Батырлар жырындағы әйелдер бейнесі
Калымова Гульзат Азаматовна
Ғылыми жетекші: Нуржаксина М.К, филология магистрі, аға оқытушы
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Көкшетау қ.
makosya_06@mail.ru
Жыр дегеніміз – қазақ халық поэзиясындағы 7-8 буынды өлең өлшемі, поэзиялық шығарма жанры. Қазақ ауыз әдебиетінде батырлар жыры, лиро-эпостық, эпикалық, тарихи жыр, жоқтау деп өз ішінде осындай бірнеше топтарға топтасады. Қазақ эпосын жинақтап, зерттеу мәселесі бойынша сандаған ғалымдар ат салысып, түрлі пікір айтқан. Тұжырымдама жасаған. Қазақ тарихын, мәдениетін, этнографиясы мен фольклорын зерттеушілердің елеулі еңбектері де ғылымда өз ізін қалдыруда. Қазақ эпосын пайда болған дәуіріне қарай топтастыру үлгісін Шоқан Уәлиханов, Г.Н.Потанин, В.Радлов, Ә.Диваев, А.Байтұрсынұлы зерттеулерінің тәжірибесіне сүйеніп Ә.Х.Марғұлан ұсынған болатын. Ол эпосты бес салаға бөлсе, қазақ эпосын тегі мен жанры жағынан бөліп қарастырған Әуелбек Қоңыратбаев он салаға бөледі.
Батырлар жырының шығу тегі, пайда болу көздері ежелгі дәуірден бастау алады. Алғашқы қауымның салты, дәстүрі, наным-сенімі, бастан кешкен оқиғалары, үлгі тұтқан тұлғалары жырларда кеңінен көрініс табады. Эпос желісі белгілі бір тарихи дәуірге табан тіреп, соны көрсеткенімен, оған көбіне түрлі заманның оқиғаларын бір қаһарманға теліп жырлап беру тән. Батырлық жырлардың ішінде халық арасына кеңінен таралып, күні бүгінге дейін жеткен, мазмұны жағынан көлемді, тәрбиелік мәні бар жырлар ретінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» жырларын атауға болады [1; 385 бет].
Қазақ ауыз әдебиетінде ертеден бері келе жатқан лиро-эпостық жырларының бірнеше үлгісі бар. Солардың ішінде «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Айман – Шолпан» жырларын атауға болады. Жоғарыда атап өткен жырлардың басты тақырыбы – бейбіт өмірдегі екі жастың махаббаты. Бұл жырларда тек ғашықтық, сүйіспеншілік тақырыбында ғана емес сондай-ақ батырлық, ерлік сияқты ер азаматтың бойынан табылатын қасиеттер де көрініс табады, яғни қызды сүйген жігіттің образында қаһармандық қасиеттердің болуы. Күнделікті өмірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт дәстүрі бйнеленеді.
Эпостың өзге жырлардан өзгешелендіретін көңіл аударарлық тұсы – әйелдер образы. «Қобыланды батыр» жырындағы Аналық, Құртқа, Қарлыға, Қарлығаш бейнелері Әлихан Бөкейханның мақаласында әдеби тұрғыдан талданған [3;465бет].
Жырдағы әйелдер бейнесінде көне заманғы ана билігінің үстемдігі мол сақталып, ол кейінгі дәуірлердің талап-тілегімен үйлескен кезде өзгеріске түскені байқалады. Мысалы, батырдың жары Құртқаның бойында сәуегейлік қасиеттің бары (Қобыландының тұлпарын енесінің ішінде жатқанда тану, батырдың алдындағы бөгеттерімен, ел-жұртының болашақтағы хал-жағдайын алдын-ала болжау, ер-азаматының қару-жарағын жабдықтау әрекеттері) матриархат заманынан келе жатқан қасиеттер. Көне заманда бұрын батырдың әпкесі, қарындасы кейіннен жұбайы батырдың қару-жарағын жабдықтау дәстүрі болған. Сүйіншәлі нұсқасында Бөкенбай мен Киікбай жауға аттанарда Құртқа:
Бадана көзді ақ сауыт
Қойып едім будырып,
Екеуіне ақ семсер
Балдағын малып алтынға
Қойып едім құйдырып [4,196 бет] –дейді.
Яғни, Құртқа бойындағы салт-дәстүрге деген беріктік пен ер-азаматына деген ерекше құрметі әрбір қазақ әйеліне тән қасиет деп ойлаймын. Сондай-ақ Құртқаны ер-жігіттің адал серігі, отбасындағы бірлік пен татулықты ұйытқан ақылды әйел ретінде де толықтай тануға болады. Сүйіншәлінің нұсқасында Құртқаның ауызын ашса жүрегі көрінетін мейірбан, ақ жүректі ана екенін байқауға болады. Құртқаның өзімен бірге балаларының Қарлығаға жақын болуы, Қарлығаны ұзатып әкелгенде, еріне құтты болсын айтуы, оған мейірімді көзбен қарауы, оны босандырып, өз баласын оның бауырына салуы сияқты суреттер көрініс табады. Осы жерден Құртқа мен Қарлығаның бір-біріне деген сыпайылығын, көркем мінездерін, патриархалды-феодалдық қоғамның, отбасылық қоғамның этикасына сәйкес мына жыр жолдарын мысал ретінде ала аламыз.
Қарлыға, Құртқа көрсетіп
Қалың қыпшақ еліне
Татулықтың белгісін.
Мақсатқа жеткен осылай
Елге жайып үлгісін [5;180 бет].
Отбасындағы әйелдердің тату болғаны – олардан туған ұрпақтың татулығының кепілі. Жырда әйелдің ақылдылығы, парасаттылығының есебінде бір атадан тараған ұрпақтың ынтымақ, бірлікте болуы, бауырмалдығы осы үзіндінің айғағы.
Айса Байтабыновтың жырлауында: Құртқаның тағы бір ерекше қасиеті – ақылдылығы. Ол тек батырының амандығын ғана ойламайды, жауды жеңген күнінде ерінің сөзге сынық болмауын да ойлаған еді. Қобыланды оны еліне апарып тастап, қайтып келіп, елін содан кейін босатпақшы болғанда: «Ертең құдай қалап, еліңді қолыңа қаратқан күні ата-анасын, ел-жұртын қолына алмастан, қатынын алды деген атаққа қаларсың, сақтаған құдай өзі сақтар, мен әзірге қала тұрайын, дұшпаныңмен ұрысып, теңдесіп алған соң, ата-ана, ел-жұртыңмен бірге қолыңа келермін, әзірге сабыр етіңіз», – дейді. Осы жерден Құртқаның өзінің басына үлкен қауіп төніп тұрғанымен, ерін, елін ойлап, батырды жаман атқа ілікпесін дегені еді. Құртқаның бұндай ақылдылығына Қобыландының өзі дән риза болып:
Болғайды, болғай, болғай ма,
Болғайдың түбі тыңғай ма.
Өтірік айтқан оңай ма?
Түлкі киген тоңғай ма,
Бұл ақылың, Құртқажан,
Патшаға бітсе болмай ма [5;180 бет]! – дейді.
Әйелдер образы көрініс тапқан келесі көлемді, мазмұнды жырлардың бірі – «Алпамыс батыр» жыры. Жырдың шығу тарихы, қай халықтан, кімнен тарағаны әлі де белгісіз. Әр халық өз нұсқасын жасап, өздерінше таратуда. Қазақ халқында Алпамыс батыр жыры екі нұсқамен беріледі. Біріншісі: Жүсіпбек қожа Шайхұлисманұлының 1899 жылы Қазан баспасы арқылы жарияланған нұсқасы, екіншісі Әбубәкір Диваевтың 1901 жылы Жиенмұрат Бекмұхамедовтан жазып алып, жариялаған нұсқасы.
Әуелбек Қоңыратбаев нұсқасында «Алпамыс батыр» жыры Гүлбаршын бейнесі былай суреттеледі. Байбөрі мен Байсары атты екі байда бір перзентке зар болады. Бір күні Байсары «Ей, Байбөрі, бұл дүниеден екеуіміз де перзентсіз өтетін болдық. Хақтан қияпат, пайғамбардан шапағат, пірлерден керемет болсын, құдайдан бала тілейік», – депті. Құдай тілеулерін беріп Байбөрінің жұбайы Жантілес Алпамыс пен Қарлығашты дүниеге әкелсе, Байсарының жұбайы Алтыншаш Гүлбаршынды дүниеге әкеледі. Уақыт өте береді. Күндердің күнінде балалары ер жетеді. Дәулетіне мастанған бұл байлар, қартайғанда көкпар ұйымдастырмақ болады. Айтқандай екі қарт көкпар тартысады. Бір-бірлеріне қамшы сілтесіп те қалады. Байсары Байбөрі жағынан көп қорлық көреді-дағы ызаланып Тайша ханның еліне көшіп кетеді. Жалғыз қызы Гүлбаршынды қалмаққа бермекші болды. Нақты шешім қабылдау Гүлбаршынға келгенде былай деп жауап береді. «Алты ай маған мәулет беріңдер. Алты айдан соң жарыста кім озып шықса, хан демей, қара демей соған қосыламын» - дейді. Бұлай деуінде бір астар, бір мән жатыр. Бұл жерден кейіпкердің ақылды әрі айлакер әйел екенін, қайсар айтқанынан қайтпайтын өр мінезді екенін байқаймыз. Гүлбаршынның « аты озғанға тиемін» деген шарты бойынша бәйгеге ат қосып, жеңіп шыққан Алпамыс сүйікті жарына айналады.
Серғазиев Келімбет жырлаған «Алпамыс батыр» нұсқасында Алпамыс ер жеткеннен кейін Ордабай деген байдың Күлбаршын атты қызына үйленеді. Елін шауып, тоғыз ағасын өлтіріп, жеңгелерін жесір қалдырған қалмақтың Тайшық атты ханына ашумен, ызамен, кекпен аттанып кетеді. Жылдар өте береді. Осы орайда Күлбаршынның азаматына деген адал махаббатын, шынайылығын, ұзақ жылдар бойы шыдамдылық танытып Алпамысты күтуі, атастырған ата салтын қадірлейтін жан екені көрінеді. Өйткені, ол Қараман алып кетемін дегенде көнбейді, Ұлтан құл аламын дегенде бармайды. Кей нұсқаларда Алпамыс ер жетіп , өзінің сәби күнінен атастырып қойған қалыңдығын іздеп сапарға аттанады деген тұжырым бар.
Батырлар жырының ішіндегі айрықша жырлардың бірі – «Ер Тарғын» жыры. Осы жырда кездесетін бірден бір әйелдер образы жақсы суреттелген кейіпкер Ақжүніс. Ақжүністің біріншіден, ай десе ауызы бар, күн десе көзі бар сұлу екенін айта кеткен жөн. Оны мына жыр жолдарынан байқауға болады.
Діндәнменен шашын тараған,
Бектер мінген бедеудей
Бауырынан жараған.
Бет ажарын қарасаң,
Жазғы түскен сағымдай.
Ет ажарын байқасаң
Терісінен айырған
Жарма бидай ақ ұндай,
Қасы саржадай керілген,
Кірпігі оқтай тігілген,
Бұралып белі бүгілген,
Қараған кісі үңілген,
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелдегі бір сөзді
Ақжүніс атты ару-ды [6;110 бет ].
Жырда Ақжүністің сұлулығы осылай сурттелсе, оның батылдығы мен сезімталдығын, парасаттылық сипатын мына жерден байқауға болады.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дейді халық даналығы. Ақжүніс те өз кезегінде әкесінің оң тізесін басқан және ел аузына ілінген жігіттің ақылын, қайратын білген соң, қол қусырып қарап жатпай, өзі танысудың амалын іздей бастайды. Бұл оның «Жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек» демекші, жас та болса, бөрі алатын жігітті бөрігінен танып, тағдырын байлайтын өмірлік жардың асылдан болғандығын білдіреді.
Кейіпкеріміздің ақылды, яғни ойлау ұшқырлығының терең екенін, басына түскен киындықтан құтылып, өз басын қорғай алатын қайсар, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» демекші, сөзге шешен екенін Тарғын мен Ақжүністі ноғайлының аға батыры Қарт Қожақ қуып жеткендегі көріністен көруге болады. Ақжүніс Қарт Қожақтың бес жасынан алпыс бес жасына дейінгі өмірінің барлық кезеңін мүдірместен айтып береді. Мұны естіген Қарт Қожақ «Бұл ғой менің бес жасымнан елу бес жасыма келгенше менің не қылғанымның бәрін де тапты, енді тап менің өзімнің қасымда жүргендей. Ақыры асылзада патшаның баласы ғой, елу бес жасыма дейін не қылғанымды тапқанда, алпыс жасымда не болатынын таппай ма? Мұны мен алсам обалына қалады екенмін» – деп, өзінің сүйгені Тарғынға қосады. [7,118 бет]. Тағы бір айта кетерлігі, Ақжүніс «Қызды бақтың біркезек, Қане шыққан мүйізің?!» – деп обал-сауапты да ойлатады, оның сақал-шашы қуарғанын есіне салады.
Жылап тұрған көзім бар,
Жалынып тұрған сөзім бар,
Өксіп тұрған жаным бар,
Әуре болған басым бар,
Алғанымнан айырма,
Мені өзіңе қайырма.
Батыр Қожақ мен дейсің,
Біз сықылды бейшара,
Жылап тілек еткен соң,
Тілекті бермес болар ма,
Сіз сықылды асылдар! – дейді. [8; 117бет]
«Әкеңнің: кім қуып жетіп айырса, сол алсын, егер өлтірсе – құны жоқ, деген уәдесі бар. Көп жылай берсең, басыңды қылышпен кесіп жүре беремін», – дейді. [9; 116 бет]. Сонда қыздың толғап жауап бергені:
Ай, қарт Қожақ, қарт Қожақ,
Атыңның басын тарт Қожақ,
Менің немді сұрайсың!
Бұқарға барсаң қолаң бар,
Қолаңды көр де шашым көр,
Зергерге барсаң қасында,
Алтыннан соққан түйме бар,
Түймені көр де басым көр,
Молдаға барсаң қасында,
Қиюлы жатқан қалам бар,
Қаламды көр де қасым көр.
Иһран барсаң пісте бар,
Пістені көр де мұрным көр.
Әр шаһарға қарасаң,
Құрулы тұрған күзгі бар,
Күзгіні көр де көзім көр.
Самарқан барсаң сандал бар,
Сандалды көр де тісім көр,
Ұсталарға барсаң, қасында
Тартулы жатқан сымдар бар,
Сымды көрде қолым көр.
Тоғайға барсаң тоғайда,
Домаланған қоян бар,
Қоянды көр де жоным көр.
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр,
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де бетім көр,
Мен Қырымның ішінде
Ақшаханның қызы едім. – деп гүрілдеп тұрған аруақты ерге бұлай деу екінің бірінің қолынан келе бермес [10;116 бет].
Ақжүністің мұнысынан батылдығын, қазақ қыздарына тән қайсарлығын, ермінезділігін, өз бақыты үшін күресе білетін жанның бейнесін көреміз.
Келесі кезекте екі жастың бір-біріне деген риясыз махаббатының, адалдығының көзайымы болуға болады. Ақжүніс, Тарғын, Тарлан үшеуі Бұлғар таудың басында бас сауғалап, күн көретін азықтары біткен кезде, Тарғынның бел омыртқасы сынып, жараланып, ауруы жанына батқан кезде, бойын үмітсіздік билеп,
Қолаң шашты, қой көзді
Қастауыш қасты, Ақжүніс,
Айттым сені құдай жолына.
Кешегі ноғай жұртына мені
Тастап кеткенде,
Көкіректегі шыбындай жан үшін, – деп те қалады [11; 122бет]
Ақжүніс ойлайды: «Мен қыз да болсам асыл ханның қызы едім, бұл ел-жұртынан, атасынан, анасынан айырылып мені осындай алыс жерге жолдас қылып алып келіп еді, - деп, бұл ғой өзі өлейін деп жатса да меніменен, атыменен амандасты, енді мен де толғап мұнымен амандасайын, егерде дүниеден көше қалса бұл батырдың маған көңілі хош болсын, – дейді. [12;126 бет]
Сонда Ақжүніс толғайды:
Кетемін деп шыныңды айт,
Артыңда қалып нетемін,
Алдыңда сенің кетемін!
Арыстан кетіп, мен қалсам,
Артыңда қалған бейбағың,
Құрсаулы шелек қолға алып,
Қай шаһарда тіленер?!
Сүйіп мінген Тарланың,
Басын көкке қаратып,
Қай батырдан кем едің,
Өлерде болдың қара жер!, – дейді. [13;127 бет]
Осы жыр жолдарынан, жоғарыда айтып кеткен үзіндіден Ақжүністің адамгершілігін сөз етуге болады. Ер Тарғын ішіндегі мұң-шерін айтып, жанды тебірентсе, Ақжүністе қапы қалмай, сүйген жарына өзінің адалдығын білдіріп, сенсіз бұл өмір бос, артыңда қалғанмен не істеймін деген ойды айтады. Сонымен қатар, жар алдындағы міндетін орындағаны да байқалады. Яғни, Тарғын өмірден өтсе, әйеліне деген көңілінің хош болуын қалап, толғауын толғайды.
«Бақа жарығы суменен, әйел жарығы ерменен» демей ме? Әйелінің өлсе өзімен қоса қабат кеткелі отырған жанкештілігіне қайран қалады. Қандай жағдай болмасын өзінің сүйгенімен барлық нәрсеге дайын екендігі дәлелденеді.
Осындай асыл қасиеттерді бойына жинаған Ақжүністің керемет қырларын тани аламыз. Ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов батырлар жырындағы қаһармандардың жан жарлары туралы айтқанда, «Қобыланды батыр» жырындағы Құртқаны меңзеп: «Егер жастығынан батырдың ақылы толысып жетпесе, оның жары – дана, ақылды болып шығады» деген екен. Ал Тарғын мен Ақжүніс хақында «егер батыр аршыл, намысқой болмаса, оның жары нағыз ар-намыс жоқшысы болып шығады» деп пайымдаған.
Ақжүністей жолдасым,
Қыз да болсаң мұңдасым,
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелде ару сен едің!
Аш арыстан жүректі,
Балуан жолбарыс білекті,
Жігіттің мәрті мен едім, – деген мына бір жыр жолдарынан Ер тарғынның жарына арнаған жылы лебізін сөзіміздің қорытындысы ретінде ала аламыз.
Әдебиет
1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. – 1-том. Алматы: ҚазАқпарат, 2008. – 812б.
2. Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық // Құрастырып, түсініктерін жазған М.Ғұмарова. – Алматы: Жазушы. 1987. – 304 б.
3. Бөкейхан Ә. Женщина по киргизской былине «Кобыланды». Таңдамалы шығармалары. Алматы: 1995. – 319 б.
4. Батырлар жыры. Үш томдық. – 1 том. Алматы: 1986. – 186 б.
5. Батырлар жыры. Үш томдық. – 1 том. Алматы: 1986. – 180 б.
6. Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет әлемі», 2012.– 515 б.
Достарыңызбен бөлісу: |