2020 жылғы « » ____________ № _____ бұйрығына 3- қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2020 жылғы «13» тамыздағы
№ 345 бұйрығына 4-қосымша
Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеу шаралары кезеңінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар
1-тарау. Жалпы ережелер.
1. Осы 2020-2021 оқу жылында жоғары оқу орындарының оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар (бұдан әрі – Ұсынымдар)
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі-ЖЖОКБҰ) басшыларына, ЖЖОКБҰ құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, білім беру бағдарламаларының басшыларына, профессорлық – оқытушылар құрамына (бұдан әрі-ПОҚ) 2020-2021 оқу жылында ЖЖОКБҰ - ның білім беру процесін тиімді ұйымдастыру және академиялық саясатын іске асыру мақсатында көмекші құрал ретінде әзірленген.
2. COVID-19 белсенділігі жағдайында жаңа оқу жылында ЖЖОКБҰ келесі бағыттар бойынша ұйымдастырушылық іс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді:
1) ЖЖОКБҰ-ның оқу корпустары мен жатақханаларында санитариялық-эпидемиологиялық режимді (бұдан әрі – СЭР) қамтамасыз ету;
2) барлық қызметкерлер мен білім алушыларды СЭР-мен қамтамасыз ету регламентімен таныстыру;
3) білім беру қызметін карантин жағдайын ескере отырып ұйымдастыру;
4) АКТ қолданумен жұмыс дағдыларын үйрену үшін ПОҚ біліктілігін арттыру;
5) жеке білім беру контентін (онлайн курстарды) әртүрлі білім беру платформаларында барлық деңгейлер бойынша әзірлеу;
6) Сапаны қамтамасыз ету саясаты мәнмәтініндегі оқу сапасының мониторингін жүргізу;
7) академиялық адалдық қағидаларын сақтау,
8) аралық және қорытынды аттестаттау өткізу рәсімдерінің прокторинг жүйесін қамтамасыз ету;
9) университет қызметін техникалық жарақтау, қашықтықтан және аралас оқыту форматтарының талаптарына сәйкес құжат айналымы мен коммункацияларды, оқу процесін ұйымдастыру (электронды құжат айналымы, электронды кесте, электронды кітапхана және т.б.)
3. ЖЖОКБҰ-ға өзінің Даму стратегиясын, Академиялық саясатты, сондай-ақ жаңа оқу жылына білім беру процесін ұйымдастыру форматын жаңарту ұсынылады.
4. Әрбір нақты өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып және белгілі әкімшіліктік-аумақтық бірліктің бас санитариялық дәрігерінің шешімдері негізінде ЖЖОКБҰ СЭР-дің әртүрлі деңгейлерін қамтамасыз етеді.
5. Карантин кезінде білім беру процесі келесі форматта ұйымдастырылуы мүмкін:
1) қашықтықтан оқыту;
2) аралас оқыту.
6. Қашықтықтан оқыту - педагог қызметкерлер мен білім алушылардың өзара және педагогикалық, сондай-ақ ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып оқыту құралдарымен өзара іс-қимылының уақыт пен кеңістікте мақсатты түрде ұйымдастырылған және келісілген процесі.
7. Аралас оқыту - бұл ЖЖОКБҰ-ның білім беру порталында орналастырылған арнайы электрондық оқу материалдарын пайдаланатын дәстүрлі күндізгі оқытуды онлайн оқытумен ұштастыру негізінде білім беру процесін ұйымдастыру.
8. Осы Ұсынымдардың мақсаты – карантин жағдайында қашықтықтан немесе аралас оқыту форматында білім беру процесін ұйымдастыруда ЖЖОКБҰ мен ПОҚ-ға әдістемелік көмек көрсету.
9. Осы Ұсынымдар келесі міндеттерді шешуге бағытталған:
1) ЖЖОКБҰ-ның білім беру процесін қашықтықтан оқыту форматында ұйымдастыру және оның сапасын қамтамасыз ету;
2) ЖЖОКБҰ-ның оқу корпустарында, жатақханаларында және аумағында санитариялық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз ету;
3) оқыту технологияларын/әдістерін қолдану бойынша ұсынымдар: төңкерілген оқыту, онлайн-курс, аралас (белсенді емес) курс, аралас (интерактивті), интерактивті онлайн курс;
4) кәсіби тәжірибелер мен теориялық оқытудың барлық түрлерін біріктіру;
5) ЖЖОКБҰ-ның жеке курстарын онлайн платформаларда әзірлеу;
6) қашықтықтан оқыту форматында аралық және қорытынды аттестаттау кезінде прокторинг жүйесімен қамтамасыз ету;
7) білім алушылардың білім беру бағдарламасының контенті арқылы цифрлық дағдыларын қалыптастыру;
8) ЖЖОКБҰ-да көпшіліктік ашық онлайн-курстарды қолдану есебінен аралас оқытуды енгізу;
9) онлайн-курстарды қолдана отырып, желілік білім беру бағдарламаларын іске асыруда ЖЖОКБҰ-мен өзара іс-қимылды кеңейту.
10. Осы Ұсынымдарда келесі терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) қашықтықтан білім беру технологиялары (ҚБТ) – білім алушы мен педагогтың жанама (қашықтықта) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту;
2) төңкерілген оқыту - бұл оқыту моделі, онда оқытушы онлайн режимінде өз бетінше оқуға арналған дәріс материалын ұсынады, ал күндізгі сабақта материал практикалық шоғырландырылады. Білім алушылар өз бетінше бейне дәрістер арқылы білім алады және өзін-өзі тексеруге арналған тест тапсырмаларын орындайды. Материалды өз бетінше зерделегеннен кейін күндізгі сабақтарда білім алушылар дәрістердің мазмұнын талқылап, үйде алған білімдерін іс жүзінде қолдана алады, оқытушыдан кеңес ала алады;
3) білім беру порталы - ҚБТ бойынша білім беру процесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әкімшілік-академиялық және оқу-әдістемелік ақпаратты қамтитын, Интернет ақпараттық ресурстары мен сервистерінің жүйелік-ұйымдастырылған, өзара байланысты жиынтығы;
4) жаппай ашық онлайн курс (бұдан әрі – ХОК) – электрондық оқыту технологияларын қолданумен және Интернет арқылы ашық қолжетімділікпен жаппай интерактивті қатысумен оқыту курсы;
5) онлайн прокторинг – жеке тұлғаны тексеру және онлайн-емтихандардың нәтижелерін растау жүйесі;
6) цифрлық білім беру ресурстары (бұдан әрі – ЦБР) – бұл интерактивті нысанда оқытуды қамтамасыз ететін оқытылатын пәндер және (немесе) модульдер бойынша дидактикалық материалдар: фотосуреттер, бейнефрагменттер, статикалық және динамикалық модельдер, виртуалды шындық және интерактивті модельдеу объектілері, дыбыс жазбалары және өзге де цифрлық оқу материалдары;
7) оқытуды басқару жүйесі (LMS) - электрондық оқытуды, виртуалды сыныптар мен онлайн-курстарды қоса алғанда, барлық оқу іс-шараларын жоспарлау, өткізу және басқару үшін жоғары деңгейлі, стратегиялық шешім;
8) синхронды оқыту - тыңдаушылар мен оқытушылар арасындағы өзара іс-қимыл нақты уақыт режимінде өтетін онлайн-оқытудың бір түрі. Тыңдаушылар ақпарат ала алады, онымен өз бетінше немесе топтарда жұмыс істей алады, оны кез келген жерден барлық уақыт аралығында басқа қатысушылармен және оқытушылармен талқылай алады;
9) асинхронды оқыту - білім мен дағдыларды беру процесі белгілі бір орын мен уақытқа байланысты емес оқыту форматы;
10) геймификация (игрификация) - онлайн-оқыту процестеріне ойын маңыздылығын беру, оның әдістері оқытуды ережелермен, рөлдермен, виртуалды марапаттармен, миссиялармен, ойын мақсатына жету үшін мағыналы таңдау жасау мүмкіндігімен қызықты ойын процесіне айналдырады.