5. Экономикасы Швеция — жоғары дамыған өнеркәсіпті ел. Швецияның кедей аграрлық елден қазіргі заманғы өнеркәсіптік қоғамға айналуы темір кентастары, ағаш пен су қуатына байланысты болды. Ағаш материалдары, қағаз бен болат шығару үшін қолданылған бұл табиғи ресурстар экспортқа бейімделген өнеркәсіптің негізін қалады. "Швед социализмі" атанған бұл ұлттық экономикалық үлгі капиталистік және социалистік даму жолдарының ең озық қасиеттерін қамтыған жеке меншік үстемдігі бар аралас түрдегі нарықтық қатынастарға сүйенеді.
Швецияның негізгі өнеркәсібі Швеция өнеркәсібі экспортқа бағытталған, сол себепті оның өнімі елдің барлық сыртқы саудасының негізін құрайды. Швеция негізінен әртүрлі құрылыс материалдарын, жиһаз, құрастырылатын үйлер шығарады. Бұған қоса металлургия, машина жасау, ағаш өңдеу, целлюлоза-қағаз өнеркәсібі, химия, тағам өнеркәсібі неғұрлым жоғары дамыған. Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі Ботния бұғазына құятын өзендердің бойына шоғырланған. Өндіріс орындарының көпшілігі Швецияның орталық ауданында орналасқан. Ең ірі “Швед болат компаниясы” концерні мемлекет меншігінде. Машина жасау саласына барлық өнеркәсіп өнімдерінің 50%-ына жуығы тиеді. Автомобиль және аэроғарыш өнеркәсібінің зауыттары оңтүстік және орталық Швецияда шоғырланған. Автомобиль өнеркәсібі “Volvo” компаниясының зауыттары Гетеборгте, ал “Saab-Scanіa” компаниясының зауыттары Тролльхаттенде орналасқан. Дәрі-дәрмек жасау мен биотехнология салалары — швед экономикасының ең үрдісті және болашағы зор өнеркәсіп салалары. 1994 — 1996 жылдары Швециядағы дәрі-дәрмек рыногы 15%-ға өсті. Швед компаниялары онкология, гастроэнтерология, кардиологияда қолданылатын дәрілерді шығаруға маманданған. Электр және электрондық өнеркәсіп Стокгольм мен Вестерос қалаларына шоғырланған. Сондай-ақ Стокгольм телекоммуникация және тұрмыстық электр аспаптарын шығаратын “Erіcsson” және “Elektrolux” компаниялары бүкіл дүние жүзіне белгілі. Аграрлық швецияның жетекші саласы — етті-сүтті ірі қара мал өсіру. Ірі қара мал бүкіл Швеция аумағында өсірілсе, шошқа мен үй құстары елдің оңтүстігінде ғана өсіріледі. Егін шаруашылығы үшін бүкіл ел аумағының 7%-ына жуығы пайдаланылады. Өңделетін жерлердің басым бөлігі оңтүстік аудандарда шоғырланған, мұнда бидай, сұлы, күнбағыс, картоп егіледі. Тиімді технологияның арқасында Швеция өзінің бидайға, қара бидай мен картопқа деген мұқтаждығын толық қанағаттандырады. Кеме жасау кәсіпорындары Гетеборг, Мальме, Удевалль қалаларында орналасқан. Швеция— орман өнеркәсібі өндірісінің барлық түрлерін экспортқа мол шығаратын ел. Ел аумағының 68%-ын ормандар алып жатыр. Елде банк жүйесі мен туризм жақсы дамыған.
Швеция және Қазақстан экономикалық қатынастары 1992 жылы 16 қаңтарда Швеция Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныды. 1992 жылы 7 сәуірде Қазақстан мен Швецияның арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. 2000 жылдың 11 ақпанынан бастап Алматыда Швецияның құрметті консулдығы жұмыс істейді. 2001 жылдың шілдесінде олимпиада жеңімпазы В.Смирнов Швециядағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы болып тағайындалды. 1994 жылы 23-25 наурызда Алматы қаласында “Қазақстандағы Швеция күндері” өткізілді. Швеция мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2000 жылы 66,5 млн. АҚШ долларын құраса, бұл көрсеткіш 2002 жылы 66,1 млн-ға тең болды. Швециядағы ұлттық табысты жан басына шаққандағы жылдық көрсеткіш 24000 АҚШ долларына тең. Швеция сыртқа машиналар мен құрал-жабдықтар, қағаз, химикаттар, металдар, темір кентастарын шығарады. Сырттан көліктік құрал-жабдықтар, минералдық отындар, тоқыма, киім-кешек, аяқ киім, азық-түлік өнімдерін әкеледі. Негізгі сауда серіктестері: Германия, Ұлыбритания, Норвегия, АҚШ, Дания, Франция.