Діни нанымдар мен ғұрыптары
Сақ тайпаларының діни түсініктері туралы мәселе аз зерттелген. Жерлеу материалдарына қарағанда, сақтарда ата-баба аруағына, отбасылық-рулық әулиелер мен желеп-жебеушілерге сыйыну ғұрыптары болған. Бұл ғұрыптарлың шығуы өлген тумаларының мәңгі жасайтынына, өлгендер өзінің рулық қауымының салттары, үйреншікті ғұрыптары мен ережелері бойынша өмір сүре беретін о дүние бар деген сенімге негізделген.
Осыдан келіп өлген адаммен бірге оның беделі мен қауымдағы алатын орнына лайық мүліктің көмілуі, қауымның жеріндегі ру зиратында атқарылатын әрбір тайпаға немесе тайпалар тобына тән күрделі жерлеу ғұрпы шыққан. Малшыларда бұл ең алдымен қыстау маңы болды. Өлгендердің бәрі әдетте жылдың қай мезгілінде боласа да осы жерге жеткізілді. Мұндай ғұрып кейін сүйегін ру зиратына көшіретін болып не уақытша жерлеуді, немесе өліктің сақталуына көмектесетін қайсыбір амал қолдануды керек еткен.
Таулы Алтай мен Қазақстан аумағындағы сақтар зираттарын ашып-қазу сақ қоғамының ерекше ақсүйек өкілдері үшін өліктері үшін өліктерді бальзамдау мен мумиялау қолданылғанын көрсетеді.
Ондаған және жүздеген обалардан тұратын ірі-ірі рулық зираттар Қазақстанның көптеген аудандарында (Шілікті, Есік, Бесшатыр, Жуантөбе, Сыпыра-оба, Қараоба, Ұйғарақ), яғни отырықшы және жартылай көшпелі мал шаруашылығы басым болған жерлерде белгілі.
Сонымен бірге шөлді-далалық аудандарда ірі зираттар жоқ, онда қыстау үшін қолайлы жерлерде әрқайсысы 2-4 обадан тұран аздаған мола зираттар ғана бар. Сірә, халықтың көші-қонымының көптігіне және қоныстарының жиі ауыстырылуына байланысты көшпелі мал шаруашылығы аудандарында қыстайтын орындар, рулық зираттар болу дәстүрлері қалыптаспаса керек.
Сақ тайпаларының жерлеу ғұрпы алдындағы уақыттың ғұрыптарынан едәуір ерекше болды. Егер қола дәуірі үшін тас қоршаулар мен тас жәшіктерге жерлеу тән болса, сақтар мекендеген аудандардың бәрінде обалы қорымдар болып, адамдар көбіне сопақша етіліп қазылған қабірлерге жерленді.
Лақыттап және ақымдап жерлеудің жаңа түрлері шықты. Жерлеу әдістері де өзгереді: өлікті өртеудің немесе оның аяқ-қолын қусырып, қырынан жатқызып жерлеудің орнына шалқасынан созылта салып жерлеу шығады.
Жерлеу ғұрыптарының салттарында да бірсыпыра айырмашылықтар орын алып, олар шағын және уақытша сипатта болған.Мәселен, Оңтүстік Орал сырты мен Батыс Қазақстанның савроматтары өлген тайпаластарын бетін ағашпен жапқан тар немесе кең тік бұрышты шұңқырларға көмген. Осы аумақтағы кейбір тайпаларда шаршы және шеңбер түріндегі қабірлерге жерлейтін болды, ұзын қабырғаларының жақтауынан шығарылған кертпешелері немесе ойықтары бар қабірлер ұшырасады.
Арал маңы сақтарында түбін айнала шамалап оралған, жерден ойып нар жасаған және түбінің бұрыш-бұрышына не оны айналдыра орнатылған діңгектердің орны бар өзінше бір үлгідегі қабірлер кездеседі. Жетісуда және Алтайда ауқатты адамдар сол кездегі жердің бетіне салынған не жерді қазып орнатқан үлкен ағаш қималарға қойылатын болған. Бұл аудандарға қарапайым адамдарды бір қабірге бірнешеуін жерлеу немесе аса терең қазылмаған қабірлерге бірінен кейін бірін жерлеу ғұрпы тән.
Орталық Қазақстанда жалпақ тақта тастармен жабылып, жерден қазылатын сопақша жерлеу тұрақты дағдыға айналды, нақ осында тас кешенді обалар түріндегі мола құрылыстарының ерекше үлгісі де болған. Тайпалардың жерлеу ғұрпындағы айырмашылықтар оларда біртұтас жүйелі діни ұғымдардың болмағандығын көрсетеді.
Қазақстанның мал өсіруші тайпаларының отқа, жылқыға, күнге және басқа аспан шырақтарына табынумен байланысты ғұрыптары да тарихи тұрғыдан анықталып отыр. Антик деректемелері мен көне ирандық дерктемелер бірқатар сақ тайпаларының сыйынатын басты құдайы Күн болғанын анық көрсетеді, онымен аспан отының бейнесі тығыз байланысты болған.
Орталық Қазақстан мен басқа аудандардың сақ қабірлерінде Күн-құдайға құрбанға жылқы шағу дағдысы талай рет анықталды, әр түрлі нұсқалары: аттың өлігі мен оның тұлыбын көму, аттың басы мен аяқтарының терісін көму, ат әбзелдерін немесе олардың жекелеген бөлшектерін көму нұсқалары да мәлім.
Бәрінен тазартатын киелі күш деп біліп, отқа табыну Күнге табынудан келіп шыққан. Ол Евразияның мал өсіретін көптеген тайпаларында кеңінен таралған. Батыс Қазақстандағы ағашатан жасалған мола үстіндегі құрылыстарды өртеу ғұрыптары зұлым рухтарды жолатпайтын оттың тазартқыш күшіне сенумен байланысты. Арал маңы сақтары сияқты, Елек пен Жайық савроматтарының қабірлеріне де қызыл бояу-от пен Күннің символы жиі ұшырасады.
Қола (Жетісу) және (Арал өңірі, Орт.Қ, Оңт. Орал сырты) құрбандық мехраптарының көптеп табылуы күнге, отқа және үйдегі ошаққа сыйынумен байланысты.
Сақ және савромат тайпаларының діни нанымдарында өлген адамға екі түрлі қарау айқын аңғарылады: бір жағынан, оны құрметтеп, оған сыйынатын болса, екінші жағынан тайпаластарға өлген кісінің жаны қайтып келіп кіреді деп қорқатын болған. Соңғы жағдайда отқа табыну, сірә, өзінше бір сақтану қызметін атқарған болса керек. Нақ осы мақсатпен жерлеу ғұрпы атқарылған кезде обаларды айнала ондаған жерге от жағылған болған, мәселен, Қараоба (Орт.Қаз) және Бесшатыр (Жетісу) қорымдарында осылай істелген.
Сақ заманында түр жағынан барынша өзгерген және өңделген күйде болса да анимизм, тотемизм және магия сияқты алғашқы ең ежелгі діни ұғымдар да сақталған. Савроматтардың қабірлерінен әдейі сындырылған бұйымдардың жиі кездесетінін ғалымдар анимизмнен, заттардың жаны болады деген сенімнен деп түсіндіреді. Тайпалас адамдар өлген кісінің қаруын, айнасын және басқа да меншікті заттарын әдейі сындырғанда, өлген адамның жанымен бірге өліктер еліне жететін заттардың жанын азат етуге көмектестік деп сенген.
Тотемизмнің және магияның сарқыншақтары әр түрлі тұмарларда, тылсымдар мен бойтұмарларда сақталған. Рудың немесе тайпаның қайсыбір мифтік хайуан тегінен шығуы туралы ұғым жануарлардың металдан жасалған мүсіндерінде бейнеленген. Шайқастарда желеп-жебейді деп онымен қару, жауға мінетін атты сақтасын деп жүген безендірілген. Сақтарға жақсы таныс жабайы аңдар бейнесіндегі киелі хайуандар туралы олардың шапшаңдығын, ептілігін және көбіне киелі күшін мадақтайтын аңыздар шығарылған.
Достарыңызбен бөлісу: |