Біз – жаңа Қазақстанның ұрпағымыз
Қазақстан – әлемдегі ең ғажайып мекен. Сан ғасырлық тарихы бар Қазақстан бүгінде гүлденіп дамып келеді. Осындай күнге жетуімізге себепші болған, әрине, ол – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік – біртұтастығымыздың алтын діңгегі. Осы жолда ата-бабаларымыздың жанкешті ерліктері есімізде мәңгі сақталады. Ендігі кезекте тамыры тереңге жайылған Тәуелсіздігімізді сақтап қалу – біздің және жас ұрпақтың қолында.
Қазақстан – әлемдік өзіндік шекарасы, қайталанбас тарихы, діні мен тілі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, мәдениеті мен өркениеті бар дербес мемлекет. Қазіргі нарықтық заманда дамыған елдер қатарынан ойып тұрып орын алып, мәдениеті мен экономикасын әлемге танытып отыр.
Осы уақытқа дейін еліміз көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Соның бірі – Тәуелсіздік жылдарында еліміздің саяси тұрақсыздығы болды. Біз соған қарамастан, ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасында әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Қазіргі кезде демократиялық құндылықтарға басты назар аударып, жаңа Қазақстанды құруға әрекет жасаудамыз. Осы турасында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жаңа Қазақстанға қатысты әр азаматтың өз пайымы бар екені түсінікті. Мен бұған дейін айтқанымдай, Жаңа Қазақстан дегеніміз бұл – әділетті Қазақстан. Оны құруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Жаңа Қазақстан нақты көрсеткіштері бар жол картасы емес. Бұл мемлекет пен қоғамды дамыту жүйесін түбегейлі жаңарту деген сөз», – деді Жолдауында. Осыған орай, жаңа Қазақстанды құру, үлкен мүмкіндіктер мен тың идеяларға жол ашу – жастардың құзыреттілігінде.
Осы уақытқа дейін еліміз әр түрлі діни, саяси және экономикалық түйіткілдердің шешімін тауып, талай сындарлы жолдардан аман өтіп, өзінің Тәуелсіздігін сақтай білді.
Біздер, осы бейбіт елдің барша бақытты халқы, жалынды жастары – елі үміт күткен перзенттер ретінде түп-қазығымыз Ата заңымызды, тілімізді, дінімізді, ділімізді ардақтасақ, әр игі бастамада бірігіп қимылдасақ, еліміздің бұдан да биік белестерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жететіні сөзсіз. Ол үшін баршамыздың Отанға қатысты арманымыз асқақ, мақсатымыз айқын, шешіміміз шынайы болуы керек.
(257 сөз)
(Президент Қ.К. Тоқаевтың Жолдауынан)
Достарыңызбен бөлісу: |