Баяғыда Мақта қыз болыпты. Мақта қыз үйін жинап жүріп, бір мейіз тауып алады да, мысықты шақырады, Мысық келмейді. Қыз:
– Келмесең келме! – деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп болған соң мысық келіп:
– Неге шақырдың? – деп сұрайды.
Мақта қыз айтпайды. Сонан соң мысық:
– Ендеше қатығыңды төгем! – дейді.
Мақта қыз:
– Мен құйрығыңды кесіп аламын! – дейді.
Мысық қатықты төгеді. Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады.
Мысық:
– Апа, апа, құйрығымды берші! – дейді.
Мақта қыз:
– Менің қатығымды төле! –дейді.
Мысық сиырға барады.
– Сиыр, маған қатық берші! – дейді.
Сиыр:
– Менің қарным ашып тұр. Маған жапырақ әкеліп берші! – дейді.
Мысық ағашқа барып:
– Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші! – дейді.
Ағаш:
– Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін, – дейді.
Мысық суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көреді.
– Қыздар, қыздар, маған су беріңіздерші! – дейді.
Қыздар оған:
– Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз, – дейді.
Мысық дүкенге барады.
– Әй, дүкенші, маған сағыз берші! – дейді.
Дүкенші:
– Маған жұмыртқа бер! – дейді.
Мысық тауыққа барады.
– Тауық, тауық, маған жұмыртқа берші! – дейді.
Тауықтар:
– Бізге дән әкеліп берсең, біз саған жұмыртқа береміз, – дейді.
Мысық: «Енді не қыламын?» – деп бара жатса, бір ін қазып жатқан тышқанды көреді. Мысық тышқанды бас салады.
– Жаныңның барында айт! Үйіңде не бар? – дейді.
Тышқан қорыққанынан:
– Үйімде бір табақ тары бар, – дейді.
Мысық:
– Маған бір уыс тары бер, – дейді.
Тышқан үйіне барып, бір уыс тары әкеліп береді; мысық тарыны апарып тауыққа береді, тауық жұмыртқа береді; жұмыртқаны апарып дүкеншіге береді; дүкенші сағыз береді; сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су береді; суды апарып ағашқа береді; ағаш жапырақ береді; жапырақты апарып сиырға береді, сиыр қатық береді; қатықты апарып Мақта қызға береді, Мақта қыз мысықтың құйрығын береді.