Ыбырай Алтынсарин. "Әке мен бала" (әңгіме) Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:
Анау тағаны, балам, ала жүр, — деп.
Бала әкесіне:
Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, — деді. Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді.
Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірден алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды.
Ең соңында әкесі тоқтап тұрып айтты:
Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің.