Біржан сал айтысқа дейін әнші, ақын, сал болып, түрлі өнерімен қазақ даласына танымал еді. Сара да өз кезегінде найманның бетке ұстар ақыны болып, көптеген ақындар онымен іздеп келіп айтысқан екен. Дегенмен өкінішке орай, Сараның жазбаша өмірбаяны да, басқа ақындармен айтыстарының текстері де сақталмаған.
Кейбір деректер бойынша, бұл айтыс болмаған, оны Әріп Тәңірбергенов деген ақын ойдан шығарған. Алайда бұл айтысты зерттеушілердің бәрі де (М.Әуезов, А.Жұбанов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин) шынында болғандығын дәлелдейді. Ал Ә.Тәңірбергенов өзі де ақын, айтысты жырлаушылардың бірі болған. Ол айтысқа азды-кем өзгеріс енгізуі де мүмкін. Айтыс басқа айтыстар сияқты дәл сол уақытында қағазға түспеген. Кейіннен өз редакциялауымен Сара айтып береді. Ал сол нұсқаны жаттап айтып, таратушылардың бірі осы Әріп Тәңірбергенов болады. Кейіннен баспаға ұсынған да осы кісі еді. Жалпы «Біржан–Сара айтысының Октябрь революциясына дейін Қазан баспасынан шыққан екі нұсқасы бар. Бірінші нұсқасын баспаға Шайхисламов Жүсіпбек қожа ұсынғандықтан, ол Жүсіпбек қожа нұсқасы делініп жүр. Ал екінші нұсқаның авторы және баспаға ұсынушысы беймәлім болғандықтан, ол шартты түрде Зайсан нұсқасы деп алынды»