Жауқазындай жайқалып,
Жан біткендей шайқалып,
Сыбырласты сала да - деген жолдардағы асты сызылған сөздер бірыңғай теңеулер. Егер олардың лексика-семантикалық қызметіне қарасақ, онда бірыңғай теңеулер қосарлана келіп, негізінен, бір объектінің жай-күйін көрсетеді. Теңеудің бұл түрі ақынның лирикасына қарағанда поэмаларында жиі кездеседі. Соған қарағанда олардың оқиғасы күрделі әрекетті беруге бейім екендігін көруге болады. Мұндай тұжырым жасауымызға бірыңғай теңеулердің прозалық шығармаларда көбірек ұшырасатынын да дәйек ретінде айта кетудің маңызы бар.
Толымды теңеулерді орыс тіл білімінде бірқатар зерттеушілер арнайы қарастырған. Олардың қатарында В.В.Томашевский, т.б. атауға болады [4]. Теңеуді толымды және толымсыз деп бөлушілердің пікірінше, ең басты мәселе — теңеуге тән конструкцияның барлық бөліктерінің яғни объектінің, образдың, белгінің түгел болуы немесе болмауы. Мәселен,
Бірінен бірі жарық сансыз жұлдыз,
Көрсетер көкті көркем бейне күндіз.
Жарқылдап жалақ ойнап жүрген қыздай,
Жалт етер жымың қағып қалдырған із, - деген тармақтардағы бейне күндіз «Әдемі түн» теңеуі образ болса, жұлдыз — объект, ал белгісі — көрсетер көкті. Осы үзіндідегі тағы бір теңеу «қыздай» десек, ол толымды теңеудің компоненті болады. Мұнда объекті ортақ, ол — жұлдыз, ал белгісі — «ойнап жүрген», образы — «қыздай» болады.Толымсыз теңеуде теңеуге тән үш компоненттің бірі түсіріліп беріледі. Мәселен, Б.Күлеевтің «Әдемі түн» өлеңі:
Ай сүттей, аспан жылтыр, желсіз тыныш,
Айнала естілмейді ешбір дыбыс - деген жолдардан басталған. Аңғарсақ, сүттей — образ, ай — объект, белгі — жарық болуы керек, алайда өлең мөлшері, буын, бунақ саны ол екі сөзді қажет етпейді. Бұл — көркем әдебиет үшін сыйымды құбылыс. Егер сол жолдардың синтаксистік құрылымына талдау жүргізсек, онда ол ықшамдау құбылысының заңдылығынан туған ерекшелік болып шығады.
Теңеу болып тұрған сөздерді синтаксистік жағынан саралағанда, соңғы алтыншы түрі — болымсыз теңеулер. Болымсыз теңеу кейбір орыс ғалымдарының анықталмаған теңеу деген түріне келеді. Мәселен, А.Квятковский [5, 282], И.Б.Голуб [6, 239] теңеудің осы түріне ерекше мән бере тоқталған. Бұл теңеудің жасалуы жөнінде Т.Қоңыров: «… қазақ тіліндегі болымсыз теңеулер -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының және жоқ пен емес сөздерінің көмегімен пайда болады» — деп үш жолын көрсетеді. Бернияз поэзиясында, негізінен алғанда, болымсыз етістіктің жұрнақтары арқылы жасалған түрлері жиі кездеседі:
Жас жігіттей көңілі шағылмаған,
Жас қыздардай қызығы арылмаған.
Біздің ойымызша, теңеулерді бұлай алты топқа бөле қарастыру синтаксистік жағынан алғанда ғана өзін-өзі ақтайды. Өйткені көптеген теңеулер лексика-семантикалық, морфологиялық жағынан келгенде жоғарыда жеке-жеке көрсетілген теңеулер шеңберіне сия бермейді. Кейбірі әрі толымды, әрі бірыңғай болуы немесе әрі толық, әрі болымсыз болуы мүмкін. Дегенмен, тілдің арнайы бір саласы, синтаксистік жағынан келгенде, теңеулерге осылай классификация жасаудың жөні бар екендігіне қосыламыз.
Тілдегі сөздердің логика-семантикалық топтарға бөлінетіндігі жөнінде шетел ғалымдары Ш.Балли [7], Б.Рассел [8], Р.Карман [9], орыс ғалымдары Б.З.Панфилов [10], Н.Д.Арутюнова [11], Ю.С. Степанов [12], О.С.Ахманова [13], т.б. айтқан еді. Біз ілгеріде келтіре кеткен зерттеулерінде Т.Қоңыров та теңеулерді логика-семантикалық жағынан қарастыра отырып, оларды ассоциациялық типтерге бөледі. Ғалымның айтуынша, ондай типтер бесеу. Теңеулерді өнімді қолданған Б.Күлеев шығармаларынан осы типтердің барлығын дерлік кездестіруге болады. Парадигмалық және синтагмалық құбылыстармен байланысып келетін мұндай ассоциациялық топтар объектінің, образдың, белгінің функцияларына қатысты болады. Мәселен, бірінші жағдайда объект (Т.Қоңыров оны предмет деп атайды) біреу болады да, образдар мен белгілер көп болады. Бернияздың «Жастық күнім» өлеңінің объектісі — жастық күн. Кесте арқылы көрсетсек, былай болып шығады:
Екінші типте бір образ бірнеше затқа бірдей қаратыла айтылады. Бұл жерде теңеудің бейнелеу құралы ретіндегі мүмкіндігінің кең екендігін және семантикалық өрісінің де үлкен екенін аңғаруға болады. Себебі, теңеу сөздердің семантикалық мағынасы теңелген затқа байланысты, салыстырылған объектіге қатысты әрдайым жаңа семантикалық өріс тудырып отырады.
Келесі ассоциациялық топта объекті мен белгі біреу, образдар әр алуан болып келеді, яғни автор белгілі бір затты немесе құбылысты бейнелеу барысында түрлі теңеулерді қолданған. Б.Күлеев поэзиясындағы осындай объекті мен белгінің тұрақты түрде болып келу жиі байқалады.
Б.Күлеевтің өлеңдері мен поэмаларында, негізінен, логика-семантикалық ассоциацияның екінші типі кездеседі де, әр түрлі белгілер мен объектілерді бейнелеуде сұлудай, қызғалдақтай, жолбарыстай, арыстандай, судай, бұлақтай т.с.с. теңеу түрлері актив қолданылады.
Теңеу сөздерді семантика-стилистикалық жағынан да бөлу — тіл білімінде бұрыннан бар дәстүр. Теңеулерді осылай бөлуде ғалымдар әр қилы пікірлер айтады, содан барып кей жағдайда терминологиялық жағынан бұл мәселеде бірізділікті ұстана бермейтіні байқалады. Біз өз жұмысымыздың мақсаты мен міндеттеріне қарай, Б.Күлеевтің тілі мен стилін сипаттай алатын семантика-стилистикалық мәні айқын бірнеше түрлерді ғана алып, талдау жүргізбекпіз. Семантика-стилистикалық белгілері арқылы теңеулерді әр түрлі топтарға бөле қарастыру олардың бейнелі сөз ретінде тілдің басқа да осындай көркемдік құралдарымен, лексикалық бірліктерімен байланысу мүмкіндіктерінің мол екендігін байқатады, сондай-ақ теңеулердің семантика тудыру ерекшелігін, стилистикалық қызметін аша түсетіні сөзсіз.
Ақынның поэзиялық туындыларында эпитеттік теңеулер, метафоралық теңеулер, гиперболалық теңеулер, литоталық теңеулер кездесіп отырады. Эпитеттік теңеулердің құрамындағы эпитет теңеу болып тұрған сөздің бір белгісін, мөлшерін-қасиетін, түр-түсін, сынын айқындап тұрады да, жұрнақ жалғанбай не жекеше, не көпше түрде қолданылады:
Айдын көлде ақ күмістей мөлдір су,
Мөлдір суда жібектей жұқа мұнар бу
«Гүл» немесе Күн күлімдеп, жаңа жаздай туып,
Жер жаңармай қайырылмас қайта қайырылмас
«Күз»- деген үзінділердегі ақ күмістей, жаңа жаздай деген тіркестер эпитеттік теңеулер болып, оның беретін бейнелілігін арттыра түседі. Теңеулердің ішінде ауыспалы мағынамен селбесе келетіндері метафоралық, метонимиялық және синекдохалық теңеулер десек, Бернияз шығармаларында соңғы екеуі аса көп кездесе қоймайды, мейлінше арнайы айтуға тұрарлық қолданыс тапқаны — метафоралық теңеулер. Мысалы,
Жас қызғалдақ секілді жетпей солған,
Көріңдерші, әйелдің мүшкіл халін?- дегенде, әйелді қызғалдаққа теңеу тура емес, ауыс мағынада туған образ. Суарған семсер сияқты, Жастықта жатпа, жайпаңда; Жүрегім жүзге тілініп, Оттай жанып лаулады деген сөйлемдерде ауыспалы мағынаға ие болып тұрған метафоралық теңеулер кездеседі. Метафоралық теңеулерде метафора мен теңеу арасы жуықтай түседі. Сол себепті оған қарап теңеуді троп ретінде қарастыратын ғалымдар да бар. Құбылыстың күйін немесе заттың ерекшелігін асыра айту, әсіресе, қаламгердің эпикалық шығармаларына тән. Оны «Жорық» поэмасынан көреміз. Бернияз мұндай гиперболалық теңеулерді қолдануда өзінің алдындағы әдебиеттегі дайын теңеулерді де қолданады. ХҮ ғасырдағы жыраулар поэзиясының ең көрнекті өкілдерінің бірі — Қазтуған жыраудың:
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған
немесе,
Балдырғаны білектей,
Баттауығы жүректей, - деген жолдарын келтіреді. Сондай-ақ, ақынның төл қолтаңбасы болып табылатын авторлық теңеулері де аз емес. Айталық,
Толғандым да долдандым,
Дәу перідей қозғалдым
Албастыдай еліріп,
Жалмауыздай емініп- гиперболалық теңеулер шығармаға экспрессивті-эмоционалды реңк үстемелеп, стилистикалық мәнде жұмсалады. Гиперболалық теңеулерге семантикалық жағынан қарама-қарсы литоталық теңеулер де ақын поэзиясының тіліне тән. Ақынның белгілі бір кездегі көңіл күйінен хабар беретін:
Аспан саған алақандай бір уыс,
Жердің жүзі тебінгідей тар қуыс
деген өлең тармақтарындағы литоталық теңеулер де стилистикалық мәнде жұмсалған.
Достарыңызбен бөлісу: |