Білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің биылғы жылы "Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт" тақырыбында өткізілуі де осының бір дәлелі болса керек
Қазіргі таңда қоғам, ата-ана мен педагог мамандар алдына қойылған ең басты мақсат – өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру мәселесі болса, бұл мәселені шешудің жолдары да күн сайын толассыз өзгеріп тұрған әлеммен бірге құбылып, жаңа міндеттер қоя бастады. Заман талабына лайық тәрбие мен білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет ете отырып, рухани-адамгершілік, ұлттық-мәдени қасиеттерді қалыптастыру үшін тарих қойнауынан бастау алатын құндылық құралдарын да жаңғыртуға себеп болып жатыр. Білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің биылғы жылы "Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт" тақырыбында өткізілуі де осының бір дәлелі болса керек. Алғаш рет жаңа форматта өткізілген тамыз кеңесінде Абай облысының үлесіне «Оқуға құштар ұлт» тақырыптық бағыты берілді. 4 алаңға бөлініп, жұмыс жасаған секциялық отырыстардың «Көркем әдебиеттің бала өміріндегі рөлі» тақырыбы бойынша 4-ші секция жұмысы ЖШС «Yu Kids Island» «Zhuldiz-Ardak» балабақшасында өткізілді. Республика көлемінде өткізілген үлкен іс-шараның табысты өтуіне балабақшамыздың әрбір педагог-қызметкері, ата-аналары мен тәрбиеленушілері үлес қосты деп айтуға болады. Абай облысы білім басқармасының «Облыстық инновациялық –әдістемелік орталығы» КММ бөлім басшысы Жумагулова Айжан Жұмабековнаның модераторлық етуімен өткен секция жұмысымен қоса, келген қонақтарға балабақшамыздың бүлдіршіндерінің жыр-шашуы, балабақшаға экскурсия, қонақкәде ұйымдастырылып, Абай елінің қонақжайлық дәстүрі де дәріптеліп өтті. Секция жұмысының соңында кеңес қатысушылары ризашылық сезімдерін білдіріп, жақсы көңіл-күймен тарқасты.