НЕНІ ЖӘНЕ НЕГЕ ӨЗГЕРТУІМІЗ КЕРЕК? Президенттің мақаласында көрсетілгендей, біздің ұлттық тұрмысымызда, сана-сезімімізде жақсы да, жаман да қасиеттер бар, бұл – шындық. Сол қасиеттерді түсініп, кері тартатын мінездерімізді анықтап, саралап, соны өзгертуіміз керек. Мәселен ысырапшылдық, мақтаншақтық, үстемшілдік, т.б. қылықтарымыздан арылу жайын ойлануымыз керек. Қазіргі заманда дамыған мемлекеттердің қатарынан табылғымыз келсе, олардың тәжірибелерін, ең жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіру арқылы өзімізді дамытуымыз керек. Кері тартатын аталмыш қасиеттерге прагматизмді қарама-қайшы қойсақ, әрбір затты үнемді қолдану, үнемшілдік, қарапайымдылық т.б. қасиеттерді дамыта аламыз. Өйткені, ресурстар шектеулі.
Қазақ халқы не себепті шашылып той жасайды? Әрине, бар болса, неге жасамасқа? Алайда қаражатымыз жетпей, той жасау үшін несие аламыз да, оны 5-10 жыл төлеп жүреміз. Оның не қажеті бар? Бұл – дұрыс емес әрі прагматизмге жатпайды. Бізді кері тартатын үрдіс.
Біз қолымызда бар ресурстарды үнемді қолданып, бар күшті өзіміздің дамуымызға салуымыз керек. Ол үшін білімге қарай ұмтылуымыз маңызды. Білімді болу, көзіміздің, санамыздың ашық болуы, оған қоса ұлттық мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпау – қазақстандықтардың басты мақсаты. Соны Елбасымызда жақсы мұны жақсы айтып кеткен.
Біздің ерекшелігіміз – үш жаңғыруды бірден бастап кеттік. Рухани жаңғыру – ең қиын жаңғыру. Әрі рухани жаңғыру болмай, басқаларына жете алмаймыз. Өзгеруді өзімізден бастайық, өз дәрежемізге көңіл бөлейік, біліктілігімізді арттырайық. Білім жоғары болмаса, кәсіби деңгей де артпайды. Соны ойлануымыз керек.