Көркем әдебиет бір ғана образдылықтың материалдық өкіліне (бұл арада ол – жазба сөз) арқа сүйейтін қарапайым деп аталатын немесе бір құрамды өнер түріне жатады. Сонымен қатар ол өз бойына түрлі образдылық өкілдерін сыйдыратын (өз бойына мүсін мен сурет өнерін таңдап сыйдырушы архитектуралық ансамбльдер; театр мен киноөнерінің қилы түрлері; вокалды музыка және т.б.) синтетикалық (көпқұрамды) өнерлермен тығыз байланысты болып келеді.
Тарихи ертедегі синтездер "ырғақтық, орхестік (би-В.Х.) қимылдардың ән-әуен және сөз элементтерімен үйлесуі"[292] болып табылды. Бұл әлі дербес өнер түрі емес, синкреттік шығармашылық еді. Синкреттік шығармашылық негізінде кейінірек ғұрыптық хордың формасы бар және мифті-марапалық және магиялық функцияға ие сөз өнері (эпос, лирика, драма) қалыптасты деп атап көрсетті А.Н. Веселовский. Ғұрыптық синкретизмде тұлғаларды қатысушы және қабылдаушы деп бөлу орын алған жоқ. Олардың барлығы да туындыгер және жүзеге асырылушы іс-әрекеттің қатысушы-орындаушылары болды. Хорлық «ілкіөнер» архаикалық тайпалар және ежелгі мемлекеттер үшін міндетті (мәжбүрлеуші) жоралғылық еді. Платонша, "ән салу мен билеу баршаға ортақ, барша мемлекет тұтастай, оның үстіне сан алуан, үздіксіз, дәріптеуші болып табылады"[293].
Көркем шығармашылық бекемделе түсуі үшін бір құрамды өнер түрлері барынша зор маңызға ие бола түсті. Синтетикалық туындылардың жеке дара билігі адамзатты қанағаттандырмады да, өйткені онда суреткердің дербес шығармашылық әлеуетін еркін және кеңінен танытатын алғышарт жасалмай, синтетикалық туындылардың құрамындағы әрбір жеке өнер түрі қанатын кеңге жая алмай қалды. Өйткені, мәдениеттің көп ғасырлық тарихында көркем іс-әрекеттің формалары үнемі үздіксіз ірге ажыратумен келеді.
Сонымен бірге, XIX ғ. мен XX ғасырдың басында бірнеше мәрте басқаша қарама-қарсы үрдіс неміс романтиктері (Новалис, Вакенродер), ал, кейінірек Р. Вагнер, Вяч. Иванов, А.Н. Скрябиндер тарапынан өнердегі синтезге қайтып оралу қадамы орын алды. Осылайша, Вагнер өзінің "Опера мен драма" кітабында тарихи ежелгі синтездерден бас тартуды көркемдіктегі ұяттан безгендік деп бағалап, өткенге оралуға шақырды. Ол "жеке өнер түрлері" арасындағы айырықша зор өзгешеліктер, эгоистікпен бөлшектенген, шектелген тек қиялға және "шынайы өнерге" бағдар ұстанған, "толық мәнінде сезімдік организмге" бағытталып, әрі өз бойында түрлі өнер түрлерін біріктіру турасында сөз етті[294]. Вагнерше опера театрлық-драмалық шығармашылық пен тұтастай алғанда өнердің жоғарғы формасы болып табылады.
Бірақ та тап осы секілді көркем шығармашылықты түбегейлі өзгертуге арналған талпыныстар табысқа жете қойған жоқ, қайта, бірқұрамды өнер түрлері көркем мәдениеттің дау тудырмайтын ең басым құндылығы болып қала берді. Біздің ғасырымыздың басында "синтетикалық ізденіс <...> жеке өнер түрінің ғана емес, тіпті жалпы өнердің шегінен шығып кетеді"[295], бәрін бір жерге тықпалап синтездеу идеясы зиянды, әрі дилетанттық абсурд болып табылады[296] деген байыпты ойлар айтылды. Өнердегі қайыра синтездеу концепциясы адамды ғұрып пен жоралғыға қайта оралтумен байланысты утопиялық талпыныс болды.
Сөз өнеріндегі "эмансипация" ([лат. emancipatio]шектеменің жойылуы-Ә.Ә.) оның жазба тілге (ауызша көркем сөз өнері синтетикалық сипатқа ие болып, орындаушылықтан ірге ажыратпайды, яғни, әртістік өнер, әдетте, ән салумен, яғни, музыкамен байланысты) бет бұруы нәтижесінде туындады. Сөз өнері әдебиеттің келбетін иеленіп, бір құрамды өнер түріне айналды. Оның үстіне Батыс Еуропадағы (XV ғ.), одан кейін басқа аймақтарда баспа станогінің пайда болуы, әдебиеттің ауызша көркем сөзден үстем түсуінің алғышарты болды. Бірақта, сөз өнері өзінің дербестігі мен тәуелсіздігіне қол жеткізген шақта, өз іргесін басқа көркемдік іс-әрекет формаларынан аулақ салмады. Ф. Шлегельше айтсақ, "ұлы ақындардың туындылары көбіне аралас өнер рухымен тыныстайды"[297].
Әдебиеттің өмір сүруінің екі формасы бар: ол әрі бір құрамды өнер түрі (оқылатын туынды түрінде), әрі синтетикалық өнердің баға жетпес ең маңызды компоненті сипатында. Бұған көп жағдайда өзінің мәнісі жағынан театрға арналған драмалық туындылар жатады. Бірақ осыған қарамай әдебиеттің басқа да түрлері де: атап айтсақ, лирика музыкамен (ән, романс) байланысқа түсіп, кітаби тіршіліктің шегінен шығып кетіп, өнердегі синтезге бейім болып келеді. Лирикалық туындылар (сахналық композиция жасағанда) өлең оқушы әртістер мен режиссерлер тарапынан интерпретацияға ұшырайды. Әңгімелеуші проза да сахна мен экраннан өзіне жол табады. Кейбірде кітаптың өзі де синтетикалық көркем туынды болып танылады: оның құрамындағы әріптердің жазылуы (әсіресе, ескі қолжазба мәтіндердегі)[298], және өрнектер мен иллюстрациялар[299]. Әдебиет көркем синтездерге қатыса отырып, өнердің басқа түрлеріне құнды нәр беріп, өнердің дирижеріне айналады.