1938жылы Қайнар ауылында дүниеге келген Диқанбай қарияның Қажымұқан өзге үш ұлына қарағанда ел назарына ерте ілінді. Жаңа талап, жасөспірім шағында «кішкентай тракторист» атанды. Он алтыға толар-толмас шағында тең құрбыларынан құрметі артып, шаршы топтың алдында сыйлыққа сағат алды. Ол алғаш еңбекке араласып, трактор тізгінін ұстаған шағында Қалиев Асылбек, Құдайбергенов Ысмарұл секілді тәжірибелі механизаторлардан алған тәлі-тәрбиесі аз болған жоқ. Білмегенін үйренді. Ағаларының ақылын алды. Жалықпай еңбектенді. Мұндай еңбек жас жігітті биіктерге жетеледі.
Әсілі, Қажымұқан жастайынан - ақ еңбекке жұғымды болып өсті. Бұған әкесі Диқанбайдың шаруақорлығы мол шарапатын тигізген
секілді. Туған колхозының іргетасын қаласуға бар жанымен, еңбегімен үлесін қосқан Диқанбай да асыл сүйекті азамат еді. 1966жылы колхозда бидай бітік өсті. Сол жылы Қажымұқан нағыз ер жігітке тән қимыл көрсетіп, бір маусымда 818 гектар алұаптың егінін орып, 16584 центнер астық бастырды. Осынау еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденін кеудесіне тақты. 1972 жылы оның қол жеткізген табысы одан да жоғары болды. Сөйтіп, Социалистік Еңбек Ері атанды. Өңіріне Ленин ордені мен Алтын жұлдыз тағылды. Кеудесіне күн сәулесі жарқыраған жігіт, ауданның мақтанышына айналды. КПСС XXV съезіне делегат болды.