Пойыздар бұл өлкеде шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады. Ал, темір жолдың қос қапталын ала бұл өлкеде сайын сахара сары даланыңкіндіктұсы–Сарыөзектіңмедиенұлыжазирасыкөсіліпжатады... Боранды Едіге үшін қырсықты-қысталаңды болған сол елу үшінші жылдың қысы ерте түсті. Сарыөзекте бұрын-соңды ондай қыс болған емес-ті. Қазан айының аяғын ала қар жауып, суық басталды. Құмбелден күнілгері өз үйіне, Зәрипаның үйіне картоп тасып алғаны қандай жақсы болған. Білгендей асыққан екен. Құмбелге соңғы рет түйемен барды, өткінші жүк пойызының тамбурында тұрып, үйге жеткенше картоп үсіп кетер деп қорықты. Үсіген картоп кімге керек. Өйтіп машақат болғанша деді де Қаранарға мініп барып, оның үстіне екі қанар картопты теңдеп алды. Жалғыз өзінің әлі жетпес еді, тәңірі жарылқағыр, сондағы кісілер көмектесіп жіберді. Теңделген қанарлардың үстіне киізбен бастырып, жел тимесін деп жан-жағын қымтап қойып, өзі қос қанардың ортасына шоқиып отырып алып, жайымен Борандыға қарай аяңдады. Қаранардың үстінде пілге мінгендей болып отыр. Едіге солай ойлады. Бұл маңайда осы таяуға дейін пілге адам мініп жүреді дегенді ешкім естіп-білген емес. Осы күзде станцияның кинотеатрында тұңғыш рет үнді фильмін көрсеткен. Құмбелдің бала-шағасынан кәрі-құртаңға дейін бейтаныс ел туралы бейтаныс картинаны көреміз деп шұбырып берсін. Фильмде шексіз ән-бимен бірге пілдерді де көрсетті. Үнділер пілге мініп, ну ормандардан жолбарыс аулауға шығады екен. Сол картинаны Едіге де көріп қалғаны бар. Разъезде бастығы екеуі жалпы кәсіподақ жиналысына борандылықтар атынан делегат болып қатысып еді. Жиналыс соңынан депоның клубында осы үнді фильмін қойып еді. Содан басталды дейсің. Жұрт кинодан шығып алып, ал кеп әңгіме қызсын. Үндістанда адамдар пілге мініп жүретініне теміржолшылар ал кеп таңғалсын. Әлдекім даусы қатты шығып: – Немене, сонша сол бір пілдерге бола шулайсыңдар, Қаранардың пілден несі кем? Жүк артсаң – о да піліңнен кем тартпас! – деді.
– Ей, рас-ей, – деп жабыла күлісіп алды.
– Пілің не! – деді тағы біреу. – Піл дегенің тек ыстық жерде жүре алады. Біздің Сарыөзекке қыста алып келші сол піліңді. Тұяғы үсіп түсіп қалсын, Қаранарға жетпек қайда оған!
– Әй, Едіге десе! Әй, Боранды Едіге! Осы саған неге Қаранардың үстіне дәл үнділерше шатыр тігіп алмасқа? Үнділердің байы құсап, шалқайып жүрмейсің бе бір!
Едіге мырс күліп қойды. Достары қылжақтайды, десе де өзінің аты-шулыбурасы туралы мақтаусөз есту де құлағына жағып барады...
Ал оның есесіне сол қыста Едіге осы Қаранардан көресіні көрді дейсің. Қасірет шегіп, азапқа түсті дейсің... Бірақ ол азап сәл кейінірек, суық түсе басталар. Ал дәл сол күні Едіге жолда келе жатқанда қар жауды. Қар одан бұрын да бірер рет жауып, тез еріп кеткен. Бұл жолы жауғанда да мықтап басып салды! Сарыөзектің аспанын түнек бүркеп, жел ұйтқыды. Торғайбас қар жапалақтап тұрып жауғанда лезде жердің беті аппақ болды. Суығы суық емес, бірақ былжырақ ылғал сүйкімсіз. Ең қиыны – саулаған қардан айнала төңірек түк көрінбейді. Енді не істеу керек? Сарыөзектің айдаласында ат басын тірейтін, жауынның басылуын күтіп тыныстайтын бірде-бір елді мекен жоқ. Енді бар амал – Қаранардың күшіне, сезімталдығына сенеді. Ол үйді тауып баруға тиіс. Едіге түйеге ерік беріп, өзі жағасын көтеріп, бөркін баса киіп, бастырмамен бүркеніп, жан-жағынан бір қарайған көре алмай, тағат сақтап отыра берді. Жапалақтап, орай да борай соққан қардан басқа дәнеңе көрінбейді. Сол ақ түтектің арасымен Қаранар жүрісінен танбай салып ұрып келеді. Үстіндегі қожайыны оған қазір қожа емес, қимыл етпей үнсіз қалғанын түйе де сезеді. Қарсоқтада мұншама жүкпен ыңқ етпей келе жатқан Қаранардың күші де ғаламат қой. Иесі үстінде, Қаранар анда-санда бақ етіп, арыстанша ақырып қойып, кейде ұзағынан боздап, танаулары желп-желп етіп, бу бұрқырап, мұрнының демімен адам ұшырардай дауыл тұрып, қарсы соққан қарды қақ жарып, арымай-талмай арқырап келеді.
– Соқталап соққан қар ішінде Едіге жападан-жалғыз көңілі құлазып, жетімсірейді. Айнала тырс етпейді, ақ түнектен басқа түк көрінбейді. Қаранар ара-тұра басына үйіліп қалған қарды сілкіп түсіріп, жүрісінен танбай, бақ етіп, бақырып қалып айнала тыныштықты селт еткізгендей болады. Ал үстіндегі иесінің көңілі әлем-жәлем. Едіге өзін-өзі тежей алмай, өзінің өрт шарпыған сезімін үзілді-кесілді тыйып тастап, мықтап бір байламға табан тірей алмай, пәрменде хал кешіп келеді. Не Зәрипаға ақтарылып бар сырын айта алмайды, не Үкібаламен атқұйрығын шорт кесісе алмайды. Сонда ол ыза болып, өзін-өзі аяусыз балағаттайды. “Хайуан! Сен де бір, сенің түйеңде бір! Оңбаған! Иттің төбеті! Ақымақ бас айуан!” – деп, ара-арасына түрлі-түрлі боғауыз қосып боқтап, өзін-өзі тиюға, ес жиюға әрекеттеніп, өзін-өзі сойғылап, өзінің намысына өзі тиіп бақты... Бірақ бәрінен де шипа жоқ... Ол да бір, көшкін қозғап құлап бара жатқан тау да бір... Жалғыз медеу тұтары балақайлар. Балалар оған айрықша шарт қоймас, Едігені – Едіге көке деп біледі, жақсы көреді, бөтен қылық жоқ. Оларға не керек, қандай жәрдем керек. Едіге қолдан келгенінің бәрін істер. Міне, қазір де сонау Құмбелден Қаранармен екі қанар картоп алып келе жатыр. Бір қанары солардікі... Қысқы отын-суын да дайындап берген осы Едіге...
Сол балаларды ойлау – Едігенің шыбын жаны барып қорғалар жер. Соларды оштаса-ақ жаны жай табады. Едіге қазір Борандыға жеткен соң сол балақайлар алдынан қалай жүгіріп шығатынын көз алдына елестетті. Қар борап тұрса да секіріп-секіріп, алақайлап: “Едіге көке келді! Қаранармен келді! Картоп әкелді!” – деп айқайлап алдынан шығады. Оларға: “барыңдар, үйлеріңе кіріңдер!” деп айта алмайсың. Едіге сонда ақырып қалып: “Шөк!” – деп Қаранарды шөгереді. Үсті-басы қар-қар болып түйеден түседі, үсті-басын қаққылап, қардан тазартып тұрып, балалардың бастарынан сипап та үлгіреді. Содан соң түйенің үстінен қанарларды түсіре бастайды; егер үйінде болса Зәрипа шығып қалар ма екен деп алаңдап есік жаққа қарап қояды: Зәрипа шыға қалған күнде де ол оған еш нәрсе айтпайды, Зәрипа да үндемейді; Едіге тек оның бетіне бір қарайды, бір көргеннің өзі медет; содан жүрегі түскір тағы да шым-шым уылжып, тағы да жан дүниесі астан-кестең болады, одан қашып құтылар құдірет жоқ; ал балақайлар болса, түйенің бақ ете қалғанынан қорқа-қорқа, абайлап басып, батылданып жақындап келіп, жүк түсіріп жатқан Едігеге көмектесіп жібермек болып, тынымсыз тыпырлап, етекке оралады... Едігенің бар азабын, сыздаған жүрегін айықтырып жіберетін үлкен ем осы ғана…
Қар жауған сол бір күнді ол осылайша жол үстінде өткізді. Жол бойы ауыр ойдан, шүбә-күдіктен арыла алмады... Жол бойы қар жауды да тұрды.
Сол қар Сарыөзекке о дегеннен қаһарлана келген ерте қыстың басы еді. Суық түсісімен Қаранар қайтадан құтырына бастады. Тұла бойын буралық дүлей күші билеп, қайтадан аузынан жын шашып, ақырып- бақырып, буырқанып-бұлқынып, айналаны азан-қазан қылды. Енді оны қорада ұстап тұра алатын ешқандай күш-құдірет жоқ-ты. Тіпті иесінің өзі де “Бәледен машайық қашып құтылыпты” деп, бураның ығына көнбесіне лажы қалмады...
Қар жауған соң үш күннен кейін Сарыөзекте үскірік жел тұрып, дүн-дүниені үтіктеп өткендей жып-жылмағай етті де, даланың үстін сірескен бір мұнар басты да қалды. Аязды қарда кез келген дыбыс, қыбыр еткен қимыл, тырс еткен тысыр – бәрі де алыстан-ақ ап-анық естіліп, жаңғырығып тұратын болды. Кезеңде келе жатқан пойыздар- дың үні талай шақырым алыстан естіледі. Таң қылаң бере ұйқылы- ояу жатып, даладан Қаранардың азынаған үнін, қораны қирата жаздап, тапыраңдап тұрғанын естіп Боранды Едіге тағы бір бәле басталғанын сезді. Тез киініп, қараңғыда түртінектеп жүріп, қораға барды да, тікенектей аяз қарып бара жатқан тамағын қырнай айқай салды:
– Не көрінді! Басыңа тағы да ақыр заман орнады ма? Тағы да бастадың ба сойқаныңды? Менің қанымды тағы да ішпекшісің бе! Ой, оңбаған хайуан! Өшір үніңді! Өшір деймін үніңді! Биыл тегі жігітшілігің тым ерте қозған екен, бәлем. Елге күлкі, есекке таң болмасаң жарар!
Бірақ айтқан сөзінің бәрі айдалаға кетіп жатыр. Жан дүниесін жігітшілік құмарлық қысқан бура иесінен титтей де именген жоқ. Ол өз дегенінен қайтпай, осқырынып-пысқырынып, өңеші үзілгенше бақырып, тістерін үрей ұшыра шықырлатып, шарбақты қирата жаздайды.
– Ә, бәлем, сезген екенсің ғой? – Иесі ашудан өкпеге көшті.– Түсінікті болды, осы табан астында табынға алып-ұшып жетуің керек қой. Келеде бір күйлеген інгеннің жүргені ғой, сірә! Әй-әй! Бұл ойсылқара тұқымын құдай қарғап неге жылына бір-ақ рет күйлейтін етіп жаратты екен. Ың-шыңсыз, жанжалсыз, ақырын ғана күнбе-күн қайысуға болмас па еді? Сонда кімнің қандай шаруасы бар сенде! Жоқ, дәл қазір қиямет-қайым болатындай өзеурейді-ай, сорлы!.. Бұл өкпе-наздың бәрін Едіге тек өзінің бура алдында дәрменсіздігін жуып-шаю үшін ғана айтты. Бұл бәлені қашанғы азынатып қояды, амал жоқ, қораның қақпасын ашты. Адам бойынан асатын шынжырлы қақпаны ашқаны сол екен, Қаранар оны қағып кете жаздап, абақтыдан атып шықты да, азынай ақырып, буына боздап, теректей аяқтары тарбаңдап, тіп-тік өркештері дір-дір етіп, ен далаға ұша жөнелді. Соңынан қар боратып, лезде көзден ғайып болды.
– Тіфу, кәпір! – Иесі артынан бір түкірді де, ызаланып: – Заула, ақымақ, заула, әйтпесе кешігіп қаларсың! – деді.
Едіге таңертеңнен жұмысқа кетуі керек еді, бұлқан-талқан болған Қаранарды босатып жібергені де сондықтан. Егер мұның арты немен бітерін білсе, бұлқан-талқан болмақ тұрмақ, буынып өлсе де босатпас еді ғой. Бірақ ол жұмыста жүргенде бүл құтырған дүлейге кім ие бола алар еді? Одан да қарасы батып кетсін. Құтырған ен далаға шығып, арыны басылар, біраздан соң сабасына түсер, жуасыр деп үміттеніп еді Едіге...
Келесі күні-ақ Боранды Қаранардың сұрапыл сойқандары туралы, тура бір майданнан түскен ақпардай, хабарлар жете бастады. Бәрі де жайсыз хабар еді. Боранды бекетке пойыз тоқтаса-ақ болды, не машинист, не кочегар, не кондуктор жамырай жарысып, пойыз жол бойындағы түйелі ауылдарда Қаранардың салған ойранын айтып бола алмайды. Құмдышап разъезінде Қаранар екі бураны қатарынан өлімші етіп, төрт інгенді тартып алып, айдалаға қуалап кетіпті. Әлгі інген иелері түйелерін Қаранардан әрең айырып алыпты. Қаранарды қорқытпақ болып адамдар аспанға мылтық атыпты. Басқа бір жерде Қаранар бір інгеннің үстіндегі адамды ұшырып түсіріпті. Жерге ұшып түскен сорлы да бір құдай есалаң жаратқан неме екен, Қаранар інгенмен ісі біткен соң босатып қоя беретін шығар, деп екі сағат тапжылмай күтіп отырыпты. Сөйтсе інгеннің өзі де ұятсыз Қаранардан ажырағысы келмейтін көрінеді. Әлгі сорлы енді інгенін алып, үстіне мініп, үйіне қайтайын десе, Қаранар оған ақилана тұра кеп шауып, таптап кете жаздапты. Таптап та кететін екен, әлгі малғұн жандәрменде бір терең шұқырға қарғып түсіп, өлі мен тірінің арасында інге кіріп кетіп, әрең аман қалыпты. Есін жиғанда ғана барып, өзекті қуалай еңбектеп, Қаранардан алыстағанда ғана жолға түсіп, әйтеуір, тірі қалғанына тәуба-тәуба деп үйіне оралыпты. Ұзынқұлақ “телефон” бойынша, Қаранардың сұмдық сойқандары жөнінде хабар қардай борады дейсіз. Ал бірақ ең қаһарлы да қатерлі хабар Ақ-Мойнақ разъезінен хат арқылы келіп жетті. Перінің қайдан барып бір-ақ шыққанын көрдіңіз бе – Ақ-Мойнақ бекеті Құмбел станциясының ар жағында ғой! Хат жазған Қос-пан деген біреу екен. Үшбу қадірлі хатта былай деп жазылған. “Сәлем, құрметті Едіге аға! Сен өзің Сарыөзек атырабына әйгілі кісі болсаң-дағы, құлағыңа жағымсыздау сөздер айтуға тура келеді. Мен сені мықты адам ғой деп ойлаушы едім. Тажал Қаранарыңды еркіне босатып қоя бергенің не қылғаның? Сенен мұндайды күтпеп едік. Ол қызылкөз бәлең мұнда үрейімізді ұшырып, иманымызды қашырып болды. Біздің бураларымызды мүгедек қылып, қиратып тастады. Ең әйдік деген үш інгенімізді тартып алып кетті. Ол аз десең, өзімен бірге бір қомдаулы інгенді де қуалап келді. Сірә, үстіндегі адамын жолда ұшырып түсірген болар, әйтпесе әлгі інген неге ашамайлы. Сөйтіп, біздің інгендерімізді де айдалаға қуып алып кетті. Жаныңа жан баласын жолатпайды – қасына не адам, не хайуан бара алмайды. Осындай да бола ма екен? Біздің бір жас буыршынның қабырғасын қиратып жіберген екен, өліп қалды. Мен аспанға мылтық атып, жасқап, інгендерді алып қайтайын деп едім... Қайда! Ештеңеден қорықпайды. Кімді болса да шайнап тастап, тірідей жұта салайын деп тұр! Тек оның әлгі шаруасына ешкім шәлкес келмесін. Ол перің не оттамайды, не су ішпейді, тек әлгі інгендерді қайыйды келіп, қайыйды келіп! Сол кезде жер солқылдап жатқандай болады. Оның сол сұрапыл әрекетін көргенде, тіпті жаның түршігеді. Әрі десе әлгі жұмыс үстінде аспан астын күңірентіп, бақыратынын қайтерсің. Аламан ақыр заман болғандай зәрең кетеді! Соған қарағанда, Қаранарың қажымай-талмай інгендерді жүз жыл қатарынан үздіксіз қайыйтын шығар деп қалдым. Мен мұндай тажалды өмірімде көрген емеспін. Біздің ауылдың адамдарында зәре-құт жоқ. Әйелдер мен балалар үйлерінен алыстап шығуға қорқады. Сондықтан да тез жетіп, Қаранарыңды алып кет. Мерзім беремін. Егер де бір күннен кейін келіп, бізді бұл дүлей диюдан құтқармасаң, онда өкпелеме, қадірлі аға. Менің мылтығымның оғы ірі. Ондай оқпен аюды да сұлатуға болады. Қаранарыңның басын куәлардың көзінше мылжа-мылжасын шығарамын – сонымен іс бітті. Терісін өткінші пойызбен беріп жіберемін. Қаранар екеніне қарамаймын. Ал, мен бір айтпайтын, айтқанынан қайтпайтын адаммын. Кешікпей тұрғанда, тез жет.