Байланысты: Білім беру бағдарламасы «6В01703 Қазақ тілі мен әдебиеті»-emirsaba.org
Батырлар жырының варианттары мен версиялары. Батырлар жырына тән ерекшеліктің бірі – бір жырдың бірнеше вариантта болып келетіндігі. Батырлар жыры халықтың жазу-сызу өнері болмаған кезде туды. Оны жыршы ақындар шығарып, ел арасына ауызша айту түрінде таратты. Жырды айтушы ақындардың қайсысы болса да, ерте заманда туып, ел арасына тараған жырлардың көбінесе оқиға желісін пайдаланған. Кейбір дарынды ақындар ондай жырлардың мазмұнын ғана алып, сөзін өздері шығарған, бұрынғы айтылудағы стилін, сөз саптасын, өлеңдік өлшемін сақтап отырған. Жырдың әр түрлі варианттары болуы да осы ақындарға байланысты болған. Жыршы ақындардың қайсысы болса да, бір батыр жайында ұзағынан айтылатын, мол сюжетке құрылған көлемді жырды бірден шығарған жоқ. Ең әуелі жырға батырдың бір-екі ерлік ісі қосылуы мүмкін. Бұл әңгімелер жұртқа таныс болғаннан кейін, тыңдаушы көпшілік ақыннан осы әңгіменің жалғасын айтуына тілек білдірген. Сол кезде әрбір жыршы жаңағы жұрт қалап отырған және бұрыннан таныс болған жырдың «алды-артын» шығаруға кіріскен. Сөйтіп барып, жырдың алғашқы әңгімелеріне жаңадан, тыңнан сюжет қосылады. Ал жырдың ел арасына бұрын тарап кеткен алғашқы әңгімелері де, соңынан қосылғандары да әрқайсысы өз алдына вариант есебінде айтылып жүрген. «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» т.б жырлардың варианттары осылай туған деуге болады. Батырлар жырының варианттары әдебиет тарихынан айрықша орын алады. Варианттар әрбір жырдың қалай туып және қай бағытта дамығандығын түсінуімізге көп материал болады. Сонымен қатар, ол жыршы ақындардың творчестволық ерекшеліктерін, ақындық шеберліктерін және олардың көзқарастарын ашуға көмектеседі.
Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан батырлар жырының ішіндегі ең көлемдісі әрі сюжеттік желісімен ерекшелінетін жырдың бірі – «Қобыланды батыр» жыры.
Бағзы заманнан келе жатқан бұл жыр – халқымыздың көне батырлық эпостарының бірі. Бұл жыр бір ғасырдың жемісі, бір ғана дәуірдің туындысы емес, жыр мазмұнында көне дәуірден бастап, XIX ғасырдың басына дейінгі халық өмірінің сан кезендерін бейнелейтін оқиғалар кездесетіндігін және жырдың ең көне нұсқасы бізге жетпегенін зерттеуші-ғалым О. Нұрмағамбетова өз еңбегінде атап өткен болатын. Жырды ақын-жыршылар өзі өмір сүрген дәуір тұрғысынан толықтырып өңдеп отырса керек, сол себепті «Қобыланды батыр» жырының бізге 29 нұсқасы жеткен екен. Оның 26 нұсқасы Қобыландының ерлігі жайында болса, 3 нұсқасы оның батырлары Бөгенбай мен Киікбай батырларға арналған. Бұл жырлар Мәскеу, Алматы, Орынбор, Қазан, Ташкент қалаларының мұрағаттарында, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы.
«Қобыланды батыр» жырын ең алғаш ғылымыи тұрғыда зерттеген ғалым – М.Ғабдуллин. Ол 1946 жылы «Қобыланды батыр» жыры жайында диссертация қорғайды, монографиясын жарыққа шығарды. Жырдың 15 түрлі нұсқасын ашқан да М.Ғабдуллин еді. Бүгінде жырдың 29 түрлі варианты белгілі болып, ғылыми оралымға еніп отыр, соның ортасында Марабай сюжеті тұрады. Онда Қобыландының қияттарға еріп, Қызылбас ханы Қазанды, одан соң Көбіктіні өлтіруі, Қарлығаны олжалау, ең аяғында өзі жорықта жүргенде елін шауып кеткен Алшағыр ханмен соғысып, ел-жұртын азат ету оқиғалары суреттеледі. Мергенбай мен Біржан нұсқалары толықтау. Онда Тоқтарбайдың баласыздығы, Қобыланды мен Қарлығаның тууы, Қобыландының Көктім хан қызы Құртқаға үйленуі, Құртқаны жалғыз көзді дәудің тартып алмақ болғаны, оны Қобыландының өлтіруі, батырдың Қарлығаға үйлену оқиғасы суреттеледі. Құлзақ пен Досжан вариантында Құртқаның тарихы бұдан да айқындала түседі. Қобыланды мал бағып жүріп бір қызға жолығады. Елі оны жылына бір келетін айдаһардың жолына қойған екен. Қобыланды қыздың орнында қалып, қырық құлаш қылышын тосып, айдаһарды өлтіреді. Бірақ өзі де уланады. Оны қыз сүтке шомылдырып, емдейді. Сол қыз Құртқа болып шығады. Қобыландының ерлігіне риза болған Көктім хан оған қызын береді. Одан әрі Құртқаның көк-ала биені көрімдікке сұрап алуы, содан Тайбурылдай тұлпардың туылуы баяндалады. Осы тұста Қызыл дәу қызға таласып, мерт болады. Қызыл дәудің өліміне Қызыл хан намыстанып, қият, ноғайлы елін шауып, жерін тартып алады. Қазан жорығы осылай туады.
«Алпамыс батыр» жырының халық арасында айрықша қастерленуі оның нұсқасының көп болуына ықпал еткен. Мысалы, қазақ тілінде жырдың 10-11 нұсқасы бар. Қазан төңкерісіне дейін бұл жырды Қазақстанның барлық облыстарында айтып келген. Жырдың түрлі нұсқаларын айтқандар С.Аққожаев, Ә.Байтұрсынов, Е.Керімбетов, А.Нысанов, Ж.Жақыпов тәрізді ақын-жыршылар болып табылады. Әсіресе, Сұлтанбек Аққожаевтың жазып алған нұсқасы ең толық, әрі көркем түрі.
Зерттеушілер оны Түрік қағанаты дәуірінде (ҮІІ-ҮІІІ ғасыр) айтылып, таралып келген жыр деп есептейді. Содан бері қанатын кең жайып қазақ, өзбек, татар, башқұрт, қарақалпақ және алтайлықтарда осы уақытқа дейін сақталған. Ғасырлар бойы әр халық өзінше жырлап, өңдегендіктен, сюжетінде, композициялық құрылымында өзгерістер пайда болып, сол халықтың өзіне тән төл туындысы болып кеткен.
«Алпамыс батыр» жыры – алуан нұсқаларға тармақталып, күрделіленген көп эпостың бірі. Қазақтарда «Алпамыс» эпосының қазақша нұсқалары халық аузынан ХІХ ғасырдың аяғында қағаз бетіне түсіріле бастады. Қазақтың «Алпамыс батырының» ең алғашқы басылымы 1896 жылы Жүсіпбек Қожа Шайхисламұлының баспаға дайындауымен жарық көрді.
Қара сөз үлгілері көп ұшырасатын батырлар жырының бірі – «Ер Тарғын». Бұл эпостың үш версиясы бар. Соның көп тараған нұсқасы – Марабай жыраудың айтуынан 1859 жылы жазып алған Н.И.Ильминский версиясы. «Соңғы жыршының бірі – Марабай. Тарғынның Марабай айтқа жырлары ескіліктегі ең ірі жырдың бірі. Бұнда ескінің желдіртпелі, аққан өзендей алып ұшқан өлеңі өзінің толқындатып, тасқындатқан қуатын айқын көрсетеді. Жыр араласқан жердің бәрінде Қобыландыдағы Тайбурылдың шабысын айтқандай, тасты боратқан екпін бар. Кәрі қазақтың қиялы мен ескі ақынның еркін сұлу тілі найзағайдың отындай жалтылдап, ойнап шыққандай болады. «Тарғындағы» Марабай жыры өзгеден бөлек үлгімен, өзгеден жат құралғандай...» деп М.Әуезов те бұл нұсқаға ерекше тәнті болған, ондағы сұлу жыр кестесіне сүйсініс білдірген.
Әдебиеттер
Ә. Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы: Ана тілі, 1991.
М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы: Санат, 1996.
М.Әуезов. Әдебиет тарихы. Алматы, 1991.
М.Тілеужанов. Ел әдебиеті. Алматы, 1992.
Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: Фолиант, 2006.Т.35: Батырлар жыры.