63-бап. Білім беру ұйымдарының ақылы негізде тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) ұсынуы
1. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге білім беру ұйымдары бюджет қаражаттары есебінен көрсететін білім беру қызметтері тегін ұсынылады.
2. Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiне:
1) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары шеңберiнде ақылы негiзде бiлiм беру қызметтерiн көрсетуге;
2) осы Заңның 63-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оқушылардан және педагог қызметкерлерден ақшаны өндіріп алуға тыйым салынады.
Өнер мамандығы бойынша жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру мекемелері бюджеттік қаражаттар есебінен көрсетілетін білім беру қызметтерінің көлемдерінен тыс ақылы негізде білім беру қызметтерін ұсынуға құқылы.
3. Мемлекеттік білім беру мекемелері мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан тыс, ақылы қызметтер көрсету туралы шартты жасай отырып, ақылы негізде мынадай:
1) қосымша білім беру бағдарламаларын (балалар және жасөспірімдер шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы бейімділіктер мен қызығушылықтарды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру) іске асыру;
2) оқу жоспары мен бағдарламалары бойынша бөлінген оқу уақытынан пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша жекелеген білім алушылармен қосымша сабақтар ұйымдастыру;
3) пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша білім алушылармен ғылым негіздерін тереңдетіп оқып үйренуді ұйымдастыру;
4) білім алушылар мен тәрбиеленушілер, педагог қызметкерлер мен ересек жұртшылық арасында әр түрлі: спорт жарыстарын, семинарлар, кеңестер, конференциялар, сондай-ақ оқу-әдістемелік әдебиетті әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;
5) музыка аспаптарын пайдалануға беру және Интернет-байланыстың қосымша қызметтерін ұсыну;
6) жазғы демалысты ұйымдастыру, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, білім беру ұйымында өткізілетін түрлі іс-шараларға қатысушылардың тамақтануын қамтамасыз ету;
7) энергия қондырғылары мен қазандықтар беретін жылу энергиясын жіберу;
8) кәсіптік білім беруді ұйымдастыру (білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру);
9) оқу-өндірістік шеберханалардың, оқу шаруашылықтарының, оқу-тәжірибе учаскелерінің өнімдерін өндіру мен өткізуді ұйымдастыру бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) беруге құқылы.
4. Мемлекеттік білім беру мекемелері ақылы негізде ұсынатын тауарларға (жұмыстарға және қызметтер көрсетуге) бағалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілуге жатады.
5. Жеке меншік білім беру ұйымдары ақылы негізде тауарларды (жұмыстарды және қызметтер көрсетуді) өткізуден, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының шеңберінде оқытудан түскен кірістерді, құрылтайшылардың қаражаттарын және заңнамамен тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздерін дербес пайдаланады.
6. Ақылы негізде қызметтер көрсететін білім беру ұйымдарының және білім алушының (тәрбиеленушінің), оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдердің өзара қатынастары шартпен реттеледі.
Білім алушы шарт жасасу кезінде бүкіл оқу кезеңіне шығыстарды бір мезгілде төлеген жағдайда төлем сомасы оқу мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейтін болады.
Оқуға төлемді кезең-кезеңмен төлеген ретте төлем сомасы жалақының ұлғаюы жағдайында және инфляция индексі ескеріле отырып, жылына бір реттен жиі емес өзгертілуі мүмкін.
Ескерту. 63-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.10.24 № 487-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 19.05.2015 № 315-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |