Биологиялық қару Биологиялық қару— адамдарды, жан-жануарларды ауыр дертке шалдықтыру арқылы қатардан шығаруға негізделген жаппай зақымдағыш қару. Биологиялық қарудың әскери жағынан жоғары тиімділігі індет тудырғыш дозасының шағындығы, үлкен аумаққа жасырын түрде қолдануға болатындығы, мөлшерін айқындау мен индикациялаудың қиындығы, әрекетінің таңдамалылығы (тек адамға, белгілі бір жан-жануар түрлеріне әсер етуі), психологиялық әсерінің күштілігі, әскер мен тұрғын халықты биологиялық қорғаудың және қолданғаннан кейінгі оның зиянды әсерін жою жөніндегі жұмыстар көлемінің ауқымдылығы әрі күрделілігі арқылы анықталады. Биологиялық қару — соғыс құралдары ішіндегі адамзат пен қоршаған ортаға ең зиянды қарулардың бірі. Биологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жалпы жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Оның өзектілігі қазіргі әлемде жаһандық сипатқа ие жұқпалы аурулар мен олардың қоздырғыштарынан туындайтын қауіптермен анықталады.
Қазақстанда «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» 2022 жылғы 21 мамырдағы № 122-VII Заң қабылданды, осы заңды іске асыру сыртқы және ішкі биологиялық қатерлерді болжауға, жедел анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жедел ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Биологиялық қауіптің негізгі көздері:
- жұқпалы аурулардың эпидемиясы мен өршуі;
- эпизоотиялар;
- биологиялық қауіпті объектілердегі авариялар мен диверсиялар;
- патогендік микроорганизмдердің табиғи резервуарлары;
- экожүйелер үшін қауіпті патогендік микроорганизмдердің, флора мен фауна өкілдерінің трансшекаралық тасымалдануы;
- биологиялық терроризм;
- биологиялық қаруды қолдану.
Биологиялық агенттер қолданылатын объектілер:
- микробиологиялық зертханалар;
- мұражай коллекциялары;
- ғылыми орталықтар;
- өндіріс;
- міндеттеріне дәрігерлер, зертханашылар, биологтар, технологтар және т. б. даярлау кіретін білім беру мекемелері.
Биологиялық зертханада ықтимал инфекцияның ең көп таралған көздері:
- микробтық дақылдармен тікелей байланыс;
- тірі микробтармен іс-әрекет;
- жұқтырған жануарлармен байланыс;
- ластанған жабдық («таза» ретінде қолданылады)
– тазалау жұмытары (ПБА-да жұмыс істемейтін персонал жасайды)
Бүгінгі таңда денсаулық сақтаудағы негізгі бағыт Қазақстан Республикасы халқының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл халықтың және табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің (яғни атмосфералық ауаның, жер үсті және жер асты суларының, жер беті мен топырақ қабатының, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің) қауіпті биологиялық факторлардан қорғалуы болып табылады.
Биологиялық қауіпсіздіктің алдын алу шаралары:
1. жалпы шаралар - биологиялық тәуекелдерді мониторингілеу және талдау, тиісті қызметтердің дайындығын қамтамасыз ету, биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтау, биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру, жалпы білім беретін мекемелердегі биологиялық қауіпсіздік мәселелерін зерделеу;
2. биологиялық қауіп көзіне бағытталған;
3. қауіпті биологиялық факторға бағытталған;
4. сезімтал ағзаға бағытталған – халықты профилактикалық медициналық тексеруден өткізу, салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыру, иммунопрофилактика және химиопрофилактика, аса қауіпті жұқпалы ауруларды тудыратын биологиялық агенттермен жұмыс істейтін адамдарды, медициналық, ветеринарлық және ғылыми қызметті жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз ету.
Осылайша, биологиялық қауіпсіздіктің негізгі қағидасы инфекциялық материалдың олар өңделетін немесе өсіндіде сақталатын зертханалық ортадан таралуын шектеу немесе ағып кетуіне жол бермеу болып табылады..
Елдің ұлттық қауіпсіздігінің бөлігі ретінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі субъектілердің (объектілердің) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін бағалауға және сақталуын тексеруге бағытталған мемлекеттік бақылау және қадағалау болып табылады.
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ауруға бейім организм – патогенді биологиялық агентке инфекциялық және (немесе) паразиттік аурудың дамуы арқылы реакция беретін немесе оның тасымалдаушысы болатын адамның, жануардың, өсімдіктің организмі;
2) әлеуметтік қашықтық – адамдар арасындағы инфекция жұқтыру тәуекелінің деңгейін төмендетуге қажетті оңтайлы арақашықтық;
3) биологиялық қауіпсіздік – адамдардың және табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің (атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, жер бетінің және топырақ қабатының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және өзге де организмдердің (бұдан әрі – табиғи ортаның жекелеген компоненттері) қауіпті биологиялық факторлардан қорғалуының, оның ішінде биологиялық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін жай-күйі;
4) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптар – Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ осы Заңның 9-бабының 11) тармақшасына сәйкес бекітілетін тізбеге енгізілген нормативтік техникалық құжаттарда, ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттарда қамтылған, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін нормалар;
5) биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган – биологиялық қауіпсіздік саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
6) биологиялық қорғау – патогенді биологиялық агенттерді құқыққа сыйымсыз пайдаланудан физикалық қорғау (ұйымдастырушылық іс-шаралардың, инженерлік-техникалық құралдардың және оларды қорғау жөніндегі іс-қимылдардың жиынтығы), патогенді биологиялық агенттермен қауіпсіз жұмыс істеуді бақылау, есепке алу және қамтамасыз ету, олардың жоғалуын, жымқырылуын, оларға санкцияланбаған қол жеткізуді немесе олармен санкцияланбаған жұмыс істеуді, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттер пайдаланылатын және (немесе) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты терроризм актілерін және (немесе) диверсияларды болғызбау жөніндегі шараларды қабылдау арқылы іске асырылатын биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені;
7) биологиялық тәуекел – патогенді биологиялық агенттердің адамдардың, жануарлардың саулығына, өсімдіктерге зиян келтіру ықтималдығы, сондай-ақ олардың табиғи ортаның жекелеген компоненттеріне түсу ықтималдығы;