folk-history
деп аталатын кейбір үрдістер орын алады. Оның мысалын
Ресейдегі академик А.Т. Фоменко мен оның ізбасарларының
көптиражды басылымдарынан, біздің еліміздегі «балама» тарихтардан
байқауға болады.
Тарихтың осылайша коммерциялануының тарихи білім үшін және,
ең алдымен, қоғамның ғылыми тарихи санасын қалыптастыру үшін
қауіпті екенін ескеру қажет. Ғылыми және әлеуметтік маңызы бар бұл
пәнді шоу-бизнеске айналдыру немесе оны қандай да бір конъюнктураға
– саяси немесе нарықтық, әсіре ұлтшылдық конъюнктураға айналдыру
тарих ғылымына тән эпистемологиялық оптимизмге кереғар келеді.
Мұндай үрдістерден қазақстандық қоғам мен ғылым да тыс қалып
отырған жоқ. Ұлттық және тарихи өзіндік сананың жаппай оянуының
аясында біздің еліміздің тарих және гуманитарлық ғылымдарында
жағымды да, жағымсыз да құбылыстар орын алды. Жекелеген нақты
тарихи айғақтарды жалпылама объективті түйіндеу үшін де терең
теориялық пайым мен ғылыми салмақтылық керек. Әрбір ұлт пен
ұлыстың тарихы мен мәдениетін, тарихи тұлғаларының өмір жолын
зерделеуде бүкіладамзаттық метатарихтың мән-мағынасын түсіне білген
жөн. Әрқилы қалыптасқан халықтардың мәдени қалыптасуы мен дамуы
жалпы адами дамудың белгілі бір көрінісі болып табылады.
207
«Өлеңге әркімнің де бар таласы» демекші, тарихқа талас бүгінгі
күннің келбетін беріп тұрғандай. Тарихқа барлық басқа әлеуметтік
ғылымдар өз үндерін қосуда, сондай-ақ жоғарыда айтылғандай,
қазақстандық тарих та «өз шекпенінен» тысқа шығуда. Тәуелсіздік
жылдары тарихтың баламалылығы тақырыбына деген қызығушылық
күрт өсті. Бұл тақырып тарих ғылымында да, публицистикада да кең
танымал болды, әр алуан «дөңгелек үстелдер» де өтті және бұл әлі
жалғасуда. Олар тарихи өзіндік сананың жаңғыруына да оң ықпал етті.
Алайда мұның жағымсыз жақтары да бар.
Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында Шыңғысханның
қазақ немесе қазақ емес, данышпан билеуші немесе қанішер қолбасшы
екендігі туралы талас-тартыс толастар емес. Халқының қамы үшін
Жәңгір-хан ағартушылық жолын қаласа, Исатай мен Махамбет қарулы
көтерілісті қалады, төре тұқымдарының бірі патшалық Ресейге қызмет
ете жүріп, елдің қамын ойласа, екіншісі мүмкіндігі жоққа жақын ел
еркіндігі жолында құрбан болды. Кеңес өкіметі тұсында да жоғары
лауазымдарды иеленіп жүріп, ұлт мүддесін шешкендер де болды,
тәуелсіздік үшін ашық күрескен диссиденттер де болды. Сонда қалай
болғаны, Кенесарыны ұлықтап, міндетті түрде Шоқанды жамандау,
немесе Шорманды даттап, Жаяу Мұсаны мақтау, немесе Алаштықтарды
жақтап, Амангелдіні даттау, Ә. Бөкейханды мақтап, М. Шоқайды сынау,
С. Сәдуақасовты мақтап, С. Қожановты мінеу керек пе еді? Бұдан кім не
ұтады? Бұл біздің халқымыздың қанына сіңген қасиет пе еді? Әдетте
әруақтар туралы жақсы сөз айтып, не болмаса үндемеуші еді ғой. Әрине,
тарихтан тағылым алу үшін айтылуы тиіс нәрселердің айтылуы да
қажет. Бірақ адам періште емес, пенде болғандықтан, тырнақ астынан
кір іздеудің қажеттілігі шамалы. Тарихи тұлғалардың барлығы бірдей
діни тұлға емес. Кейде ұлтжандылықтың мәні осы екен деп, бәрін
ұмытып, этнонарциссизмнің, яғни өз-өзіне ғашықтықтың шектен
шыққан үлгілерін де көрсетіп жатамыз. Ұлтжандылық жақсы әрине,
бірақ шектен шыққан этноцентризмнің астарынан эгоцентризмді аңғару
да қиын емес.
Қазіргі тарихнамадағы тағы бір үрдіс - бұрынғы тарих ғылымының
жетістіктерін, оның ішінде кеңестік тарихи ғылымды түгелімен теріске
шығару. Ескеретін бір жәйт, тарихи танымның бүгінгі әдіснамалық
төңкерісінің дәстүрлі тарихнама идеяларымен тарихи сабақтастығы
туралы әңгіме батысеуропалық елдерде басталып та кетті. Өткен тарих
ғылымы мен оның қазіргі жағдайы және болашағы арасындағы
тарихнамалық консенсустың үлгілерін бүгіндері көруге болады.
Мысалы, батыстық тарихнама корифейлерінің бірі Г. Иггерс «ХХ
ғасырдағы тарих ғылымы» еңбегінде «жаңашылдар» («Анналдар»
мектебінің, американдық әлеуметтік тарих, «күнделікті» тарих,
микротарих және т.б.) мен «дәстүршілдер» (позитивистер, марксшілдер,
208
идеалистік историзм өкілдері) арасындағы пікірталасты мұқият
қарастырып, түптеп келгенде, «тарихтың мағынасы бар екендігі» (ескі
историософия оның жалғыз екендігін айтса, ал жаңасы оның көп
екендігін ғана айтты), «тарих ғылымының ақыры» (алғашқылары тарих
ғылымында жалғыз зерттеушілік парадигманың болуын талап етсе,
соңғылары оның көп болуы қажет деп есептейді), «тарихтың
прогрессивті барысы» (біріншілері «ақылды» мақсатты, екіншілері
«гуманды» мақсатты алға тартады) туралы тарихи эпистемология мен
историософияның үш негізгі іргелі мәселелері бойынша түбегейлі
алшақтық орын алған жоқ.
Екінші бір мысал, неміс және чех тарихшыларының «ХХ
жүзжылдықтағы тарихи сипаттау» деп аталатын іргелі кешенді
зерттеуінде өткен ғасырдағы бірін бірі теріске шығаратындай көрінетін
тарихи-теориялық тұжырымдамалар мен тарихнамалық практикалардың
барлық шоғырынан біріктіруші бастауды анықтауға ұмтылыс көрінеді.
Тіпті марксизмнің монополиясы үстемдік еткен шығысеуропалық тарих
ғылымының өзінде бүгінгі әдіснамалық плюрализмнің құнарлы
топырағы болды. Олар түгілі, біздің елімізде де «азиаттық өндіріс
тәсілі» туралы, «дәстүрлі қазақ қоғамында жерге жеке меншік болды ма,
қоғамдық меншік болды ма?» деген пікірталастардың болғандығын
ешкім де теріске шығара қоймас.
Тарихтағы, тарих ғылымы мен әдіснамасындағы баламалылық
мәселесінің де кеңестік ғылымнан, дәлірек айтқанда, 1960-шы
жылдардың соңындағы жаңа бағыт деп аталатын тарихшылардың
(М. Я. Гефтер,
П. В. Волобуев,
И. Ф. Гиндин,
К. Н. Тарновский,
А. М. Аверх,
М. Анфимов
және
басқалары)
жұмыстарынан
басталатынын айта кету керек. Тарихи дамудың баламалылығын олар
әлеуметтік-экономикалық
құрылыстың
көпқырлылығы-мен
және
қоғамдық қозғалыстардың стихиялылығымен байланыстырды.
Баламалылық мәселесін марксизмнің әдіснамалық базасында
А. Я. Гуревич, Б. Г. Могильницкий, М. А. Барг, И. Д. Ковальченко,
Е. М. Жуков, П.В.Волобуев сынды зерттеушілер одан ары жалғастырды.
Бұл кеңестік авторлардың баламалылық туралы идеялары марксизм
классиктерінің пікірлерінің төңірегінде болғаны да даусыз. Кеңес
дәуіріндегі тарих ғылымының дамуындағы басты кемшілік – бұл,
әдіснамалық базаның шектеулілігі болды, бірақ осыған қарамастан бұл
кезеңдегі кейбір теориялық құрылғылар кейінірек белгілі бір
дискурсивті коррекциядан кейін қазіргі тарих ғылымына кірігіп кетті.
КСРО өмір сүруінің соңғы жылдары, қайта құру жылдары тарихтың
баламалылығы тақырыбына деген қызығушылық күрт өсті. Бұл тақырып
тарих ғылымында да, публицистикада да кең танымал болды, әр алуан
«дөңгелек үстелдер» де өтті. Бұл құбылысты көбіне мемлекет тарапынан
идеологиялық бақылаудың әлсіреуімен және жаңа идеологиялық
209
сұраныстарға орай тарихты «көшіріп жазумен» түсіндірілді. Алайда,
тарихтың
әдіснамасымен
айналысатын
жетекші
тарихшылар
инерттілігін сақтап, марксизмнің шеңберінен бірден шыға алмады.
Тарихтың баламалылығына деген ерекше қызығушылық тың шешуші
факторы сол кездегі қоғамның жолайрықта, тарихтың бетбұрыста
тұрғандығымен
түсіндіріледі.
Мұндай
жағдайда
баламалылық
мәселесінің өз-өзінен өзекті болатыны да түсінікті.
Осы шақтың ахуалының тарихи қайнар көздері мен тарихи
сабақтарын іздестіруде тарихи сана өткен шақтың осыған ұқсас
құбылыстарына бүйрегі бұрып жүгінетін болды. «Тарих дегеніміз
өткенге төңкерілген саясат» деген М.Н. Покровскийдің тезисі саяси
және тарихнамалық төңкерістерге қарамастан өзінің көкейтестілігін
сақтап отыр. Тарихи дәлелдер «өткен шақ үшін күрестегі» тағы бір
қаруға айналды. Әлі есіктен кірмеген, бірақ мүмкін болар тарих та
қазіргі заман насихатының ақпараттық соғысындағы «шайқас алаңына»
айналды. Қайта құру заманындағы жариялылық кеңестік режимді сөгіп
төпелеу мақсатындағы ауқымды ақпараттық соғыс болса, тарихтың
баламалылығы осы соғыстағы басты қарудың бірі болды. Ол кездегі
лейтмотивтің қарапайым түрін былай сипаттауға болады: «егер
коммунистер билік басына келіп, ойындағын іске асырмағанда, біз қазір
анағұрлым жақсы тұрар едік». Бұл көңіл-күй қоғамдық пікірде де, кәсіби
тарихшылардың дәлелдерінде де болды. Бұл да болса осы мәселе
төңірегінде әдіснамалық рефлексияның дамымағандығын көрсетсе
керек.
Посткеңестік кезеңде тарихшыларға кеңестік ғылымдағыдай тарихи
дамуда баламалылықтың болатынын дәлелдеудің қажеттілігі болмай
қалды. Бірақ есесіне бүкіл отандық тарихты бағзы замандардан бүгінгі
күнге дейін баламалылық тұрғысынан пайымдауға мүмкіндік туды.
Қазіргі уақытта тарихтағы баламалылықты зерттеудің кеңестік кезеңде
қалыптасқан тәсілдерінің көпшілігі қолданылады, бірақ идеологиялық
құрсаудан
ада
дискурсивті
тұрғыда
модернделген
күйінде
пайдаланылады. Мысалы үшін, егер кеңестік тарихнамада тарихи
баламаларды зерттеудің функцияларының бірі нақты-тарихи және
әлеуметтанулық заңдылықтардың арақатынасын талдау болса, ал қазіргі
тарихнамада бұл арақатынасты оқиғалар тарихын құрылымдардың
тарихымен шектесуі айқындайды [166, 70 б.]. Мұның тағы бір мысалы,
баламалылық тақырыбын ашу дәстүрін түбегейлі өзгерте қоймаған
тарихшы тілінің модернизацияға ұшырауы: ресейлік әлеуметтанушы
және тарихшы А.С. Ахиезер тарихи баламалылықты талдауда
«инверсия», «медиация», «партиципация», «бөлініп қалу» ұғымдарын
енгізеді. Ал дәстүрлі түсініктерде бұл жаңа терминдер консерватизм мен
модернизмнің, авторитаризм мен либерализмнің, коллективизм мен
индивидуализмнің өзара әрекеттерін түсіндіруге толығымен қабілетті.
210
Баламалылық мәселесін пайымдаудың тарихи сана болмысының жаңа
деңгейіне шыққандығын айғақтайтын тағы бір нәрсе – ол баламалылық
тақырыбы мен ұғымдарының біздің еліміздегі тарих және қоғамдық
пәндердің оқулықтары мен әдістемелік құралдарына енуі.
Қазіргі уақытта тарихшылар қауымдастығы баламалылық феноменін
мойындады, бірақ әр алуан, бірақ кейде бірін-бірі толықтыратын, кейде
бір біріне қайшы келетін бағыттарға бөлініп, мәселені зерттеудің
теориялық және әдістемелік қырлары әрқилы ұғынылады. Сондай-ақ
тарихтағы баламалылық мәселелерінің теориялық қырларына деген
қызығушылықтың өсуі тарихпен жапсарлас мамандықтар (философия,
әлеуметтану, мәдениеттану және т.б.) тарапынан байқалып, ал кәсіби
тарихшылар тарапынан қызығушылықтың бәсеңдегенін аңғаруға
болады. Посткеңестік кеңістікте бірнеше тәсілдерді атап өтуге болады:
мәдениеттанулық тәсіл (көрнекті өкілі Ю.М. Лотман); историософиялық
тәсіл (М.С. Тартаковский, В.Л. Цымбурский, И.В. Бестужев-Лада, Г.С.
Померанц, С.А. Экштут және т.б.); әлеуметтанулық тәсіл (А.С. Ахиезер,
А.В. Коротаев, А.А. Родин және т.б.); синергетикалық тәсіл (Я.Г.
Шемякин, М.А. Чешков, Л.И. Бородкин және т.б.)
Аталмыш мәселенің бай тарихы болғанымен, ғылыми талдаудың
жаңа бағыты біздің елімізде де, шетелде де әлі толық қалыптаспағанын
айта кету керек. «Дамудың баламалылығы», «көпөрістілік», «тарихтың
көпнұсқалылығы»,
«альтернавистика»,
«ретроальтернативистика»,
«ретропрогностика», «тылсымдық (виртуалды) тарих», «қалыптаспаған
тарих», «контрайғақтық үлгілеу» сынды ұғымдар пайдаланылады.
«Тарихи ықтималдық», «тарихи мүмкіндік», «тарихи кездейсоқтық»,
«таңдау еркіндігі» сияқты түсініктер барлық жерде қолданылады, бірақ
теориялық тұрғыда жеткіліксіз пайымдалып, әдістемелік тұрғыда толық
игерілмейді. Яғни мәселенің маңыздылығымен қатар, күрделілігі себепті
де оның әдіснамалық шешімі әлі толық табылған жоқ.
Дегенмен, XXI ғасыр басындағы тарихи ой дамуының басты әрі аса
маңызды үрдістерінің бірі тарихтың әлеуметтік белсенділігін, тарихи
сананы тәрбиелеуден бастап мемлекеттік саясаттың ғылыми негіздерін
қалыптастыруға дейінгі қоғамдық-саяси өмірге оның қуатты әрі жан-
жақты ықпалын арттыру қажеттілігін сезіну болып табылады. Ал,
мұндай ықпалдың тиімділігінің ең маңызды алғышарты тарих
философиясының өз ғылыми мәртебесін нық бекітуі мен оны қоғамның
мойындауы болып саналады.
211
Достарыңызбен бөлісу: |