Бірінші бағдар. Жаңа экономикалық саясат



бет1/5
Дата30.09.2022
өлшемі49,15 Kb.
#40950
  1   2   3   4   5
Байланысты:
жолдау


БІРІНШІ БАҒДАР. ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ.
Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.
Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар.
Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз.
Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру.
Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар:
– жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту;
– бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру;
– сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу.
Мұның бәрі кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешуді талап етеді.
Бірінші. Бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Сондай-ақ, тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді етеді.
Сондықтан, баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту керек. Бәсекелік ортасы жоқ нарықтар ғана бұрынғыдай қала береді. Монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болады. Бірақ, бақылау жасау орынсыз қысым көрсету деген сөз емес.
Бүгінде мемлекеттік органдардың, соның ішінде күштік құрылымдардың бизнесті тексеруге жаппай кірісіп, бағалар мен тарифтерді төмендетуді талап етуі жиілеп кетті. Құр дақпырт үшін жасалатын мұндай әрекеттерді доғару керек.
Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады.
Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді.
Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет.
Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс.
Инновация енгізу үшін тиімді ынталандыру шараларын әзірлеген жөн. Сондай-ақ, шығыстың бір бөлігін тарифтік сметаның аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға рұқсат беру керек.
Тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатымен басқалар үшін бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тарту қажет.
Екінші. Экономиканы одан ары монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажет.
«Конгломерат» ұғымын заң жүзінде айқындап алған жөн.
Нарықтың өзара байланысты субъектілері экономикалық әлеуетін бір жерге шоғырландыру үшін рұқсат алуға міндетті. Олардың барлық мәмілесін, соның ішінде нарыққа тән емес бағаларды қолдану белгілері бойынша жасалған келісімдерін де мұқият тексеру керек. 
Бірыңғай операторлардың қызметі нарықтық экономиканы дамытуға кері әсер етеді. Сондықтан, бұл институтты ретке келтірген жөн. Қазір жұмыс істеп тұрған операторларды бәсекелі ортаға беру қажет немесе монополист деп танып, қызметін монополияға қарсы арнаулы құқық аясында реттеу керек.
Үшінші. Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты.
Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс.
Сондай-ақ, жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек.
Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек.
Салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдету керек. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет. Сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту керек.
Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара. 
Төртінші. Салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты.
Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру ісін аяқтау маңызды.
Келесі мәселе. Тексерушілердің тым көптігі. Олардың теріс әсер еткені белгілі. Сондықтан, шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу қажет. Кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс.
Бесінші. Біз «көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауымыз керек.
Бюджет саясатына реформа жасалады. Ақырғы нәтижені дөп басуымыз керек. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет. 
Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз.
Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге, бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек.Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс.
Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет.
Алтыншы. Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау. 
Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет.
Келесі мәселе. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. 
Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет.
Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс. 
Жетінші. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. 
Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет.
Сегізінші. Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр.
Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр. 
Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс. Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар.
Тоғызыншы. Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды.
Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет