Билік — саясаттанудың негізгі ұғымы болып табылады. Билік — адамзат қауымдастығының, адам өмірінің негізгі бастауларының бірі. Қоғам бар жерде билік бар, билік бар жерде қоғам бар. Билік жүргізу үшін сол билікке мойын ұсынатын қоғам қажет. Қоғамның бүкіл саяси өмірі осы билік айналасында өтеді. Билігі жоқ қоғам бейберекетсіздікке ұшырайды.
Биліктің қажеттілігі туралы алғащқы ойлар
Биліктің қажеттілігі туралы ертедегі грек ойшылдары айта бастаған болатын. Ежелгі заман ойшылы — Аристотельдің айтуы бойынша, билік ең алдымен қоғамдық өндірісті ұйымдастыру үшін қажет, ол қоғамның тұтастығын, бірлігін сақтау үшін керек деп көрсетті. Кез келген қоғам белгілі бір тұрақтылық болмаса өмір сүре алмайды, осы тұрақтылықты қамтамасыз ететін — бұл билік.
Биліктің атқаратын функциялары
Билік мына функцияларды атқарады: үстемдік, басшылық, басқару, ұйымдастыру, бақылау. Үстемдік — қоғамды басқарушылар мен басқарылатындарға бөлуге негізделген. Басшылық — бұл әкімшілік аппараты мен өкіметтің органдары арқылы жүзеге асырылады. Басқару — бұл атқарушы өкімет органдарының шешімдер талқыланып жасауы мен оларды қабылдауы және оны өмірге енгізуді ұйымдастыру. Ұйымдастыру — бұл жекелеген адамдардың, топтардың, таптардың, ұйымдар мен мекемелердің өзара байланысын келісу, реттеу, қамтамасыз ету. Бақылау — бұл қоғамдағы адамдардың, топтардың қызмет ережелерін қамтамасыз ету, сақтау.