Бәрі де жауапкершіліктен басталады Әрбір адам өмірдегі жауапкершілігін сезінсе, не өзгерер еді? Жалпы, жауапкершіліктің түрлері өте көп. Біздің әр әрекетіміз, шешіміміз, сөзіміз – осының барлығы жауапкершілік.
Қазіргі таңда адамдар тек бүгінгі күнмен өмір сүруде. Бүгін қарным тоқ болса болды деген қағидамен. Жейтінін жеп, қалған қалдықтар мен қоқыстарды кез келген жерге лақтыруда. Ешкімнің басында ол қоқыстардың қайда баратыны, не болатыны туралы ой жоқ. Неше түрлі зауыттар мен фабрикалардың химиялық газдары ауаға тарап, көзге көрінбейтін қатер төндіріп тұр. Жаһандық жылыну да адам істерінің нәтижесі. Алда мұздардың еріп, жерді су алу қауіпі, азық-түлік, ауызсу тапшылығы сияқты үлкен проблемалар пайда болуы ғажап емес. Ғалымдардың болжамы да соған нұсқауда.
Болашақта осы мәселер орын алмау үшін, адамзат апатқа ұшырамау үшін біз бүгін не істей аламыз? Әрқайсымыз өз мойнымызға болашақ ұрпағымыз үшін жауапкершілік ала аламыз. Олардың жақсы өмір сүруі үшін жағдай жасай аламыз. Әр адамның кішкентай әрекеті бірнәрсені өзгертуге қауқарлы. Мәселен, жай ғана көлікті азырақ қолданып, көбірек жаяу жүрудің өзі өзіміз үшін де, бүкіл әлем үшін де пайдалы. Тек бүгініміз бен өзімізді ғана емес, болашағымызды да ойлап әрекет етсек, жер бетін үлкен апаттан сақтап қала аламыз. Бәрі де өз жауапкершілігімізден басталады.