Бауыржан Момышулы. Ушкан уя



Pdf көрінісі
бет2/16
Дата01.04.2023
өлшемі0,82 Mb.
#78189
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Алатаудың қыраны мол еді —
Қырағы болсын, құлыным —
Қойнауы суға мол еді —
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тілегі зор еді —
Шырағы болсын, құлыным.
Ата тілегі оң еді —
Құмары болсын, құлыным.
Бұл жер батырлар төрі еді —
Сыңары болсын, құлыным.
Жарық дүниеге келгеніме екі-үш ай болғанда, шешем мені күн көзіне
шығарып, Имаш атамның алдына əкеліпті. Атам ерте көктем алдында ағаш
отырғызып жүр екен.


Ағасының қолын ұзартып. қолғабыс беруге келді, — депті шешем
ізетпен иіліп. Атам еміреніп мені алақанына алыпты. Қолыма жас бұтақ
ұстатып:
Құрық деп берсем — құл болма,
Шыбық деп берсем — шіл болма.
Бəрінен де, шырағым,
Баяны жоқ ұл болма,
— деп келініне мені қайтарып берген екен. Атасымен алғашқы
дидарласуының құрметіне деп, алғашқы өсиет өмірлік өнеге болсын деп
əкем сол күні кешке мал сойып, ауыл ақсақалдарының басын қайта
қосыпты.
* * *
Мен туғанда, əкем елуді еңсеріп қалған кісі екен. Əжем жарықтық
əкемді балаларымның ішіндегі еті тірісі осы болды деп отырар еді. Əкем өз
бетінше талпынып жүріп ескіше сауатын ашып алыпты.'
Содан өле-өлгенше өз бетінше оқып-тоқыған адам. Ол есеп-қисапты
тəуір білетін. Тіпті орыс алфавитін де ежіктеп шығара беруші еді. Жас
күнінде ағаш ұста болыпты, етікші де атаныпты, тəуіпшілдігі де бар екен.
Əсіресе, зергерлікті жақсы көрген. Біздің елде одан өткен зергер ұста
болмаған. Жігіт күнінде қыз-келіншектің көңілін аулау амалымен үйренген
зергерлік өнерін əкем қартайғанда тастамаған. Мұнда ол соққан сақина-
білезікті салып жүрген көзі тірі кемпірлер бар. Ал, ол кемпірлер бір кезде
уылжыған жас еді ғой.
Əкем өз жанынан өлең шығарып, жиын-тойда айтысқа да түсіп жүріпті.
Ескі ақын жыраулардың термелерін, қиссаларын жақсы көріп тыңдайтын.
Бірақ жатқа айта алмаушы еді.
Момыш əкем ат жалын тартып мініп, бозбала халге жеткенде, Имаш
бабам шаруа билігін соның қолына беріпті. Ауылдағы келін-кепшікті бір
шыбықпен айдайтын адуынды Қызтумас əжемнің өзі де:


— Момыштан сұраңдар, Момыш біледі, — деп отырады екен.
Ағайын-туған арасындағы алыс-беріс, көші-қон мəселесі, ас-той, дау-
дамай — бəрі-бəрі Момыштың араласуынсыз шешілмеген. Əлдеқалай ол
жол жүріп кетсе, сапардан қайтып келгенше тірлікті соған қаратып, жолын
күтіп отыратын болған. Имаш бабамның көзінің тірісінің өзінде біздің
шағын ауылды — Момыш ауылы дейді екен.
Шаруамыз шап-шағын еді. Біздің үйдің іші қартайған Имаш бабамнан
бастап, есін енді-енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан
ақы, маңдай терімен тапқан. Ешкімді жалдамаған, ешкімге жалданбаған.
Жас кезінде əкемді əйелдер жағы «Молда бала» дейді екен, кейін «Ұста
бала» дейтін болыпты. Ал, əжем оны «Қара қатпа» деуші еді. Əкем орта
бойлы, арық қара кісі еді. Маңдайы жап-жазық, қасы қалың, көзі шүңгіл
еді. Сол арықтығына қарамай, керемет күшті болатын. Əжем оны
«Тарамыс» деп те атайтын. Сол күштілігіне бола атаса керек.' Мен бірде
əжеме: — Неге «Тарамыс» дейсіз? — деппін, əкемді кемсіткен екен деп.
— Не десе де шешемнің еркі, — деп күлді əкем.
— Қарай гөр, мына жаманды, əкесіне болысып жатыр-ей, — деп əжем
өтірік ашуланған болды.
Əлі есімде, бір рет əкемнің Момынқұл дейтін інісі əжеме:
— Қойшы, апа! — деп дауыс көтеріп қалып еді, əжем тарс кете жаздап:
— Сен тұрмақ, Момыш маған осы күнге дейін бетіме тік қарап сөйлеген
емес. Сен қайдан шықтың, иттің күшігі! Жоғал, көзіме көрінбе! — деп
үйден қуып шықты.
— Не боп қалды? — деп əкем кіріп келді, əжем оны аймалап, арқасынан
қағып:
— Апау інің көргенсіздеу боп бара жатыр. Жөнге сал туысқаныңды, —
деді.
— Мақұл, апа, сазайын тарттырайын. Бірақ ұрмай-ақ қояйын, мақұл ма,
апа, — деді.


— Мейлің, — деп күрсінді əжем.
Момынқұл көкем сол түні қой қорада түнеп шықты.
Таңертең əкем оны жақсылап сөгіп салып, басқа бір ауылға бір аптаға
аттандырып жіберді. Сол екі ортада əжем енді Момынқұлын сағынып:
Əй, əлгі тентек неме қашан келеді? — деп қайта-қайта сұрай бергені
ғой, жарықтық.
* * *
Ол кезде біздің елде хат жазып, қара танитын адам некен-саяқ. Молда
дейтін молдалардың өзі құранның о жер, бұ жерінен шала-шарпы жаттап
алғаны болмаса, нағыз дүмшелер. Ал, Момыш болса, өз бетінше тырмысып
сауатын ашқан кісі, сонысымен бүкіл аймаққа əйгілі, сыйлы адам еді.
Жаңадан билік құра бастаған орыс əкімдері алым-салық қағаздарын
шығарып, қол қою, бармақ басу деген əдетке айналды. Шағым жазу, арыз
жазу салт болды. Ал, қара танымайтындар арыз жазып бер деп əкеме
келеді. Əкемнің əділдігіне сенеді.
Ояздың қасында о кезде тілмаш болар еді. Тілмаш дегенің елді билеп-
төстеген сұмпайының өзі. Соның аузы дуалы. Ұлыққа сол не десе — сол
болады. Арызды тілмаш оязға не деп аударып жатқанын сауатсыз қазақ
қайдан білсін. Əкемнің айтуына қарағанда, тілмаш дегенің пара жегіш,
дауласкер, екі жақты бірдей сорушы жемқор болған. «Сенің сөзіңді
сөйлеймін», — дейді де, ұлыққа əңгіменің өңін айналдырып жеткізе береді.
Ел ішінде неғұрлым дау-дамай, айтыс-тартыс, жанжал көп болса, ұлық
пен тілмашқа соғұрлым тиімді. Екі жақты бір-біріне айдап салып
шабындырып, сабылдырып, шығындатып, арандатып, алдап ұрып ала беру
со кездегі шиновниктердің, атқамінерлердің тəсілі болған.
Ол кезде əрбір үш жылда ояз болыстар мен билердің төтенше съезін
шақырар еді. Оның қарсаңында сайлау науқаны сапырылысып, екі ұдай
тартыс, жік-жік айтыс, пара беру, жала жабу, бірін-бірі тірсектен қағып,
орға жығу,айла-тəсіл, қулық-сұмдық, болыстыққа талас өрттей қаулай
берер еді.
Сайлау тəртібі бойынша тас салуға елу түтіннен бір кісі өкілдік алады.


Ал, іс жүзінде бір рудың атынан бір мықты ғана сайлаушы. Бір ру елдің
еркін сыртынан сатып, сол елдің азаматтарының атынан сөйлеп, сонысы
үшін пара алып жүретін пысықтар аз емес. Шынтуайттап келгенде, дауыс
беріп, тас салу деген де жай сөз.
Чиновник оған қарамайды, болыстыққа таласқандардың қай жағы
дүниені көп берсе — сол жағына қарай қағазды икем деп жібереді, сайлау
қағаздарын қалай жасаймын десе де өз қолында. Соны білген атқамінерлер
ояздың чиновнигінің аузын алуға жанын салып бағады.
«Ояз шықты, сияз бардың» кері келеді. Күштінің алдында байғұстар
«бас изейді шыбындап». Бақталастар бірін-бірі балағаттап, қаралап бағады.
Домалақ арыз ағылады-ай келіп, арызды оқып жатқан ұлық болмаса да,
қайран қазекең арыз жазып қалуды парыз санайды. Ол болмаса басы
ауыратындай көрінеді, бойына ас батпайтындай көрінеді, ұйқысы шала,
күлкі жоқ, есі-дерті айбақтатып арыз жазсам дейді, баяғы.
Бір жолы өңшең атқамінер пысықтар сайлау алдында жиналып алып,
қатты сассын. Жандары алқымға келіп, қиналып, тығырыққа тіреліпті.
— Ойбай, қағаз тоқтап қалды! Қағаз тоқтап қалды! — дейді ғой бір-
біріне қатты сасып. Асу бермес асқар белдің алдында амалы құрығандай
боп тұрған кездері екен. Ішінде əкемнің нағашысы Байтана Текебай би де
бар екен. Ол кісі қайта сайланудың сары уайымымен аһылап-үһілеп
берекесі кете беріпті. Оязға дер кезінде мына қағаз бармайтын болды деп
қатты қайғырғаны сонша, соны көріп менің əкем Момыш:
— Не боп қалды? Неге қиналдыңыз? — деп сұрайды.
— «Жартыны» ешкім жаза алмай қойды ғой, құдай-ау, — депті би.
«Жарты» дегені 1/2 екен.
— Мен жаза аламын, — депті менің жиырма төрт жасар əкем.
Сен жаман неме. не жазып жарытамын дейсің. Екі күннің жүзі болды,
ол қиын жазуды мына оқыған молдалардың өзі түсіре алмай отыр, — деп
Текебай сене қоймайды.
— Мен жазып берсем, қайтесіз, — депті əкем.


Əкемді салы суға кетіп отырған молдалардың ішіне алып барады.
Сонда Момыш 1/2 деп жазып, жарты дегеннің осы екенін түсіндіріп
беріпті, қанша күн басы қатып, қамалып отырғандар өңі кіріп, кайта тіріліп,
қуанып, құнжындасып, əкеме тəнті болып қалса керек.
Текебайдың бақталасы — Талас Алатауының бөктерін жайлаған
Жаңабайдан шыққан Байзақ датқаның баласы Қабылбек деген кісі екен.
Байзақ датқа заманында Қоқан ханына қарсы шығып, содан қапыда қолға
түсіп, Құдияр ханның жарлығымен зеңбіректің аузына байланып, атылып
кеткен. Енді, міне, сол Байзақтың елу жастағы ұлы Қабылбек Текебаймен
тіресіп қалған кезі екен.
Қабылбек жағы Текебайды ұры деп, əділдігі жоқ парақор деп, ұлыққа
жамандап жаза берсе керек. Сонда Текебайдың отыз жастағы үлкен ұлы
Серкебай Қабылбек жағының əлгіндей жаласына шыдай алмай, жанына он
жігіт ертіп, Қабылбектің аулына тасырлатып жетіп барған дейді.
Қабылбектің қарсы алдына отырып алып, қамшысын жерге шиіріп тастап,
бір бəлеге бастап, қалың жұрттың арасында Байзақ датқаның баласын ой,
балағаттайды келіп. Айтпағанды айтады. Елде зəре қалмайды. Қан
төгілмесе неғылсын деп қалтылдаған халық.
Ақ орданың сыртындағы əйелдер жағы əруақ, құдайға сыйынып,
сыбырласып қана сөйлеседі. Ал, Серкебай ақиланып алса керек, ар-
намысқа тиетін ауыр сөздер айтып айғайлап отыр. Қабылбек сонда қыбыр
етпепті. Лəм деп тіс жармапты. Қабағын да қақпапты. Жаңабай жағы улап-
шулап, намыс буып, кек қысып, орындарынан тұра-тұра ұмтыла бастаса,
Қабылбек оларға тек қолымен белгі беріп басып тастап отырады. Бірақ тіс
жармайды. Аталас ағайын-туғаны бұған шыдамай, қаны қайнайды.
Қабылбек тырс етпейді.
Оның бұл қылығына ыза болған сотқар Серкебай одан бетер одыраңдап,
айтпағанды айтса керек. Ақырында атына қарғып мініп, он жігіті жанында,
ауылына салып ұрып қайтып келіпті.
Серкебай кеткен соң Жаңабай жағы жабылып Қабылбекке наразылық
айтып жатса керек:
— Ойбай-ау, неге бізді бөгедіңіз?


— Ақ орданы басындырып қойғанымыз қалай?
— Əруақ! Əруақ! Əруақтың сай-сүйегін сырқыратып қайтіп тірі
жүреміз, ойбай!
— Байзақ датқаның басынан ешкім асып көрмеген!
Біз не боп барамыз!
— Əлгі əупілдеген төбеттің көтінен қуып барып, қара қап құстырмасақ,
жер басып тірі жүргеніміз құрысын!
Аяғынан салбыратып ағашқа іліп қоймасақ, атымыз өшсін!
— Аттанайық! Аттан! Аттан! Байзақ! Байзақ!
Дес бермей, елеуреп, өкпелері өрекпіп, өршеленіп алған ағайындарын
Қабылбек бір-ақ сөзбен қайырып салып:
— Тоқтат! — деп ақырып қалған. — Опық жейтін сол Серкебайдың өзі
болады əлі, — депті.
Ағайындары, амал жоқ, тыйылыпты.
Ал, Серкебай əкесі Текебайдың алдына барып мақтанып тұрса керек:
«Екі аяғын бір етікке тықтым Байзақ əулетінің. Қаһарлы Қабылбектің өзі
жұмған аузын аша алмай қалды. Былай деп боқтадым, былай деп
балағаттадым». Текебай сонда баласына:
— Ақымақ! — депті.
Серкебай үйден атып шығып, өз отауына барып, екі күн қатарынан нəр
татпай, өкпелеп жатып алыпты.
Ал, сайлауға дайындық қыз-қыз қайнап жатса керек. Үшінші күн
дегенде Серкебай əкесіне келіп, аяғына жығылады.
— Мені құдай сыйлады. Өзімнен жиырма жас үлкен Қабылбектің
бетінен алып, тілім тиді. Ел көзіне қарайтын бет қалмады.
Текебай ат-шапан айыбын дайындап, жанына жиын ертіп, Қабылбектің


ордасына өзі барған екен.
Жаңабай жағы Текебай қол жиып соғысқалы келе жатыр екен деп қалса
керек, өздері де caп түзеп, сақадай сай қарсы шығады.
Қабылбектің ордасына ат шаптырым қалғанда Текебай қасына
Серкебайды алып, басқалардан оқ бойы озып шығып, əкелі-балалы екеуі
Қабылбек жағына келе жатады.
Қабылбек те: «Е, мынау соғысатын жерді айт деп келе жатыр ғой», —
деп өзі жеке шығып, Текебайға тура тартады.
Сонда Текебай сонадайдан аттан түсіп, Қабылбектің қасына келіп:
—Менің күшігім саған қарап шəуілдесе керек, Қабылбек! Айыбын
көтергелі келдім алдыңа. Кешіремісің, сірə! — депті.
Мына сөзден Қабылбектің қабырғасы сөгіліп,қалбалақтап атынан аунап
түседі:
— О, текті би Текебай! Сенің балаңның айыбынан менің айыбым асып
кетті білем. Аға болсаң да, сені мен аттан түспей тыңдаппын-ау. Сен
кешіремісің мені? Бұл əдепсіздігім бүкіл əулетімізге таңба болатын болды
ғой, ой əттегене-ай. Ат-шапан айып сенен емес, менен, ақсақал! — деп
үстіндегі зерлі шекпенін шешіп Текебайдың иығына жауыпты. Сөйтіп
тұрып Жаңабай жағына қарап: — Уа, ағайым! Сайлауда Текебайға дауыс
беріңдер! Мен қойдым дауысқа түскенді! — деп айғай салған.
Əлбетте, ағайын арасы аз күн араз-құразсыз болғанмен, мансап, дəреже,
атаққа таласу, айқай-шу, дырду тоқталмаған. Аз күн жарық дүниеде атақ
үшін, билік үшін алысып, жұлысып ғұмырын өткізген қу заман екі жақты
итжығыспен, алма-кезек арандатып қойған. Дүниеден Текебай би де,
Қабылбек болыс та өтті. Ал олардың аттандаулы аламан-тасыр өміріндегі
бір парасатты сəт əлгі сол екеуі де аттан түсіп бір-бірінен кешірім сұраған
кез екен.
Текебай бидің тоқтап қалған қағазын «жүргізіп» жібергеннен кейін,
Момыш əкеме талай рет болыстың писары бол деп қолқа салса керек. Бірақ
əкем көнбепті.


Ұлыққа писарь болған соң бас бостандық жоқ, басыбайлы, болыстан
кіріптар боп қаламын дейді екен. Жалғыз атты кедей болса да, кісіден
кіріптар болғанды қорлық санап, аз күн жарық дүниеде азаттық аңсап,
қатықсыз қара су ішсе де, бай-манапқа алақанын жаймаған.
Əкемді жиырма сегіз жасында ауылдың старшыны сайлапты. Он жеті
жыл старшын боп тұрып, он сегізінші жыл дегенде бұл дəрежесін өз
ықтиярымен құрдасы Ереш деген кісіге берген екен. Əкем жарықтық
өмірінің ақырына дейін ел арасында «Тура Момыш» атанып кетті. Қанша
жыл аз ауылдың кішігірім əкімі болса да, бүйірі томпайып, мал біткен емес.
Бар байлығы жалғыз аттан артпапты.
Əйтсе де кедейдің қолы жомарт. Əкемнің қызғаншақтық. бақталастық
дейтін қу мінезі жоқ, қолы ашық кісі болған. Бары болса, кісі шақырып,
той-томалақ өткізуге құмар боп тұрар еді. Дүние, мал жиюды жек көретін.
Бір жолымен, ес білігі, етек жиған кезім, базар барып азын-аулақ ақшаны
жаратып қойсам керек, өгей шешеміз мұныма күңкілдеп ұрса берді:
— Əлден ұрма, ақша бітсе шашып жүреді, тұра бара не болады?!
Əкем сонда өгей шешеме жай ғана:
— Е, ақша дегеннің өзі шашуға шығарылған нəрсе де, — деп тастады.
Бала кезімде алыстағы ауылымызға арбаменен бақалшылар келер еді.
Өрік-мейіз, алма-алқоры, қант-науат, тəтті-мəмпəси деген соларда. Бала
біткен əкемізден ақша сұрап қыңқылдаймыз келіп. Бақалшы да сұм-ақ:
көзімізді қыздырып қызыл алмасын көрсетіп, бірлі-жарымын топ баланың
ортасына лақтырып жібереді. Əлгі алмаға сонда жатып кеп таласамыз-ай
келіп.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет