ПТР тестер жаңа штамды коронавирус анықтай береді, бірақ оның дәл осы омикрон екеніне көз жеткізу үшін қосымша зертханалық талдау қажет. Мамандардың айтуынша, омикронның жағдайында ПТР тесті көздейтін үш геннің бірі (S гені) көрінбейді, осыны маркер ретінде қарастыруға болады.
НЕГЕ ОМИКРОН?
Коронавирус штамдарының ресми атаулары әріптер мен таңбалар қосындысымен беріліп, жалпақ жұртқа ұғынықсыз болып жатады. Сол себепті ДДСҰ штамдарды грек әріптерімен атап жатыр. Осы күнге дейін 12 штамм ғана грек әрпімен аталған. Мәселен, Ұлыбританиядан анықталған алғашқы штам альфа деп аталса, Оңтүстік Африкада тіркелген одан кейінгі вариантты бета деп атады. Бразилиядағысы гамма, Үндістандағы дельта болды. Одан кейін эпсилон, зета, эта, тета, йота, каппа, лямбда және мю дейтін штамдар да тіркелді. Бірақ омикрон – грек әліпбесіндегі 13-ші емес, 15-ші әріп. Яғни ДДСҰ ню және кси дейтін екі әріптен аттап өткен. Себебі ню жаңа деген сөзбен ұқсас болған, ал кси Қытай президентінің атына ұқсаған (екеуі де ағылшынша Xi деп жазылады).