Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті
Филология факультеті
БӨЖ
Пәні: «XХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет»
Тақырыбы:« Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы»
Орындаған: Мерей Асылханова ФҚӘ-012
Оқытушы: Мақсат Әліпхан
Түркістан 2022 ж.
Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы
Иса Байзақов 1900 жылы 3-қазанда Павлодар облысы Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген. Исаның әкесі Байзақ, анасы Ғазиза да әнші, сауықшыл, өнерге жақын адамдар болған. 9 жасында шешесі қайтыс болып, әжесі Жанбаланың бауырында өседі. Нағашы ағасы Рахмет оған домбыра тартып, ән салуды үйретеді. Ол кішкентайынан «Домбырашы бала», «Әнші Иса» атанады. 1924 жылы алғашқы өлеңдері жарық көреді. 1926 жылы Қызылорда да тұңғыш ұлттық театр ашылғанда театрдың негізін қалаушылардың бірі болды. Алғаш Мұхтар Әуезовтың «Еңлік — Кебегі» мен «Бәйбіше – тоқалында» басты рөлдерде ойнаған. «Біржан – Сарада » Біржан рөлін ойнап, әншілік, домбырашылық, ақындық өнерімен жұртты ерекше сүйсіндірген. Атақты «Гәкку» әні әншінің орындауымен ешбір өңдеусіз «Қыз Жібек» операсына енді. Радиода, филормонияда, Жазушылар Одағында қызмет етті. Иса әйгілі «Құралай сұлу» дастанын жазды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облыстарында ел аралап үгітшілік қызмет атқарды. Әкесі – Байзақ, анасы – Ғазиза, әжесі – Жанбала. Иса – ақын, сазгер, актер, күйші, әнші.
Шығармаларында фольклорлық сарын басым келетін Иса Байзақовтың суырып салмалық қасиеті де болған. Туындылары шынайы оқиғаларға негізделіп жазылған. Шығарма барысында өзі өмір сүрген кезеңдегі ел басынан өткен оқиғалар мен халықтың тыныс-тіршілігін негізге алған.
1925 жылы жазылған тарихи шығарма «Құралай сұлу » поэмасының басты тақырыбы ерлік, елдік, махаббат. Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастанына ғасырлар бойы қазақ даласында жаңғырған Құралай сұлу жайлы аңыз арқау болған. Ақын тақырып арқылы шындық өмір көріністерін суреттегенде, оны өз көзқарасы, өз дүниетанымы тұрғысынан бейнелейді. Сол арқылы өз мақсат мүддесін, арманын білдіреді. «Құралай сұлу» поэмасының негізгі идеясы «Ақтабан шұбырынды» заманындағы қазақ тұрмысы шынайы суреттелген, ел бірлігі, патриотизм идеясы көтерілген. Ананың балаға деген махаббаты және екі жас аралығындағы сүйіспеншілік сезім жырланады. Көркем шығарманың сюжеті оқиғалар жүйесінен құрылады. Оқиғалар бір-бірімен байланысып, желісі үзілмей, үнемі өрбіп отырады. Шығарманың ерекшелігі өлі сөзге жан бітіре сөйлей білген ақынның тілге шеберлігін көреміз. Мысалы ел жайлап отырған Шу өзенінің екі жақ алабы мен көл маңының көркін айна қатесіз көз алдыңызға келтіріп, сөзбен сурет салады.
Өзеннің екі жағы қамысты көл,
Жайылып екі тарап болады сел.
Шаңқанда шағалалы құстар ұшып,
Шуылдап сұқсыр қонған суға түсіп.
Қызғыш – қызық, шәуілдек жағын безеп,
Аққу, қаз сұңқылдайды үнін қосып.
Негізгі кейіпкерлер: Монтай би – әділ би, Келден бай – батыр, бай, Құралай сұлу, Құралай сұлудың анасы, Қалмақтардың ханы – Сейқын.
Аңыз бойынша Монтай атты әділ би дүйім жұртқа құрметті болған. Оның кесім – бітімінсіз халық еш дауды шешпеген. Бірақ Монтайдың ұрпақсыз өмір кешуі бір ғана бидің емес, қалың жұрттың жүрегіндегі шер еді. Уақыт өте келе бидің тоқалы құрсақ көтеріп, Қайыргелді есімді ұл туды. Монтай бидің қуанышы бүкіл елдің қуаншына айналғанымен, бұл шаттық ұзаққа созылмайды. Жалғыз ұлдары жастай қайтыс болып, ер мен елдің көңілі жүдейді. Елі биді жұбатуға жиналғанда Монтай би бір жігіттен төрт құбыласы тең, он бір ұлы он бір ауыл болып отырған армансыз Келден бай туралы естиді. Армансыз адамды көргісі келіп, арнайы байды іздеп барады. Келден байда әділ би Монтай жайлы сырттай естіп, бір жүздесуді қалап жүрген екен. Келден ауылына барған биді қуана қарсы алып, екеуі сыр шертіседі. Сонда ел армансыз деп ойлайтын Келден батыр ешкімге айтпаған сырын, өмір бойғы арманын Монтайға айтады.
Қалмақ пен қазақ арасында сұрапыл соғыс болған жылдары аз ғана үй отырған қазақ ауылына қалмақтар шабуыл жасап, 13 жасар Келден жау соңынан қуып кетеді. Жаумен алысамын деп жүріп тұтқынға түсіп, қалмақ ханы Сейқынның тұтқынында 5 жыл өткізеді. Сейқынның өзге балаларынан ең ерекшесі Құралай сұлу еді. Оның сұлулығы, ақылдылығы, мейірімділігі күллі жұртты сүйсіндіріп, ер атаулыны ынтық еткен. Тіпті ел адамдары Құралай сұлуды қыз баласы-ау демей, онымен ақылдасып, кеңесіп отыратын болған. Бір күні Сейқын хан үлкен той жасап, тұтқындардың бәрін босатуға әмір береді. Бірақ мәселе қазақ батырына келгенде, оны алдына алып келуге бұйырады. Келден батырға хан егер қалмақ елін жау көрмей, дос тұтатын болса ғана бостатынын айтып, ант беруін талап етеді. Бірақ дұшпанға ант беруді намыс көрген Келден батыр қарсылық танытып, қалмаққа дос болмайтындығын, өлгенше күресетіндігін айтады. Осы әрекеті үшін хан оны тағы қамауда ұстайды. Ертесі күні таң ата Келден батырды әлдекім түртіп оятып, босатып алады. Қараса Құралай сұлу екен. Құралай сұлу батырға шешесінің қазақ қызы екенін, 15 жасында қалмақ қолына түсіп, Сейқын хан қазақ қызының асқан сұлулығына қызығып әйелдікке алғаны, шешесінің қалмаққа қор болып, еліне деген сағынышы мен махаббаты үшін құсамен өмір сүріп, шерменде халде дүние салғандығы жайлы мұңын айтады. Шешесіне деген махаббаты мен Сейқын ханға деген өшпенділігі, қалмаққа қор болмауын өтінген анасының өсиетінің осы күнге дейін байыз таптырмағандығын сөз етіп, елден бірге қашуын сұрайды. Бір-бірін сүйіп қалған жастар елден қашып, қазақ жеріне беттейді. Артындағы қалмақ қуғыншыларымен алысқан Келден оларды мерт қылып, кегін алады. Әрі қарай жандарына байыз тауып, елдеріне аттанған Келден батыр мен Құралай сұлу бір жерде дамылдап алмақ болады. Әлденеден сескенген Құралай сұлудың бұл қопаға түспеулерін шыр-пыр болып тілегеніне болмай, Келден сол жерде тынығып алмақ болады. Суға түсуге кеткен Құралайды күтіп отырған батыр әлден уақытта сұлудың шыңғырған даусын естиді. Есі шығып өзенге қарай жүгірген батыр Құралайға тап берген жолбарысты көреді. Дереу жолбарысқа садақ кезеп, атып түсірген батыр сүйген сұлуын құтқарып үлгермейді. Өлім аузында жатқан Құралай батырға арманының орындалғанын айтып, батырдан әрі қарай өмірін жалғастырып, ұрпақ өрбітуін тілейді. Сөйтіп, жан тапсырған Құралай ханның жете алмаған арманына айналады.
Құралай сұлудың мазары Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Кіші Қамқалы ауылы маңына қойылған. Ел аузында бұл кесенені Келден батыр 18 ғасыр мен 19 ғасырдың аралығында салғызған. 1924 жылы Орынбор қаласында оқып жүрген жас ақын Иса Байзақов ел аузынан естіген аңыз деректерге сүйеніп, «Құралай сұлу» поэмасын жазды.
Достарыңызбен бөлісу: |