«Қыз Жібек»
Базарбайдың Төлеген,
Ерте туған көбеген.
Сексен жігіт қосшы алып,
Он бес жігіт басшы алып,
Ақжайыққа жөнеген.
Айдың өткен шешесі,
Ай қараңғы кешесі,
Падишадан кем емес,
Ер Төлеген мүшесі.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Артынан қуып келіпті,
Өлгенде көрген шешесі.
Шешесі келіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Мінгене аттың аласын,
Менен туған баласың.
Қал дегенде қаласың,
Айтқан тілді аласың!
Қал дегенде қалмасаң,
Айтқан тілдді алмасаң,
Құрттың анаң шарасын!
Өлгенде көрген қарағым,
Ата-анаңды зарлатып,
Қай жаққа кетіп барасың?
Анаң келді зарланып,
Әкең отыр сандалып.
Көре алмаған көп дұшпан
Сыртыңнан келер қамданып,
Сен кеткен соң, қарағым,
Кім ойлайды кемпір-шалыңды?
Сансызбай болса жас еді,
Жүреміз кімге алданып?»
«Біржан мен Сара айтысы»
Қызы едім Тастанбектің атым Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.
Он үште домбыра алып сөз сөйлеп ем,
Келемін бір сүрінбей жеке-дара.
Қолдай көр, ер Қаптағай, ата-бабам,
Сөзімді тыңда, құрбым, келсе шамаң.
Ақсүйек пайғамбардың тұқымы деп,
Сөзімді естірткелі келдім саған.
Тақсыр-ау, күні құрсын ұрғашының,
Билігі болмаған соң бір басының.
Тері-терсек берген соң ит те алады,
Бұлындай берекесіз арбашының.
Әкемнің төрт түлігі бәрі де сай.
Алты ауыл аруақты үш ағам бай.
Бұраңдап асау керей жүрсем-дағы
Тоқтыдай борышқа кеттім уа дариға-ай.
Баста құдай бұйыртпаса, нәсіп етпес зарлағанға.
Тұңғиық сезім терең барлағанға.
Тақсыр-ау, он жетіге биыл жеттім.
Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда.
Хан, қара шаршы топта сөз сөйледім,
Көз көрмей, бәрі бекер нанбағанға.
Бөденедей қырғи алған жұмарлармын
Құдайым қуат берсе шыбынжанға.
«Ақжүніс»
Бұқар барсаң, қолаң бар,
Қоланды көр де – шашым көр.
Зергер барсаң, қасында
Алтыннан соққан түйме бар.
Түймені көр де – басым көр!
Молдаға барсаң, қасында
Қиюлы жатқан қалам бар,
Қаламды көр де – қасым көр!
Имран барсаң, пісте бар,
Пістені көр де – мұрным көр.
Әр шәһәрге қарасаң,
Құрулы тұрған күзгі бар,
Күзгіні көр де – көзім көр!\
Самаркқанд барсаң, сандал бар,
Сандалды көр де – тісім көр!
Ұсталарға барсаң, қасында
Тартулы жатқан сымдар бар,
Сымды көр де – қолым көр!
Тоғайға барсаң, тоғайда
Домалаған қоян бар,
Қоянды көр де – жоным көр!
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де – етім көр!
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де – бетім көр!