Дипломдық жұмыстың мақсаты – материалдық-өндірістік қорлар есебі мен оларды бақылау тетіктерін жетілдірудің, қорлар көлемін оңтайландырудың бағыттарын дайындау мен негіздеу.
Дипломдық жұмыстың мақсатына сәйкес келесідей міндеттерді шешу қарастырылған:
– есеп пен бақылау объектісі ретінде материалдық қорлардың және олармен операциялардың теориялық аспектілерін зерттеу;
– қорларды бастапқы тану, кейінгі бағалау мен есептен шығару кезеңдеріне қатысты есептің баламалы жүйелерін (әдістерін) салыстырмалы талдау;
– кәсіпорындағы қорлар есебі мен ішкі бақылау жүйесінің, оны басқарудың қалыптасқан тәжірибесіне баға беру;
– қорлар есебіндегі жиі кездесетін қателіктерді жүйелеу және оны ішкі бақылау әдістемесін дайындау;
– қорлардың көлемін басқару, оңтайландыру әдістемелерін жүйелеу және кәсіпорында қорлардың көлемін оңтайландырудың экономикалық-математикалық үлгісін дайындау.
Жұмыстың зерттеу объектісі – шаруашылық субъектілерінде қорлар есебі мен ішкі бақылауын ұйымдастыру мен олардың көлемін оңтайландыру үрдісінде қалыптасатын экономикалық қатынастар.
Зерттеудің әдіснамалық және әдістемелік негіздері.Дипломдық жұмыстың әдіснамалық негіздерін шаруашылық субъектілерінде бухгалтерлік есеп пен аудитті, экономикалық талдауды ұйымдастыру мен жүргізуді реттейтін ҚР заңнамалық және нормативтік–құқықтық актілерінің жиынтығы; мамандар мен ғалымдардың бухгалтерлік есеп, есептілік пен экономикалық талдау мәселелеріне арналған еңбектері құрайды.
Зерттеудің әдістемелік негізін жүйелік талдаудың қағидалары, танымның ғылымға жалпы ортақ, жеке ғылымдарға тән және ғылымаралық тәсілдері мен әдістерінің жиынтығы құрайды.
Зерттеу жұмысы кешенді, жүйелі талдау қағидаларына негізделе отырып, логикалық талдау, эксперттік бағалау, экономикалық талдау, бақылау, салыстыру, факторлық жүйелерді үлгілеу, бухгалтерлік есептің: құжаттау, шоттар, екі жақты жазу, бағалау секілді өзіндік әдістерінің көмегімен жүргізілді.
Зерттеудің ақпараттық базасы. Зерттеу барысында Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен аудит, қаржылық есептілік аясындағы заңдық және нормативтік актілері, ҚР Қаржы министрлігінің нормативтік құжаттары, ҚР Ұлттық Статистика бюросының мәліметтері, қаржылық есеп пен аудиттің халықаралық стандарттары, шаруашылық субъектілерінің бухгалтерлік (қаржылық) және ішкі есептілік мәліметтері қолданылды.
Зерттеу нәтижелерінің тәжірибелік құндылығы зерттеу нәтижесінде алынған нәтижелер мен ұсыныстардың қорлардың есебі мен бақылауды жетілдіру, оны басқар мен көлемін оңтайландыру арқылы айналыс қаражаттарының айналымдылығын жоғарылатуға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етуімен байланысты.
Жұмыстың көлемі мен құрылымы.Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.