Білім ордасы – білім мен ғылымды тоғыстырып, білімгерді кәсіби тәлім мен білімнің биігіне, ғылымның өріне баптап шығарып, қоғамға қызмет етуге даярлайтын қасиетті шаңырақ. Әрбір білім мекемесінің тағылымы терең тарихы, игі дәстүрлері, шеберлікпен шыңдалған ұлағатты ұстаздары мен талантты шәкірттері болады. Ол сонысымен ерекшеленіп абыройын асырып, қоғамның мақтанышына айналады. Елдің атын шығарып, келешегін айқындауда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің алған бағытының орны ерекше, олай деп ауыз толтыра айтуға мысалдар жетерлік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы ұстаздар аңсаған құжатқа қол жеткізгеннен соң, Ұстаздар ұстаханасының маман даярлаудағы жауапкершілігі арта түсті деуге әбден болады. Себебі, еркін елдің бүгінгі жастарын кәсібіне деген патриоттық рухта тәрбиелеу, біздердің міндетіміз. Сондықтан жастарды шыңдауда университет өмірінің де рөлі ерекше екендігін нақты айта аламыз. Егер өткен күндер – осы шаққа баспалдақ, осы шақ – келер шаққа табалдырық десек, жастарға кәсіби тәрбие берудің негізгі бағыты – жас буынды кешегі тарихымыздың құндылықтары мен бүгінгі игіліктеріміздің шын мұрагерлері ретінде баулудың озық үлгілері біздің Қарашаңырақта бар екендігіне күмән жоқ.
Тарих қойнауына үңіліп, оқу ордамыздың өмірі мен тіршілігін, оқу мен тәрбие, білім мен ғылым, өнер мен спорт, беделі мен бірлігін паш етіп, келер ұрпаққа киелі Қара шаңырақ ұғымының баға жетпес құндылығын сабақтастықпен келер ұрпаққа қалдыру мақсатында университет ректоры Г.Д.Сугирбаеваның бастамасымен естелікке толы ғылыми-әдістемелік, мәдени-тағылымдық іс-шаралар ұтымды ұйымдастырылуда. Сол бағытта университеттің тыныс-тіршілігімен бірге қайнап келген «Қазығұрт» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің кешесі мен бүгіні тек шәкірттердің ғана емес, университет өмірінің бір сағасы.
«Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деген аңыздың негізінде адамзаттың бесігі аталып кеткен киелі Қазығұрттың атын 1996 жылы университетімізде құрылған фольклорлық-этнографиялық ансамбліне беру де тегін болмаса керек. Университет білімгерлері мен қызметкерлерінен құралған «Қазығұрт» университет ұжымын ғана емес, қазақ елін әнмен тербетіп келгелі 25 жыл толыпты. Тәжібаева Ұлбосын Қарынбекқызы ұйымдастырған фольклорлық-этнографиялық «Қазығұрт» ансамблі күні бүгінге дейін көпшілікке қызмет етіп келеді. Сол кезеңде университет басшысы білім мен тәрбие, спорт пен өнердің жанашыры болған Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегеріт.ғ.д., профессор Әбдімәлік Ашировтың қолдауымен бастау алған өнер ұжымы бүгінде кемеліне толған дария іспетті. Қазақстан ғылымы мен біліміне әліде аянбай қызмет жасап жүрген ардагер ұстаздың ғылыми жұмыстарының нәтижелері Өзбекістан, Қазақстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Турция және Германия, Польша және т.б. қалалардың өндірісіне ендірілген. «Қазақстан Республикасының ғылымының дамуына үлесі үшін» медалімен марапатталып, Кембридж және Лондон қалаларында бүкіләлемдік кітап көрмесінде екі оқулығына таныстырылым жасалынды.
Университет дамуында ерекше есімдері қалған оқу ордамызды басқарған ректорлар қатарында белгілі Әуезовтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор К.С.Сыздықов, техника ғылымдарының докторы, профессор Л.Т.Ташимов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор О.Аяшев сынды жанашыр басшыларды айтқымыз келеді. Білімді, көзі ашық, кәсіби бағытта жан-жақты білікті маман даярлауда басшылар тарапынан қолдау әркезде болып отырды. Қазір жаңалығы жылдам дәуірге аяқ басқан кезеңде білімді де білікті маман даярлауда сабақтастықпен үндескен тәжірибе көрініс табуда.
«Қазығұрт» бастау алған 85 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде сақталған сабақтастық үрдіс бойынша түрлі құрамда өнер ансамбльдері тоқтаусыз жұмыс жасап келеді. Сонау 1984 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институты аталып тұрған шақта ұйымдастырылған «Әлия» акапеллалық(сүйемелдеусіз орындалатын) қыздар ансамблі тек қана Қазақстанда ғана емес, алыс, жақын шетелдерде өнер көрсетті. Бұл жетістіктердің басы қасында оқу орнымыздың өркендеу дәуірінде басшылық жасаған оқу-ағарту ісінің үздігі, Шымкент қаласының құрметті азаматы Мырзахан Сәрсембаевтың болғанын, қатал да турашыл талаптың иесін университет тарихында сағынып еске аламыз.
Университет тарихында орны бар өнер ұжымының тоқтаусыз қызмет етуіне бірден-бір себепші Ұлбосын Тәжібаева 1992-2009 жылдар аралығында, өзі қызмет жасап жүрген оқу орнында Әйелдер Кеңесінің Төрайымы(1992-2009 жыл аралығында) және де облыстық әйелдер Кеңесінің мүшесі(1992-2012) болды, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Әйелдер Кеңесінің» мүшесі ретінде көптеген іс-шаралар атқарып, студент жастар тәрбиесіне өзінің қомақты үлесін қосып келеді. 1999-2003 жылдары Ұ.Қ.Тәжібаева Қазақстан Республикасы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. 30дан астам ғылыми еңбектердің, көрнекті құралдар мен газет журналдарда, топтамаларда жарияланған, терең мазмұнды мақалалардың авторы Ұ.Қ.Тәжібаеваға 2008 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігінің шешімімен «Мәдениет Қайраткері», ОҚО әкімдігінің «Облысқа сіңірген Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ОҚМПИ 80жыл» мерейтойлық төсбелгісімен, ҚР Президентінің жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған копбалалы ұстаз-ана.
Ұлбосын Тәжібаева ұйымдастырған қазақ музыка өнеріне үлкен жаңалық, жаңа леп болып келген, қазақ қыздарынан құралған «Әлия» қазақ әндерін керемет шеберлікпен үндестіре білген, талайдың таңдайын қақтырған. Репертуарында халық әндерін, классикалық әндерді, Шәмші Қалдаяқовтың, Бақытжан Байқадамовтың, Абайдың, түрлі туыстас халықтардың және композитор Аманбек Ақаевтың «Албырт сезім», «Алтынай», «Қыз есімі» сияқты бірнеше әндер болды. Ансамбльдің құрамында «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алушы Муталиева Гулмира Әзімханқызы, Шоктаева Пернеш Жантөреқызы, Абдраманова Лаура Мелдешқызы, Жанабаева Кулайхан Мустафаевна, Байгузиева Ғалия Құралқызы, Асхатова Майра Жамантайқызы, Омаршаева Нагима Таласбековна, Шалатаева Джамиля Шораевна, өнер көрсетті. Осы орайда, «Қазығұрт» әнінің авторы, осы ансамбльге әр кез рухани демеушілік ететін, ақын, жазушы, композитор, Шәмшінің шәкірті, Аманбек Ақаев екенін мақтанышпен айта аламыз.
Ансамбль қалалық, облыстық және Кеңестер Одағы көлемінде ұйымдастырылған ән байқауларының жеңімпазы атанды. Ерекше мақтанышпен айтуға болатын жайт, Кеңестер Одағы бойынша ұйымдастырылған «Студенттік көктем-1987» байқауының бас жүлдегері болып, Москва телеарнасынан «Товарищ песня» бағдарламасында жыл бойы әр сенбі сайын, көрсетіліп, Одақ көлемінде атағы кеңге таралып, «Лауреат» атағына ие болды. Ансамбльдің орындауындағы көп дауысты 10 шығарма Қазақстан Республикасының теледидарының «Алтын қорында» сақтаулы.
Университет дипломын алып, қанат қатайтып, өмір баспалдағының басқышымен ілгері аяқ басып білім ордасының қабырғасында сіңірген өнеге мен тәлімді өмірдің өзінен сабақ ала отырып, бұрынғыдан да айқын, бұрынғыдан да жарқыраған көңіл көзімен сезініп қызмет етіп жүрген ансамбльде мүше болған түлектер туралы айтқым келеді. ХХІ ғасырдың кез келген педагог маманға қояр талабы әмбебап мұғалім болу. Дегенмен әрбір адамға қалам ұстатып, әріп үйретуші мұғалімнің жан-жақты болуы әлдеқайда маңыздырақ. Мұғалімнің әмбебаптығы жан-жақты білімді, білікті, тартысқа түссе шыңнан көрініп, додаға түссе бәйгені бермес, шәкіртке түрлі әдістемелік жаңалығын ұсынатын маман болуы университеттен қаланатыны сөзсіз. Бұл мақсатта университет ұстаздарының еңбегі ерен.
Кезінде берілген кәсіби білімнің негізінде қазірде білікті маман болып жүрген университет түлектері әлі күге дейін ұстаздарынан байланыс үзген емес. Университетте «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Музыкалық білім» мамандығы бойынша білім алатын білімгерлерге музыкалық білім беру міндеті тұратын. Музыкалық білім беруде доцент Әбдеш Нұрымұлы 35 жыл қызметін абыроймен атқарып, 90-ға жуық ән және музыкалық шығармалардың авторы болды. «Әнші балапан», «Баян үйрену мектебі», «Әндер жинағы», «Музыка теориясы» атты оқулықтардың авторы. Бірнеше Республикалық сайыстардың лауреаты, дипломанты атанып Құрмет грамотасымен марапатталған ұлағатты ұстаз болып есте қалды.
Жоғары оқу орнын бітірген соң бастауыш және орта сыныптарда ән сабағынан сапалы да қызықты өткізіп жүрген түлектеріміздің жетістіктерін ансамбль жетекшісі Ұлбосын Қарынбекқызы үлгі етіп айтып отырады.
Алғашқы құрамда болған Муталиева Гулмира Әзімханқызы қазірде «Педагог–шебер» ретінде бастауыш сынып балаларына білім береді, «Оңтүстік Қазақстан облысының үздік мұғалімі» төсбелгісінің иесі.
Педагог-шебер санатындағы Шоктаева Пернеш Жантөреқызы Отырар ауданы «Отырар жолы» орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, «Білім саласының үздігі», «Ы.Алтынсарин» және «Тәуелсіздікке 25-жыл» төс белгісінің иегері.
Абдраманова Лаура Мелдешқызы Сайрам ауданы Ақсукентте Абылайхан орта мектебінің мұғалім «Жаңашыл–мұғалім» номинациясының, «Білім беру үздігі» медалінің иегері.
«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Жанабаева Кулайхан Мустафаевна Бәйдібек ауданы, Тайманов ауылының О.Тайманов атындағы жалпы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі.
Байгузиева Ғалия Құралқызы, Асхатова Майра Жамантайқызы Сарыағаш ауданының ұлағатты ұстаздары.
Омаршаева Нагима Таласбековна ҚРБҒМ «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі мен «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері.
Шалатаева Джамиля Шораевнаның еңбегі еленіп ОҚО «Ұстаз жолы» газеті редакциясы қорының «Ерен еңбегі» үшін медалімен, ҚРБҒМ «Құрмет грамотасымен» марапатталған өз ісінің майталман маманы.
Әрбір жаңа құрамның жасақталуына жанашырлық танытып, жетекшілік жасап жүретін Тәжібаева Ұлбосын Қарынбекқызы «Әлия» акапеллалық ансамблі негізінде 1992 жылы «Әлия» квартетін ұйымдастырды, оның құрамында: Таутаева Гүлдариға Батыршақызы, Тойлақова Айгерім Есенгелдіқызы, Қапбарова Айгүл Серғалиқызы, Жұмаділова Айгүл Қыдырбайқызы өнер көрсетіп, көптеген іс-шараларда өз өнерлерін көрсеткен болатын. Осы күнге дейін естен кетпеген бір сәтті баяндағым келеді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деген тарихи танымы терең тақырыппен 1993 жылғы 28-29 мамырда қасиетті Ордабасы биігінде тәуелсіздіктің ұлы тойы өткен. Сол ұлы жиынға жүз елу мың адам жиналып Тұңғыш Президентіміз сәскенің сәулелі шуағына оранып, Бірлік биігіне беттеп бара жатқан сәтте жұртшылықтың жанарына жас үйіріліп: «Тәубе-тәубе! Тәуелсіздікке тәубе!» деп бұқаралық ақпарат беттерінде жарыса жарық көрген болатын. Елбасы Тутөбеде Тәуелсіздіктің туын желбіретіп «Береке басы – бірлік» атты баяндамасын жасады. Халықты қуантқан жиында «Әлия» квартеті өз үлесін қосып, жиылған қауымның қуанышты көңіл-күйін әнмен елжіреткен болатын. Қазірде сол балғын жастар қызмет тізгінінде жүр. Гүлдариға Батыршақызы өзі білім алған «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша кәсіби маман даярлау қызметінде, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Тарих және педагогика» факультетінің деканы.
Қапбарова Айгүл Серғалиқызы Шымкент қаласындағы Абдраш Назарбеков атындағы №87 жалпы орта білім беретін мектеп директоры. «Ы.Алтынсарин», «Д.А.Қонаевқа 105 жыл» медалі, «Ұлағатты ұстаз» төс белгісінің иегері.
Тойлақова Айгерім Есенгелдіқызы Шымкент қалалалысы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы № 19 мектепте қызмет ете жүріп Москва ІІ-бүкілодақтық халықтар творчестволық фестивалінің лауреаты, «Мырзашөл жұлдыздары» халықаралық байқауының 1-орын иегері, «Арай» байқауының лауреаты, «Ғашықтық өмір тамаша» байқауында бас жүлде, Жыл мұғалімі, облыстық «Өнерлі ұстаз» байқауының бас жүлде иегері атанып, «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталған өнерлі ұстаз.
Қазығұрт ансамблінің 1995-2000 жылдардағы құрамында болған Тәжібаева Ұлбосын Қарынбекқызы, Досмағанбетова Алена Төребекқызы, Әріпбаева Лязат Шәріпқызы, Қарсыбаева Айман Мусаевна, Кененбаев Сапаралы Нұрсейітұлы, Жорабаева Алтынай Құлажанқызы, Жандарбай Ерлан Жұмаділдәұлы, Байбатшаева Сауле Зиябековна, Тұрсынбекова Жазира, Қансейітов Самат Асанұлы, Ахметова Жадыра Ораховна, Смаилова Мая Сапабековна, Әжібаев Болатбек Умирбайулы, Утеболатов Самат Кенесұлы, Тайтәлиева Жәнина, Ғаппарова Бағила, Жексенбиева Гүлназира, Мұратбекова Мөлдір республикалық, облыстық, қалалық мәдени іс – шараларда өнер көрсетіп, түрлі деңгейдегі жүлделі орындармен, марапаттармен марапатталды.
Осы ретте ұстаздық қызметте жүрген әріптестердің еңбегі елеулі.
ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. «Білім ісінің үздігі», профессор Сайлаубек Жақсыбековтің ансамбльдің жасақталу, даму, өркендеп өсіп, жетістікке жету жолында еткен еңбегі орасан.
Облыстық «Шаңырақ шаттығы-2006» фестивалі аясында өткен «Жан азығы – ән мен күй» жанұялық ансамбілдерінің байқауының бас жүлде иегері үлгілі ұстаз Сәуле Жақсыбекова университет кәсіподақ тарапынан бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталды. «Қазығұрт» ансамблінің жандануына жанұясымен қызмет еткен құрметті ұстаз. Ұл-қыздары Жақсыбеков Алден Сайлаубекұлы аталмыш университетте оқып, қызмет атқара жүріп қала, облыс, республика, халықаралық байқаулардың жүлдегері атанған әнші(тенор), «Жастар» сыйлығының лауреаты.
«Музыкалық білім» кафедрасының кафедра меңгерушісі «Қазығұрт» ансамблінің алғашқы мүшесі Досбағанбетова Алена Төребекқызы «ҚР Мәдениет саласының үздігі»,«Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Оңүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының «80 жылдық медалінің» иегері, жалпы 50-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектері бар. Соның ішінде «Дәстүрлі музыка құралдары арқылы болашақ музыка мұғалімінің танымдық қызметін белсендіру технологиясы» атты монографиясы, «Домбыраға арналған күйлер жинағы», «Домбыраға арналған хрестоматия», «Қазақ хор музыкасы хрестоматиясы», «Махамбет күйлері», «Құрманғазы күйлері», «Музыкалық білім беру әдістемесі» атты оқу құралдары қолданыста. Республикалық, Халықаралық байқауларға шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз. 2019 жылы Италияның Венеция қаласында өткен «International Venezia festival» фестивальінде, Бельгияда өткен «Le saison stars au brussel» интернет байқауы, Швейцарияда өткен «Festolymp» интернет-байқауы, Хорватияда өткен «International Croatia ART competition» интернет-байқауларында студенттері жеңімпаз атанып «Үздік жетекші дипломдарына» ие болды. 2018 жылы Алматы қаласында өткен М.Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» ән-жыр байқауында студент дайындағаны үшін «Үздік жетекші» дипломы, 2019 жылы «Үздік ұстаз» төсбелгісі, 2019 жылы «Үздік жетекші» және «Үркер» шығармашылық орталығының «Алғыс хатымен» марапатталған.
1996 жылдары «Музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі болған Әріпбаева Лязат Шәріпқызы музыкалық жетекшілік ететін – «Қазығұрт» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Республика көлемінде және көптеген шетелдерде «Бас жүлделер» алып (Қазақстан, Туркия, Ялово қаласы, т.б.), Қазақ халқының өміршең өнерін әлемге паш етті. Жалпы 50-ден астам ғылыми–зерттеу еңбектері, оның ішінде «Қобызға арналған шығармалар жинағы», «Қазақ ұлт-аспаптар ансамблі», «Төрт ішекті қобызға арналған шығармалар», «Дирижерлық техниканың негізгі тәсілдері», «Музыкалық этнография», «Қасиетті Қазығұртым» атты оқу құралдары, оқу-әдістемелік құралдарының авторы. 1998 жылы «Үкілім-ай» конкурсында бас жүлде «Гран-при» иегері, 1998 жылы Түркияның Ялово қаласында өткен «Түрік тайпалас елдерінің дүниежүзілік фолклорлық фестивалінің» лауреаты, 1999 жылы Халықаралық Ш.Қалдаяқов фестивалінің дипломанты, БҰҰ ҚР өкілеттігі, халықаралық дамудың проблемалары жөніндегі Министрлік, Қазақстан іскер әйелдер Ассоциациясы ұйымдастырған тұңғыш ұлттық «Қанатты әйелдер» жәрмеңкесінің сертификатымен марапатталды. Шығармашылық еңбектерінің жемісі деп, 2001жылы жарық көрген «Қасиетті Қазығұртым» атты компакт дискісін айтуға болады. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет Қайраткері белгісімен марапатталған үлгілі ұстаз.
Жорабаева Алтынай Құлажанқызы үлкен сахнаға алғаш рет 1997 жылы шығып, «Арай» байқауында жүлдеге ие болып, республикалық «Жас қанат-97» байқауында дипломант атанды. Х-шы Халықаралық «Азия Дауысы» фестивалінің лауреаты(2001), Витебск қаласында өткен Халықаралық «Славянский базар» фестивалінің дипломанты(2003), Болгарияда өткен VIII Халықаралық «Discover» байқауының лауреаты(2004), 2004 жылы Латвияда Юрмала қаласында өткен Халықаралық Ән фестивалінде, «Қазығұрт» әнімен «Гран-При» жүлдесін эстрадалық үлгіде орындап жеңіп шықты. Египетте өткен «Александрия» ән байқауының лауреаты(2005), АҚШ, Голливудта өткен орындаушылық шеберліктің әлем чемпионатының екі алтын, екі күміс медалінің иегері(2005), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты(2004), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері(2006), Қазығұрт ауданының құрметті азаматы(2008), Төле би ауданының құрметті азаматы(2013), «Құрмет» орденінің иегері(2016) атанған өнер жұлдызы.
Ансамбльдің жетістікке жету жолында Жандарбай Ерлан Жұмаділдәұлының орны ерекше. Унивеситеттің бірінші курсынан бастап университеттің «Қазығұрт» фольклорлық этнографиялық ансамбілінің жетекшісі Ұлбосын Тәжібайқызымен және музыкалық жетекшісі Ләзәт Әріпбайқызының ұйғаруымен ансамбльдің құрамына әнші және келешек қобызшы құрамына қабылданған студент ансамбль құрамында жүріп республикалық, халықаралық деңгейдегі көптеген мәдени іс-шараларда өнер көрсетті. Университеттің аға оқытушысы ҚР халық әртісі Құрманбек Шойынбаевтың ұстаздық тәрбиесімен, жол көрсетуімен 2001жылы «Ынта» факультет аралық ән байқауында l ші жүлдені жеңіп алды. 2002жылы «Шәмші Қалдаяқов» атындағы халықаралық ән байқауында ІІ ші орынды иеленіп лауреат атанды. 2003жылы республикалық «Арай» республикалық ән байқауында дипломант атанды. 2008-2009 жыл арасында Марио дэль Монако, Рената Тебальди атындағы халықаралық опера әншілері академиясында атақты ұстаз Маро Мелани, Алла Симони, Донг Иль Джанг сияқты әлем шеберлерінің сыныптарынан мастер-класс алды. Облыстық опера және балет театрының солисті бола жүріп Ахмет Жұбановтың «Абай» операсынан Айдардың, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан Біржанның, Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар-сұлу» операсынан Ахметтің, Е.Брусиловскидің «Қыз-Жібек» операсынан Төлегеннің, Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Әубәкір, Джузеппе Вердидің «Травията» операсынан Альфредті, Джузеппе Вердидідің «Риголетто» операсынан Герцог Мантуанскидің т.б. партияларын үздік орындады. 2011 Польша мемлекетінде өткен Музыкальный сад Рюбецаля опера әншілер байқауында жүлделі ІІ орын және «Үздік орындаушы» номинациясын жеңіп алды. Аталмыш фестивальде Австрияның (Зальзбург) Моцартеум консерваториясының профессоры Ингрид Кремлинг және Елизабете Вилькенің шеберлік сыныбына қатысып арнайы дипломмен марапатталды. Бұдан басқа да көптеген халықаралық деңгейдегі жетістіктері мен еткен еңбегі еленіп Қазақстан театр қайраткерлер одағының «Еңлікгүл» сыйлығының төсбелгісімен, Шымкент қаласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін төсбелгісімен, Оңтүстік Қазахстан Облысына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.
«Қазығұрт» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің бүгінгі күнгі жетекшісі Қарсыбаева Айман Мусаевна өзін аспапта жоғары деңгейде орындаушылық шеберлігімен де дарын иесі ретінде көрсете жүріп, халықаралық, республикалық байқауларының лауреаты атап айтсақ: 1993ж. Республикалық халық аспаптарында орындаушыларының байқауы Ақтөбе қ. (ІІ орын); 2009 ж Республикалық «Көне ғасыр сазы» қобызшылар байқауы Ақтөбе қ. (бас жүлде); 2015ж. Ресейдің Омск қаласында өткен «Сибирь зажигает звезды» атты халықаралық байқау фестивалі (бас жүлде); 2017ж. Андоррада өткен «WINTER SONATA» музыкалық аспаптарда орындаушылардың халықаралық интернет-байқауы (І орын); 2017ж. Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін Европалық мәдениет комитетінің білім және ғылым ассамблеясы «Euromediastargroup» ұйымының «Үздік оқытушы» және «Үздік орындаушы» төс белгісімен марапатталды; 2018 ж. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік институтына 80-жыл мерейтойлық, «ҚР мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2019ж. Ақтөбе қаласында өткен «Жұбановтар әуені» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлер және ансамбльдер байқауына «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрамында қатысып, І орын лауреаты атанды. 2019ж. ХХХХХІІ-жас музыканттардың қалалық байқауында қыл қобыз номинациясы бойынша ІІІ орын лауреаты атанды.
Кененбаев Сапаралы Нұрсейітұлы 2000 жылы университеттің «Музыкалық білім» кафедрасында аға оқытушылық қызметі еленіп ОҚМПУ 80-жылдық төсбелгісімен марапатталған үлгілі ұстаз, ардақты әке.
Байбатшаева Сауле Зиябековна ғылыми-зерттеу жұмысымен үздіксіз айналысуда. Жалпы 40-қа жуық ғылыми зерттеу еңбектері: «Қасиетті Қазығұртым І-том», «Қасиетті Қазығұртым ІІ- том», «Домбыра мен шертерге арналған шығармалар жинағы», «Өрлеу. Домбыраға арналған күйлер жинағы», «Домбыраға арналған шығармалар жинағы» атты оқу құралдары мен мақалалары оқу үдерісінде қолданылып келе жатқан тәжірибелі мұғалім.
«Қазығұрт» әнін тұңғыш орындаушы Жазира Тұрсынбекова «Қазығұрт» этнографиялық-фольклорлық-ансамблінің сүйемелдеуімен Республикалық «Үкілім-ай» ән байқауында Бас жүлде «Гран-Приді» жеңіп алды. Аймақтық «Арай-99» ән байқауының 1 орын жүлдегері, Республикалық «Халық әні» байқауының 1 орын жүлдегері, Халықаралық Шәмші Қалдаяқов ән байқауының 3 орын жүлдегері, Ялова қаласында өткен Халықаралық түркі халықтарының ән би фестивалінің бас жүлдегері. Бүгінгі таңда қаламыздағы «Айбөбек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.
Қансейітов Самат Асанұлы Қазақ радиосының алтын қорындағы қолжазба ноталардан құрастырылған «Қазақстан композиторларының танымал 100 ән-романстарының клавирі» атты жинақтың ноталары мен ән мәтіндерін компьютермен теріп, редакциялап баспаға дайындаған шебер орындаушы. Қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Ақпараттық саясат бөлімінің жетекшісі, баспасөз-хатшысы қызметін атқаруда
Ахметова Жадыра Ораховна баян аспабында ойнап, «Музыкалық білім» кафедрасында педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушысы.Ұ.Қ.Тәжібаевамен бірігіп «Алғашқы сырнай үйренушілерге арналған шығармалар жинағы», «Қазақ ән өнерінің бұлбұлы», «Баянға арналған шығармалар жинағы», 2021ж. «Баянға арналған шығармалар» атты оқу құралдарын білімгерлерге ұсынды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының магистрі, «Музыкалық білім» кафедрасының аға оқытушысы Смаилова Мая Сапабековна 1995-2000 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Музыка және ән айту» мамандығында білім ала жүріп ансамбльдің белді мүшесі болды. Қазірде жалпы 60-тан аса ғылыми зерттеу еңбектері және оқу құралдары жарық көріп оқу процесінде қолданылуда: «Домбра прима аспабындағы орындаушылық өнер», «Домбыра мен шертерге арналған шығармалар жинағы», «Бейбіт күн тілегі» оркестрге арналған партитуралар, «Музыка сауаты», «Музыка пәнін оқыту әдістемесі», «Қобыз үйрену әдістемесі», «Әлем музыка тарихы пәніне арналған лекция жинағы» қолданыста. Студенттер мен шәкірттерді музыка өнеріне баулып, байқауларға дайындау жұмысында көптеген еселі еңбегі бар ұстаз.
Әжібаев Болатбек Умирбайулы 2000 жылдардағы Өнер факультеті «Саз және ән айту» кафедрасының оқытушысы, Жастар комитетінің төрағасы қызметтерін қоса атқара жүріп өнер көрсетті. Қазірде «Нұрсәт өнер мектебі» ЖШС директоры Болатбек Умирбайулы қалалық, облыстық білім басқармасының Алғыс хаттары, Кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мақтау Грамоталарымен марапатталған құрметті қызметкер.
Утеболатов Самат Кенесұлы Қалалық «Өнерлі ұстаз» байқауының 1 орын жүлдегері, Облыстық «Өнерлі ұстаз» байқауының жүлдегері, қалалық, облыстық білім басқармаларының алғыс хаттарымен марапатталған. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Ұлттық аспап жасау » үйірмесінің шебері, жасаған қылқобыздары консерватория, музыкалық училище, музыка мектептерінің сұраныстарына ие, бір қылқобызы мен 2 домбырасы Америка Құрама Штаттарына арнайы сұраныспен жасалынған. ОҚМПУ 80 жыл мерейтой төсбелгісімен марапатталған ұстаз.
Жексенбиева Гүлназира Ынтымакқызы домбыра аспабында ойнап, өз шығармашылығын студенттік шақпен байланыстырады. Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегінде 2018 жылы Алаш үміті «Халықаралық рухани жаңғыру» фестивалінде оқушылары үздік өнер көрсетіп, «Үздік жетекші» дипломымен марапатталды. Мектеп ішінде сабақ өту іс- тәжірибесі үлгі ретінде көрсетіліп, таратылған ұстаз.
Мұратбекова Мөлдір Шалқарбекқызы Шымкент қалалық әзіл-сықақ театрында актриса болып қызмет атқарады. Бірнеше киноларда, Күлкі базар театрында актрисалық қырынан танылған талант.
Өнер мен білімді үйлесімді ұштастыра жүріп, озық ойлы, ұшқыр қиялды, талантты жастарды тәрбиелеудің басы қасында ұстаздардың болуы «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген қанатты сөздің тағы бір дәлелі. Сол бір тынымсыз еңбектің майданында жүрген ұстаздарды мақтанышпен айтқым келеді.
Осындай керемет ұстаздары мен шәкірттері өнер көрсететін ансамбльге танымалдылық алып келген Түркия мемлекетінің Ялова қаласында 1998 жылы өткен түркі тайпалас елдерінің І-фольклорлық фестивалі. Фестивальде иеленген «Бас жүлде» ансамбль мүшелеріне қанат бітіргендей. Жүлделер жалғасын тапқан сәтте «Үкілім-ай» Республикалық байқауының «Бас жүлдегері» (Қазақстан), Халықаралық Шәмші Қалдаяқов атындағы ән байқауларының жүлдегер-дипломанты (Қазақстан) атанды. Жетістіктері Республика көлемінде насихатталып «Қазығұрт» фольклорлық – этнографиялық ансамблі 1998 жылы ҚР білім, мәдениет және денсаулық сақтау Министрлігінің «Құрмет Грамтасымен» марапатталды. 2002 жылы «Жыл ансамблі» жүлдесін алса, 2008 жылы Облыстық ІІІ дәстүрлі «Әнім сенсің Қазығұрт» ән байқауында Бас жүлдені иемденді.
Халқымыздың «өткен күнде белгі бар» деген мақалы тектен-тек айтылмағаны анық. Ширек ғасырды артқа тастаған «Қазығұрт» этнографиялық ансамблі мектепті жаңа ғана бітіріп, студенттік өмірге, ұстаздық ұлы жолға қадам басқан қаншама дарынды жастардың дарынын жарқырата көрсетіп, қиялына қанат бітірді. Әрқайсысы жеке-жеке тұлға болып қалыптасқан өнерлі студенттер өнерде де, өмірде де өз жолдарын тауып, биік-биік белестерді бағындырды. Осынау қол жетпес қиялдағыдай болып көрінетін асқақ армандарға жету жолында қасиетті де қазыналы қара шаңырақ – Оңтүстік қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің орны ерекше. Ұстаздар ұстаханасындағы қатардағы қарапайым оқытушылардан бастап, жоғарғы санаттағы профессор-оқытушылар құрамының, оқу орда басшылығының бұл бағыттағы еңбектері ерен, үлес-салмағы да айрықша. Бүгінгідей оқу ордамыздың 85 жылдық мерейтойымен қатарласа, қабаттаса келіп жеткен «Қазығұрт» этнографиялық ансамблінің 25 жылдық мерейтойы Универсиет абыройын одан әрі арттырып, тарихи танымын тереңдете түсері анық. Мұндай мерейлі той, жемісті жетістіктер ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген ортада ғана орын алады. Алдағы күндерде өнерлі жастарымыз, жанашыр ұстаздарымыз оқу ордамыздың керегесін кеңітіп, абыройын асқақтату жолында аянбай еңбек етеді деп сенім артамыз!