Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Білім -таусылмайтын өмір бойғы азығың. Ал,байлық деген-қолдағы еріп кетер мұз. Білімді адамның ала алмайтын биігі жоқ-демекші, бәріне де осы білімнің нәтижесінде қол жеткізуге болады.
VII ғасырда өмір сүрген Әлінің ел ішінде «ілімнің қақпасы» аталып кеткендігінің рас-өтірігін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған. Олардың бәрі Әліге: “Білім артық па,байлық артық па?», – деп бір ғана сұрақ қоятын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана оны шын мойындамақ болыпты. Сонда Әлі әр адам қойған бір сұраққа былай деп жауап берген екен:
Білім артық, өйткені, ол – пайғамбарлардан қалған мирас, байлық – бақылдардан қалған мұра.
Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.
Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.
Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.
Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
Білімің көп болса, ел саған қызығады, байлығың көп болса, ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
Білім артық, білімің көп болғанмен, есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.
Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.
Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық деген екен.
Білім – ақылдың ажар-көркі деп босқа айтылмаған.Нағыз бай адам қалтасында миллиондаған ақшасы бар адам емес, нағыз бай – білімді адам. Себебі, білім іздене берсең, көбейеді, жұмсасаң, азаймайды. Байлық көп болса бұзылады, жұмсасаң азаяды. Сол себепті, қиын қыстау кезде сені алып шығатын- білімің. Үлкен бол, кіші бол әрқашанда ізденіп, оқуымыз керек!