Ббк 81. 2 С 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет8/27
Дата10.01.2017
өлшемі1,9 Mb.
#1599
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   27

Қазақтың төл сөздері
Абай  өз  творчествосында  қазақтың  жалпыхалықтық  тілін 
негіз етті деген қағиданы айтуға себеп болатын күшті фактінің 
бірі  –  оның  сөздік  құрамының  басымы,  дені,  негізгі  ядросы 
қазақтың байырғы төл сөздері болуы.
Біз  бұл  жұмыста  Абай  шығармаларында  қолданылған 
қазақ  сөздерін  лексикология  қарастыратын  категориялардың 
барлығына  қарай  талдамадық.  Ұлы  ақынның  тіліне  негіз 
болған қазақ сөздері көне, жаңа (пассив, актив) болып келеді 
(қазіргі нормадан алғанда емес, Абай тұсындағы қазақ әдеби 
тілі нормасымен салыстырғандағы көнемен жаңа элементтерді 
айтамыз),  соны  қарастырмақпыз.  Сондай-ақ  жалпыхалықтық 
қордағы  төл  сөздерді  әдеби  айналымға  салып,  бірқатарының 
мағынасын  кеңейту  немесе  тарылту,  бірсыпырасын  термин 
немесе  тұрақты  атау  ретінде  нормаландыру  процесі  Абай 
тілінен  орын  алады,  мұны  талдамақпыз.  Бұл  жайттарды  біз 
«Абай  шығармалары  тіліндегі  көне  сөздер»,  «Жаңа  сөздер» 
және «Абай лексикасындағы сөздердің тематикалық серияла-
ры» деген тақырыптарға бөліп қарастырдық. Ескерте кстетін 
жай – бұларда тақырыптың кеңдігіне орай (өйткені жаңа, көне 
элементтер тек төл сөздер арасында емес, кірме сөздер ішінде 
де болатыны мәлім), осы категорияларға қатысты өзге тілдік 
сөздер де жол- жөнекей талданып отырылды.
Қазақтың төл сөздерін әңгімелегенде бұл айтылған топтар-
га кірмейтін тағы бір сала бар, ол – белгілі бір территориялық 
аумақта қолданылатын жергілікті сөздер. Жоғарыда, I тарау-
да  айттық,  Абай  тілінде  осы  күнгі  нормамен  салыстырғанда 
да,  өткен  ғасыр  нормасымен  алғанда  да  белгілі  бір  шағын 

129
өлкеде қолданылған бір алуан сөздер бар. Олардың қолданылу 
мотивтері  мен  таралу  аумағы  жайындағы  пікірлеріміз  бен 
кейбіреулерінің жеке-жеке талдауын ілгеріде, і тарауда, бердік.
Абай шығармалары тіліндегі көне сөздер 
(архаизмдер мен историзмдер)
Абай  лексикасындағы  көне  сөздерді  (архаизмдер  мен 
историзмдерді)  әңгіме  еткенде,  объектіге  екі  шамадан  қарау 
керек. Бірі – Абайдың өз тұсында-ақ көнерген немесе көнере, 
пассивтене  бастаған  сөздер  тобы,  екінші  –  қазіргі  нормадан 
қарағанда,  көнерген  болып  есептелінетін  сөздер.  Біз  назары-
мызды алғашқы топқа ғана аудардық.
Халықтың ауызекі сөйлеу тілін, ғасырлар бойы шыңдалған 
ауыз  әдебиетін,  сондай-ақ  өзіне  дейінгі  және  өзіне  тұстас 
қаламгерлер  үлгілерін  жақсы  біліп,  солардың  тілін  сарқа 
пайдаланған  ұлы  жазушы  өз  лексиконына  қазақ  тілінде 
бұрынырақ қолданылып, өз заманында көнерген немесе көнере 
бастаған сөздерді де шебер енгізген.
Архаизм, историзмдердің бір тобын Абай қазақтың өткен 
тарихын баяндауда әдейі келтіреді. Мысалы, жүз жыл бұрынғы 
қазақтың  киімі  туралы  этнографиялық  суреттеме  өлеңінде 
жейде,  жарғақ  шалбар,  жарғақ  жастық,  кісе,  шақпақ, 
дәндәку, күләпара, пыстан тәрізді қазірде, ал бірқатары тіпті 
Абай  заманында  қолданудан  шыға  бастаған  бір  топ  киім-
кешек пен өзге аксессуарлардың аттарын береді. Жейде сөзі 
диалектизм ретінде қазірде де көптеген аудандарда «еркектің 
көйлегі» деген мағынада қолданылғанымен, өткен ғасырдың 
өзінде-ақ  бұл  вариантты  көйлек  сөзі  ығыстыра  бастағанға 
ұқсайды.  Өйткені  Абай  шығармасындағы  шалдардың  өзі 
көйлекті болып келеді (Ақ көйлекті, таяқты Ақсақал шығар 
бір шеттен – 1, 50). Жейде сөзі Абай тұсында көйлектің (ер-
лер  көйлегінің)  көне  фасонды  түрін  білдіріп,  сол  мағынада 
қолданудан  ығыстырыла  бастағанын  өзге  материалдан  да 
байқаймыз.  Мысалы,  Ильминский  жейдені  сол  кезде  (1861 
жылы)  тек  қарттар  киетін  ескі  үлгіде  тігілген  көйлек  деп 

130
көрсетеді: «жейде – рубаха старинного киргизского покроя. 
Это бязевый халат с воротом шалью, на правой стороне за-
вязывается  шнурками.  Теперь  носят  только  старики»  (133). 
Соған қарағанда, жейде бір кезде бүкіл қазақ даласында түгел 
түсінікті  болып,  белгілі  бір  үлгіде  тігілген  ерлер  көйлегін 
білдіріп,  жалпыхалықтық  тілде  тегіс  қолданылған  көне  сөз 
болуы керек.
Сондай-ақ  Абай  қазақтың  өткен  ғасырлардағы  заң  систе-
масын әңгіме еткен 3-сөзінде жарғы (Жеті жарғы) терминін, 
Лсрмонтовтан  аударған  «Тұтқындағы  батыр»  өлеңінде  тас 
дулыға, тас сауыт, шарайна архаизмдерін, ертегі поэмаларын-
да хан, уәзір историзмдерін қолданады. Бұлайша өткен тарих-
ты  баяндау  үстінде  көне  сөздерді  көп  қолданған  шығармасы 
– «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы». Мұнда 
Абай абыз, аламандық, хан, жылыс (жылан жылы жылыс бола-
ды), тоғыс (қой жылы зеңгер тоғыс болады), ұлыс, бұлан, ұран-
сүрен,  наурыздама  сөздерін  атайды.  Бұлардың  кейбіреулерін 
мақал-мәтелдер құрамында, кейбір сөздерін баяндау үстінде өз 
атынан (автордың сөзі ретінде) келтіреді. Бұлардың барлығы 
да Абай тұсында қазақ тілінде ескірген (аламан, абыз, жылыс, 
тоғыс, бұлан) немесе ескіре бастаған (хан, уәзір, ұран-сүрен) 
сөздер. Мысалы, аламан – жауынгерлік дәуірлерде, яғни XIX 
ғасырдың  I  жартысына  дейін  актив  болып  келген  сөздердің 
бірі. Ол батырлар жыры тәрізді фольклор мұралары мен жау-
ынгер ақын Махамбетте жиі кездеседі: Аламанға жел беріп Аса 
жұртты меңгердік (111). Қазақ тілінде аламан сөзі ертеде атқа 
мінген көпшілік сарбаздар, қол, отряд және «жалпы қара құрым 
көпшілік»  мағынасын  берген.  Өткен  ғасырдағы  сөздіктер  де 
осылай көрсетеді: «кир. чернь отряд наездников, толпа наро-
да» (Будагов, 1, 79); «Аламан – отряд наездников, толпа наро-
да» (Ильминский, 51). 1878, 1897 жылғы сөздіктер де жоғарғы 
екі  сөздіктегі  жазылғанды  қайталайды.  Демек,  сірә,  аламан 
тұлғасының өзге түркі (түрікмен, әзірбайжан) тілдеріндегідей 
«тонаушы,  талаушы»  мағынасы  қазақ  тілінде  барлық  жерде 
бірдей болмаған. Диалектологтар керсеткендей, аламан сөзінің 
осы күнгі Гурьев, Маңғыстау қазақтарының қолданысындағы 

131
«сарбаз,  қол»  мағынасымен  қатар,  «шапқыншы»  ұғымын  да 
беруі осы аймақтарға көрші түрікмен тілінен ауысқан деп та-
бамыз.  Және  бұл  сөздің  Будагов,  Ильминскийлер  көрсеткен 
«қара  халық,  көпшілік»  ұғымы  да  –  кейін  пайда  болған  ау-
ыспалы  мағынасы.  О  баста  «атқа  мінгендер  тобы,  отряд» 
дегенді  білдіріп,  тек  жорық,  жаугершілік  сөз  болған  тұста 
қолданылған.  Абай  да  осы  мағынада  келтіреді.  Абайда  бұл 
сөз  аламандық  деген  туынды  тұлғада  келеді  де,  «жорық, 
жаугершілік»  дегенді  білдіреді:  Шыңғыс  аламандыққа  атта-
нып, әскер тартып шыққанда, әскерінің көбі татар екен дейді 
(II, 223). Бұл жердегі әңгіме – Шыңғыстың ел шауып, тонауы 
туралы емес, жалпы жорықтары жөнінде. Абай заманында-ақ 
бұл сөз өте сирек қолданылған. Абай тұстастарынан Шәңгерей 
сияқты бірен-саран ақындарда ғана ұшырасады.
Бұлан  –  ертерек  кездерде  Қазақстан  территориясында 
болған бұғы тектес ірі аңның аты. Бұл да Абайдан бұрын өткен 
ақындар  мен  ауыз  әдебиетінде  (тіпті  оларда  да  көнерген  сөз 
ретінде) жиі қолданылған. Бұландай ерді кескен күн (Махам-
бет, 1962. 13). Қара бұланның терісі Етік қылар күн қайда (107). 
Дулатта: Бозда жүрген бұландай, Үйде тұрмас ойқастап (69). 
Бұланта ерген шешекке аунар, доңызға ерген балшыққа аунар 
(Мақал).  Бұлан,  сірә,  ертеде  Қазақстан  территориясында  бо-
лып, соңғы ғасырларда жойылып кеткенге ұқсайды. Л.Будагов 
алтай тіліндегі бұлан сөзін лось деп көрсетіпті (Будагов, I, 289). 
Проф. С.Асфандияров жариялаған материалдарда бұлан тура-
лы Ақсақ Темірдің тарихшысы Шарафеддин Язды «Зафарна-
мэ»  деген  кітабында  былайша  жазып  қалдырғаны  берілген: 
«Между другими животными они нашли в степи вид антило-
пы, гораздо больше буйвола, которых они до сих пор не видали 
и которых монголы называли «кандагай», в то время как оби-
татели этих степей называют их буланами»
113
.
Дулыга, сауыт, шарайна сөздерінің архаистік сипаты өткен 
ғасырдан  басталады,  өйткені  ХІХ  ғасырдың  ІI  жартысында 
феодалдык  дәуірдегі  қару-жарақ,  құрал-саймандардың  ұрыс-
соғыста қолданудан шыға бастағаны мәлім.
Архаизмдердің  бұл  тәрізді  өткен  өмірден  елес  беру  үшін 
113
 Прошлое Казахстана в источниках и материалах. - М., 1935. - С. 78.

132
қолданылғандарынан  басқа  тобы  Абай  творчествосының 
өн  бойында  кездеседі.  Олардың  қолданылуының  әр  алуан 
себептері  бар.  Ең  алдымен,  Абай  тілінде  қазірде  актив  қол- 
данудан шығып қалған немесе сол кездегі мағынасы өзгерген 
бірсыпыра  лексемалар  мен  тұлғалар  бар.  Олар:  абыз,  алаш, 
қол, дүр, қар, қарындас, дат айту, қынаменде, шөншік, талай, 
әшкере, ұлық, (ұлы), арық (арыған), түзік (түзу) т.б.
Абыз сөзінің о бастағы мағынасын Абайдың өзі түсіндіріп 
береді:  «...[қазақтың  арғы  ата-бабалары]  бұрыннан  бақсы-
балгерге  инанып,  отқа,  шыраққа  табынатын  әдеттерімен 
исламға  тез  түсініп  жете  алмапты.  Ол  кезде  шала-пұла  хат 
таныған кісісі болса, оны «абыз» дейді екен. Ол «абыз» демек, 
әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен 
(ІІ, 222).
Абыз сөзінің осы мағынасын Будагов та көрсетеді: «Қазан 
татарлары тілінде – ученый, сведущий, образованный (назва-
ния  духовного  лица  –  I,  4).  Будагов  бұл  сөзді  арабша  хафиз 
сөзінен  алынған  деп  талдайды.  Сірә,  бұл  сөз  көне  түркі  сөзі 
болу  керек»
114
.  Абайдың  этимологиясы  да  осыны  көрсетеді, 
абыз  сөзі  түркі  руларында  ислам  діні  енгенге  дейін  оқыған 
адамды білдірген болса, арабша хафиз-ден шықпағаны. Бұл сөз 
Абай тұсында, тіпті одан көп бұрын-ақ актив қордан шығып 
қалғанға  ұқсайды,  өйткені  кейінгі  дәуірлердегі  «оқыған,  хат 
таныған адам» деген ұғым не молда, не оқымыс, не ғұлама де-
гендер  тәрізді  сөздермен  білдірілетін  болған.  Дегенмен  абыз 
архаизмін  Абай  да,  кейбір  тұстастары  да  (мысалы,  Дулатта: 
Абыз демей не дейміз, Шалы орнынан тұрған соң – 61) ара-тұра 
қолданып,  оған  көбінесе  ауыспалы  мағына  береді.  Абайдың: 
Кейбірі пірге қол берген Іші – залым, сырты – абыз (I, 149); 
Сырты  абызбар,  Желқабыз  бар  (I,  152)  деген  тармақтарында 
абыз  сөзін  сыртынан  қарағанда  «өзгеден  бір  табан  жоғары 
оқыған, жағымды адам» деген мәнде жұмсаған.
Алаш сөзі де – әріден келе жатқан көне сөздердің бірі. Өзге 
түркі  тілдерінде  жоқ  бұл  түбір  қазақ  тілінде  Абай  тұсына 
дейін  «қазақ  елі,  қазақ,  халқы,  қазақ  жұрты»  мағынасында 
қолданылып келген. Сондықтан да болу керек, өткен ғасырдағы 
114
 Қазақ тілінің кысқаша этимологиялық сөздігі. - Алматы, 1966. - 18-б.

133
қазақ  сөздіктерінің  кейбіреулері  бұл  атауды  қазақ  деген 
этнонимнің  синонимі  деп  көрсетеді:  алаш  –  собственно  имя 
родоначальника всех киргизов, а потому они носят общее на-
звание алаш (кроме қазақ) (Киргизско-русский словарь, 1897). 
Өткен  ғасыр  регистраторларының  барлығы  да  алаш  сөзін 
«бүкіл қазақ халқы, қазақ» дегендердің тепе-тең параллелі деп 
таныған: 1878 жылғы А.Старчевскийдің материалында: алаш 
– весь киргизский народ, род, поколение («Спутник...»); 1883 
жылғы И.Букиннің сөздігінде: алаш – киргизское происхожде-
ние; Л.Будагов сөздігінде (аладж) – весь народ киргизский (I, 
78) деп берілген. Алаш сөзі «бүкіл қазақ халқы» деген ұғыммен 
барабар деген тұжырымды Бабурнамэ материалдарына сүйеніп 
Абай  да  айтады.  Ол  алаш  деген  сөздің  этимологиясын  Ала-
ша хан атынан, ал хан есімінің өзін қалмақша алашын (шач) 
«жан алушы» деген сөзден (өйткені Алаша ханның шын аты 
Ахмет  дейді)  шығарады  (II,  224).  Осы  мәліметті  Сәкен  Сей-
фуллин  де  бере  келіп,  бірақ  «алаш  сөзі  ноғайлы  заманынан, 
яғни қазақ атанған рулар қазақ болмай жүргенде қолданылған 
сөз»,  –  дейді.  Оған  дәлел  ретінде  «ноғай,  қазақ  бәріміз  бір 
алаштың  баласымыз»,  «алты  алаштың  баласы»  деген  мақал-
идиомдардың бар екенін келтіреді. Сонымен қатар С. Сейфул-
лии бұл сөздің «жат, бөтен, жау» мағынасында қолданылғанын 
айтады, тіпті соңғы мағына алаш сөзінің «өзінің шын мәнісі», 
яғни  алғашқы  мағынасы  дегенді  де  білдіреді
115
.  Бұл  сөздің 
төркінін әдейі зерттеушілердің бірі – А.Махмутов жоғарғы біз 
келтірген  мағлұматтарды  түгелімен  бере  отырып,  бұл  сөздің 
монғол тіліндегі алач – «қанішер» сөзімен де мағына жағынан 
жақындығын айтады да, бірақ бұл сөз түркі тілдеріне тән ал 
етістік түбірінен есім жасайтын жұрнақ (-ш) арқылы туған болу 
керек дейді
116
. Біздің қазіргі мақсатымыз бұл сөздің төркініне, 
яғни түбірі қай тілдік, морфологиялық құрамы қандай деген-
дерге назар аудармай, осы сөздің қазақ тілінде біз әңгіме еткен 
дәуірде, оның ішінде Абайда «қолданылған-қолданылмағанын 
және  қолданылса,  қай  мағынада  болғанын  талдау.  Қайткен 
күнде  де  алаш  –  қазақ  тілінде  өте  ертеден  келе  жатқан  сөз. 
115
 Сейфуллин С. Шығармалары. - Алматы, 1964. - VI т. - 21-24-б.
116
 Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. - Алматы, 1966.

134
Және оның мағынасы да бірте-бірте өзгеріп отырған. О баста 
алаш сөзінің мағынасы жалпы «ел, халық» деген ұғым болуы 
мүмкін.  Мысалы,  жоғарыда  С.  Сейфуллин  келтірген  ноғай, 
қазақ бәріміз бір алаштың баласымыз немесе қазақ фолькло-
ры мен ақындарында кездесетін он сан алаш, алты алаш де-
гендерге қарағанда алаш сөзі о баста белгілі бір тайпа, әйтеуір 
ірі этникалық құрам дегенді білдірсе керек (алты алаш, он сан 
алаш  дегендерді  соңғы  кездің  жемісі  –  жетіру  дегендермен 
салыстыр). Кейінірек келе, «этникалық тұтастық» (яғни халық, 
үлт)  деген  жалпы  атауды  білдіретін  алаш  сөзі  сол  тұтастық 
болып  құрылған  қазақ  деген  конкретті  атаумен  параллель 
жүргені байқалады, осыған қарағанда, өткендегі сөздіктердің 
алаш  сөзі  «жалпы  қазақ  халқы»  деген  сөз  деп  аударуларын-
да  негіз  бар  тәрізді.  XVIII  ғасырдағы  Бұқар,  XIX  ғасырдың 
I  жартысындағы  Махамбет,  Шернияздарда  қолданылған 
алаш сөзі «қазақ елі, бүкіл (он сан, алты сан) қазақ елі» де-
ген мағынада келеді. Бұқар Абылайға: «Он сан алаш баласын 
Аузыңа Құдай қаратып» (30) дегенінде Абылайдың қазақтың 
үш жүзінің басын біріктіріп билеу әрекетін білдіріп отыр, ал 
«қазақтың үш жүзі» деген ұғым – «бүкіл қазақ елі, халқы» де-
ген сөз. Махамбеттің «Алты сан алаш ат бөліп Тізгінін берсе 
қолыма» немесе Шернияздың «Баласын алты алаштың шырқ 
иіріп» дегендері де осымен аналогиялас.
Алаш  пен  қазақ  сөздерінің  дублеттік  қызметін  кейінірек,  
XIX  ғасырдың  II  жартысында  жасаған  ақындардан  да  кез- 
дестіреміз. Майлықожа бір жерінде «Алаштың, білдік, дулат, 
ағасы екен» десе, сол өлеңнің келесі бір жолында: «Шілдедегі 
дариядай кептің, қазақ» (198) дейді.
Алаш сөзінің ссмантикалық өзгерісінде енді «қазақ елі, қазақ 
халқы, қазақ» деген тар ұғымнан «жалпы ел, халық, көпшілік, 
қауым» деген абстракт ұғым атына көшуі де өткен ғасырлар 
үлгілерінен  табылады.  Шернияздың  «Исатай  ел  еркесі,  ел 
серкесі, Бір мен емес, алашқа жайылым еді» (132); «Алаштан 
таңдап жүріп қыз айттыр деп» (131) дегендерінде алаш сөзінің 
«қазақ» дегеннен гөрі, «ел», «халық» мағынасы басым. Неме-
се «Қамбар» жырындағы: «Бұл хабарды Әзімбай Алашқа тегіс 

135
жүргізді» («Қамбар», 1857, 39) дегендегі алаш сөзі «ел, қауым, 
көпшілік» мәнінде. Бұл – алаш сөзінің екінші мағынасы. Үшінші 
мағынасы  –  антитезалық  семантика  –  «ел»-ге  қарама-қарсы 
«жау,  жат»  ұғымы.  Өткен  ғасырлар  үлгілері  бұл  мағынасын 
да көрсетеді. Бұқардың: «Өзіңмен туған туысқан Алаштан бе-
тер жат болар» (41) дегенінде, С.Сейфуллин келтірген: «Е-е, 
мен сенің ағайының емес, алашың ба едім», немесе «алашың 
туысқандай болсын» (VI, 285) деген мәтелдерден алаш сөзінің 
үшінші мағынасын аңғарамыз.
Көне  алаш  сөзін  Абай  да  қолданады.  Оны  2-3  жерде  «ел, 
халық, көпшілік» деген екінші мағынасынан шығарып, «жақын, 
туыс» ұғымында жұмсайды:
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,
Аларында шара жоқ алдамасқа.
Табысына табынып, қалтаң қағып,
Тойғанынан қалғанын берсе алашқа (I, 197), – 
дегенінде  де  алаш  «жақыны»  деген  ұғымды  беретін  тәрізді, 
өйткені әңгіме – мал жию үшін барша айла-әрекетін жұмсап 
жағымпазданып «еңбегін сатпай, арын сататын» пысық адам-
дар туралы. Олар – тойғанынан қалғанын бүкіл елге, халыққа 
беретіндей мықтылар емес, жай пысықтар. Сондықтан мұндағы 
Абайдың алаш деп отырғаны сол «малға достардың» жақыны. 
Ал «Сыйымсыз болды алашқа, Барымтасын тыя алмай» (I, 65) 
дегенінде алаш – «ел іші, жұрт» мағынасында пайдаланылған. 
Осының алдында: «Бұралқылар сандалды, Жуандарға сыя ал-
май» деген жолдар бар. Сонда жуандар мен алаш сөздері бірі 
үстем топты, екіншісі ел ішін білдіретіні анығырақ байқалады.
Алаш Абайда «жат» мағынасында сирек кездеседі: «Алашқа 
іші  жау  боп,  сырты  күлмек,  Жақынын  тіріде  аңдып,  өлсе 
өкірмек» (I, 27) дегенінде алаш сөзі «ел, жақын» дегенге қарама- 
қарсы  «жат»  дегенді  білдіреді.  Бұл  жердегі  алаш  келесі 
тармақтағы жақын сөзінің антонимі іспеттес.
Сөйтіп, алаш сөзі Абай тұсының өзінде-ақ бұрынғы әдебиет- 
те қолданылған «бүкіл қазақ халқы, қазақ елі» және «жау, жат» 
деген ұғымдарын ескіртіп, ауыспалы мағынада – «халық, ел, 

136
жұрт» ұғымында қолданылатын, онда да сирек ұшырасатын ар-
хаизм тобына жататын элементке айналған. Өткен ғасырдағы 
әдеби норма алаш вариантын біраз ығыстырып, қазақ халқы, 
ел,  халық  сөздерін  активтендіре  бастағаны  байқалады.  Абай 
бұл сөзді «қазақ, бүкіл қазақ халқы» деген мәнде жұмсамайды, 
онда бұрынғыдай он сан, алты сан, алты эпитеттері де жоқ. 
Бұл сөзді ақын «ел-жұрт, ел, жақын, көпшілік» деген ауыспалы 
мәнде сол сөздердің синонимі ретінде кәдеге асырады.
Қарындас  сөзінің  о  бастағы  «ағайын,  туысқан»  мағынасы 
– өткен ғасырда қазақ тілінде жоғала бастаған құбылыс, оның 
орнын соңғы сөздер ығыстыра бастайды да, қарындас вариан-
ты осы күнгі «ер адамның жасы кіші әйел жынысты туысқаны» 
деген ұғымды жиірек білдіреді. Бұл сөздің «ағайын, туысқан» 
мағынасы  мәтел-мақалдарда  сақталған.  Мысалы,  «Ауру  – 
астан, дау –қарындастан»
117
, салыстыр: «Ағайын бар болсаң, 
көре алмайды, жоқ болсаң, бере алмайды»; «Қарындасың жоқ 
болса,  жауда  қалар  жалғызбас».  XVIII  ғасырдағы  «Ақтабан 
шұбырынды,  алқакөл  сұламаға»  қатысты  шыққан  атақты 
«Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңінде қарындас пен қара 
орман қалғаннан соң деген тармақ бар. Осының алды-артын-
да ел-жұрт (Айрылған ел-жұрттан жаман екен) және бауыр 
(Бауырынан айрылған жаман екен) деген сөздер бар. Үшеуі – 
бір-біріне синоним.
Бұл  сөздің  көнерек  мағынасы  тек  ауыз  әдебиеті  үлгіле- 
рінде  емес,  XVIII-XIX  ғасырлардағы  қазақ  ақындарында  да 
кездеседі.  Мысалы,  Махамбеттегі:  «Қаумалаған  қарындас 
Қазақта  бар  да  менде  жоқ»  дегенінде  әңгіме  –  әйел  жыны-
сты бірге туған туыстар емес, өйткені Махамбет өзі бастаған 
көтеріліс ісі үшін әйел туыстарын емес, өзін қостайтын қалың 
ағайын туыстарын жоқтап отыр.
117
 Бұл мақалды В.В. Радлов «болезнь происходит от пищи, тяжба от брата» деп 
аударады (Радлов. II, 1. - С. 173). Бұл жердегі қарындас – іні (не аға) емес, туысқан, 
ағайын. В.В.Радлов, сірә, қарындас сөзінің көне түркі тілдері мен өзге кейбір түркі 
тілінде «брат» мағынасын беретініне (Малов С.Е. Пам. др. письм., 412) қарап аударған 
болуы керек. Қазак тілінде бұл көне сөз алғашқы конкретті (аға не іні) мағынасынан 
«туысқан,  ағайын»  (аға+іні?)  деген  жалпы  мағынаны  білдіруге  көшкен.  Дегенмен 
туысқанның синонимі – ағайын сөзінің өзін аға + іні деген сөздерден біріккен деп 
танысақ (Қаз. тіл. этимол. сөздігі, 19), қарындас сөзінің қазақша ағайын мағынасы да 
брат дегеннен онша ұзап кетпегенін байқаймыз.

137
Абай  қарындас  сөзінің  көнерген  мағынасын  2-3  жерде 
қолданып,  бұл  атауды  туысқан,  ағайын  сөздерінің  синонимі 
ретінде  келтіреді:  Қарындас  қара  жерге  тыға  алмай  жүр...  
(I,  34).  Осы  қуаныш  бәрі  де  қазақ  қарындастың  ортасында  
(II,  180).  Салыстыр:  «Ағайын  жоқ  нәрседен  етер  бұртың» 
(I, 31) немесе: «Әркімде-ақ бар ғой туысқан» (I, 63).
Біздіңше,  дүр  сөзі  де  көне  тұлғалардың  бірі  болу  керек. 
Бұл сөз адамға байланысты ғана айтылады. Ол ауыз әдебиеті 
үлгілері  мен  өткен  ғасырдағы  қазақ  ақындарында  едәуір 
кездеседі.  Сүйегі  асыл  дүр  еді  («Қамбар»,  1957,  38).  Шешен 
жігіт  дүрмен  тең  (Шал,  53).  Ақылы  асқан  дүр  болар  (Шор-
танбай, 146). Жолықпай дүр ақынға жүр екенсің (Кемпірбай). 
Қазақ  тілінің  түсіндірме  сөздігінде  бұл  сөзді  «атақты,  зор, 
әйгілі» деп түсіндіріпті (I т. 177). Сірә, о баста бұл сөз зат есім 
болғанға ұқсайды. Мағынасы – «зор нәрсе, үлкен зат > асыл 
адам» дегенге келеді. Оған: Шешен жігіт дүрмен тең, Сүйегі 
асыл дүр еді дегендердегі мағынасы дәл келеді (сірә, дүрдию: 
ерні  дүрдию,  дүрдік  ерін  етістігі  де  осы  түбірден  пайда  бо-
луы мүмкін). Кейін келе, оның заттық мағынасы күңгірттеніп, 
«үлкен, зор», одан кейінгі «әйгілі, атақты» деген атрибуттық 
мәнге  ие  болып,  сын  есім  қызметінде  жұмсалып  кеткені 
байқалады.
Дүр сөзі, біздіңше, бұрын белгілі бір аудандарда ғана қол- 
данылған  диалектілік  ерекшелікке  жатпайды.  Мұны  Қазақ- 
станның  әртүрлі  аймақтарында  жасаған  ақындардың  бәрінен 
кездестіреміз.  Ал  қазіргі  кезде  дүр  сөзі  Жамбыл,  Семей 
аймақтарында «ғұлама, дін оқуын меңгерген адам», Түркістан 
қазақтарында  «үлкен,  зор»  мағыналарында  қолданылатын  
болса, бұлардың барлығында да бұл сөздің о бастағы «үлкен,  
зор  >  әйгілі,  атақты»  деген  ұғымдары  бар.  Жергілікті  қолда- 
ныста бұл ұғымның бөлшектену актісі кейінгі кездерде болған 
құбылыс  болар  деп  ойлаймыз.  Абай  бұл  сөзді  түбір  күйінде 
емес,  дүрдей,  дүрсу  деген  туынды  тұлғаларда  қолданады. 
«Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей»  (I, 223) дегенде, дүр 
сөзінің зат есімдік мәнінен сын есім жасайды, мағынасы «зор 
нәрседей  (адамдай)»,  тіпті  дәлдеңкіресек,  «мықты  адамдай» 
дегенді білдіреді. «Кейбіреуі дүрсіп жүр» (I, 149) дегенде де 

138
дәл осы мағынадағы дүр есімімен туынды етістік жасаған.
Талай  да  –  көне  сөз,  қазірде  де  сирек,  онда  да  көбінесе 
көркем  әдебиетте  қолданылады.  Бұл  сөз  «тағдыр,  пешене», 
бұлардан «бақ, несібе, маңдайға жазылған, пешенеден болған 
бақыт»  деген  ұғымды  білдірген.  Талай  сөзі  әсіресе  ауыз 
әдебиеті  жырларында  көбірек  кездеседі:  «Талайсыз  болған 
жеңгемді»  («Қыз  Жібек»,  1963.  37).  Мұнда  талайсыз  сөзі  – 
«бақытсыз,  бағы  ашылмаған»  деген  мәнде.  Ал  «Қалмақтан 
болды талайым» (Сонда, 32) дегенде талай – «тағдыр, пеше-
не» мағынасында. Осы көне сөзді Абай да синонимдік қатар 
түзеп, шебер қолданады. Татьяна хатында өзі туралы: «Талай-
сыз
118
, бақсыз мен сорлы (II, 74)», – дейді.
Талай  сөзінің  көнелену  процесінде  ол  өзіне  синонимдес 
бақ  тәрізді  сөздермен  қатар  қолданыла  келіп,  кейін  бірте-
бірте  шыға  бастағанға  ұқсайды.  Бақ-талай  қос  сөз  тұлғасы 
өткен ғасыр ақындарында кездеседі: Ер жігіт сынамай ма бақ-
талайын (Біржан, 188), Абайда да: талайсыз, бақсыз.
Алқау  –  көне  сөз.  Көне  түркі  жазба  ескерткіштерінде: 
алқа(у)  –  благославлять,  святить  (Малов.  Пам.  др.  письм., 
357). Бұл сөз – қазақ тілінде де ертеректе қолданылғанымен, 
кейін жарылқау, қолдау, демеу сөздерімен ауыстырылып ұмыт 
болған (немесе бола бастаған) тұлға. Абай: «Қарғағанын жер 
қылмақ, алқағанын зор қылмақ» немесе: «Анттасын алқайды 
Сен тентек демеске» (I, 158) дегендерінде алқау сөзін «көңілі 
ауып қолдау, демеу, жарылқау» деген көне мағынасын сақтап 
қолданған. Мүмкін, Абайдың бұл сөзді жандандыруына оның 
осы өңірде жергілікті ерекшелік ретінде сақталғаны да
119
әсер 
еткен болар.
Жалбару  сөзі  –  қазірде  де,  Абай  тұсында  да  сирек  қолда- 
нылатын,  тіл  тәжірибесінен  шығып  қалған  тұлға.  Абай  оны: 
118
  Бұл  тұлғаны  Абай  шығармаларының  соңғы  басылуларында  талапсыз  деп 
берген.  Қ.Мұхаметхановтың  өте  дұрыс  танығанындай,  бұл  сөз  талайсыз  түрінде 
болуы қажет. Абайдың 1909 жылғы тұңғыш басылуында да осылай (Мұхаметханов Қ. 
Абай шығармаларының тестологиясы жөнінде. - Алматы, 1957. - 48-б.).
119
 Семей, Ақсуат, Көкпекті аудандарында алқағаны-ай тұлғасы «алғыс айтқаны-
ай, разы болғаны-ай» мағынасында жұмсалады. Болатов Ж. Семей облысы Көкпекті, 
Ақсуат аудандарында тұратын қазақтардың тіліндегі кейбір диалектілік ерекшеліктер 
туралы // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. - Алматы, 1960. - 
3-шығ.

139
«Өңкей  жынды  байқамай  айтыппыз  деп,  Құлдық  ұрып,  Бұ- 
ларға  көп  жалбарды»  (I,  269)  деген  сөйлеммен  келтіреді. 
С.Е.Малов jalbar- (жалбару) – «умолять» деген сөздің көне жаз-
ба ескерткіштерінде бар екенін көрсетеді. Тіпті ертеде «прось-
ба, мольба» мағынасында жалбармақ (jalbarmaq) тұлғасының 
болғанын білдіреді (Малов. Пам. др. тюрк. письм., 383). Ялбар 
(jalbar) сөзі шығыс түркі тілдері мен көне ұйғыр тілінде «про-
сить,  умолять»  деген  мағынада  қолданылатынын  В.В.Радлов 
көрсетеді (Радлов, III, I, 187, 188). Қырғыз тілінде қазірде де 
жалбар тұлғасы қолданылады (Кир.-русск. сл. 22). Демек, бұл 
түбір  бір  кезде  қазақ  тілінде  де  осы  мәнде  жұмсалғанын  сөз 
қазынасын тере білген ұлы жазушы қолданысынан білеміз.
Сарнау сөзі қазіргі әдеби нормамызда түсіндірме сөздікте 
көрсетілгендей,  «адамның  қатты  ауырғанда,  қиналғанда 
шығаратын үні, зарлау» (ҚТТС, II, 247) болса, о бастағы түркі 
тілдерінің  көпшілігіне  ортақ  семантикасы  –  «өлең  айту»,  ал 
шағатай тілінде «бір нәрсені өлеңмен білдіру, баяндау» дегенді 
білдірген (Будагов, I, 612, 613). Шығыс түркі тілдерінде сарын 
– өлең, халық өлеңі (Сонда). Қазақ тілінде бір кезде сарна(у) 
етістігінің «бір нәрсені өлеңмен баяндау» мағынасы болғаны 
байқалады.  Мысалы:  Сыпыра  сынды  сұм  жырау  Тұрады  да 
толғайды.  Толғайды  да  сарнайды,  Сарнайды  да  жырлайды 
(С.  Сейфуллин,  VI,  312).  Абай  да  өзінің  өзгеге  көңілі  тойса 
да, өлең шығаруға тоймайтынын, оны қоя алмайтынын, бірақ 
жұрттың  «жүрегімен  тыңдамай,  құлағымен  қармайтынын» 
айта келіп: «Соны көріп соларға қайтіп қана сарнарсың» (I, 120) 
деп бітіреді. Бұл жердегі сарнау – адамның дауыстауы емес, 
таза көне мағынасындағы «өлең шығару, өлеңмен бір нәрсені 
айту». Сарнау сөзінің көне мағынасын Абай эмоциялық реңк 
қосып, стильдік мотивте қолданған.
Абайда бірді-екілі ғана жерде қолданылған ашау, қышқыру 
деген екі сөз бар. Кейбір зерттеушілер бұларды татар тілінің 
элементтері,  Абай  оларды  стильдік  мақсатпен  қолданған 
дегенді айтады
120
. Біздіңше, бұл екеуі де – қазақ тілі үшін арха-
измдер. Ашау етістігін Абай екі жерде келтіреді; бірі аударма 
120 
Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихынын мәселелері және Абай поэзиясының 
тілі. - Алматы, 1948. - 58-б.

140
мысалда: Ең семізін ілейін Қызыққылып ашарға (II, 128). Проф. 
Қ.Жұмалиев дәл осы жердегі ашарға тұлғасы мақтаншақтықты 
білдіру  үшін  әдейі  өзге  тілден  алып  қолданылған  дейді.  Бұл 
пікірге ден қоюға да болар еді, бірақ екіншіжерде, прозасын-
да,  Абай  бұл  сөзді  тағы  пайдаланады:  Ашап-ішуге  малдың 
тапшылығы да... (II, 179). Бұл жердегі ашап сөзіне ешқандай 
экспрсссивтік-эмоционалдық  өңнің  қажеті  жоқ,  сондықтан 
ол  енді  ешбір  стильдік  мақсатпен  қолданылып  тұрған  жоқ. 
Соған  қарағанда,  ашау  сөзі  бірқатар  түркі  тілдерінде  «тамақ 
жеу,  тамақтану»  мағынасын  білдіретіні  сияқты,  ертеде  қазақ 
тілінде  де  осы  мәнде  қолданылып  келген  болу  керек.  Абай-
да  ол  реликт  (қалдық)  ретінде  көрінеді.  Қышқыру  сөзін  де 
біз  осы  іспетте  дейміз.  Абай  мұны  да  2-3  жерде  келтіреді: 
Қисыны жоқ қышқырған неткен тантық (II, 132). Атшабар кел-
се қышқырып (I, 75). В.В.Радлов «кричать, звать, бранить» де-
ген мағынада қышқыру етістігін қолданатын тілдердің ішінде 
қазақ тілін де көрсетеді (Радлов, II, 1, 632). Бұл сөз Ыбырай 
хрестоматиясындағы  материалда  да  бар:  Алатаудай  атаға 
Ұл  қышқырса  керек-ті  (Алтынсарин,  1879,  98).  Қораздың 
қышқыруы  деген  тіркесте  қазіргі  жазушыларымыз  (мысалы, 
М.Әуезов) да қолданады. Осыларға қарағанда, қышқыру – ар-
хаизм. Қазірде қолданудан шығып қалған.
Ауыз  әдебиетінің  ірілі-уақты  үлгілерінің  көбінде  және 
тұрақты тіркес құрамдарында қырым сөзі жиі кездеседі: «Ер-
ден туған қырымға қарайды, иттен туған жырымға қарайды» 
(Мақал), қызы – қырымға, ұлы –  ұрымға (фраза). Бұл сөздің 
қазақ тіліндегі ертедегі мағынасы «алыс жер» болғанға ұқсайды 
(Бұл сөз Қырым деген, ұрым – Рум деген географиялық ата-
улардан  шығуы  да  мүмкін,  бірақ  бұл  –  жорамалымыз  ғана). 
Эпостардың  бірінде:  «Қырымнан  қиын  дау  келсе»  деген 
тармақ кездеседі. Бұл жерде әңгіме – алыстан > алыс елден > 
өзге  халықтардан  келетін  дау  туралы.  Қырым  сөзін  Катанов 
даль деп аударады. Жоғарғы келтірілген мәтелді ол «Рожден-
ный от хороших людей, смотрит в даль, а рожденный от собаки 
– на жырым (ремень, который привязывается к седлу) (Ката-
нов, 88)», – дейді. Кейіннен қырым сөзінің мағынасы тарылып, 
горизонттық кеңістікті (алыстықты) білдіруге ауысқан болар, 

141
өйткені  XIX  ғасыр  үлгілерінде  құспен  (қыранмен)  байланы-
сты айтылады. Жоғарғы мақалдың өзін Шортанбай: «Текті құс 
қарар қырымға, ит айналар жырымға» (142) деп жаңғыртады. 
Біржанның Сарамен айтысында, «Қырымға қарайтұғын қыран 
құспын» дегенінде де құспен тіркестірген. Абай да бұл сөзді 
горизонт (аспан) кеңістігіндегі алыстық ұғымында қолданады: 
Қыранша қарап қырымға (I, 204). Бүркітші туралы өлеңінде: 
Томағасын  тартқанда  бір  қырымнан,Қыран  құс  көзі  көріп 
самғағанда  (I,  22).  Сөйтіп,  қырым  сөзін  кейбір  сөздіктеріміз 
қазіргі  қазақ  тілінің  лексикалық  нормасы  қатарында  берген-
мен  (бұл  сөз  де,  өзге  ондаған  көне  сөздер  сияқты,  «Қазіргі 
қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» ескілігін көрсететін ешбір 
белгісіз  кіргізіліпті),  біз  оны  Абай  тілінде  қолданылған  көне 
элементтердің бірі деп табамыз.
Абай қол, қар, ет тәрізді сөздердің қолданудан қалып бара 
жатқан көне мағыналарын да пайдаланады. Қол сөзінің «әскер» 
мағынасында  қолданылуы  қазақ  тілінде  өте  ертеден  келе 
жатқаны мәлім. Ауыз әдебиетіндегі жаугершілік тақырыптарды 
жырлайтын  эпостарда  және  XIX  ғасырдың  I  жартысында-ақ 
(мүмкін одан да бұрынырақ) қол сөзі әскер, шерік сөздерімен 
қатарласа  қолданыла  бастайды.  Мысалы,  Махамбетте:  Ауыр 
әскер  қол  ертіп  (116).  Ауыр  әскер  қол  тұрды  (116).  Дулатта: 
Ағайының көп болса, Ұлы шерік қолмен тең (55). Әрине, тіпті 
соңғы кезге дейін қол сөзінің жеке тұрып қолданылуы да жоқ 
емес. Дулатта: Бет бұрып тізгін тартқан жоқ, Жаудың мың қол 
санынан (дұрысы – мың сан қолынан). Сондай-ақ әскер, шерік 
сөздері  де  параллель  түсіп,  қол  сөзін  бірте-бірте  ығыстыра 
бастайды.  Мысалы,  Махамбетте  әскер  сөзі  көбірек  келеді: 
Әскерім кетіп қасымнан (115). Әскерімді таратып, он бір күнге 
қаратып (116). Абай «әскер» мағынасындағы қол сөзін өткен 
өмірді  суреттейтін  шығармаларында  ғана  қолданады.  Мы-
салы,  «Ескендір»  поэмасында:  Ескендір  қолына  айтты:  «Бұл 
неткен  су?»(I,  260).  Жарлық  шашты,  қол  жүрді  суды  өрлей  
(I,  201).  Сонымен  қатар  осы  поэмада  әскер  сөзі  қол  сөзімен 
тепе-тең дублет болып келеді (сан жағынан әскер сөзі көбірек). 
Сол әскер суды өрлеп талай жүрді (I, 261). Сұмдықпен әскер 

142
жиып  қаруланды  (I,  259).  Есепсіз  әскер  ертіп  жарақтанып  
(I,  260).  Абайдың  қол  сөзін  архаизмге  шығарғаны  сонша,  ол  
тіпті  Шыңғыс  заманындағы  армияны  да  әскер  деп  атайды: 
Шыңғыс  аламандыққа  аттанып,  әскер  тартып  шыққанда, 
әскерінің көбі татар екен дейді (II, 223).
Ет  сөзінің  қазақ  тіліндегі  көне  мағынасы  кейбір  түркі 
тілдері  сияқты  «дене»  дегенді  білдіреді
121
.  Салыстыр:  «Жар-
жардың» бір вариантында: Әкең берген қамқа тон етіңе қайтіп 
сыяды?  Абай  ет  сөзін  бірнеше  жерде  «дене»  мағынасында 
қолданады: Ет ауырмас бейнетке (I, 133). Еңбекпен етті ау-
ыртпай (I, 131).
Абай бірнеше сөздің көне тұлғасын қолданады. Олар ұлық, 
түзік,  арық,  тұғры,  ұғыл.  Бұл  архаистік  формалар  –  Абай-
да  өзге  түркі  тілдерінің  немесе  кітаби  тілдің  әсері  емес,  ұлы 
қаламгердің  тілдік  реликттерді  қолдануы  деп  қараймыз. 
Абай бұлардың ішінде ұлық тұлғасын жиі қолданған: Сыйла-
са елің ұлықтап (I, 148). Ұлық Құдай (II, 183). Ол Құдайдың 
ұлықтығына  іңкәрім  жоқ  (ІІ,183).  Ұлы-мен  параллель  көне 
ұлық  тұлғасы  қазақ  тілінде  мақал-мәтелдерде  сақталғаны 
белгілі:  Ұлық  болсаң,  кішік  бол  (бұл  жердегі  ұлық  XIX 
ғасырдың  ІІ  жартысымен  XX  ғасырдың  басындағы  қазақтар 
үшін  «бастық,  әкім»  мағынасында  ассоциация  беруі  де 
ықтимал, бірақ, шындығында, бұл ұлық – ұлы сөзінің көне ва-
рианты). Ұлық (сондай-ақ кішік) түбірінен жасалған етістік те 
(ұлықтау, кішіктеу) мақал-мәтел, фразаларда сақталған: Өзін 
өзі ұлықтаған кіші болар, Өзін өзі кішіктеген ұлық болар. –
Возвышающий  себя  унизится,  унижающий  себя  возвысится 
(Катанов, 26). Жылмаңдаған кішік боп (С. Сейфуллин, VI, 277).
Дәл  осылайша  түзік  сөзі  де  Абайда  тілдік  қалдықтар 
қатарынан орын алады: Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол 
деп жарлық шашып (II, 184). Түзу сөзінің архаистік тұлғасын 
Абай  тұлғалық  параллелизм  (бұзық–түзік)  жасау  үшін 
пайдаланған.
Арып-ашу,  арып-талу  қос  сөздерінің  компоненті  болып 
келетін ары етістігімен түбірлес арық есімі де – қазақ тілі үшін 
121
  Сарыбаев  Ш.  Етпетінен  [сөзінің  этимологиясы]  //  Қазақ  тілінің  қысқаша 
этимологиялық сөздігі. - Алматы, 1965. - 75-б.

143
көне форма. Абай бірер жерде бұны да жатсынбайды: Мен – 
қажыған  арықпын,Қатын-бала  қонағы  (I,  140).  Бұл  жердегі 
арық – осы күнгі нормалы «дененің жүдеген қалпы» (орысша 
«худой») деген мағынада емес, «қажыған, шаршаған» мәнінде. 
Бұл күнде ару етістігі «қажу» мағынасында қолданыла беретін 
болғанмен, «қажыған, шаршаған» ұғымындағы одан жасалған 
арық сын есімі қолданылмайды. Абайда бұл тұлға өзіне семан-
тикалас қажу сөзімен синонимдік қатар түзеп түр.
Абай кезеңінде ұл түрінде қолданылатын сөздің ұғыл вари-
анты қазақ тілі үшін көнелігі болмаса, жаттығы жоқ екендігі 
XIX ғасырдың он бойындағы әдеби нұсқалар да, ауыз әдебиеті 
үлгілері  де,  Абай  лексикасы  да  көрсетеді.  Әрине,  ұл-мен 
салыстырғанда, ұғыл тұлғасы әлдеқайда кем кездеседі. Деген-
мен кейде стилистік мақсат көзделіп, бұл лексеманың архаис- 
тік түрі де пайдаға асып жатады. Абайда бұл сөз өлеңінде де, 
қара сөзінде де бар: Буынсыз тілің, Буулы сөзің Әсерлі адам 
ұғлына. Кісінің сөзін ұққыш-ақ өзің Қисығын түзеп тұғырға 
(1, 242). Мұнда көне тұлғалар ұйқас жасауға қатынасып тұр.
Сөйтіп, Абай сыртқы тұлғасы жағынан көне сөздердің бәрін 
белгілі бір мотивпен қолданады: олар не морфологиялық, не 
семантикалық параллелизм, не ұйқас құрау үшін қолданылған. 
Бұл  тәсілді  Абай  өзінен  бұрынғы  үлгілерден,  әсіресе  ауыз 
әдебиетінен алған. Мысалы, «Қыз Жібек» жырында: Көргендей 
жол бейнетін жүзің сарық (~сары) (1963, 104). Базарбай сексен 
жасқа  келген  шақта,  Тауыпты  кіші  қатын  бір  ұғылды  (1963, 
50). «Қарабек батыр» жырында: Бүгін біз жете алмаймыз, атың 
арық  («Батырлар  жыры»,  117).  Бұл  жердегі  арық  –  «арыған, 
шаршаған» мағынасында. Шал ақында: Түзік айтқан мақұлың 
(58).
Сөйтіп, біз бұл талдауларымызда Абай лексикасында ұшы- 
расатын  күллі  архаизмдерді  түгендеп  шығуды  мақсат  ет-
пей,  ұлы  қаламгердің  тіл  қазынасының  бір  бұлағы  ретінде  – 
көнерген сөздерді де пайдаланған фактісін көрсетуді көздедік. 
Абай  архаизмдердің  бір  тобын  синонимика  қатарын  түзу 
үшін қолданса (мысалы, қарындас ~ ағайын ~ туысқан; та-
лай ~ бақ, алаш ~ ел ~ жақын т.б.), енді бірсыпырасын образ 

144
үшін  келтірген  (мысалы,  қышқыру  –  қатты  айғайлау,  мәнсіз 
айғайлау  образын  баса  көрсетеді  немесе  сарнау).  Сондай-ақ 
жазушы қаламына архаизмдердің ілінуінің басты бір мақсаты 
– өткендегі өмірді дәл суреттеу үшін қолдану болса, Абайдағы 
көне  сөздердің  көпшілігі  осы  ретте  келтірілген  (ескі  киім-
кешек,  құрал-сайман,  салт,  мейрам  т.б.  атаулары  мен  дат 
тәрізді сөздер).
Сонымен,  XIX  ғасырдың  II  жартысындағы  қазақтың  жаз-
ба  әдебиетінде,  оның  ішінде  Абай  тілінде  көне  сөздердің 
қолданылуына байланысты мынадай кысқаша қорытындылар 
жасауға болады:
1.  Бұл  кезеңде  қазақ  даласына  келген  жаңалықтардың, 
өзгерістердің қарқыны мен аумағы айтарлықтай күшті болды 
да, көптеген ескілікті тез ығыстырып, тез ұмыттыра бастады. 
Мысалы, ел билеудің бұрынғы хандық кезіндегі институттары 
түгіл,  1822  жылғы  реформамен  келген  аға  сұлтандық  тәрізді 
тәртіптері  де  келмеске  кетіп,  орнын  жаңалары  басты.  Соған 
орай  тілден  де  күні  кеше  актив  қолданылған  кейбір  неоло-
гизмдер (аға сұлтан) мен жалпылама сөздер (хан, уәзір, жа-
сауыл) историзмдерге тез айналды. Күні кеше, бір ғасырға же-
тер-жетпес бұрын Бұқар: «Абылай ханның қасында» (29) деп 
жырлағанда,  Махамбет  Жәңгірге  «Хан  емессің  қасқырсың» 
(109) немесе «Ханнан кегім ала алмай» (111) дегенінде, хан сөзі 
өзінің тура мағынасында, өз дәуірінің шындығын суреттейтін 
актив сөздердің бірі ретінде қолданылып тұрса, ХІХ ғасырдың 
ІI  жартысында  хан  енді  не  өткенді  суреттейтін,  не  ауыспа-
лы  мағынада  қолданылатын  историзмге  айналады.  Дегенмен 
қазіргіге қарағанда, бұл историзмдер –  Абай тұсында әлі де 
ізі  суымаған,  жиірек  қолданылатын  элементтер.  Мысалы, 
Абай шалға барған жас қыздың халін суреттеу үшін жай шал-
ды не бай шалды, не болыс, не би шалды атамайды.Тұрыпты 
хан қолында бір сұлу қыз деп, ханды атайды. Сүйінбай ресми 
титулы болмаса да, Тезек төрені хан Тезек (кейде, тіпті, пат-
ша Тезек) деп атайды. Хан, сұлтан, құл, күң, қарашы сияқты 
историзмдер біз сөз етіп отырған дәуірде ауыспалы мағынаға 
оңай  және  тез  ие  болатынын  байқаймыз.  Бұл  тәрізді  көне 

145
сөздер  қатысқан  мақал-мәтел,  фразалар  да  ХІХ  ғасырдың  ІI 
жартысындағы  жалпыхалықтық  сөйлеу  тілінде  әлі  де  мол 
және актив қолданылатындығы әдеби тілдің бұл сөздерді әлі 
лексикалық қазынадан шығарып тастамауына себепкер болған 
тәрізді.
2.  ХІХ  ғасырдың  ІI  жартысындағы  әдеби  тілде  бірқатар 
көнерген  сөздердің  сақталуы,  біздіңше,  көркем  әдебиеттің 
басым жанры – поэзия болғандығында. Қарындас, алаш, та-
лай, ұлық, ұғыл, түзік тәрізді сөздермен тұлғалар поэзия тіліне 
қажет синонимдср қатарын түзейді: қарындас ~ туысқан ~ ел 
~ жұрт, алаш ~ халық ~ жұрт, талай бақ ~ пешене, ұлық ~ 
ұлы, ұғыл ~ ұл, түзүк ~ түзу. Ал синонимдер – поэзия тілінде 
образ үшін де, экспрессивтік бояу үшін де, ұйқас үшін де қажет 
бұйымдар.
3.  Бірқатар  көне  сөздер  XIX  ғасыр  әдеби  тілінде  ауыз 
әдебиеті  үлгілерінің  әсерімен  сақталған.  Ескі  қару-жарақ  ат-
тары  мен  қол,  аламан  сияқты  сөздердің  қолданылуы  қазақ 
халқының  әр  алуан  сыртқы  жаулармен  күресін  бейнелейтін 
батырлар  жырларына  байланысты.  Ауыз  әдебиетінің  өзге  де 
мұраларынан  жазба  әдебиетке  қар  (әйел),  дат  (дат  тақсыр),  
алдияр,  қырым  (қызы  қырымға)  т.б.  архаизмдер  көшкен. 
Қазақтың  жазба  әдеби  тілінің,  оның  ішінде,  көркем  әдебиет 
стилінің  қайнар  бұлағының  бастысы  ауыз  әдебиеті  екені 
сөздіктің  архаизмдер  тобынан  да  байқалады,  фольклор 
үлгілеріндегі  көне  сөздер  әр  алуан  мақсатпен  жазба  көркем 
әдебиет тілінде, оның ішінде Абай тілінде, қазіргіге қарағанда 
молдау да, жиірек те қолданылған.

146

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет