Мультимедиа жөнінде түсінік
Қазiргi таңда бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру процесiне байланысты ақпаратты-бiлiм беру ортасы, ақпаратты-пәндiк орта, кәсiби-ақпараттық бiлiм беру ортасы, оқытудың компьютерлiк технологиялары, оқытудың ақпараттық технологиялары, ақпаратты-коммуникациялық технологиялар, бiлiм беруге арналған ақпаратты-коммуникациялық технологиялар, мультимедиа, мультимедиалық технологиялар, бiлiм берудегi мультимедиа, мультимедианың бағдарламалық құралдары, мультимедиалық ресурстар секiлдi бiрқатар терминдер оқулықтар мен ғылыми мақалаларда қолданыла бастады.
Ендi осы түсiнiктерге талдау жасап көрейiк. Алдымен, осы түсiнiктерде көп қолданылатын „орта” терминiне тоқталайық. Орта макроорта және микроорта ұғымдарын құрайды. Макроорта қоғамдық-экономикалық жүйелердi қамтыса, микроорта жеке тұлғаның айналасындағы жанұя, ұжым секiлдi жекелеген элементтерден құралады.
Бiлiм беру ортасы – бiлiм беру мекемелерiндегi оқыту технологиялары мен ақпараттық ресурстардың жиынтығы.
Ал, ақпаратты – бiлiм беру ортасы ұғымына қатысты В.А.Красильникованың: „бiлiм беру ортасы ешқашанда ақпаратсыз бола алмайды, бұл жердегi „ақпаратты” сөзi ақпараттық технологияларға қатысты айтылып тұр” деген пікірімен қосылғымыз келеді. Сондықтан да, ақпаратты-бiлiм беру ортасы – ақпараттық бiлiм ресурстарын пайдалануға мүмкiндiк беретiн ақпараттық технологиялар негiзiнде құрылған оқыту технологиясының жиынтығы деген тұжырым жасай аламыз.
Ақпаратты-пәндiк орта – белгiлi бiр пәнге қатысты ақпаратты пайдалануға бағытталған ақпаратты-бiлiм беру ортасының құрамы.
Кәсiби-ақпараттық бiлiм беру ортасы – белгiлi бiр мамандық иесiнiң кәсiби iс-әрекетiнде пайдалануға арналған компьютерлiк және телекоммуникациялық технологиялар негiзiнде құралған аппаратты-бағдарламалық жабдықтар жиынтығы.
Оқытудың компьютерлiк технологиясы, оқытудың ақпараттық технологиялары секiлдi терминдерге талдау жасау үшін алдымен „оқыту”, „технология” ұғымдарының мағынасын ашып алуымыз қажет.
Оқыту – педагогтардың жетекшiлiгiмен тұлғаның бiлiмiн, ебдейлiгiн, дағдысын қалыптастыруға бағытталған, жоспарлы және жүйелi түрде жүзеге асырылатын процесс.
Технология - шеберлiк туралы ғылым, techne – өнер, шеберлiк, logos – ғылым. Энциклопедиялық еңбектерде келтiрiлген анықтама бойынша „технология - өнiм өндiру процесiнде өнiмнiң, материалдың немесе полуфабрикаттың формасын, қасиетiн, қалып-күйiн өзгертудi, өңдеудi жүзеге асыратын әдiстер жиынтығы”.
Оқытудың компьютерлiк технологиясы – ақпаратты жинақтау, ұсыну және бақылауды ұйымдастыру, танымдық iс-әрекеттi басқару секiлдi педагогтың атқаратын функцияларының компьютерлiк техника негiзiнде педагогикалық шарттарын құрудың әдiстерi мен тәсiлдері жиынтығы.
Оқытудың компьютерлiк технологиясы оқытушы мен студенттiң, мұғалiм мен оқушының арасындағы қатынас формасын өзгертедi. Бұл өз кезегiнде оқу мотивациясын күшейтедi, оқытудың қарқындылығын арттырады. Оқу мотивациясы дегенiмiз – танып-бiлуге ұмтылдыратын қозғаушы күштердi дамытудың әдiстерi, құралдары мен тәсiлдерi.
Оқытудың ақпараттық технологиялары – білім беруге бағытталған компьютерлiк техниканың, телекоммуникациялық байланыс құралдарының, инструменталды бағдарламалық жабдықтардың жиынтығы.
Ақпаратты-коммуникациялық технологиялар - локалдық, аймақтық, бүкiл әлемдiк желiлерде ақпарат алмасуды жүзеге асыратын қазiргi заманғы байланыс құралдарының барлық түрлері, бағдарламалық жүйелер мен кешендер (бағдарламалау тiлдерi, трансляторлар, компиляторлар, операциялық жүйелер, қолданбалы бағдарламалық жабдықтарды дайындауға арналған инструменталды пакеттер), мультимедиа, телекоммуникация секілді техникалық-бағдарламалық құралдар жиынтығы.
Ал, оқу-әдiстемелiк, нормативтi-құқықтық, ұйымдастырушылық-техникалық материалдарды бiрлесе пайдалану негiзiнде жұмыс iстейтiн болса, мұны бiлiм беруге арналған ақпаратты-коммуникациялық технологиялар деп қарастыруға болады.
Ақпаратты-коммуникациялық технологиялар қызметі мынадай қасиеттерімен сипатталады:
өңдеу процесінің нысаны мәліметтер болып табылады;
ақпараттық процестің мақсаты ақпарат алмасуға негізделеді;
ақпараттық процесті жүзеге асыру құралдарын бағдарламалық, аппараттық, бағдарламалы-аппараттық кешендер құрайды;
ақпараттық процесті тиімділендіру параметріне ақпаратты тұтынушыға жеткізудің дәлдігі, сенімділігі, толықтығы жатады.
Енді ұлы дидактик Я.А.Коменский „Алтын ережеге” балаған көрнекілік ұстанымының талаптарына толық жауап бере алатын мультимедиалық технологиялар ұғымдарын қарастырайық. Алдымен мультимедиа ұғымына талдау жасап көрейік.
Мультимедиаға зерттеушi ғалымдар түрлiше анықтама бередi:
Мультимедиа - әртүрлi типтi ақпараттарды компьютердiң ұсыну мүмкiндiгiн дамытатын және адамның мультисенсорлық табиғатына негiзделген технология (D.Little).
Мультимедиа - екi не онан да көп типтi ақпараттарды интерактивтi формада бiрiктiру (D.H.Jonassen).
Мультимедиа - әртүрлi формада ұсынылған ақпараттарды бiрiктiруге мүмкiндiк беретiн компьютердiң аппараттық және бағдарламалық құралдары кешенi (И.И.Косенко).
Мультимедиа - графика, гипермәтiн, дыбыс, анимация, бейнемәлiметтердi пайдалануға мүмкiндiк туғызатын аппаратты-бағдарламалық құрал (И.Вернер).
Мультимедиа терминi латын тiлiнiң „multy” (көп) және „media” (орта) деген сөздерiнiң бiрiгуiнен құралған. Сондықтан да, мультимедиалық жүйеге арналған оқулықтарды, ғылыми еңбектердi саралай келе бұл терминге „ақпараттық орта” деген мағына беруге болады. Ал, ақпараттық орта түсiнiгiн белгiлi бiр ортада ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы ақпаратты ұсыну мен өңдеуге бағытталған арнайы ұйымдастырылған процесс деп қабылдай аламыз.
Осы орайда, мультимедиаға және оған қатысты ұғымдарға өздiгiмiзше анықтама бере кетейiк.
Мультимедиа - компьютерлiк графикамен, суреттермен, бейнеақпараттармен, анимациямен, мәтiндермен, жоғары сапалы дыбыстармен жұмыс iстеудi қамтамасыз ететiн интерактивтi жүйе.
Кез келген қарым-қатынас тілінде әртүрлі мағынада қолданылатын сөздер бар. Сол секілді „мультимедиа” сөзін де бірнеше мағынада қолдана аламыз.
Яғни, мультимедиа –
әртүрлі типті ақпараттарды өңдейтін құралдарды жасаудың, пайдаланудың тәртібін анықтайтын технология;
әртүрлі типті ақпараттарды өңдеу мен ұсыну технологиясы негізінде құрылған ақпараттық ресурс;
түрлі типті ақпараттарды өңдеу мен ұсынуға мүмкіндік беретін компьютерлік бағдарламалық жабдық;
пайдаланушыға барынша тиімді әсер ету мақсатында түрлі бағдарламалық және техникалық құралдарды пайдаланатын ақпараттық технологиялар спектрі.
Мультимедиалық технологиялар - әртүрлi типтi мәлiметтердi дайындау, өңдеу, бiрiктiру, ұсыну әрекеттерiн аппараттық және бағдарламалық жабдықтарды пайдалану арқылы жүзеге асыратын технологиялар (әдiстер мен тәсiлдер)жиынтығы.
Бiлiм берудегi мультимедиа - бiрiншiден, таным процесiнiң жоғарылауына септiгiн тигiзетiн, екiншiден, бiлiм беру мазмұнын интерактивтi формада ұсынатын дидактикалық аппаратты-бағдарламалық құрал.
Мультимедианың бағдарламалық құралдары – кез келген типті ақпаратты интерактивтi режимде пайдалануға мүмкiндiк беретiн компьютердiң бағдарламалық жабдықтары.
Мультимедиалық ресурстар - мультимедиалық құралдар және арнайы бағдарламалық жабдықтар көмегiмен дайындалған ақпараттық өнімдер.
Мультимедианың дамуы бейнетехникалық және дербес компьютерлiк технологиялардың өркендеуi нәтижесiнде жүзеге асуда. Мультимедиа статикалық (мәтiндiк, кестелiк, графиктiк) және динамикалық (анимациялық, бейнелiк), дыбыстық ақпараттарды талапқа сай дәрежеде ұсынуды iске асырады. Оның жалпы сипатын 1-ші суреттегiдей бейнелей аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |