Білім асыл қазына. Білім инемен құдық қазғандай. Адам өмірінің соңына дейін білім алады, ал кейде тіпті оның өзі аз болады. Адам қаншалықты білімді болса, соншалықты бай-қуатты болады
Білім - асыл қазына. Білім инемен құдық қазғандай. Адам өмірінің соңына дейін білім алады, ал кейде тіпті оның өзі аз болады. Адам қаншалықты білімді болса, соншалықты бай-қуатты болады.Осы білімді жақсы ортада алу өте маңызды болып табылады. Қазіргі уақытта кез-келген мамандық бойынша мықты дайындайтын ЖОО-лардың бірі –ҚазҰУ.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – мемлекеттік аттестаттаудан бірінші болып өткен және барлық мамандықтар мен деңгейлер бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру құқығын растаған Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру жүйесінің жетекші мекемесі. Қара шаңырағымыз, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 1934 жылдан бастап еліміздегі алдыңғы қатарлы, білімі жоғары университеттер қатарынан түспеуде. Қазіргі таңда, университетімізде 16 факультет және 25000-нан астам студент, магистрант және докторанттар бар. Университет жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім беру кеңістігіне одан әрі ықпалдасуға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған орасан зор білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетке ие.
2012 жылы болған Бали аралында өткен Халықаралық конференция-көрме Қазақ ұлттық университетінің тарихындағы басты оқиғасы болды. Себебі, сонда университет QS Stars - «Үш Жұлдыз» озық белгісімен марапатталды. Атап өтерлік, ҚазҰУ Орталық Азиядағы бірінші университет болып «QS Жұлдыздарымен» марапатталды . Сондай-ақ, Еуропалық Одақтың жоғары дәрежедегі мамандары университеттің ғылым саласындағы үлкен жетістіктеріне жоғары баға берді. Халықаралық сараптама қорытындысы бойынша ҚазҰУ ғылыми, технологиялық және инновациялық дамуы Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында сөзсіз көшбасшы болып табылады. 2013 жылдың басында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Америка Құрама Штаттарының ең үздік университеттер кіретін «Tallores» халықаралық жоғары оқу орындарының қауымдастығына мүше болып қабылданданды. Әлемдегі университеттерінің вебсайттарын талдайтын және деңгейін анықтайтын Вебометрикс халықаралық агенттігінің натижесіне сәйкес, біздің университет Орталық-Азиялық өңірдің жоғары оқу орындары арасында жетекші орынға ие болды.
Жаһандық ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингтік агенттігі әлемнің жоғары оқу орындары бойынша зерттеудің биылғы жылғы нәтижелерін жариялады. QS аналитикалық есебінде атап өтілгендей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 42 орынға ілгерілеп, жаһандық рейтингте 165- орынды иеленді және «әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды». Посткеңестік елдерден тек екі университет қана осы топқа еніп отыр – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
Киелі оқу орнында студент тек сапалы білім алып қоймай, сонымен қатар, өзін мықты ортада дамыта алады. Университет қабырғасында студентке барлық жағдай жасалған. Оқу ғимараттарының жанында студенттік қалашық бар, Керемет студенттерге қызмет көрсету орталығы, Азия бойынша ең үлкен кітапханасы бар. «Керемет» СҚКО “Al-Farabi university-smart city” атты ерекше ғылыми-инновациялық жоба негізінде ашылған,оның идеологиясы ұлы ойшыл әл-Фарабидің мейірімді қоғам іліміне негізделген.. Орталықтың практикалық маңыздылығы, бір терезе қағидаты бойынша әлеуметтік маңызы бар 500-ден астам, оқу-ағартушылық, медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-демалыстық қызметтерін ұсыну болып табылады. Орталықта жастар саясатына да орасан зор көңіл бөлініп, мұнда студенттік ұйымдардың көбінің басы біріккен. Бұл жерде студенттер әлеуметтік қолдау ала алады, академиялық саясат бойынша жауаптар тауып, студенттік іс шараларды өткізіп, қатыса алады. Бос уақыттарында студенттер кинотеатр, кафе, кітап дүкені, супермаркет, фотостудия, ателье, сән салоны, киім жуатын орын, кеңсе тауарлар дүкені, имидждік өнім дүкені, «Көмек» қоғамдық дүкені, сатушысыз «Адалдық дүкені» қызметтерімен қатар өзгеде көптеген қызметтерді ала алады.
Студент өмірінің осы бір шағын қызықты әрі пайдалы өткізу үшін түрлі студенттік ұйымдарға мүше бола алады. ҚазҰУ-да өте белсенді жастардан құрылған бірнеше ұйым бар: Студенттер сенаты, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы, Жоғары студенттер кеңесі, "Көмек" Қоғамдық Қоры, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, Студенттердің ғылыми қоғамы, "Жас Отан" ЖҚ, ҚазҰУ Студенттер Альянсы, Құқықтық тәртіп сақтау жасағы (ҚТСЖ).
Елімізге танымал, мықты тұлғалардың біразы осы Қара шаңырақта білім алған. Саяси қайраткерлер, ірі кәсіпкерлер, билік басындағы тұлғалардың біршамасы ҚазҰУ-дың түлегі. Солардың біразы Экономика және Бизнес Жоғары мектебінде оқыған. Атап айтатын болсақ, Сагинтаев Б.А., Мухамедиев Б.М., Ашимбаев М.С., Пазылхаирова Г.Т., Алшанов Р.А., Карашукеев Е.Ш., Дунаев А.Г., Куренкеева Г.Т., Жакыпова Ф.Н., Тутушкин В.А., Садыров Ш.А сияқты мықты тұлғалар оқыған. Бұл факультетте студенттің өзін барлық қырынан дамытуына толық жағдай жасалған. Факультет ұстаздары өте білімді, мейірімді, студентке үлкен сеніммен қарайтын жандар. Мұндай ортада білім алған студент міндетті түрде биіктерге жететініне сенемін.
Студенттік өмір жарқын естеліктермен, қызықты сәттермен есте қалуы керек. Тек университетте ғана осы қойылған мақсаттарға қол жеткізуге болады. Жастардың өз идеяларын жүзеге асыруға арналған кеңістіктері, жас мамандардың үзілмес желісі. Жақсы достардың ортасы, ұмытылмас ашылулар, ғажайып сәттер. Әрбіріміз үшін жасалған максималды жағдай. Барлық осы жылы атмосфера - ҚазҰУ жастарында!