Бернияз Күлеевтің ақындық әлемі


П тарау Бернияз Күлеев — Абай үлгісіндегі ақын



бет3/8
Дата01.04.2022
өлшемі201,5 Kb.
#29558
1   2   3   4   5   6   7   8
П тарау

Бернияз Күлеев — Абай үлгісіндегі ақын.

Әдебиет тіршіліктің, қоғамдық өмірдің айнасы ғана емес, сол қоғамдағы адамдардың өмір танымын қалыптастыратын, дүниеге көзқарастарын дамытатын көркем құрал. Оның таным тарапындағы мәні де, тәрбиелік қуаты да сол құралдың кереметтей шешуші сырына негізделеді. Ол – көркем әдебиеттің эстетикалық мәні, яғни әрбір көркем шығарманың бағалығы мен құндылығы оның адам сезіміне, ұғымы мен санасына ойын қозғар әсерімен өлшенеді. Өмір құпиясына терең бойлай білген қаламгер ғана оқырманын сан алуан көңіл күйіне еліктіреді: қуантады, жылатады, ойлантады, таңдандырады... Сол сезім арқылы оқушының көңіл түкпіріндегі ойды қозғайды, санасына өшпес із қалдырады. Әрине, мұндай сипат кез келген өнер туындысында ғайыптан пайда болмайды. Ол қаламгердің ерен еңбектенуінің, талмай ізденуінің, ең бастысы, биік жауапкершілігінің арқасында мүмкін болады. Мұндай шеберлік тума таланттың қажымас қайрат-жігері нәтижесінде қалыптасады.

Міне, осындай өлмес өнер туындыларының авторы, ХХ ғасырдағы адамзат ойының алыптары қатарынан берік орын алған көрнекті ақын, сөз сүлейі – Бернияз Күлеев. Б.Күлеев шығармаларының тереңіне бойлаған сайын жаңа бір асылды тапқандай қуанышымыздың терең сыры неде деген сауал бұдан бұрын да, бұдан кейін де сан ұрпақты ойлантып, толғандырары хақ. Адам жанын тербейтін, оны баурап алар әсемдіктің жұмбағын шешуге, шынайы өнер туындысының табиғатын тануға жасалған ұмтылыстарда шек жоқ. Соның бір айғағы – бүгінде әдебиеттану ғылымының кең арналарының біріне айналған берниязтанудың өркендей кеңеюі.

Әрбір дәуірдің әдебиетінде өз уақытының ізі қалары хақ. Ал өміршең шығарманың ерекшелігі ол тек өз дәуірінің емес, болашақтың, жалпы адамзаттық құндылықтардың үзілмес желісін жалғастыруында. Мұнда ақын жалпыны жалқы арқылы, ортақты ұлттық бояу-өрнек арқылы безендіреді. Ол осындай тамыры тарихтың қойнауларынан бастау алатын, мәуесі мейлінше ұлттық өрнектен көмкерілген алып бәйтерек сынды, сырлы да сұлулық мұнарасы іспетті туындылары арқылы өзі туған халықтың бар ізгілікті қасиетін қастерлеп танытатын болады. Бұл тұрғыда қазақ топырағында жаралып, әлем әдебиетінің озық үлгілерінен нәр алған Б.Күлеев поэзиясының өзіндік ерекшеліктері айқын көрінеді.

Осы талғампаздық пен танымды Б.Күлеев қандай көркемдік құралдар, идеялар негізінде жасады деген мәселе төңірегінде сөз қозғасақ, ең әуелі оның шұрайлы тіліне, тағылымы мол танымына, ақындық қабілет-қарымын танытар ой-сезім тереңдігіне бойлау қажет.

Шығарманы өнер ретінде танытып, биікке көтеретін басты өлшемдерінің бірі – қаламгердің сөз қолдану шеберлігі. Әрине, бұл көркем шығарма тілінің баттасқан бояуға бой ұрмай, керісінше жазушының құнарлы ойының анық та дәл де берілуін қажет етеді. Сондықтан да көркем шығарманың тілі сол өнер туындысының басты өлшемдерінің қатарында саналады.

Әдетте әдеби шығарманың тілі туралы мәселе қозғалғанда жазушының шеберлігі қаламгердің сөз табиғатын қаншалықты түсінетіні тұрғысынан ғана емес, сол сөзді өз мақсатына сай қалай құбылта қолдануы жөнінде де болары анық. Атап айтқанда, халықтық ұғымдардың барынша жинақталған, жүйеленген образдылық сипаты айрықша басым болып келетін тұрақты тіркестер, топонимикалық атаулар, салт-дәстүр атаулары, тиянақтап айтқанда, этнолингвистикалық ұғымдар, т.б. әдеби нормалармен қатар, диалект, кәсіби сөздерін, архаизмдер мен тарихи сөздердің орынды қолданылу жайына талдау жасау арқылы Б.Күлеевтің дарынына тәнті боласыз. Ақынның тілді халықтан үйрене отырып, сөйлеудегі талғампаздықты халқына үйрете де алатынына көз жеткізесіз.

Бернияз шығармаларында өзгеше бір сипатпен қолданылатын тілдік бірліктер – туындыны ажарландырып қана қоймайды, ақын шеберлігінің арқасында жансызға жан бітіреді. Аз сөзбен саз ой айтуға қызмет етеді. Ол шайырдың баяндау құралында да, кейіпкерлерінің тілінде де жиі ұшырасады. Жай ұшыраспайды, оқырманның көкейіне қозғау салады, көңіл пернесін басады. Қазақ деген халықтың сөз талғамы, ой тереңдігі, дәлдігі, таным кеңдігі деген ұғымдарынан хабардар етеді, кеудеңе мақтаныш сезімін ұялатады.

Бернияз Күлеев – әдебиет айдынын сөз өнерімен, дара өрнек сырымен тәнті етіп, табындырған киелі есім. Адамгершілік пен арды тұғыр еткен тұлға, жан дүние жұмбақтығы тереңде жатқан өзгеше құбылыс... Оның қаламынан туған үлкенді-кішілі құнды дүниелер адамзаттың мәңгілік мәселелері хақында ой-толғаныстарға жетелейді. Сондықтан да алыстаған сайын биіктей беретін асқар алып таулар іспетті бүгінде Бернияз әлемі де сырлы сұлулығымен, ерекше сән-салтанатымен өзіне тарта түседі.

Осы орайда Бернияз Күлеевтің тұтас ақындық мұрасын, поэтикалық қуатын, эмоциональды-экспрессивті романтикалық идеяларын, әдеби-эстетикалық көзқарастары мен символистік мұраларын жан-жақты зерттеу мен зерделеуді мақсат тұтқан, білікті ой тұжырымдарымен тұшындырған ғалымның «Б.Күлеевтің ақындық мұрасы» атты монографиясы өзінің көкейкестілігімен бірден назар аудартады.

Кейбір зерттеушілердің пікірінше, мұны байқауға болады. Белгілі әдебиеттанушы ясный Нұрқатов" Абай поэзиясының үлгілері мен өлшемдерін пайдаланған ақындардың бірі Берни Күлеев " деп те атап өтеді [8].]. Бернияз қалам ұлы ұстаздың ізімен табиғат суреттерін, туындыларын жеткізуде өрілген. Осыдан ғалым келесі ақпаратты да ұсынады.

"Ақынның кейбір ойларын айтпас бұрын, мынаны айту керек. Қазақстанның халық комиссариаты Бернияз Күлеевке Абайдың өлеңдер жинағын дайындауды тапсырды. Дайындық ретінде ол "Ақжол" газетіне арнайы мақала жариялады. Бернияз Күлеевтің айтуынша, ол Абайдың алғашқы жинаққа енбеген өлеңдерін толығымен қамтуға, оның нұсқауларын қамтуға, ақынның өміріне байланысты иллюстрациялар беруге, өмірбаянын толықтыруға және кең көлемде жазуға ниетті". [8. ]

Осыдан Берназ Құлеев Абай мұрасын жинауға ерекше үлес қосты деген қорытынды жасауға болады. Ол Абайдың туындыларымен таныс емес шығар. Бұл туралы Б. Күлеевтің өз өлеңдері дәлелдейді. Ол Абайдың ұйқас, өлшемдік өлеңдерімен жазылған бірнеше өлең жазды. Мысалы, оның «Жазғы дала» атты өлеңі «Сегіз аяқтың» өлшем ұйқасымен жазылған:

Қол бұлғап күліп,

Керілген тұнық,

Даланы жарып бұлаңдар

Толықсып тасқан,

Тасқанын басқан,

Дариядай зырғар, сылаңдар.

Шын сұлудай албырап,

Көрінер сағым бұлдырап.

Сол сияқты «Гүләндамға», «Қайда екен» тәрізді өлеңдері Абайдың «Сегіз аяғының» ұйқас, өлшемдерін үлгі етудің нәтижесінде туған. Бірақ олардан Абай поэзиясының терең халықтық рухы сезіле бермейді, әлеуметтік астар аз. Ақын табиғат көріністерін де әралуан адам сезімдерін де жағадай, жалаң қалыпта алып жырлайды.

Ал «Жас жүрегіме», «Жырла да зарла, көңілім» тәрізді өлеңдері құлаққа Абайдың үнін анық әкеледі. Ақынның көңіл-күй сезімдерін қозғайтын бұл өлеңінің тақырыбы ерекше. Бұл өлеңінде ақын жүрек мәселесін қозғайды. Поәтикалық образ ретінде жүрек тақырыбы қазақ поэзиясында үлкен орын алатын, мәнді, маңызды бейнелі сезім сырларымен астасқан ерекше көркем құбылыс. Оның поэзиясының алтын діңгегі мен жүрер жолының бағыты. Оның дегеніне көнбеу, оның істеген ісіне қарсы келу тәріздес ойлардың салқыны ақын үшін жат құбылыс. Қашанда Абай үшін жүрек - ерекше ыстық, ерекше маңызды, ерекше қасиетті, ерекше көркем дүние болып қала бермек. Жүректің поэзиядағы маңызын, оны көркемдік тұрғыдан қабылдап түсінудегі орнын Абай былайша толғайды:

Ақылмен ойлап білген сөз,

Бойға бітпес сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар.

Бернияз бен Абай өлеңдерінің бұл тақырып жағынан ұқсастығы болса, сол өлеңдерді мазмұны бойынша алып қарасақ Бернияздың «Жас жүрегіме» атты өлеңі Абайдың «Жүрегіме, ойбай соқпа енді!» және Абайдың жүрек тақырыбына арналған басқа да шығармаларымен сарындас. Абайда:

Жүрегім, ойбай, соқпа енді,

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең, сол шикі.

Бернияз Күлеевте:

Жас жүрегім, жанба текке,

Бола берме арманда.

Өрлесең де жерден көкке,

Жай табу жоқ жалғанда.

Ал, «Жырла да зарла, көңілім» атты өлеңі Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» атты атақты өлеңіне айрықша жақын, ұқсас мазмұндас, үндес келеді. Абай тілдің өнер ретіндегі сипатын асыл сөздің жамиғатқа тигізер әсерін, үлкен мәнін айтып, сөз ұқпайтын наданға шүйлігеді.

Сайра да зарла қызыл тіл,

Қара көңілім оянсын.

Жыласын көзден жас ақсын,

Омырауым боялсын.

Қара басқан қаңғыған,

Қас неден нені ұға алсын?

Көкірегінде оты бар.

Құлағын ойлы ер салсын. Бернияз да осыған әуендес, сарындас келетін ойды былайша береді:

Жыла да зарла, көңілім,

Сел болып жасың төгілсін.

Естіген ойдан баз кешіп,

Қамығып шындап егілсін.

Жер аспан бірден қозғалып,

Таулар мен тастар жібісін.

Ойланған ойлар толғанып,

Мұздаған жүрек жылысын.

Абай өлеңіндегі сияқты, мұнда да ақынның өз өнерінен ем іздеуі, сол арқылы іштей жаңарып түлеуі, рухани медет табуы, жайындағы тақырып жырланған. Бұл ретте Айқын Нұрқатов: «Әрине, осындай жекелеген өлеңдерінің Абай поэзиясымен тақырыптастығына, сарындастығына қарап

Бернияз Күлеевтің бүкіл творчествосын Абайдың реалистік дәстүрлерінің арасында алып қарауға еш болмайды. Б.Күлеевтің көптеген шығармаларындағы тұманды, буандыр күйлер, дарашлық сезімдер, символизм мен урбанизм сарындары мұны әсіресе растай, айқындай түседі» [8.58 бет] дейді. Әйтсе де Бернияздың көпшілік өлеңдері өзіндік мән-мағынаға ие.

Бернияз Күлеев Абай өлеңдерінің көркемдік формасын, әралуан өрнегі мен өлшеуін қолданды. Мәселен «алты аяқ» және «сегіз аяқ» үлгісін өнікті тәсіл ретінде мол қолданған. Осы «алты аяқ» және «сегіз аяқ» түрін пайдаланып ақын «Мен», «Жүрегің жанып», «Алшы тәңірім, алшы ал!», «Шындық», «Алалық», «Бостандық күнінде» өлеңдері мен «Жердің жүзі жаз еді», «Қайда екен?!», «Жорық» поэмаларын жазды.

Бернияздың «Бостандық күнінде» өлеңі Абайдың «Сегіз аяқ» атты өлеңіне түр, ұйқас жағынан дәлме-дәл келсе, мазмұны жағынан да шамалы жақындық бары байқалады. Мысалы Бернияздың өлеңінің тақырыбы бостандықты жырлау болса да, ел қамы, халық санасын ояту, алға талпыну мәселесі көтеріледі де, надандық, қорлықтан қашан көз ашасың деген ой айтылса, Абйдың «Сегіз аяғында» да елдің, қазақ жұртының «Қаныңды қайнатып, жаныңды ашытатын» жағымсыз іс-әрекеттері жыр болады. Берниязда:

Қосылып жүртпен,

Үлгілі ұлтпен,

Біз де алға басалық.

Надандық қорлық

Тұрса, қор болдық -

Жылдам алыс қашалық.

Өлмеймін десең,

Ел қамын жесең,

Біз де саған серік.

«Қайнайды жаным,

Ашиды жаным»,

өткен күнді көріп.

Ел-жұртым, қазағым,

Құтты болсын қадамың!

деп келсе, Абайда:

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан алмай кәсіп қыл;

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң.

Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.
Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойнап, мал ізде;

Адал бол - бай тап,

Адам бол - мал тап,

Қуансаң - қуан сол кезде;

Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең - істің бәрі бос,

-деп өрнектеледі. Осы сынды ұйқастар түрі мен өлең мазмұндарының ұқсастығы Бернияз бен Абай шығармаларында молынан кездесіп отырады.

Сондай-ақ «алыстан сермеп, жүректен тербеген» ұлы Абай поэзиясы мектебінен өтпеген қазақ ақыны жоқ, алайда оның кейбір өте-мөте қажет игі жақтарын бар болмысымен бойына сіңіріп, кемеліне келтіре жүзеге асырғандар санаулы-ақ десек, Бернияз солардың бірі екені шүбәсіз. Қазақ поэзиясына ұлы ақын әкелген соны ырғақтардың басқа бір қырларымен құбыла құлпырып көрініс табуы, талайға құрық салдырған өзгеше өлең түрлерінің табиғи жүйесінен жаңылмай, Бернияз қамалының құдыреті желіген сұлу өңмен орныға түсуі бұл ойымызға тұлымды тұздық бола алады» [7. ] (Әбдіраштың Жарасқаны. «Парыз. Парасат. Пайым».). Мысалы, «Әміралиға» атты өлеңінде:

Талабың таудай,

Табаның таймай,

Іздедің, түстің соңына.

Өмірді, ойды,

Қызықты, тойды.

Арнадың сонау жолына.

Жүректе от, бойда күш

Болса, болмас бар ма іс,

-деп сегізаяқ үлгісімен жазуды еркін меңгергендігін байқатса, жоғарыда аталған поэмасында осыны жыр үлгісімен синтездей отырып қолданғандығын сезінеміз. Мұндай ізденістер жемісі ақын поэзиясының сыртқы түріне сэн беріп қана қоймай, ішкі мазмұнына әр беріп тұр.

Ақиық ақын Бернияз бен ұлы дана Абай өлеңдерінде табиғат лирикасы да бір-бірімен үндесіп, мазмұндас келеді.

Бернияздың «Жаз» өлеңі мазмұн жағынан Абайдың «жазғытұрым» өлеңімен үйлес келсе, ал «Түн» өлеңі Абайдың Лермонтовтан аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңімен үндес, рухтас болып келеді.

Мысалы «Жаз» өлеңдерін салыстыра талдасақ.

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.


Көл жағалай мамырлап қу мен қаз,

Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.

Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,

Жарқ-жүрқ етіп ілінер көк дауылпаз.

Құс қатарлап байлаған қанжығаға

Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.

Қараңызшы, не деген суреттеу, табиғатты бейнелеу! Осы өлең жолдарын оқи отырып, көз алдымызға жазғы күннің әсем табиғаты елестейді. Ақын жазбен бірге табиғат жадырап, адамзат, тіпті жан-жануар күлімдеп, қаз-тырналар мамырлап ұшқанын әсерлі етіп бере білген. Осындай суреттеулерді біз Бернияздың «Жаз» өлеңінен де кездестіреміз. Мұнда да Бернияз өзінің суреттеу шеберлігімен жаз мезгілін керемет бейнелейді.

Су жағалай ағаштық: терек, талы,

Бұтақтармен бұраңдап шайқалады.

Майысқан гүл, сылдырлы су тілімен

Сырласып, жапырақтар жайқалады.
Қиқулаған аспанда қаз, қу, тырна,

Ойнақ салған, жайылған мал бар қырда.

Мін таба алмай жалғанның кестесінен,

Тілсіз болып қаласың батып сырға.

Ақын жаз мезгілінің мінсіз сұлулығына тамсанып, «тілсіз болып қаласың батып сырға» деп толғанады. Ұстазы секілді Бернияз Күлеев те табиғатты майысқан гүл, сылдыр қаққан су, қиқулаған қаз-тырнаның іс-әрекетімен ғана бүкіл жазды, оның қуаныш, сұлулық алып келгенін сөз етеді. Сонда да Бернияз Абайға ұқсап өлеңді шебер құрастыра мойын тамыза суреттей алмаса да, Абайға еліктеп, оның ізін қуған үлгілі шәкірт ретінде өз тарапынан осы сынды әрлі, әсерлі өлең шумақтарын жазғанын көреміз.

«Түн» өлеңі Абайдың Лермонтовтан аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңімен үндес келеді.

Түн дыбыссыз, айнала бос,

Дем алғандай талығып.

Бар нәрсенің көңілі қош,

Тәтті ұйқыға малынып.

Қалғымайды көкте жұлдыз,

Түнгі сағат ішінде.

Тамылжиды еш тынымсыз.

Ұйықтаған жер үстінде.

Көз алдымызға тамылжыған түнгі сурет келеді. Бар дүние мүлгіп тынып қалғандай қатты талығып, қалың ұйқының құмағында балбырайды. Түнгі самал бетімізді әпкендей, тыныштық сезімен ұялата түскендей болады.

«Бернияз Күлеев те, міне, осындай «табиғатқа жан салудың» адамша кейіптеп жан берудің үлкен шебері болған ақын». [9.74 бет] Сәбит Жәмбековтың сөзімен айтсақ. Поэтикалық суреттеу құралдарының ішінде кейіптеудің антропоморфизм, персонификация секілді түрлері бар екені белгілі. Бұл тәсілдер көркем шығармада жансыз зат, құбылысқа табиғат, жаратылыс, тіршілік құбылыстарына адамдық, мінез-құлық, қасиет, сезім дарытады. Оларға жан кіргізіп адамдық кейіп береді. Бұл қасиет Абайдың атақты «Қыс» өлеңіндегі «Кәрі құдаң қыстан» бастап көптеген табиғатты жырлаған өлеңдеріне тән. «Жазғытұрым» өлеңінде Абай Жер-Ананы «Қалыңдық», «Күнді», «Күйеу», желді «Шабарман» деп алып әсерлі-поэтикалық суреттер туғызады. «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінде осы тәсілдерді пайдалана отырып, балбырап, ұйқыға кетіп, дел-сал боп жатқан түнгі табиғаттың суретін бере отырып ақын жаратылыстың өшпейтін жарқын образдарын бедерлеген. Бернияздың табиғат көріністерін жырлаған өлеңдерінде де осы персонификация, антропоморфизм секілді кейіптеу тәсілдері айқын байқалады. Ақын өлеңдерінен мысал келтірейік.

Айна көз, көкірегі кең, ойға жетік,

Көрген жан бір қайралар көңілі кетіп.

Сұлудай сүйіп құмқан ғашық жарын,

Қойнында өзен күлер сылқ-сылқ етіп. («Әдемі түн»)

Қар етіп, жол бұзылып, мұз босап тұр,
Тау басы тарғыл ала туға ұқсап тұр.

«Қаһарынан қүдыретім құтқардың» деп

Жер жылап жасағанға бір жасап тұр. («Жаздың алды»).

Абайдың күз көрінісінен тамаша суреттеме беретін атақты «Күз» өлеңінің жолдары Бернияздың күзгі шақтың қоңырқай келбетін сұрғылт бояумен жеткізген мына бір жолдары үйлесімділікпен орайласып жатыр:

Қатпар-қатпар қарасұр бұлт

Қаптап-қаптап жерге еңкейіп.

Тасты жарып, бейне тауды бұзып,

Түйдек-түйдек жүзген теңселіп.


Бернияз Абайды өзіне ұстаз тұтқан деген едік жоғарыда. Өйткені Бернияздың қозғаған мәселелері тақырыбы, ұйқас түрлері де ұлы ұстазының өлеңдерімен ұштасып, үндесіп жатады. Сондай бір өлеңдер қатарына Бернияздың «Зарлық» атты өлеңі жатады. Бұл өлең өзінің басталуынан-ақ оқырманын қызықтырып, шығарма бойына ендіріп алары ақиқат Аталмыш өлеңде ақын «Көңілім ояу, жүрек ыстық, көзімқан» деп өзінің көңіл-күй сезімін айта келіп:

Жаннан көрдім жалған нақақ жаланы,

«Жігерсіз» деп құр мазамды алады.

Жылы жүзін, жұмсақ сөзін көрсетпей,

Тағдыр шіркін қарамайық барады,

-дейді. Қарап тұрсаңыз, Абай да өз заманынан жерініп, «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп айналасындағыларға көңіл толмай, «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым дәп шыным» деді емес пе?! Міне, сондай жалғыздық көріп, айналасын қоршағандардан дұрыс жауап таппай, түсінбес, надан адамдармен «шығыса алмай», жұмсақ сөз жылы жүз көре алмай мұңаяды. Ал осы өлеңнің үшінші шумағы Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңіне мазмұны жағынан сәлде болса ұқсас келеді.

Абай:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,



Қайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім,

-десе, Бернияз:

Жастығымда жоқ нәрсеге алдандым,

Кім біліпті бүйтерін бұл жалғанның?

Ержеткен соң ой алдымда елестеп,

Көңілім жетсе, қолым жетпей сандалдым,

- деген түрде келеді. Байқасаңыз Бернияз Абай жасаған тіркестерді де анық бағдарлап, бақылап отырса керек. Үнемі ұстазының ізімен жүріп, сол құрған әсем өрнекті тіркестерді пайдаланған. «Жастығымда жоқ нәрсеге алданып», ержеткен соң кеш болғанын айтады, Абай:

Жаяуы қапты,

Аттысы шапты,

Қайрылып сөзді кім ұқсын;

Өз кезінде «қалың елім, қазағым» деп елінің қамын ойлап, ақын айтып дұрыс жолды көрсетсе, көңілі соқыр, надандары «жаяуы қауып, аттысы шауып», сөзін ұғар ешкім жоқ екенін айтып налыса, Берниязда бұл:

А, жалған, білдім жаңа алдарыңда!

Білдім де, бір тістедім бармағымды.

Қаптаған Қап тауындай қалың күшпен

Аямай салдың маған салмағыңды,

-деген жолдармен өрнектеледі. Жас ақынның дәл осылай күйініп, «бармағын тістеуіне» не себеп болды екен? Неліктен қалың күш оған салмағын салды? Әрине, бұл түсы бізге беймәлім. Маңыздысы - оның поэзиясының Абай поэзиясымен ұштасып, үндесіп жататындығы.

«Дегенмен Абай дәстүрін Бернияздың мұқият сақтағанын, кейде мейлі сырттай болсын, ұлы ұстазына ашықтан-ашық еліктегенін байқау, сезіну онша қиын емес...» [6.312 бет] дейді Ысқақ Дүйсенбаев Бернияздың Абай дәстүрін жалғастырушы ретінде.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет