ХУНАЙН ШАЙҚАСЫ
Хижреттің сегізінші жылы, шәууәл айының бесі. Б.з. 630 жылы, қаңтар.
Күн сенбі.
Меккенің пайғамбарға бағынуы нұрлы нәтижелерге жол ашты:
құрайыш мүшріктерінің - бәрі дерлік мұсылманшылықты қабылдады.
Маңайдағы ру, тайпалар да Исламға бой ұсынып жатты. Дегенмен әлі де
болса өркөкіректеніп "өліспей беріспейміз" дегенді танытқандар да бар еді.
Сакиф және Хауазин тайпалары мұсылмандардың жеңісін мойындағысы
келмеген. Өздері қоныстанған аймақта иық тірестірер ешкім болмаған соң
өздерін ең мықтымыз деп санайтын.
РасулАлланың Меккені қол астына қаратуы Сакиф пен хауазиндердің
қобалжуын туғызған. Ойлана келе Меккеге шабуыл жасауға бекінген олар
тез арада әскер жасақтап, Малик ибн Ауфты қолбасы тағайындап, шайқаста
әскерлерге батылдық беру мақсатымен әйел, бала-шағаны да ала шығуды
жоспарлайды.
Аллаһ Тағаланың сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммед (с.а.у.)
дұшпандарының құпия қимылдарынан дер кезінде хабардар болып, бір
сахабасын тыңшылыққа аттандырады. Мұсылман тыңшы дымын білдірмей
жау әскеріне келіп қосылады. Қолбасы Малик ибн Ауфтың:
"Мұхаммедтің ең соңғы шайқасы осы болар. Бұған дейін ол ылғи
шайқас, әскери тактиканың исі мұрнына бармайтындармен соғысты.
Жеңісінің себебі де сол.
Таң атуға жақын сапқа тұрып, артқы жаққа әйел, бала-шағаны тіземіз.
Мұсылмандарды көрген бетте жан-дәрмен шабуылға кірісеміз.
Бірінші боп ұрысты бастағанның жеңетінін естен шығармаңдар!" -
дегенін өз құлағымен естиді. Мән-жайға қаныққан Хазіреті Абдуллаһ асығыс
келген жолымен кері қайтады да, көрген білгенін Хазіреті Мұхаммедке
(с.а.у.) баяндап жеткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |