Білім беруде мультимедиа-технологияларды пайдалану


БӨЛІМ. Мультимедиалық технологиялар – оқытудың



бет4/65
Дата06.01.2022
өлшемі1,23 Mb.
#14681
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   65
Байланысты:
Білім берудегі мультимедиа (1)

1 БӨЛІМ. Мультимедиалық технологиялар – оқытудың

дидактикалық жүйелері


    1. Мультимедиа негіздері


1.1.1 Ақпарат. Ақпарат ұғымы
Мультимедиа әртүрлі типті ақпараттарды өңдеу мен ұсынудың тиімді құралы болып табылады. Сондықтан да, мультимедиаға сипаттама беру, оның ерекшелігін анықтау үшін алдымен информатика ғылымы зерттейтін ақпарат, ақпараттандыру, ақпараттық процесс ұғымдары, ақпарат түрлері және оларды ұсыну әдістері қарастырылуы қажет.

Ақпарат термині латынның informatio - танысу, түйсiну, түсiну деген сөзінен шыққан. Алғашқы кезде ақпарат ұғымына „бір адамнан екінші бір адамға ауызша, жазбаша немесе басқа да әдістер арқылы берілетін мәлімет және осы мәліметті беру мен қабылдау процесі” деген анықтама берілді. Кей жағдайда ақпаратты ғалымдар материя, энергия сияқты философиялық категориялардың қатарына жатқызады. Мысалы, Р.Ф.Абдеевтiң еңбегiнде көптеген ғалымдардың ақпаратқа берiлген анықтамалары келтiрiлген. Солардың бiрнешеуiне тоқталайық:

  • ақпарат - құрылымның күрделiлiк өлшемi (Моль);

  • ақпарат - таңдау ықтималдылығы (Яглом);

  • ақпарат - энтропияның терiстiгi (Бриллюэн).

Бiздiң түсiнiгiмiзше, кең мағынада ақпарат - әлемнiң келбетi, ал, тар мағынада – кез келген объект немесе субъект жөнiндегi мәлiмет.

Ақпараттың мынадай қасиеттері бар:



  • тұтыну кезінде көлемі азаймайды;

  • пайдалану кезінде тұтынушылар санына шек қойылмайды;

  • бір орыннан екінші орынға тасымалдау процесі жылдам жүргізіледі;

  • қандай да бір мазмұндағы ақпарат әртүрлі формада ұсыныла алады т.б..

Ақпараттандыру – азаматтардың ақпараттық тұтынушылығын қанағаттандыру үшiн тиiмдi шарттарды құру процесi. Басқаша айтқанда, ақпараттандыру – ақпараттық-техникалық құралдарды (мысалы, компьютерлiк техникаларды) бағдарламалар, әдiстемелiк құралдар кешенiмен жабдықтау. Көп жағдайда пайдаланушылар ақпараттандыруды „компьютерлендіру” ұғымымен бірдей түсінік ретінде қарастырады. Компьютерлендiру - бiлiм беру жүйесiн компьютермен жабдықтау. Бұл екi ұғымды бiрi-бiрiнен бөлiп қарауға болмайды. Бiрақ, компьютерлендiру ұғымы ақпараттандыру ұғымының құрамына кiредi.

Адам ақпаратты сезім мүшелері арқылы қабылдайды, мидың және орталық нерв жүйесінің көмегімен ақпаратты өңдейді, есте сақтайды. Адамның ойша есеп шығаруы, мәтінді бір тілден екінші тілге аударуы ақпаратты өңдеу процесінің мысалдары. Ақпаратты өңдеу процесі адамның ақыл-ой іс-әрекетіне байланысты.

Қандай да бір нәтижеге жету мақсатындағы ақпаратқа қатысты іс-әрекеттер тізбегінің жиынтығы ақпараттық процесс деп аталады.

Ақпараттық процесс адамға қатысты әлемде ғана емес, табиғатқа қатысты да жүреді. Тірі табиғатта популяциялық түрленулер тұрақты ақпарат алмасуға негізделген. Мысалы, өсімдіктер әлеміндегі жыл мезгіліне байланысты өзгерістер – ақпараттық процесс нәтижесі. Атап айтқанда, ауа температурасының өзгеруі, күн сәулесінің ұзақтығы өсімдіктердің өмір сүруі үшін маңызды.



Ақпарат түрлерін жіктеудің бірнеше критерийлері бар. Бірінші критерий ретінде көру, есту, иіс сезу, сипап сезу, дәм сезу сияқты адамның ақпаратты қабылдау түрлерін атауға болады. Қабылдау түрлеріне байланысты ақпаратты негізгі үш топқа бөлеміз:

  1. Мәтін, кескін, графика, сурет, фотосурет, анимация, бейнефильм секілді көру арқылы қабылданатын ақпараттар. Мұны визуалды ақпарат деп атайды.

  2. Дыбыс, сөз, әуен сияқты есту арқылы қабылданатын ақпараттар. Мұны дыбыстық ақпарат деп атайды.

  3. Арнайы техникалық құралдар көмегімен адамның сенсорлық жүйесі арқылы қабылданатын ақпараттар. Мұны сенсорлық ақпарат деп атайды.

Бұл келтірілген ақпарат түрлері басқа критерийлер бойынша да жіктеледі. Соның бірі – адамның ақпаратты қабылдау әдісіне байланысты. Сондықтан да адам қабылдайтын ақпаратты тура және ассоциативті ақпарат деп бөлеміз.

Қандай да бір объектінің немесе процестің негізгі қасиетін сипаттайтын ақпаратты тура ақпарат деп атайды. Мысалы, судың мөлдірлігі, түссіздігі және сұйықтығы.

Адамның бір тақырып төңірегіндегі бұрын қабылдаған ақпараты мен жаңа ақпаратты салыстыру, елестету арқылы қабылдауын ассоциативті ақпарат деп атаймыз. Мысал ретінде, жоғарыда келтірілген судың негізгі сипаттамалары арқылы оған қосымша сипаттама беретін ақпаратты келтіруге болады.

Ақпарат кеңістік арқылы ғана емес, уақытқа байланысты да таратылады. Мысалы, ежелгі сына жазулары, Күлтегін жазбасы, жартастардағы суреттер, адамның гендік қасиеттерінің ұрпақтан ұрпаққа берілуі т.б.

Ақпаратты ұсынудың бірнеше әдістері бар. Ауызша, жазбаша және сурет, графика, бейнемәлімет, дыбыстық мәлімет арқылы көрнекілік негізде ұсыну т.б. Ақпаратты ұсыну үшін алдымен жинақталған, өңделген, сақталған ақпарат болуы керек. Адам ақпаратты іздеу, жинау, сұрыптау, өңдеу, сақтау арқылы ғана ой-елегінен өткізіп ұсына алады. Сонымен қатар, баспа құралдары, техникалық құралдар арқылы да ақпаратты тарата аламыз.

Бақылау сұрақтары:


  1. Ақпарат деген не?

  2. Ақпараттың қандай түрлері бар?

  3. Ақпараттық процесс деген не?

  4. Ақпараттандыру мен компьютерлендіру ұғымдарының айырмашылығы қандай?

  5. Ақпаратты ұсынудың қандай әдістері бар?





      1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет