Байланысты: «білім беру ж не педагогика» жо ары мектебі
Мектеп жасына дейінгі балаларды көркем әдебиетпен таныстыру маңызы мен міндеттері. Дәрістің мақсаты. Мектеп жасына дейінгі балаларды көркем әдебиетпен таныстырудың мазмұны мен міндеттерін, әдіс-тәсілдерін түсіндіру. Жоспары. 1. Мектеп жасына дейінгі балаларды көркем әдебиетпен таныстырудың маңызы мен міндеттері. 2. Көркем әдебиетпен таныстырудың әдіс-тәсілдері. 3. Көркем әдебиеттің оқылу ерекшелігі.
Тезистері:
1.Көркем әдебиет мектеп жасына дейінгі бала тілін қалыптастыруда, дамып жетілуіне үлкен әсер етеді. Көркем әдебиет арқылы бала айнала қоршаған орта, табиғат туралы түсінік алып, адамдар арасындағы қарым-қатынас жайлы түсініктері дамиды. Өлеңдерді, ертегілерді тындаған кезде бала сол кейіпкерлердің жақсы іс әрекетіне үйрене бастайды. Сөйтіп көркем әдебиет арқылы бала адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық тәрбие алады. Балабақшаға арналған білім беру бағдарламасында әр топта оқытылатын көркем шығарманың тізімі берілген. Осыған орай:
1.Сол шығарманың мазмұнын меңгертіп дұрыс түсініктерін қалыптастыру тәрбиешінің ең басты міндеті болып саналады.
2. Әңгімені не ертегіні тыңдаған бала сол шығарма оқиғасымен кейіпкерлердің іс-әрекетімен бірге шығармадағы көңіл-күйді өзі бастан кешіргендей сезімде болуы тиіс.
3. Шығармада не туралы айтылғанын, сол шығарманың кейіпкерлері не себепті ұнады, ұнамаса қандай мәселелері бар және шығарма тіліндегі бейнелі сөздерді ажырата алатындай дәрежеге жетуі тиіс.
4. Шығарма мәтіні ролдерге бөлініп беріліп, балалар сол ролдер бойынша жауап береді.
5. Тәрбиеші өз тобындағы балалардың өткен жылы қандай шығармамен танысқанын еске түсіріп отыруы қажет.
2 . Мектеп жасына дейінгі балаларды көркем шығармамен таныстыруда ең жиі қолданылатын әдіс тәрбиешінің оқып беруі. Көлемі шағын мәтіндер ауызша жатқа оқылады. Бұл кезде басты көңіл бөлетін жәй балаларды басқаның сөзін тыңдай білуге үйрету, сол арқылы есте сақтау қабілетін арттыру.
Баяндау әдісі. Бұл әдістің алдыңғыдан айырмашылығы тәрбиеші оқылатын шығарманы сөзбе-сөз емес еркін түрде айтып береді. Яғни мәтінді тәрбиеші қысқартуына да, балаларға қиындық келтіретін бөліміне түсінік беруге болады. Баяндаған, әңгімелеген кезде сол топтағы балалардың сөздерімен шектелмей әдеби тілде сөйлеу қажет.
Жаттау әдісі. Бұл әдіс көбінесе өлеңдерде, мақал-мәтелдерде, оқыған кезде пайдаланылады.
Дидактикалық ойындар. Балаларға таныс шығармалар арқылы жүргізіледі.
Сөздік жұмыс. Әрбір оқылған шығармадағы балаға таныс емес оқиғалар суреттер, көрнекіліктер арқылы түсіндірілуі қажет.
ТӘСІЛДЕРІ:
1. Шығарманы қайталап оқу – Бұл тәсіл балаға таныс өтілген шығармалар бойынша жүргізіледі. 2. Таңдап үзінді оқу тәсілі. 3. Шығарма мазмұнына сай ойыншықтар, суреттер пайдалану. 4. Кітаптағы дайын суреттерді пайдалану. 3.Қандай да болсын көркем шығарманы түсініп қабылдау балаларға бірден қиындық келтіреді. Алғашқы күннен бастап, баланы оқылған шығармаларды дұрыс тыңдай білуге үйрету қажет. Сондай-ақ көркем шығарма әрі танымдық, эстетикалық, тәрбиелік мәнін түсіндіру. Соған сай әр топқа оқытылатын көркем шығармалардың өзіндік мақсаты болады. Мысалы. 2-кішкентайлар тобындағы ертегі, шағын әңгіме, өлең жаңылтпаш бойынша жұмыстар жүргізіледі және осы топтардан бастап шығарма жанрын ажырата білуге үйрету керек. Осы топтағы тәрбиеші ертегі немесе әңгімені ауызша баяндап бергені тиімді. Ал шығарма үлкен болса шығарманы бөлікке бөліп баяндау қажет. Баяндап болған соң сұрақ-жауап арқылы бала түсінігі тексеріледі. Өлеңмен таныстыруда әрбір сөздің дыбысына орфоэпиялық ережеге көңіл бөлу керек Ал естиярлар тобында көркем әдебиетпен таныстыру күрделене түседі. Бұл топта тәрбиеші оқылған шығармалардың жанрын айтудан бастайды. Сонымен бірге шығарма тіліндегі теңеу, салыстыру сөздерді сол сөзбен мағыналас, балаларға бұрыннан таныс синоним арқылы түсіндіруге болады. Ал өлеңді оқығанда өлеңнің әрбір тармағына, ұйқасқа көңіл бөлу қажет. Бұл топта сөздік қорды дамыту жұмысы одан әрі жалғасады. Ересек топта поэзия мен прозаны ажырата алады. Сонымен қатар бұл топта кейіпкер ерекшеліктерін талдау, олардың іс-әрекетін бір-бірімен салыстыру жұмысы жүргізіледі. Сондықтан бұл топта шығарманы бір рет оқығанда бала оның жалпы мазмұнына көңіл бөлсе, 2-ші рет оқығанда көркемдік жағынан яғни теңеу, салыстыру, анықтауыш, антоним, синоним, әрине бұл топтағы балаларды көркем шығарманы барлық жағынан түсінеді деп айту қиын. Бірақ мәнерліліктің шығарма тілінің көркем құрылысының алғашқы элементімен танысады. Бұл топта да балаларға логикалық анықтама, ереже, терминдер айтылмайды. Тек қана сөз мағыналары балаларға түсінікті тілмен, қарапайым түрде жеткізіледі. Мысалы, шығармадағы құбылысты қандай сөзбен сипатталған, сөзді пайдалану, өз бойыңнан сөйлем құра деген тапсырма орындатуға болады. Бұл топта балалар ертегі мазмұнын ойша жалғастырып, ертегі әңгіме құрастыруға дағдыланады. Сөйтіп өз бетімен шығармашылық әңгіме құрастыруға үйренеді. Жыл аяғында қорытындылау әңгіме ұйымдастыруға болады. Мұндай әңгімелесу кезінде жыл бойына оқылған ертегісі бала есінде қалып, ұнағаны таңдалып алынады және сол шығарманың кейіпкерінің іс-әрекетіне талдау жасалады. Кейіпкердің жағымды қасиетіне өз бағасын беруі тиіс. Бағдарламаға енген әдеби шығармалардың тақырыбы, мазмұны, қарапайымнан күрделіге, жеңілден қиынға өту принциптері іріктелген бағдарламалық шығармалардың барлығы қоғамдық, ғылым техника жетістігіне, еңбек түрлерімен тығыз байланыста алынған. Олар балалардың ақыл-ойын өсіріп, дүниетанымын кеңейтіп, тілін жетілдіреді. Ауыз әдебиетінен кейін қаз-қаз, бесік жыры сияқты өлеңдер баланы тазалыққа, жақсы әдепке үйреніп, өкпелегіш, қиқарлық сияқты жаман әдеттен жирендіреді. № 25-26 дәріс
Мектепке дейінгі балаларды сауат ашуға даярлау.
Дәрістің мақсаты. Мектеп жасына дейінгі балаларды сауат ашуға даярлау туралы түсінік беру.
Жоспары.
1. Сауат ашудың мақсаты, міндеттері.
2. Сауат ашу жұмысының шығу тарихы.
Тезистері:
1.Мектеп жасына дейінгі бала тілін дамыту, сөйлеуге үйрету балабақшаға арналған бағдарлама мазмұнына сәйкес педагогикалық, дидактикалық принциптерді басшылыққа алып жүргізіледі. Мектеп жасына дейінгі балалардың сауатын ашу идеясы педагогтардың назарын ертеден-ақ аударды. Педагогтар, психологтар осы бағытта көптеген тәжірибе жүргізді. Сол тәжірибенің нәтижесінде Сауат ашудың мақсаты балаларды дұрыс оқи білуге үйрету және үйрете отырып тілін дамыту деген қорытындыға келеді. Сауат ашу жұмыстарының басты шарты әріпті таныту болып есептелінеді. Сауат ашу кезеңдерінде бала тіл дыбыстарының әрқайсысының жеке ерекшеліктерін меңгеретін болады. Баланың психикасы ақыл-сезім және ерік қызметінің түрліше формалары арқылы көрінетін бұл процесс психологиялық, физикалық процесс деп аталады. Баланың нерв жүйесі өзін қоршаған ортамен үздіксіз байланыс процесінде дамиды. Оқыту мен тәрбиеде тәрбиешінің басты міндеті баланың саналы қызметінің түрлерін және даму заңдылықтарын білу, сонымен бірге сол заңдарға белгілі бір мақсат арқылы әсер етеді. Олай болса баланың психологиялық дамуы дегеніміз – жалпы алғанда оның қалыптасуындағы сандық және сапалық өзгерістер. Ал жекелеп алғанда балалардың нерв жүйесінің дамуымен байланысты оның көзқарасының қалыптасуы, белсенділігі өзінше әрекет етуінің көрінісі. 2. Мектеп жасына дейінгі баланың сауатын ашу жұмысы бірден қалыптасқан жоқ. Оның да өзіндік даму тарихы бар. Балаларға сөздерді әріптеп оқыту ескі Греция мен Рим империясында басталды. Бұл әдіс бойынша сауат ашу жұмысы 2 жылға созылды. І-ші жылы балалар тек қана әріптердің аттарын жаттады. Ол кезде әрбір әріптің атауы қазіргідей сөздермен берілді. Мысалы: А дыбысы аз, Б – буки, В – веди, Г – глагол т.б. Ал екінші жылы осы дыбыстардан буын құрастырып үйренеді. Сонда шамамен бала 500-ге жуық буын үйренеді. Осылайша балаларға дыбыстарды, буындарды меңгерту қиынға түсті. Бала букиаз және бір жеке сөздердегі буындарды, дыбыстарды ажыратуда қиналады. ХҮІІІ-ғасырдың басында әріптердің таңбасы жеңілденіп қазірше аталатын болды. Соған байланысты сауат ашу мерзімінде оңайлатылды. Кейіннен жеке дыбыстардан буындар, буындардан сөздер, сөздерден сөйлем, құрастырып оқыту әдісі қолданыла бастады. Сауат ашу жұмысындағы бұл талдау әдісі К.Д.Ушинскийден басталды. Ол бұл әдістің негізгі міндетін төмендегіше көрсетті. 1. Бала дыбысты оқығанда ол дыбыстарды көзімен көріп, құлағымен естиді. 2. Бала назары сөзге, дыбысқа аударылуы тиіс. 3. Сол дыбыстарға, сөйлемдер құрастырту керек. Бірақ Ушинский әріптерді алфавиттік тәртіпте емес, алдымен дауыстыларды содан соң дауыссыздарды оқытуды ұсынды. Сонымен қатар ол меңгеруі қиын әріптерге көңіл бөлмейді. Бұдан кейін пікір айтушының бірі И.Р.Шапршников болды. Ол “Тірі дыбыстар” деген пікірді ұсынды. Оның бұл әдісі бойынша балалар сабақта өздері көріп байқаған құбылыстардың зат атауларын ғана оқып танитын болады. ХІХ ғас. екінші жартысында қайта ашылған халық ағарту мәдениеті Қазақстанда үлкен әлеуметтік мәселе болды. Оны іс жүзінде қолға алған тұңғыш ағартушы Ы.Алтынсарин болса, сол салада кейінірек нақты іс атқарған А.Байтұрсынов болды. Ы.Алтынсарин балаларды қазақ тілінде оқытатын оқулыққа материал жинап оны жүйелеп құрастырып, хрестоматия ретінде жарыққа шығарды. Бұл кітаптың мәні ең алдымен қазақ тілінде оқытатын және білім беруге арналғандығында, екінші жағынан қазақ тілінде кітап шығаруға, мәдениетті көтеруге болатындығын немесе қазақ тілінің мерейін жоғары көтеру. Ы. Алтынсарин орыс жазуының негізінде алғашқы қазақ альфавитін жасады. Әсіресе Ы. Алтынсарин тілді оқыту жайында айтқан пікірі ұтымды. Оның бірі балаларды ауыз екі сөйлеуге дағдыландыру. Ы.Алтынсариннен кейінгі қазақ тілі мәселесіне көп көңіл бөлген ғалымдарымыздың бірі – А.Байтұрсынов болды. Оның оқу құралы «Әліп Би» деген кітаптарында балаларды айналадағы қоршаған ортамен, заттармен, құбылыстармен таныстыратын танымдық материалдарға көп көңіл бөледі. Балалардың жасына сай қазақ халқының тұрмыс тіршілігімен таныстыратын ана тілінің төл сөздері арқылы шығармаларын жазды. «Жаңа мектеп» журналында шыққан «Қай әдіс жақсы» деген мақаласында дыбысты әдіске тоқталады. Балаларды дұрыс сөйлеуге, жазуға үйрету де төмендегідей кезеңдерді атап көрсетті:
Балалармен әңгімелесу
Оқуға үйретуге даярлайтын жұмыстар
Сөзден дыбыстарды айрып шығару.
Әріптермен таныстыру.
Білген әріптерден сөз құрау.
Бұл әдіс қазіргі мектепке дейінгі мекемелердегі сауат ашу жұмысында қолданылып жүрген талдау әдісіне сай келеді. А.Байтұрсыновтың «Оқу құралы» деп аталған әліппесі 7 рет басылып шығып, 1928 жылға дейінгі балаларды сауаттандыруда пайдаланды, одан кейін оның «Әліппе» деген әліппесі пайда болды. Бұл араб жазуына негізделіп жасалды. Бұл еңбектің авторы «Ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын, тыңдаушы ұғарлық дәрежеде, түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады. Сөйлемдердің жаны сөздердің басты мағынасы болып құралуы» - деп жазды. Автордың осы айтылған пікірлері мектеп жасына дейінгі балаларды өз ойын толық жүйелі жеткізуге, байланыстырып сөйлей білуге үйрету жайында қазіргі кезде айтылып жүрген пікірлермен ұштасып жатыр деп айта аламыз. А.Байтұрсыновтың әліппесіндегі «Ермек-еңбек» атты ойын тапсырмалары сөздің әр түрлі тұлғаларын бекітуге арналған. «Сын атына-зат аты», «Кім табады?», «Тапқан жабады, таппаған жазады», «Бұл 9 зат – 9 ат» деген сөздік жаттығулар арқылы балаларға керек сөздерді өздеріне тапқызып, өздеріне айтқызуға дағдыландыруы қажет. А.Байтұрсынов алғашқы педагогтардың бірі ретінде тіл дамыту сабағына арналған дидактикалық маткриалдар даярлау, балаларға сөздің мағыналарын түсіндіру, сабақ кезінде көрнекілер көрсету секілді принциптерді басшылыққа алды. Оның осы жоғарыда айтылған пікірлердің барлығы да бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ. Тілдің ерекшелігіне байланысты пікір айтқандардың бірі М.Жұмабаев болды. «Тілді жанның жайын жарыққа шығару жолы» деп атады. Яғни адамның ойлаған ойы сөз арқылы және мимика арқылы басқаға жеткізіледі. . Ойдың тілі – сөз. Бір сөз арқылы неше түрлі ойымызды сыртқа білдіре аламыз және басқа адамдардың ойлағанын біле аламыз. Тілі кем болса адамдардың қор болғаны. Қысқасы адамдардың толық мағыналы адам аталуы тіліміздің арқасында, - деп көрсетті. Сондықтан балаларды балабақшадан бастап дұрыс, мәдениетті сөйлеуге, өз ойларын жеткізе білуге тәрбиелеуіміз қажет. Соған байланысты балабақшада сауат ашу жұмысы ересектер тобынан басталады. Бұл топта балалар сөздердің дыбыстық құрамына талдау жасауға үйренеді. Сөз құралып тұрған дыбыстардың орын тәртібін ретімен айта білуге үйренеді. І-тоқсанда 3-4 дыбыстардан тұратын сөздерге дыбыстық талдау жасай білуге және ол дыбыстардың айтылу ерекшеліктердің /дауысты, дауыссыз/ естіп байқай білуге дағдыланды. Ал ІІ-тоқсанда 4-5 буыннан құралған сөздерді дыбыстарға талдап үйренеді және тәрбиеші айтқан белгілі бір дыбысқа сәйкес сөз ойлап айту дағдылары қалыптасып және осы тоқсанда сөз жөніндегі түсініктерді практикалық жолмен менгертуге көңіл бөлінеді. ІІІ-тоқсанда сөзге дыбыстық талдау жасау одан әрі жалғасады. Дыбыс, буын сөз, сөз тіркесі деген ұғымдар бекітіледі. IV-тоқсанда дидактикалық ойында жаттығулар негізінде алдыңғы 3 тоқсанда айтылған, таныстырылған білім дағдылар балалардың естеріне түсіріліп, қорытындыланады. Жалпы алғанда сауат ашу кезінде балалар төмендегідей дағдыларды меңгерулері тиіс. * Сөйлемді сөзге, буынға, дыбысқа талдау. * Сөз ішіндегі дыбыстарды ажырата білу. * Кеспе әріптерден сөз құрастыру. * Сөздерді буынға бөліп оқи білу. * Өлеңдерді жатқа мәнерлеп айта білу. * Тәрбиешінің сұрақтарға жауап бере білуі. * аттарды белгілеріне қарай ажырата білу. * Өздерінің байқағандары бойынша әңгімелеуге, баяндауға үйрету.
№ 27-дәріс тақырыбы:
Сауат ашу жұмысының кезеңдері.
Дәрістің мақсаты. Сауат ашудың кезеңдері туралы түсінік беру.
Жоспары.
1. Сауат ашудың кезеңдері.
2. Сауат ашу сабағына қойылатын талаптар.
Тезистері:
1.Балабақшадағы сауат ашу жұмысында буынға бөліп оқыту тәсілі, жеке сөздерді оқыту тәсілі, әріптерді теріп оқыту тәсілі және дыбыстық талдау, жинақтау әдісі қолданылды. Қазіргі кезеңде осы әдіс-тәсілдердің ішінен талдау-жинақтау әдісі балалардың сауатын ашуда тиімді әдіс екендігін байқатты. Бұл әдістің негізі талдаудан және жинақтаудан тұрады. Талдау кезеңдерінде балалар сөйлемдерді жеке сөздерге, сөздерді буындарға, буындарды дыбыстарға талдап үйренеді. Ал жинақтау әдісі бұған керісінше жеке дыбыстардан буындар, буындардан сөздер, сөздерден сөйлемдер құрастырылады. Кейде бұл әдісті аналитикалық, синтетикалық әдіс деп атайды. Сауат ашу кезеңі негізінен 3 /үш/ кезеңге бөлінеді: І. Дайындық кезең. Әліппенің 17 бетіндегі материалдар дайындық кезеңінің материалдары болып есептелінеді. Балалардың тілін дамытуға байланысты зерттеу жүргізген Сағира Рахметова осы кезеңде төмендегідей жұмыстарға көңіл бөлу керектігін айтты. балалардың сөздік қорын анықтау;
балаларға сөйлемдер құратып, өз ойларын айтып беруге дағдыландыру;
балалардың сөйлеу мәнеріне көңіл аудару, олардың тіл кемістігін түзету;
тәрбиешінің және жолдастарының сөзін тыңдай білуге дағдыландыру;
Әліппе кезеңі. Бұл кезеңде дыбыс пен әріпті таныстыру, үйрету дауысты дыбыстардан басталады. Өйткені дауысты дыбыстар созып айтуға келеді. Мысалы: Әліппенің алғашқы 4 сабағында балалар А, О сияқты жуан, ашық дауыстылармен танысады. Сондай-ақ дауыссыз “Л” дыбысын, бірде дауысты бірде дауыссыз “У” дыбысын, қысқа “Й” дыбысын оқып танысады. Әліппеден кейінгі кезен. Бұл кезеңде балалардың оқу, жазу дағдылары жетіле түседі және балаларға айтылатын көркем мәтіндер тек қана сауат ашу мақсатын көздемейді, сонымен бірге тәрбиелік те мақсатқа оқылады және бұл кезеңде оқылатын шығармалар жанр жағынан түрліше болып келеді.
2. Негізінен сауат ашу сабақтарында төмендегідей талаптар қойылады:
* Сабақтың құрылысы, көрнекі құралдар балалардың жас ерекшеліктеріне сай болуы қажет.
* Сауат ашу сабағы жүйелі, бірізді, жеңілден ауырға қарай дамуы қажет. сөйлем құрастырып айтуымен тығыз бірлікте жүргізіледі.
* Балалардың оқу, жазу дағдылары, икемділіктері қалыптасады. * Алғашқы да сауат ашу кезеңдеріне балалар дыбыстарды саусақпен ауада жазып үйренеді.
* Сауат ашу сабақтарының тәрбиелік мәні болуы қажет.
Сондай-ақ қоғам өмірімен танысып кеңейтеді. Салт-дәстүр түрлі мерекелердің не үшін аталып өтетінін туған жері,елі, оның өзіндік ерекшеліктері туралы мағлұматтар алады. Кішіпейілділік, мейірімділік, адамдардан қарапайымдылық секілді қасиеттерді үйреніп,көшеде жүру тәртібі, жол ережесімен танысады.