Бастауышта сыныпта жүргізілетін жазбаша жұмыс түрлері үмбетәлі А.Қ. – 102-16 тобының студенті Ғылыми жетекші: Оразбаева Э. Б



Дата16.10.2022
өлшемі27,61 Kb.
#43376

БАСТАУЫШТА СЫНЫПТА ЖҮРГІЗІЛЕТІН ЖАЗБАША ЖҰМЫС ТҮРЛЕРІ
Үмбетәлі А.Қ. – 102-16 тобының студенті
Ғылыми жетекші: Оразбаева Э.Б. – ф.ғ.к., аға оқытушы
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Шымкент
Резюме
В статье рассматривается развития и значения видов письменных работ в начальной школе
Summary
The article discusses the development and importance of the types of written work in elementary school

Елбасымыздың Н. Ә. Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту бағытында айқын мақсат, міндеттерді нақтылап бергендіктен, қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік білім деңгейіне теңестіруді көздеп, білім мен ғылымды дамыту аясында маңызды мәселелер дер кезінде шешімін табуда [1]. Осыған орай бастауыш сыныпта жазбаша жұмыс түрлерін оқытуда әр алуан шаралар жүзеге асырылуда. Әрине, оқу процесінде және жазба жұмыс жазуда талдау әдістерін пайдалану балалардың логикалық ой-өрісі мен шығармашылығын дамытады. Бастауыш мектепте жазу жұмыстарының жүйесін белгілеу өте маңызды. Онсыз оқушыларды өз беттерімен жұмыс істеуге де, сауатты жазуға да үйрету мүмкін емес. Жазу тілі ауызша сөйлеуден кейін шықты, сондықтан да ол үнемі ауыз тілге сүйеніп отырады [2]. Ең алғашқы, ерте дәуірде адамдар қандай да болмасын бір оқиғалар туралы мәліметтерді кейінгі ұрпаққа қалдыруға болады. Сөйтіп ондай мәліметтерді түрлі суреттермен белгілейді. Бұл кезең - идеографиялық сөйлеу кезеңі деп аталады. Идеографиялық сөйлеу белгілі бір айтылатын жағдай туралы еске түсіру ролін атқарады. Кейінірек иероглифтік жазу шықты. Бұл заттарды немесе тұтас ойды білдірген. Біздің қазіргі қолданып жүрген жазуымыз алфавиттік жазу. Бұл кейінірек шыққан. Жазудың құрамына алфавит, графика және орфография (емле) енеді. Алфавит - тіліміздегі әріптердің белгілі бір жүйемен орналасу тәртібі. Графика - дыбыстың, буынның немесе сөздің айтылуы қалай болса, солай таңбалануы. Ал орфография тілдің белгілі бір нормаға келтірілген ережесін сақтап жазу. Алфавит пен графиканы меңгеру- оқу мен жазудың (сауат ашудың) ең алғашқы, ең қарапайым, бірақ ең маңызды дағдыларын қалыптастыруды көздейді. Алайда жазуды меңгеру оның тағы бір басты бөлігі орфографияны (немесе жазу, сауатты жазу, оқушы тілін жазбаша дамыту ) игеруді қажет етеді[3]. Жазбаша сөйлеудің өзіне тән ерекшеліктері бар. Жазу тілі сауаттылықты қажет етеді. Бастауыш мектеп оқушыларын дұрыс жазуға үйрету үшін, олардың есту сезімдеріне, сөйлеу аппараттарына, көру сезімдеріне, қол қимылы мен ой қызметтеріне ерекше көңіл бөлген жөн. Өйткені, жазуға үйретуде олардың әрқайсысының маңызы зор. Мысалы, белгілі бір сөзді қатесіз, дұрыс жазу үшін оны ести де көре де, айта да, жаза да білу керек және оның қалай дұрыс жазылатындығын есте сақтай да білу қажет. Бастауыш сынып оқушылары әліппе кезеңінен бастап, естіген сөздерінің дыбыстық құрамын ажыратып, әр дыбыстың әріптерін қағаз бетіне дұрыс түсіріп бере алатындай дәрежеде болулары керек. Егер ауызекі сөздерді дұрыс ести білуге дағдыланбаса, оқушыларға емле ережелерін үйрету қиынға соғады. Сондықтан есту арқылы жеңіл сөздерді дұрыс жазу бірінші сыныптан бастап қолға алынады. Бұны сауатты жазуға үйретудің алғашқы кезеңі деп қарап, сол мезеттен бастап әрбір сөзді дұрыс айтып, дұрыс ести білуге ерекше мән берген жөн [4].
Сөздердің естілуі бойынша жазғанда, көбірек кездесетін қателердің бірі – әріп қалдырып жазу. Сондықтан сөздерді естілуі бойынша дұрыс жазуға үйретудің ең басты әдісі – сөздің буын және дыбыс құрамын талдатып, буындарын және дыбыстарын айыра білу. Сондықтан да оқу, жазуға үйрету кезеңінде балаларға жазуға берілетін сөздерді ең әуелі ауызша талдатып шығу қажет. Сонда оқушылар оқылған сөздерді қатесіз жазып үйренеді.
Оқушылар орфрграфия ережелерін дұрыс меңгеріп алулары үшін олардың білім алу дағдыларын дұрыс ұйымдастыру қажет. Мысалы, орфография ережелерін әдетте, мәтінді талдатып барып түсіндіру, бір грамматикалық форманы екінші грамматикалық формамен салыстыра отырып, олардың араларындағы өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажырата білуге үйрету, мәтін ішінен зерттеліп отырған емле ережелеріне жататын сөздердің қалай жазылуына оқушылардың көңілін айрықша аудару, тиісті орфограммаларды анықтата отырып, морфологиялық форманың мағынамен байланысты болатынын ескерту, жаттығу материалын, әсіресе, оның сөздік материалын әр сыныпқа сәйкес етіп алу, үйретілетін орфограммаларды жеңілден бастап бірте-бірте күрделендіру қажет болады. Кей жағдайларда оқушылар ережені біледі, бірақ жазып отырған материалының ішінен осы ережеге сәйкес келетін сөзді таба алмайды, сондықтан ережеге сүйеніп жазылатын сөзді айтылуы бойынша қате жазып қояды[5]. 
Бастауыш сынып оқушыларының жазу тілін дамыту мәселесінің күрделі екендігін көрсетеді, яғни балалардың жазу тілін дамыту үшін алдымен оларды жазудың өзіне дағдыландырып алу керек.
Жазуға үйрену үшін қажетті жағдайлардың бастылары:
1. Жазылатын сөздің мағынасын, мәнін анықтау. Мұғалім көшіруге ұсынған немесе оқып айту арқылы жаздыратын сөздерінің,
сөйлемінің, мәтіннің мағынасын оқушылардың анық түсінгеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жаздырғаны жөн.
2. Сөздің айтылуына және жазылуына, грамматикалық формасына мұқият көңіл аудару; жазғандарын саналы түрде есте ұстауға жағдай жасау: оқы, ойлан, есіңе жазып ал, тыңда, зейін аудар, т.б.
Жіберілген қателермен жұмыс жасау: жазғаныңды тексер, түзет, қайта жаз осыған ұқсас мысал ойлан, т.б. оқушылардың белсенділігін көтеру және өздіктерінен жұмыс жасауға баулау.
3. Сөйлем мен сөзді талдау жұмысын жүйелі түрде жүргізіп отыру: салыстыру, талдау, жинақтау жұмыстары, "неге?" сұрағын көбірек қою.
4. Сөйлеу әрекетінің бірде-бір жағын естен шығармау керек: дыбыстық-әріптік талдау, сөз құрамына жаттығу, сөз таптары бойынша, синтаксис және байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстары. Орфографиялық жаттығуларды (көшіру, диктант) сөйлеу жаттығуларымен (мазмұндама, шығарма) кезектестіріп өткізу.
5. Грамматикалық жаттығуларды сөздік- орфографиялық жаттығулармен кезектестіру[6].
Орфографиялық дағдыға төселуіне қарай, ереженің оқушы үшін мәні өзгереді. Мысалы, алғашқы кезде бала ережеге мұқтаж болса, бірте-бірте сауатты жазуға жаттыққан сайын оның мәнділігі жойыла бастайды. Оқушы жазуға дағдыланға кезде оған ереженің мүлде қажеті бола қоймайды. Орфографиялық дағды жөнінде айтылғандар пунктуацияға да қатысты. Бірақ пунктуацияға үйрену жұмыстарының өзіне тән ерекшеліктері бар. Тыныс белгілерін қою да ережелерге бағынады. Сауатты жазуға үйрену жұмысы грамматикаға сүйенеді [7].
Оқушыларды сауатты жазуға үйретуде түрлі жазба жұмыстардың, әсіресе грамматикалық-орфографиялық талдау, қатемен жұмыс жүргізу, диктант, мазмұндама, шығарманың маңызы зор. Диктант түрлері, мазмұндама, шығарма жазуда грамматикалық ережелерді әр оқушының қалай меңгергенін және нелерді шала білетінін байқатады. Сондықтан бұл тапсырмалар қай сыныпта болмасын, неғұрлым жиі алынса, оқушылардың сауаты соғұрлым табысты болмақ. Бірінші сыныпта мазмұндама мен шығарма жазуға төселдірудің үлкен мәні бар. Әдетте ата-аналар мен үлкендер арасында бірінші сыныпта мазмұндама шығарма жазудың мәніне түсінбеушілік те кездеседі. Байланыстырып жазу жұмысы кіші жастағы дидактикалық түсініктілік принципіне негізделіп жүргізіледі[8].
«Баланы – жастан» деген халық педагогикасында баланы жас кезінен бастап әдептілікке тәрбиелеуді мақұлдайды. Бүгінгі мектеп тәжірибесінде жас ұрпақты шығармашылық жазба жұмыстарға үйретудің аса жеңіл де тиімді әдістемелері аз емес [9]. Шығарма жазуға дайындық жұмыстарын бірінші сынып оқушылары оқу жылының екінші жарты жылында бастайды. Оқушылар шығарма жазғанға дейін мына дағдыларды игеруге тиіс: Мысалы, бірінші сыныпта берілген суреттердің мазмұнына қарай жүйелі ойды білдіретін сөйлемде шағын шығарма әңгіме құрап айтуға және жазуға жаттықтыру. Оқушылар сурет мазмұнына байланысты сөйлемдер құрайды, шағын әңгіме жазып шығады. «Біздің сынып», «Отбасы» тақырыбына шығарма жаздыру мұнда ешқандай сурет қолданылмайды. Бірақ ауызша әңгіме өткізіледі. Сұрақ-жауап арқылы сынып ішіндегі заттардың атын, баланың отбасы туралы сұрайды [10].
Тәуелсіз жазбаша сөйлеу әрекетінің процесі мен өнімі оқушыны тек осы әрекеттің субъектісі ретінде ғана емес, сонымен қатар тұлға ретінде де оқуға, сипаттауға мүмкіндік береді. Оқушының өзін оқу процесінде тұлға ретінде танытудың үлкен мүмкіндіктері - бұл дербес жазбаша тілді дамыту жұмысы [11]. Атақты кеңестік психолог Л.С. Выготскийдің пікірінше, баланың мәдени дамуы процесінде оның жазбаша сөйлеу әрекетінің шеберлігіне байланысты оның тұлғасында күшті пайдалы өзгерістер болады. Білім беруді ізгілендіру жағдайында мектептің басты міндеті - оқушының жеке басын жан-жақты және үйлесімді қалыптастыру, оның шығармашылық қабілеттерін ашу, оқушылардың жеке жазбаша сөйлеуін дамыту мәселелері ерекше мәнге ие болады [12].

Әдебиеттер:



  1. «Ұлт жоспары «100 нақты қадам». Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.– Астана, 2015.

  2. С. Рахметова Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы. «Ана тілі». 1991жыл. – 184 – бет.

  3. Д.Исабаева «Ақпараттық – коммуникациялық технология құралдары арқылы бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру мазмұны» Бастауыш мектеп 12/ 2008

  4. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы 1998ж – 14 – бет.

  5. К. Аханов. Тіл білімінің негіздері. Алматы 1993ж. – 93 – бет.

  6. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Алматы 1974 – 22 – бет.

  7. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы № 3, 2000

  8. Асылов Ү, М.Қ.Сұлтанғазина. «Қазақ тілін оқыту әдістемесі». – 54 – бет.

  9. Алматы: «Атамұра», 2000 ж – 5 бет.

  10. Б.Игенбаева Ана тілі. Мазмұндамалар жинағы. – Алматы, Атамұра 2000 жыл – 96 бет.

  11. Р.Мұраталиев,Ә.Марасұлов,Қ.Қасабекова Диктанттар жинағы «Мектеп»1985 – 8-9 бет.

  12. Р.С. Омарова, Ә. С. Кенеш, Ұ. А. Дүйсенова 12 – жылдық білім берудің бастауыш буынындағы оқу- тәрбие үрдісі. Астана 2003ж.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет