2-қадам: берілген оқу мақсатын басшылыққа алып, лирикалық кейіпкердің бейнесін, өлеңдегі «Мен» тұрпаты бойынша талдау жасау тапсырмасын әзірлеңіздер. Бөлім: Пайым мен парасат, Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы» өлеңі
Оқу мақсаты:11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау;
Тапсырманы орындау уақыты: 15 минут.
Топ көшбасшысының ой бөлісуі: 3 минут.
Кері байланыс: 3 минут.
Тапсырма. 1-қадам: О.Бөкейдің «Тортай мінер ақбоз ат» әңгімесін «Автор ізімен талдау» әдісі бойынша талдаңыз.
Талдау қадамдары: - көркем шығарма сюжетіндегі проблеманы анықтаңыз;
- эпизодтары бойынша сұраққа жауап беріңіз;
- автордың негізгі ойын анықтаңыз;
- мазмұны бойынша бөлімдерге ат қойыңыз.
2-қадам:оқу мақсатына сай «Автор ізімен талдау» әдісі бойынша тапсырма әзірлеңіз.
Бөлім: Мен балаң жарық күнде сәуле қуған... О. Бөкей "Тортай мінер ақбоз ат"
Оқу мақсаты: 6.1.1.1 әдеби шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтау.
Біздің ауыл Салықсалғанның иығында отырған. Шілденің дәл ортасы болса да, бұл жерде қоңыр салқын, бұлтсыз күндері тамылжыған тамаша мезгіл басталушы еді. Не ыстық емес, не суық емес жайлаудың жайма-шуақ сәтінде, төбеңнен көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспанға қарағайдың бүршігін лақтырып ойнайсың. Қанша құласаң ауырсынбайтын, канша құласаң жапырылмайтын күлтеленген күреңсе балапан табанымызға кілемдей жұмсақ тиюші еді-ау. Теңіз бетінен қаншама биік болғанмен, осы Салықсалғанның кез келген жеріне жерошақ қазсаң, көлкілдеген су шыға келетін. Әсіресе, жаңбырлы күндері қырдан құлаған лайсаңға айналып, шошайтып-шошайтып қарағай бөренеден қиып салған үйлердің мазасын кетіретін. Ол кезде колхоз. Колхоздың сиыры күніне үш рет сауылады. Ал әр сауынның арасында шөп шауып, оны маялайтын. Кеште, тіпті түні бойы сеператорға сүт тартып, май шайқайтып. Шаршау дегенді білмейтін қыз-келіншектер соғыс жылынан кейінгі бейбіт күннің шуағына жылынып, сызылта ән салатын. Тау арасында жылтылдатып от жағып, ән шырқағанда, лаулаған жалын бақсыдай тілін жалаңдатып күй шертіп, тау-тасты күңірентіп тұрғандай әдемі сезілуші еді-ау. Біздер — балалар, күні бойы өгіз үйретіп, бұзау жаямыз, үш уақ сиыр сауғызамыз. Ымырт үйіріле, алтыбақан құрған азаматтардың маңайында арпалысып, тиіп-қашып ұлардай шулап ойнап жүргеніміз. Біздің ішімізде менен екі-үш жас үлкендігі бар Тортай атты бала болушы еді. Әке-шешеден тым ерте айырылып, алыстан қосылар аталастарының есігінде жүретін. Қой аузынан шөп алмас жуас, құлағының сәл мүкісі бар, бала болып көп ойнамайтын, жасқаншақ еді. Бәрімізден гөрі ерекшелігі, таңертеңнен кешке дейін бас алмай кітап оқи беретін. Қолына не тисе, соны талғамсыз оқитып Тортай ортамыздағы білгішіміз, аузымызды ашып тыңдар абызымыз сықылды.
Тортай, әсіресе, мені жақсы көреді. Жанынан бір елі қалдырмайтын. Әкем ферма меңгерушісі, үйде ішім-жем мол, ит басына іркіт төгіліп жатушы еді. Шешемнің қолынан — бір, жолынан — екі алып, әр күн сайын Тортайға таситынмын. Ол мені алдап, тамақ үшін дос болмайтын, қайта: «Мен аш жүргенім жоқ, әкеле берме», — деп ұрсатын-ды. Өз бейілі мен көңіл хошы болмаса ләм деп аузын ашпайтын, әрі құлағы хақас еститін болған соң, әңгімеге зауқы бола бермейтін. Тек менімен ғана оңаша сәттерде ағыл-тегіл әңгіме құрушы еді.
Бір күні мен Тортайды көп іздеп әрең таптым. Тұрған үйі аузына келгенін айтып, ұрсып қуып жіберіпті. Салықсалғанның ұшар басындағы қалың тас қорымның үңгіріне кіріп, от жағып отыр екен. Мені көрген соң, қуанып қалды. Орнынан атып тұрып:
— Мені қалай таптың, ей? — деді.
— Сенің үйің — осы тас күрке емес пе?
Тортай тас күркені ұядай қылып жинап, тазалап қойыпты. Бұдан бұрын да осы жерге сан рет келіп, мекеніне айналдырған секілді. Қайран қалдым. Ағаштан қиып нар жасап, үстіне шөп төсеген. Өзіне тиесілі кітаптар әбден көп оқылғандықтан, жемтір-жемтір болып бір бұрышта жинаулы тұр. Төр алдына ешкінің терісі төселген. Қарағайдың жуан кеспелтек шәркесінен стол жасап, май шам қойыпты. Тастан қаланған жерошақта маздап жанған от. Сіркіреп жаңбыр жауды. Үңгірге су тимейді екен. Күн бұлтты болған соң ба, ымырт ерте үйіріліп, көз байлана бастады. Үйден ұрлап алып шыққан нан мен ірімшікті столдың үстіне қойдым. Нардың шетінде жалаң аяғын салбыратып үнсіз отырған Тортай: «Рақмет», — деді. Үні бір түрлі көңілсіз, қарлығыңқырап шықты. Ешкім жоқта жылаған секілді, оттың сәулесі тиген көзі қызарып, домбығып тұр еді.