Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жасқайрат ауылы, Ө. Сахипов атындағы жббом қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі



Дата17.02.2023
өлшемі23,08 Kb.
#68708
Байланысты:
Куаншалиева М.Ж Әл-Фараби Бақыттың кілті қолыңда


Батыс Қазақстан облысы,
Жәнібек ауданы,
Жасқайрат ауылы,
Ө.Сахипов атындағы ЖББОМ қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Куаншалиева М.Ж.

Әл-Фарабидің «Бақытқа жету» еңбегінен түйген ой
Бақыттың кілті қолыңда
Қазіргі уақытта айналаны, ортаны дұрыс танып, білу үшін және жақсы өмірге дұрыс аяқ басу жолын таңдай білу үшін және болашақта білімді, тәрбиені, адамгершілік пен ізгілікті дамытып, бақытқа жету үшін біз әркез, әр дәуірде өзімізге дейінгі өткен ғұлама, ойшыл, данышпандардың идеялары мен қағидаларына сүйеніп, негізге алғанымыз жөн. Осындай құнды мұралардың иесі, қазақ топырағынан шыққан ғұлама, данышпан, «әлемнің екінші ұстазы» - Әл-Фараби.
Қазақ даласынан шыққан ұлы ғұлама, саяси ойшыл, әлеметтанушы, педагог, психолог, математик, физик, астроном, ботаник, логика және тіл маманы, музыка зерттеушісі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби 870-950 жылдары өмір сүрген. Ол Арыс өзенінің Сырдарияға құяр жерінде орналасқан Фараб қаласында туды. Фараб – кейінгі тарихи қала, мәдени қала Отырар. Жасында сонда білім алып, кейін Бұхара, Александрия, Каир, Дамаск, Бағдат қалаларында тұрып, білімін шыңдап, қызметтер атқарды.
Бабамыз ғылымның сан саласы бойынша қалам тартып, 160-тан астам трактаттар жазды, артынан өшпес мұра қалдырды. Оның саяси ғылымға, қоғамға, білім саласына қатысты «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолдары», «Саясат туралы», «Ғылымдардың шығуы», «Кемеңгерлік меруерті», «Музыканың ұлы кітабы» деген еңбектері бар.
Екінші ұстаздың этикалық трактаттарын, соның ішінде «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақытқа жету жолдары» атты еңбектерін оқып отырып, байқайтынымыз, ойшыл қарапайым ұғымдар арқылы адамның бойындағы кез келген мінез-құлықтардың, әдет, түрлі қылықтар мен қасиеттердің туа бітті емес, жүре бара қалыптасатынын жүйелі баяндап, дәлелдеп берген.
Энциклопедист-ғалым мынадай мәселелерде ой қозғайды: адам өмірінде кездесетін және онымен тығыз байланыста болатын нәрсе, оны мадақтауға немесе жазғыруға болмайтын жағдайлар және мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайлар. Мадақтауға немесе жазғыруға болмайтын жағдайларда адам бақытқа жете алмайды. Ал әрі мадақтауға, әрі жазғыруға болатын жағдайлардың жиынтығы қосылғанда адам бақытқа жетеді. Бұл тұрғыда ғалым, әрі мадақтауға, әрі жазғыруға жататын үш жағдайды ата көрсетеді. Олар: 1. Әрекеттер, адам өзінің денесін пайдалану үшін әрекеттер, мысалы, тұру, отыру, көлікке міну, көру, есту, т.б. 2. Жан аффектілері. Мысалы, құштарлық, рахат, қуаныш, ашу, қорқыныш, т.б. 3. Ақыл-парасат. Бұл адамның өмір бойында болады немесе кейде болып, кейде болмайды.
«Бақыт» - әл-Фарабидің негізгі мәселесі, саяси философиясы.
«Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз бір жетілу болып табылады. Мұны түсіндіріп жату [артық] сөзді керек етпейді, өйткені бұл – мейлінше белгілі [нәрсе]».
Адам дамып, алға талпыну үшін мақсат қояды, ғалымның айтуы бойынша, мақсат – «адам талпынатын қалаулы игілік», ал «бақыт соның ішіндегі ең пайдалысы», «ең үлкен игілік». Адам баласы осы игілікті іске немесе бақытқа жету жолында «қалаулы игіліктерді» таңдап алады. Оған мысал, білім. «Кейде біз оны басқа бір мақсатқа жету үшін емес, соның өзі үшін қалап аламыз, ал кейде біз оны сол арқылы байлық-дәулетке жету үшін немесе өкіметке және білімге ие болу арқылы қол жететін тағы басқа бірдеңелер үшін қалап аламыз».
Бақытқа жету жолында кепіл болатын «қалаулы игіліктер» қатарында жақсы мінез-құлық, парасат-пайым және тән саулығы мен жан саулығы бар. Адам бойында осындай ізгі қасиеттер болған жағдайда бақытқа жетуге болады екен. «Бақытқа жетіп алғаннан кейін біз басқа бір мақсатқа талпынуға тіпті де зәру емес екенімізді көреміз, солай болғандықтан, бақыт ешқашан да басқа [бірдеңеге] бола емес, сол бақыттың өзі үшін қадірлі екендігі айқын болады». Ойшылдың пікірі бойынша, бақыт дегеніміз игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені. Ғалымның пікірімен келісемін. Әрбір адам бақытты болуға лайықты. Бақытты болайық!

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет