Билік — саясаттанудың негізгі ұғымы болып табылады. Билік — адамзат қауымдастығының, адам өмірінің негізгі бастауларының бірі. Қоғам бар жерде билік бар, билік бар жерде қоғам бар. Билік жүргізу үшін сол билікке мойын ұсынатын қоғам қажет. Қоғамның бүкіл саяси өмірі осы билік айналасында өтеді. Билік адамдардың тұрақтары бірлестіктері құрылған (отбасында, өндірістік ұжымдарда, ұйымдарда, мекемелерде, барлық мемлекеттерде) барлық жерде бар, ол қоғамның бүкіл құрылымына енген, ол қоғамның ішкі тұтастығын, ұйымшылдығын, қоғамдық қатынастардың сатылануын сақтайды. Билігі жоқ қоғам бейберекетсіздікке ұшырайды. Билік құбылыс ретінде — біреулердің екіншілерге (немесе бірдеңеге) өз еркін жүргізіп, олардың іс-әрекетіне, қызметіне, тағдырына, мінез-құлқына түрлі құралдар арқылы (бедел, құқық, күш т.б.) ықпал ете алу мүмкіндігі.
Биліктің қажеттілігі туралы ертедегі грек ойшылдары айта бастаған болатын. Ежелгі заман ойшылы — Аристотельдің айтуы бойынша, билік ең алдымен қоғамдық өндірісті ұйымдастыру үшін қажет, ол қоғамның тұтастығын, бірлігін сақтау үшін керек деп көрсетті. Кез келген қоғам белгілі бір тұрақтылық болмаса өмір сүре алмайды, осы тұрақтылықты қамтамасыз ететін — бұл билік.
Билік — қоғамдық құбылыс, ол адамзат қоғамымен бірге пайда болып, және оның даму барысында бола бермек. Алғашқы қауымдық қоғамда билік қоғамдық сипатта, яғни тұрпайы түрде болды. Ол кезде адамдар әлеуметтік жағынан бөлінбеген, жеке тұлғалар әлі бөлініп шықпаған, адамдарда алғашқы қауымдық сана үстем болды, биліктің сипаты саяси емес болды. Себебі қоғам мәселелерін шешуде адамдарды келісімге келтіру, қатынастарды реттеу мәселелері болмады. Ол кезде билікті ру-ру мен тайпалардың барлық мүшелері бірігіп іске асыратын. Тап, мемлекет пайда болғанға дейін қоғамның үстінен қарайтын аппарат, күштеу мекемелері болмады. Еңбек бөлінісі, жеке меншік, әлеуметтік теңсіздік дамып, таптар, мемлекеттің пайда болуымен байланысты рулық байланыстар әлсіреді. Ру басыларының адамгершілік беделі төмендеп, оның орнына ақсүйектер билігінің беделі ұлғайды. Рулық-тайпалық байланыстардың күйреуіне орай жария билік орныға бастады. Билік аппараты дүниеге келді, адамдарды еркінен тыс, ықтиярсыз еркіне көндірген мекемелер пайда болды. Уақыт өте келе басқарудағы өз құқығын жариялаған және егіншілер мен малшыларды өзіне күшпен бағындырған жария билік қоғамнан оқшауланып, мемлекет ретінде дараланып, оның үстінен қарайтын органға айналды. Ең алғашқы мемлекет құл иеленушілік қоғамда пайда болды. Құл иеленушілік қоғамда саясат, саяси билік пайда болып, бұл мемлекетсіз қоғамның мемлекеттік қоғамға өтуіне негіз қалап, енді билік саяси мәнге ие болды. Саяси биліктің пайда болуын саясаттануда мемлекеттің пайда болуымен байланыстырады.
Кез келген қоғамда түрлі мүдделер (жеке дара, топтық мүдделер) болады, оларды әлеуметтік қоғамдастық реттеп, ұйымдастырып отыруы қажет. Мүдделер арасында қайшылықтар пайда болып, олар қақтығысқанда әлеуметтік шиеленіс күшейеді, сондықтан оларды реттеу қажет. Қоғам өмірін, ондағы топтар, жеке адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін механизм — билік қатынастары болып табылады. Қоғамдық қатынастардың ерекше түрі ретінде биліктің мәні неде? Билік — бұл еріктік қатынастар болып табылады. Биліктің мәні — өз еркін басқаларға жүргізе алу қабілеті (зорлықпен міндеттеуі).
Саясаттануда билік теориясы негізгі орын алады, ол саясатпен тығыз байланысты. Билік барлық саясат әлемінің мәнін түсініп-білуге мүмкіндік береді. Себебі, саясаттың негізгі мәселесі — билік, ал мазмұны — билік үшін күрес және билікті жүргізу. Саяси ғылымда билікті саяси құбылыс ретінде зерттейтін саланы кратология («kratos» -билік, «logos» — ілім, ғылым) деп атайды. Саясаттануда билік, оның ішінде саяси билік туралы түрлі түсініктер, концепциялар, анықтамалар бар. Олардың ішінде жиі кездесетін анықтамалар: телеологиялық (гректің «teleos» мақсат сөзінен), бұл анықтама бойынша билік — белгілі бір мақсатқа жету мүмкіндігі; бихевиористік (ағылшынның «behaviour»-мінез-құлық деген сөзінен), мұнда билік — адамның мінез-құлқының ерекше түрі ретінде түсініледі. Билікке ұмтылу — адам психикасы мен санасының негізгі түрі; құрылымдық (структуралистік) анықтама бойынша, билік — басқарушы мен бағынушының арасындағы қатынастың ерекше түрі; инструменталистік (құралдық) анықтамада билік — белгілі бір мақсатқа жету үшін құралдарды, амалдарды (зорлық-зомбылық, күштеу, қорқыту т.б.) қолдану мүмкіндігі; күштеу анықтамасы бойынша, билік — үстемдік және ырқына еріксіз күштеп көндіру; еріктік, билік — қарсылыққа қарамастан өз еркін жүргізе алу қабілеті (М.Вебер); билік ықпал ретінде түсіндірілетін анықтамада, билік — басқалардың мінез- құлқына ықпал ету мүмкіндігі. Бұл мына формуламен түсіндіріледі: «А-ның Б-ға билігі деп, А-өз ықпалымен Б-ға ешқашан істемейтін нәрсесін істеттіруі» (Р.Даль); конфликтік (жанжалдық), билік — дау-жанжал жағдайында игілікті бөлуді реттейтін мүмкіндік, шиеленісті шешудің құралы.