Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорын дамытудың тәсілдері.
Дәрістің мақсаты. Балалардың сөздік қорын дамытудың тәсілдерімен таныстыру.
Жоспары.
1.Жаңа сөздің айтылу үлгісін беру.
2. Дидактикалық ойындар немесе жаттығулар.
3. Әр топтағы балалармен жүргізілетін сөздік жұмысының ерекшеліктері
Тезистері:
1. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорын дамытудың өзіндік тәсілдері бар
І. Жаңа сөздің айтылу үлгісін беру – ең негізгі тәсіл. Тәрбиеші сол сөзді балалардың назарын аударатындай етіп, жәйлап түсінікті етіп, морфологиялық жағынан қатесіз айтуы тиіс. Жаңа сөзді мүмкіндігіне қарай сол затты көрсету арқылы түсіндірсе, бала есінде жақсы сақталады. Мысалы, тәрбиеші құмыра деген сөзді көтеріңкі екпінмен айтып және қолындағы құмыраны көрсетіп, «Балалар мынау сүт құйылған құмыра»,- дейді.
Кей жағдайда таныстырылатын жаңа сөзді оларға бұрыннан таныс синоним, антоним сөздері арқылы түсіндірген тиімді. Немесе жаңа сөзді сөйлем ішінде келтіріп, оның басқа сөздермен байланысын байқауға болады. Мысалы, тәрбиеші бесік сөзін түсіндіруде «бесікте бала ұйықтап жатыр» деген сөзді келтіреді. Жаңа сөз балалар есінде жақсы сақталуы үшін тәрбиеші сабақ соңына дейін өзі де, балаларға жеке-жеке және хормен айтқызады.Балалардың назарын жаңа сөзге аударуда ол сөздің шығу тегін де айтқан жөн. Онсыз да бұл неге осылай аталады, не себепті деген сұрақ қойғыш балаларға сөздің түп – төркіні туралы түсінік беру артық болмайды. Қайта баланың тілге деген қызығушылығы, сезінуі күшейе түседі. Мысалы, жұмыс-жұмысшы, құрылыс –құрылысшы т.б.
Балалардың сөздік қорын жандандыруда сұрақтарды кеңінен қолдануға болады. Сұрақ қою тәмілімен әсіресе көп сөйлемейтін, тұйық балаларды сөзге тарту жеңіл.
2. Дидактикалық ойындар немесе жаттығулар.
Сөздік жұмысын жүргізудегі ең тиімді тәсілдерінің бірі болып саналады. Мысалы, «Қуыршақ Сәуленің туған күні», «Біз қайда болдық, не көрдік?» деген дидактикалық ойындар арқылы балалар өз ойларын толық жеткізуге, естілген жаңа сөздерін естеріне түсіруге дағдыланады немесе «Шешуін тап» ойыны кезінде тәрбиеші сипаттайтын анықтауыштар айтады да, балалар анықталатын зат атауларын табады.
3. Әр топтағы балалармен жүргізілетін сөздік жұмысының да өзіндік ерекшеліктері бар:
а) заттар мен құбылыстарды біртұтас қабылдау арқылы жаңа сөздерді меңгерту.
ә) заттар мен құбылыстардың қасиеттерін, сапасын, бөлшектерін білдіретін сөздерді меңгерту арқылы сөздік қорды молайту.
б) заттар мен құбылыстардың табиғи ерекшеліктерін сипаттайтын ұғымдарды меңгерту.
Бұл жұмыстар баланың ақыл – ойы мен тілі қатар дамығанда нәтижелі болады.
Бағдарламадағы қоғамдық өмір құбылыстары және айналамен танысу тақырыптарын төмендегіше топтауға болады:
Тұрмыстық заттар жайында түсінік беру, қоғамдық өмірмен таныстыру, адамдар еңбегі, табиғат жөнінде алғашқы түсініктерін қалыптастыру, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыру т.б.
1.Мектепке дейінгі педагогикадағы «тікелей қабылдау» деген терминнің балабақшадағы тіл дамыту сабақтарында сөздік қорын дамыту сабақтарында қатысы бар. Балабақша үйімен танысу, топсаяхатқа шығу жеке заттарды (киім, ыдыстар, көкөністер т.б.) үлкендер еңбегін тікелей бақылайды. Тікелей бақылау кезінде баланың ойлауы да күрделенеді; объекті жөнінде ұғым пайда болады, оның білгілерін талдап, басқа өзіне таныс нәрселермен салыстырады. Бақылау процесі кезінде тәрбиеші балалардың байқағандарын сөзбен жеткізулерін талап етеді.
Тәрбиеші бақылауға басшылық жасағанда балалардың бір объектімен толық танысып, содан соң екіншісіне көшулеріне рұқсат береді. Бақылау барысында балалар өздеріне таныс заттар, құбылыстар атауларын естеріне түсіріп, бекітіп жаңа сөздермен танысады. Сондықтан тәрбиеші бақылау жұмысын бастамас бұрын, балаларға үйретілетін жаңа сөздерді нақтылауы тиіс. Мысалы, көше қозғалысын байқауда – оң жақ,, сол жақ, аялдама, көпір, гүлзар т.б. сөздермен таныстыруға болады.
Бақылауды іс-жүзінде пайдаланумен ұштастырса, балалардың объектіге деген қызығушылығы арта түседі. Айталық, кітапханамен танысуға барғанда, балаларға одан жазылып кітап алуға мүмкіндік жасау керек. (м.д. тобы)
Мұндай белгілі бір объектімен танысу сабағын В.И.Логинова белгілі үш түрге бөледі:
1. Затпен бірінші рет танысу және сөздік қорға соған байланысты жаңа сөздер енгізу.
2. Заттың сынын, сапасын, ерекшелігін байқау, салыстыру.
3. Сол затты пайдалану арқылы түсінікті ұғымды кеңейту.
Осы аталған сабақтардың жалпы міндеті - бақылата отырып, баланың сөздік қорын дамыту.
Мектеп жасына дейінгі баланы түрлі материалдармен (мата, әйнек, қағаз, тері, ағаш, металл, пластмасса) танысады және оларды затқа айналдырудың жолдарын (тігу, қию, желімдеу, жабыстыру т.б.) түсінеді. Сөйтіп, балалар заттардың, нәрселердің неден жасалатындығын, қалай жасалатындығын ажырата бастайды. Заттарды жасалған материалына, белгілеріне қарап, салыстырып үйретеді.
2.Балабақшада балалардың сөздік қорын дамытуда картинамен жұмыс жүргізудің мәні үлкен.
Картинамен таныстыруда балаларға бұрыннан таныс бөлігінен бастаған жөн. Картинада белгіленген балаға белгісіз жәйттарды тәрбиеші өзі түсіндіріп, балалардың пассивті сөздерін кеңейтеді.
Тәрбиеші бағдарлама талабына сай келетін белгілі суретшілердің картиналарын таңдап, өзі танысып, балаларға үйретілетін жаңа сөздерді белгілейді. Картинаны таныстырғанда сұрақ тәсілі басты роль атқарады және сұрақтар да түрліше өзгертіліп қойылады.
а) картинаның жалпы мазмұнын түсіндіру үшін картина не туралы? Қалай атауға болады?
ә) картинада белгіленген жеке заттарға көңіл бөлу үшін - Бұл не? Қандай нәрсе? Неге ұқсайды?
б) картина бөліктеріндегі байланысты табу үшін – Не үшін керек? Бір-біріне қалай ұқсайды?
в) бала қиялын дамыту үшін тағы да ненің суретін салуға болады? Оны қалай таптың? деген тұрғыдағы сұрақтарды жалғастыруға болады.
3.Сөздік қорды дамыту сабағында сөздік жаттығуларда кеңінен қолданылады. Мұндай жаттығулар көбінесе жоғарғы топтарда өткізіледі. Мысалы, бала тіліндегі қимылды білдіретін сөздерді жандандыру үшін «Кім не істейді?» жаттығуы кезінде балаларға емдейді, оқытады, жүргізеді, тігеді, салады, қалайды,т.б. етістіктерді естеріне түсіреді. Немесе «Сапасын анықта» жаттығуы арқылы балалар сын есімдерді (алма, алмұрт, тәтті; құрт, айран ащы, қышқыл; ағаш, тас, қатты; т.б.) айтады.
4.Мектеп жасына дейінгі бала тілінің сөздік қорын жандандыруда жұмбақтардың да мәні үлкен.
Жұмбақтарды табиғат көріністерін, заттардың, ойыншықтардың қасиетін, сынын, байқату кезінде айтқызуға болады.
Мысалы,
Қанаты жоқ - ұшады,
Аяғы жоқ - қашады.
(Жел)
Жүреді бой тастап, ойқастап,
Басында айдары, иекте сақалы бар.
(Әтеш)
Осылайша жұмбақтарды шешіп үйренгеннен кейін, балалардың өздеріне жұмбақ құрастыруға болады. Жұмбақ құрастыру арқылы бала теңеу, салыстыру, эпитет сөздерді пайдаланып, тіл байлығын кеңейтеді, керекті сөзді мағынасына қарай тез табуға жаттығады.
Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі баланың сөздік қорын дамытуда диафильмдер көрсету, көркем әдебиетпен таныстыру (бұған кейінірек тоқталамыз) да жиі қолданатын тәсілдер.
5..Жалпы мағынасы бойынша топқа бөлінген сөздерді балалардың меңгерулері бірнеше сатыдан тұрады.
1. Жалпылаудың нольдік сатысы немесе дәрежесі.
Бұл сатыда бала жалқы есімді де, жалпы есімді де түсініп қабылдайды. Мысалы, ата, әже, кітап, орындық т.б. Жалпы есім сөздерді Айнұр, Айгүл деген есімдер секілді жалқы есім деп түсінеді
2. Жалпылаудың І – ші дәрежесі. Яғни біртектес заттардың, іс-әрекеттердің жалпы атауын түсіну. Мысалы допты көрген бала соған ұқсас нәрселерді мөлшеріне, материалына қарамастан доп деп түсінеді.
Жалпылаудың ІІ – ші дәрежесі. Бұл кезеңде тектік ұғымды білдіретін сөздерді бала ажырата бастайды. Мысалы, үстел, орындық, шкаф – бәрі де жиһаз екендігін, ал көйлек, костюм, пальто - киім түрлері екенін түсінеді. Бұл дәрежедегі сөздерге балалар үш жастан кейін үйренеді.
Жалпылаудың ІІІ – ші дәрежесі. Бұл кезеңде балалар ІІ- ші дәрежедегі сөздердің қандай топтарға жататындығын меңгереді. Мысалы, жиһаз, аяқ киім, ыдыс –аяқ, ойыншықтар – бәрі де заттар екендігін, ал, ақ, қызыл, сары, жасыл түстердің түрлері екендігін түсінеді. Мұндай сөздердің топтарын 5-6 жасқа келгенде жақсы меңгереді.
Жалпылаудың ІV – ші дәрежесі. Бұл кезеңде балалар әр топтағы лексикалық сөздерді, мысалы, зат атауларын, қимылды білдіретін сөздерді, заттың санын, сапасын білдіретін сөздерді толық ажырата алады. Мұндай сөздерді 6-7 жасқа келгенде айқын ажыратып, тәрбиеші сұрағына жауап бере алады.
Егер балалар жалпылыудың төртінші дәрежесіндегі сөздердің мағынасын үйренуге қабілетті болса, онда олар лингвистикалық ұғымдарды оқып үйренуге даяр болғаны: Бұл мүмкіндік толық дәрежеде жас өспірімдік шақ сатысында туады.
№ 15-16 дәріс тақырыбы:
Достарыңызбен бөлісу: |