Визуалдық диагностика
Минералдық тыңайтқыштарды қолдану практикасында ең ертесі болып өсімдіктердің қоректенуін сыртқы нышандары бойынша диагностикалау саналады. Минералдық қоректенудің визуалдық диагностикасына С.М.Воробьев (1917), М.А.Белоусов (1937), А.В.Соколов (1944), К.П.Магницкий (1960,1964), В.В.Церлинг (1960) жұмыстарында көп көңіл бөлінген.
Кейбір қоректену элементтерінің жетіспеуіне әр түрлі өсімдіктер бірдей сезінбейді. Оған кейбір өсімдіктер өте сезімтал келеді, олардың бастапқы өсу кезеңінде-ақ сыртқы өзгерістері пайда болады. Өсімдіктердің сыртқы түрлері бойынша кейбір қоректену заттардың жетіспеушілігін білуге болады.
Мәдениленген дақылдар сәл қышқыл, нейтралды және сәл сілтілі жағдайда жақсы өсіп, дамиды:
• жемісті дақылдар -шие, қараөрік, өрік, шабдал;
• көкөніс дақылдар-жуа, салат, қияр, қызылша, түйебұршақ;
• гүлдер-қашқаргүл, ақсәуле, жұлдызшешек, раушангүл, бақытгүл, пералгония, наурызгүл.
Қышқыл ортада ақ қауданды және түсті капуста, шалғам жақсы өседі.
Жоғары қышқылдыққа шығыс гүлі және бөрібұршақ төзімді.
Орташа қышқылды ортада құлпынай, бүлдірген, ал сәл қышқыл ортада қарлыған жақсы өседі.
Жетіспейтін қоректену элементтерін білдіретін өсімдіктер:
• азот үшін - капуста;
• фосфор үшін - картоп, қызанақ, тарна, жүгері, алма, мал азықтық шалқан;
• калий үшін - картоп, қызылша, капуста, жүгері, түйебұршақ, алма, жоңышқа;
• магний үшін - капуста, картоп, қарақат, алма;
• темір үшін - капуста, картоп, таңқурай, алма;
• бор үшін - қант қызылшасы, күнбағар, алма, зығыр;
• марганец үшін - капуста, қызылша, картоп, сұлы;
• жез үшін - бидай, арпа, сұлы, алмұрт;
• цинк үшін - жүгері, соя, түйебұршақ, алма, алмұрт, шырын жемісті өсімдіктер;
• молибден үшін - капуста, салат, бұршақ шөптер, шырын жемісті өсімдіктер.
2.6.3.2. Өсімдіктерге қажетті қоректену элементтерінің
жетіспеушілігін анықтау
Қоректену элементтерін өсімдіктердің қажет етуін визуалды диагностикалау келесілерді білуге негізделінген:
• индикатор-органдарды (ең алдымен бұларда қоректену элементтерінің жетіспеушілік нышандары байқалады);
• қоректену элементтері (өсімдіктің бір бөлігінен басқасына ауысу қабілеті бар).
Дж. Мак-Мертри (1957) өсімдіктердің минералдық қоректену жетіспеушілігінің симптомдарын екі ірі топқа бөлуді ұсынады.
Бірінші топ - сиптомдар өсімдіктердің кәрі жапырақтарында байқалады. Оларға азоттың, фосфордың, калийдің, цинктің, магнийдің жетіспеушілік симптомдары жатады. Топырақта бұл элементтер жетіспесе, олар өсімдіктің кәрі, төменгі бөліктерінен өсіп жатқан жас бөліктеріне (жетіспеу нышандыры дамымаған) ауысады.
Екінші топ - симптомдар жоғарғы жапырақтарда, өсу нүктелерінде байқалады. Бұл жетіспеу тобына кальций, бор, күкірт, темір, мыс, марганец жатады. Бұл элементтер өсімдіктердің кәрі органдарынан жастауларына қарай ауысуға қабілетті емес.
Сонымен, топырақта бұл элементтердің мөлшері аз болған жағдайда жас, өсіп жатқан органдар қажетті қоректену элементтерін ала алмайды. Осының нәтижесінде өсімдіктерде жапырақтардың сипатты түсі, габитусы, орналасуы түрінде сигналды функциялар пайда болады.
Симптомдардың бірінші тобы ескі, кәрі жапырақтарда байқалады. Бұл топты екі топшаға бөлуге болады:
• бірінші топша - толық өсімдіктің немесе тек қана кәрі органдарының күй-жайына әсер етеді (мысалы, азоттың және фосфордың жетіспеуі).
• екінші топша - жергілікті (локальды) түрде байқалады, яғни жапырақтардың кейбір бөліктерінде байқалады (магний, цинк, калий).
Симптомдардың екінші тобы жас жапырақтарда немесе өсімдіктің өсу нүктелерінде байқалады. Бұл топты үш топшаға бөлуге болады:
• бірінші топша - хлороз байқалады немесе жас жапырақтар жасыл түсін жоғалтады, бірақ жоғарғы бүршік өлмейді (темірдің, күкірттің, марганецтің жетіспеуінен);
• екінші топша - жоғарғы бүршік өледі және жапырақтар жасыл түсінен айырылады (кальций, бор жетіспеуінен);
• үшінші топша - жоғарғы жапырақтар тұрақты сарғаяды (мыстың жетіспеуінен).
Картопқа қоректену элементтерінің жетіспеушілігін анықтау
Азоттың жетіспеуі
Түсінің өзгеруі жапырақтың басынан және шеттерінен басталып, біртіндеп барлық жапырақтардың жасыл түсі ақшылданады, кейін жапырақтар түсі ақшыл-сары түске айналады. Азоттың қатты жетіспеу жағдайында төменгі жапырақтардың шеттері хлорофиллден айырылып, қайырылады, кейде «күйікке» шалдығады. Өсуі тоқтатылып, жапырақтары түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |