсетті: біріншіден, берілген тапсырманы орындау үшін жауапты бала өздігінен іздестіреді. Екіншіден, тапсырма жауап іздестіру ретінде берілмейді.

Оны орындау үшін соның үлгісі беріледі, мысалы, тақпақты жаттау үшін соның мәтіні беріледі. Осы мәтінге өзгеріс енгізуге рұқсат етілмейді. Сол мәтінге сүйене отырып, бала оны жаттап алады. Баланың оқу әрекеті арқылы әрекеттеніп, яғни мәселені шешуі, олардың танымдық іс-әрекетінің дамуына көмегін тигізеді. Бастауыш сыныптағылардың оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекетті дамыту мынадай ерекшеліктермен анықталады: – оқыту процесінің ерекшелігі; – оқыту арқылы жаңа және қызықты білімді меңгеру; – оқыту ақыл-ойды дамытып, білім береді; – білім алу топпен бірге өтеді; – оқыту білімділік пен сауаттылықты береді; – оқыту мұғалімнің жеке ерекшелігі негізінде көрінеді; – жақсы баға алумен көрсетіледі. Қандай іс-әрекет болмасын қиын құрылымнан тұрады. Ісәрекет жеке әрекеттерден тұрады да, алдыға қойған мақсатқа жетуге бағыттайды. Мақсат және мотив іс-әрекеті бірдей орындалмайды. Оны, мысалы, И. Кулагина «Жас ерекшелігі психологиясында» былай деп келтірген: «Оқушының үй тапсырмасында математикадан есеп шығарып орындау. Оның мақсаты – осы есепті шығару. Оған негізгі мотив әр түрлі болады, біреулері шешесін ренжітпеуге тырысады, екіншілері «бестік» баға алу үшін немесе тезірек тапсырманы орындап, достарымен ойнауға кету үшін. Осы үш жағдайда да баланың математикалық тапсырманы шешуі үшін мағына әр түрлі қалыптасады. Міне, сондықтан ісәрекет құрылымын мынадай жүйемен көрсетуге болады: «мотив
– іс-әрекет», «мақсат – әрекет», «меңгерілетін іс-әрекет – операция». Сонымен, іс-әрекеттің құрылымына байланысты және бастауыш мектеп оқушысының дамуына әсер ету арқылы сыртқы жоспар ішкі жоспардың негізінде орындалады. Кеңестік психологияда психикалық даму түсінігіне ішкі әрекеттің қалыптасуы ретінде қарау қабылдаған.

Психикалық функция немесе процесс – бұл ішкі әрекет А.Н. Леонтьев былай деп жазады: интериоризация процесі санадағы ішкі жоспар сыртқы іс-әрекетке айналғанда орындалмайды, бұл процесс ішкі жоспар қалыптасқанда орындалады. Бастауыш мектепте оқыту іс-әрекеті жетекші болады. Сондай-ақ танымдық іс-әрекет процесінің жүйелі қалыптасатын кезеңі. Д.Б. Эльконин мектепке баланың қатынас жүйесі әлеуметтік ортаға байланысты құрылады.

Мысалы, мектеп жасына дейінгі балалардың әлеуметтік қатынасының екі ортасын көрсетті: «бала – ересек» және «бала – балалар». Бұл жүйелер ойын іс-әрекетіне байланысты. Б.Г. Ананьев, Л.И. Божович, И.С. Славина осыны эксперименттік жолмен көрсетті. Біріншіден, үлкендер баладан: «Сен қалай оқисың?» – деп сұрайды. «Бала – мұғалім» жүйесі біртіндеп бала өмірінің негізгі ортасы болады, өмір шарттарының барлық жағымды жақтары осыған байланысты. Осындай қарым-қатынастың барысында белгілі нақтылы жағдай іс-әрекетке қатысушылардың талқысына түседі. Бұны С.М. Жақыпов еңбегінде «нақты жағдайларды талдау» деп көрсетіп, оны әр түрлі тұрғыдан байқайтындығын айтқан. Бұл әлеуметтік ситуация баланың дамуы үшін ерекше ісәрекетті талап етеді. Бұл іс-әрекет оқыту іс-әрекеті деп аталады. Ал бірақ осы іс-әрекеттің орындалуының мәні мен мағынасы танымдық іс-әрекеттің негізінде қабылданады. Сөйтіп, «Қандай да болмасын оқу процесінің нәтижесінде оқушылардың өз бетінше танымдық іс-әрекеті негізінде оқытушы мен оқушының біріккен іс-әрекеті арқылы оқыту процесінің үйлесуі пайда болады», – деп көрсеткен. Мұғалімнің көңіл бөлуіне бала сенгіш орындаушы ретінде қарайды (Н.С. Лейтестің айтуы). Осыған байланысты бастауыш мектеп оқушыларының дұрыс шешім қабылдауына жағдай жасалып, оның зейіні белсенді әрекеттенеді. Бірақ мұғалім де, атааналар да баланың мүмкіндігін ұмытпауы керек.

Мектепке бару танымдық іс-әрекеттердің ішінде ойлаудың дамуына күшті әсер етеді. Бала үлкендерден «сен мүлде тырыспайсың деген сөз естиді. Бірақ ол «тырыспайсың деген сөздің мағынасын түсінбейді. Сол үшін де өзінің күшін қай бағытқа бұру керек екендігін білмейді. Бастауыш мектеп жасы – адамзат қауымының әлі толығымен қалыптаспаған мүшесі. Осы жерде біз кеңес психологы С.Л. Рубинштейннің айтқан мына сөзін ұсынуымызға болады: «Адам дамуының жинақталған тәжірибеден ерекшелігі – біліммен, меңгерумен дағды мен оның қабілеттілігі дамиды, ал адам қабілетінің дамуы танымдық іс-әрекеттің дамуы болып табылады». А.А. Бодалев бұл туралы былай деп жазды: «оқуға деген қабілеттілік оқу пәнінің тиісті аймағында материалды талдап қорыту қабілеттілігімен анықталады». Берілген пәнді оқуға қабілеті жетпейтін оқушыда талдап қорыту үлкен күш жұмсау арқылы шешімін табатынын ескертеді. А.В. Скрипченко бастауыш мектеп оқушыларының математикалық ойлауы қабілеттілік пен талдап қорытуға байланысты (ол эксперименттік жолмен 2-сынып оқушыларының қабілеті 3-4-сыныптарға қарағанда жоғары болады деп көрсетті. 2-сынып оқушыларының танымдық іс-әрекетіне ересектер жақсы әсер етсе, олардағы білім болашақта солғұрлым терең және тиянақты болады. В.В. Давыдов пен Д.Б. Элькониннің еңбектерінде оқыту іс-әрекеті мынадай компоненттерден тұрады: 1. Оқыту тапсырмасы. 2. Оқыту әрекеті. 3. Бақылау. Осы компоненттер арқылы оқушының психикалық дамуы жетекші рөл алады. Бастауыш мектеп оқушыларының теориялық білімінің шеберлігіне сүйсініп іс қылуын меңгеру («оқи алу шеберлігі»), болашақтағы ғылымның негізі болады. Бала бастауыш мектепке келгеннен кейін барлық мектеп ұжымына оқытудың тиімділігін қалай арттыру қажет және оқушыны берілген білімді ғана меңгеріп қоймай, өз бетінше ойлай алуға қалай үйретуге болады, тағы басқа көптеген сұрақтар туындайды. Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде кейінгі жылдары оқытудың тиімділігіне әсер етуге арналған әдіс-тәсілдер, принциптер көп ұсынылуда.

Психологияда танымдық іс-әрекетті зерттеуде екі негізгі әдіс белгілі: 1. Процесті талдаумен байланысты (С.Л. Рубинштейн, О.К. Тихомиров). Мұнда ойлау процесі экстриоризациясын ашу тәсілі қаралады. 2. Ойлау әрекетін жоспарлы қарастырудың негізгі идеясы – іс-әрекет құрылымын объективті ашу үшін оларды алдын ала берілген көрсеткішпен (П.Я. Гальперин) қалыптастыру керек. З.И. Калмыкова өзінің «Дамыта оқытудың психологиялық принциптері» деген еңбегінде: «Оқыту – шығармашылық акт. Оқу материалдары бірдей екі сыныпта (мысалы, 2 «а» – 2 «б» сыныптары) көптеген айырмашылықтар болады.

Әрбір жақсы мұғалімнің өзіндік әдістемелері, білімді жоғары дәрежеде меңгеруге тиімді тәсілдері, алдыға қойған мақсаттары болады», – деп көрсеткен. Бұл жерде біз Л.С. Выготскийдің мәдени дамудың генетикалық заңын еске түсіреміз: «Алдыңғы өткен ұрпақтың қолданған мінез-құлық формалары баланың даму процесінде өзіне тиістілері қайталанып отырады. Яғни не қабылданса, сол «ішкі» деп аталады, адамдар арасындағы қатынас арқылы әлеуметтік «сыртқы» даму болады». Осы логиканың нәтижесінен біз мұғалім мен оқушының арасындағы оқытуды меңгерудің қайнар көзін іздейміз және үлкендер мен баланың арасын үйлестіріп тұратын оқушының индивидуалдық өз бетінше әрекеттері болады. Сонымен, Г.А. Цукерманның айтуынша: «Егер мұғалім баланы оқуға үйреткісі келсе, ол оларға тек қана білім беріп қоймай, шеберлік пен дағды да қалыптастыру керек».

Бастауыш мектеп жасындағы балаларға берілетін білім танымдық іс-әрекет арқылы берілсе, оның теориялық және тәжірибелік әрекеттерінің маңызы артып, адам танымның жоғарғы интеллектуалдық табиғатына жетеді. А.К. Маркованың көзқарасында А.Н. Леонтьевтің әрекет теориясы негізге алынған, бұл теорияда танымдық іс-әрекет, әрекет құрылымының ішкі сипаттамасы ретінде қарастырылады. Оқыту белсенділігін оқу әрекетінің түрлі мазмұнына немесе оның түрлі компоненттеріне бағытталу негізінде танымдық іс-әрекет деңгейлерінде талданып әзірленді, олар:
1) жаңа білімдерді игеруге бағытталумен сипатталатын ауқымды оқу процесі; 2) білімдерге қол жеткізу тәсілдерін игеруге бағытталумен сипатталатын танымдық іс-әрекет; 3) білімдерге қол жеткізу тәсілдерін ұдайы жетілдіруге бағытталумен ерекшеленетін өз бетінше білім алу процесі. М.М. Мұқанов өз жұмысында бастауыш мектеп оқушыларының негізгі таным процестері (қабылдау, зейін, ес, қиял, ойлау) мектепке келгеннен кейін недәуір өзгерістерге ұшырайды, деп тоқталған. Л.С. Выготскийдің теориясымен басқа психологтарда 6-7 жас бала өміріндегі дағдарыс кезең болып табылады, – деді.

Бұл жастағы баланың танымдық іс-әрекетінің дамуын педагогикалық психологияның статусында жоспарлаудың мазмұнын 4 кезеңге бөліп қарастыруға болады: 1. Танымдық іс-әрекет аймағы, ойлаудың даму деңгейі – оқыту әрекеті арқылы ақыл-ой әрекетінде ішкі жоспар құру; тілдің даму деңгейі – бастауыш сынып оқушыларының жазу мен сурет салу моторикасын дамыту. 2. Бастауыш сыныптағы баланың танымдық іс-әрекетіне қарым-қатынастың тигізетін ерекшелігі: құрбылармен араласу арқылы коллективтік іс-әрекетке, келіспеушіліктерді достық жолмен шешуге үйренеді; педагогпен қарым-қатынасы, мұғалімге деген құрмет; әлеуметтік және этикалық өлшемдерді сақтау. 3. Бастауыш сынып оқушыларының тұлғалық ерекшелігінің аймағы; оқу мотивациясының жеке ерекшеліктері, мектепте тұрақты эмоциялық қалыпты сақтаудың әсері. 4. Оқушы іс-әрекетіне мектептің жүйелілік принципінің тигізетін әсері; мектеп, мұғалім, оқытудың маңызы туралы дұрыс сезімнің қалыптасуы арқылы әсер ету. Қазіргі балалар психологиясының негізгі мәселелерінің бірі – бастауыш оқушыларының психикасын дамыту мәселесі. Зерттеулерде бұл мәселені психология ғылымының дәстүрлі анықталған жолдарымен қарастырады: бастауыш мектеп оқушыларының психикалық даму заңдары мен шарттарын балаларда жүйелілік бақылау жолдарымен оқыту, тәжірибе жүргізу жолдары арқылы танымдық іс-әрекеттің нақты ерекшеліктерінің бала жасының бір қалыптасқан жас кезеңінен екіншісіне өткендегі даму кезеңін анықтайтын жолдар көрсетті.

Осы жолдар арқылы оқытуда баланың танымдық іс-әрекетін салыстырып және зерттеуден алған нәтижелердің сапасындағы өзгерістер дамудың дұрыс жағын көрсетеді. Түсініктемелер негізінде психологиялық теория құрылады. Басқа сөзбен айтқанда, бала психикасының дамуын зерттейтін констатациялық серияның міндеттері: 1. Мәселелік жағдайларды шешуді талап ететін тапсырмаларды жасау. 2. Оқытуға дейінгі деңгейін анықтау принципінің сақталуы. 3. Сөздік ой-пікірлердің және көрнекі бейнелердің байланысын зерттеу, бағалау. Ал 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында балалар психологиясында генетикалық әдістемені пайдаланды (Л.С. Выготскийдің термині бойынша).

Онда процестердің туындауларын оқыта келе, танымдық іс-әрекет негізінде жаңа білім құрылымының бағыттарын анықтады. Бұл әдістеме дамыта оқыту мен тәрбие мәселесінде психикадағы жаңа білімді жоспарлаумен, қалыптастырумен маңызды. Әл-Фараби еңбектерінде осы пікірді былай деп қолдайды: «қандай да бір ғылым болмасын, көңілге дербес ерекше мәндерді ұғыну арқылы ұялайды. Бізге осы ерекше мәндердің кейбіреулерін ұғыну ғана жеткілікті, ал қалған көпшілігін сезінудің өзі тиімді. Осы жағдайларды біздің сезіміміз қабылдап, ұғынуымыз жинақталғаннан кейін ғана барып, біздің санамыз өзіне тән рөлді атқара бастайды». Дамыта оқытуды зерттегенде толығымен оқытудың мазмұнын ашқан және жүргізген әдістемелер ұйымдасқан түрде өтуі керек. Бұл Д.Б. Эльконин, Л.С. Выготский, В.В. Давыдов, З.И. Калмыкова еңбектерінде көрінеді. «Біз үшін, – деп жазды Д.Б. Эльконин, – негізгіге алатын ойдың мәні, онда оқыту өзінің ішкі рөлін ақыл-ойдың дамуынан көрсетеді және ең алдымен, меңгерілетін білім маңызы арқылы көрінеді».

Оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекеттің дамуы бастауыш мектептің жас ерекшелігіне байланысты теориялық білімнің мазмұны жетекші іс-әрекет болып табылады. С.Л. Рубинштейннің пікірінше, «адамның білімі ойлау әрекетімен (абстрактілі, талдап қорыту және т.б.) бірлікте көрінеді. Білім субъектінің танымдық іс-әрекетінің қатынасынсыз туындамайды және танымдық іс-әрекетсіз дәлелсіз болады». Сондықтанда білім, бір жағынан, ойлау әрекетінің нәтижесі, екінші жағынан, осы нәтижені алған процесс ретінде қарастырылады. С.Д. Смирнов танымдық іс-әрекетті жүйе ретінде қарастыра келе былай деді: Танымның қандай болмасын нақты актілері танымдық іс-әрекет барысында басталады, мысалы, дүние туралы негізгі көзқарас, оны бейнелеу кейіннен тиянақтау, толықтыру, түзету.

Танымдық іс-әрекеттің негізінде берілген білім баланың есінде ұзақ сақталып, өз нәтижесін көрсете алады. Осыған байланысты С.Н. Зинченко өзінің «Оқу бала үшін неге қиын?» деген еңбегінде «біріншіден, қиялдау дұрыс дамуы қажет» деп табады. Ол бастауыш мектеп оқушысының қиялының дамуын үш негізгі бөлімде қарастырды: а) біріншіден, гармониялық (жай); б) дисгармониялық және психикалық; в) психофизиологиялық (психикалық дамуында ақаулықтар бар); екіншіден, танымдық іс-әрекеттері. Берілген білімді дұрыс қабылдауға, зейінін шоғырландыруға, ой қортындысын жүйелі жасауға; үшіншіден, қозғалысты меңгеруге (жазу дағдысы) қиналады деп сипаттаған. Мұның барлығын теориялық ойлауды көрсеткен Л.С. Рубинштейннің: «ойлау өзіне жоспарлау функциясын қабылдайды», – деп айтқан пікірімен ұштастырамыз. Л.С. Выготский ойлаудың жоспарлау функциясының туындауы эгоцентрикалық тілге байланысты, бұл тіл бала ісәрекеті арқылы (алға жылжиды, жоспарлау функциясының құнды табысы және алдағы әрекетке бағыттауы). Сөз жоспарға міндетті түрде бағынады, бала әрекетін өзі бастап бағыттайды және түсіндіреді. Кеңес психологтары

Л.С. Выготский, С.Л. Рубинштейн, А.Н. Леонтьевтің іс-әрекет теориясында онтогенездегі психиканың дамуы заттық әрекеттің белгілі формасын ұйымдастырумен байланысты деп тоқталған. Д.Б. Элькониннің (жасөспірімдердің психикалық дамуын қандай іс-әрекет алға бастайды) деген мақаласында мынадай үш түрлі қағиданы негізге алады: (жетекші ісәрекет), (психикалық жаңа білім), (жас дағдарысы). Осы ұғымдардың бастауыш мектепке баланың танымдық іс-әрекетінің дамуына әсер етуі, біріншіден, жетекші іс-әрекеттің мазмұнына және осы жастың негізгі бағытының дамуына байланысты деп қарастырды. Екіншіден, жетекші іс-әрекет бастауыш мектепте оқыту болғандықтан, оларда психологиялық жаңа білім қалыптасады. Үшіншіден, мектепке барған бала үлкен дағдарысты басынан өткізеді. Егер сөз бастауыш мектеп оқушысының 1-сыныбы туралы болса, оны психологтың психологиялық бағдарламасында екі негізгі бөлімге бөліп қарастырамыз: бірінші – баланы мектепке қабылдау және баланың мектепке бейімделуі, екінші – бейімделуден келесі кезеңге өту. Жоғарыда айтылған мектептегі оқуға бейімделу бірінші жарты жылдықта өтеді. Осы кезеңде педагогтық коллективтің, психологтың, оқушылардың ата-анасының баланың мектепке тез бейімделуіне және өзінің дамуына ыңғайлануына бағыттауы керек.

Бұл жаста оқушы мынадай бейімделулерден өтеді: – мектепке баланың әлеуметтік-психологиялық бейімделуі үшін жағдай жасау (сынып ұжымына, балаларға қойылатын бірдей талапқа үйренуіне, құрбылары мен мұғалімнің қарым-қатынас мөлшерінің қалыптасуына) керек; – оқыту үлгеріміне балалардың психологиялық дайындығын көтеруге, білімді меңгеруге, танымдық дамуына көмектеседі; – оқыту бағдарламасына бейімделеді. Мұны А. Анастази, И. Шванцара, Г.Б. Диас, И.К. Нечакмадзе, И.В. Ревина, т.б. жұмыстарында зерттеді. Жас дағдарысы мен бейімделу кезеңінен өткен оқушылардың оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекетінің дамуына тоқталамыз. 1-сынып соңында мектепке бейімделу кезеңі аяқталып баланың танымдық іс-әрекетінің және жаңа әлеуметтік ситуацияның дамуы 2-сыныпта басталады. 2-сынып танымдық қабілеттілік дамуының мүмкіндіктерімен байланысты. Сыртқы даму іс-әрекетінің және оқытудың барлық түрінің әсері ішкі логикалық ақыл-ой операциясының қалыптасуына танымдық іс-әрекеттің дамуы арқылы қол жеткізеді.
«Оқытудың белсенділік әдістемесі» термині 1960 жылдардың соңында «белсенділік» ұғымымен қатар туындады. Осыған
байланысты педагогикада сабақ берудің тәжірибесі мәселелік оқыту әдістемесі және оқушылардың оқу танымдық іс-әрекетін белсендіру маңызы жүзеге асады.

Психологиялық сөздікте іс-әрекетке мынадай анықтама береді: бұл – «жеке адамдардың арасындағы ұйымдастырылған белсенділік жүйесі, материалдық және рухани мәдениет объектілерінің өнімділігіне бағытталған». Біріккен іс-әрекеттің өте жақсы белгілері ретінде ортақ мақсат бөлініп шығады, индивидтердің қызығушылықтары мен қажеттіліктері жалпы бір сұраққа біріктіріледі. Бастауыш мектептен бастап осы біріккен іс-әрекет негізінде балада жаңа ғылыми түсініктер қалыптасады.

Бұл туралы Л.С. Выготскийдің өте жақсы айтылған сөзі бар: «Өз еркімен және жете түсіну ғылыми түсінік қақпасы арқылы санадан шығады». Мектептегі оқыту процесі жеке білімді беру мен меңгеруден ғана тұрмайды, интеллектуалдық операциялардың қалыптасуы мен талдап қорытудың да негізінде көрінеді. Бастауыш мектептегі оқыту процесінде мұғалім баланың танымдық іс-әрекетін дамытуға әсер ете отырып, біріккен іс-әрекет барысында олардың ойлауы күрделеніп, есте сақтауы мен зейіні тұрақталып, шоғырланады.

Оқыту процесі баланың танымдық қабілетінің дамуына көмектеседі. Адамның психикалық дамуы оқыту процесі әсерінен тыс болмайды. Интеллектуалды даму деңгейі оқытудың сапасымен, мазмұнымен және оны меңгеру процесімен анықталады. 60-жылдардың басында П.Я. Гальперин мен Ж. Пиаже бастауыш мектеп және мектеп жасына дейінгі балалардың математикалық түсініктерін зерттеу процесі туралы ортақ шешімге келді. Осы уақытқа дейін Ж. Пиаже өзінің концепциясын, П.Я. Гальпериннің теориясынан ерекшелігін былай деп түсіндірді: (Мен не бар тек соны оқытамын, ал сіз мүмкін болатынды оқытасыз). П.Я. Гальперин психикалық процестердің құрылымын, өзінің белсенділік позициясын қолдап, былай деп жауап берді: «Бірақ та не бар – мұның өзі мүмкін болатынның бір бөлігі емес пе?!». Екі атақты психологтың да бір сұраққа жауап іздегендігі көрсетіледі: субъектіде жаңа білім қалай туындайды және қалай дамиды (түсінігі, ойлауы, ақыл-ой әрекеті)? П.Я. Гальперин теориясынан да, Ж. Пиаженің теориясы сияқты субъектінің ойлауының дамуы заттық әрекеттен құралады деген қорытындыға келдік.

Бала оқуға кірген соң жеке заттарды солардың негізгі белгісіне қарап және соған сүйене отырып топтастыруға үйреніп, ойын ұғымы арқылы жүзеге асыратын болады. Мектепке дейін қабілеттіліктің осы түрі сәбилерде кездеспейді. Өйткені мектепке дейінгілер Л.С. Выготскийдің, т.б. айтуынша, заттың негізгі белгісін ажыратуға (мысалы, құсқа жататындардың негізгі белгісі – қауырсынының бар екеніне) негізделіп, соларды жалпылай бейнелей алмайды. Сондықтан да мектепке дейінгілерде ұғымға сүйеніп ойлану кездеспейді. Бұл тек мектепке кіргеннен кейін қалыптасады.

Бастауыш мектепте тапсырма балаларға мынадай жолмен беріледі: берілген тапсырманың мәселелік жаттығуларын орындай білу баланың ойлануына жан-жақты әсер етеді. Осы орайда мынадай екі түрлі пікірді басшылыққа аламыз. Оның бірі: «топты оқыту жағдайында бірлескен ойлау әрекетін табысты қалыптастыру үшін, ең алдымен, олардың мағыналы-мотивациялық білімін жетілдіріп алу қажет» деген пікір; екіншісі: «адамның жалпы іс-әрекет мотивінің қалыптасуы, оның «мағыналы өріспен» сәйкес келіп отыруының нәтижесі».

Сонымен, оқыту іс-әрекетіндегі ішкі мотивтердің қайнар көзі оқушының қажеттілік аймағы болды. Ал осы қажеттіліктің өзі баланың ойлау іс-әрекетіне үлкен әсер етеді. Бастауыш мектептегі балаларды оқыту процесіндегі интеллектуалдық құрылымын анықтауда бірінші орынды олардың танымдық іс-әрекеті, оның ішінде ойлау мен есте сақтау алады. Психологтар Л.С. Рубинштейн, Н.А. Менчинская, З.М. Калмыкова еңбектерінде ойлау іс-әрекеті жалпылау мен талдап қорытудан, жаңа материалдың ережесі мен принциптерін ашудың негізгі заңдылықтарын анықтаудан тұрады. Психологтардың пікірін қолдай отырып, ойлауға маңызды мінездеме берген В.С. Библер болды: «Ойлау – «ақылда», шындықтағы заттың жобасын құрастыру және ойлап табу». Ал бастауыш мектептегі ойлау іс-әрекеті оқыту процесінде бірнеше зерттеу мақсатын қояды. Оны мынадай негізгі түрге бөліп қарастырамыз. 1. Танымдық іс-әрекет мінездемесі бойынша перцептивалық (естіп қабылдау), мнемикалық (есте сақтау) және ойлау іс-әрекеті (талдау, салыстыру, талдап қорыту) (А.В. Запорожец, З.И. Калмыкова, А.М. Матюшкин); 2. Ішкі және сыртқы – деңгейлік бойынша меңгеру (П.Я. Гальперин); 3. Ақыл-ой (ішкі) және тәжірибелік (сыртқы) қарым-қатынасқа байланысты; 4. Функционалдық ерекшеліктеріне байланысты – жоспарлауы, орындалуы, бақылауы және бағалауы; 5. Мақсатқа байланысты алға қойылған мәселе оның шешу жолдарын іздестіреді (В.В. Давыдов, А.А. Люблинская). Оқыту процесінде есте сақтау мен ойлау әрқашан да бірге әрекет жасайды.

Бүгінгі күннің ең көкейтесті мәселесі – оқушыларды жүйелі және күрделі оқытудың тиімді үлгілерін үйрету. Мектептегі баланың интеллектуалдық құрылымынан негізгі орынды оқыту алады, бұл деп отырғанымыз оқытуды қабылдау, ойлау және есте сақтау сияқты танымдық іс-әрекеттің жоғарғы деңгейінде құрылады.

Мектептегі оқыту процесінің дамытушы тиімділігі оның мазмұны мен қолданған әдістерімен тығыз байланысты. Оқу мазмұнының құрылымын құру және олармен байланысты операцияларды бөліп алу, оқушылардың білімді толық меңгеруіне негіз болады. Оқытудың дамуға әсері ұлғаяды, онда бұрын қалыптастырылған әрекеттер ғана қолданылмайды, сонымен бірге олардан жаңа әрекеттер жасалады. Оқушылар оларды орындау тәсілдерін оқытудың әрбір сатысында меңгереді. Оқыту әсерінен дамыған ойлау әрекеті танымдық міндеттерді шешуге негіз болады.

Оқушылар әрекетінің жалпылануы және олардың танымдық іс-әрекетінің нәтижелері ақыл-ой әрекетінің жалпыланған тәсілдерін жасауды жеделдетеді, жаңа танымдық міндеттерді шешу шеберліктерін арттырады. Оқыту процесі өзіне екі міндет қояды: біріншіден, балаларға білім беру, екіншіден, оларды жан-жақты дамыту. Ақыл-ой дамуы танымдық қабілеттердің даму және адамның гармониялық дамуының құрамдас бөлігін құрайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет