ҰЛЫ ДАЛА тарихы
267
соңғысы қазiр жеңiп, халықтың дамуын тоқтатып отыр. Егер еуропалық өркениет
түрiктiк-халықтық күшке көмек қолын созып, мұсылманшылықтың өрiсiн
тоқтатса, прогресс болар едi. Қазiр шұғыл қимылдасақ, халықтық рухы мықты
сахарада исламды жеңу қиын емес», - деп жазған В.В.Радловқа және өзге де
ориенталистерге бұдан артық баға беру мүмкін емес. Расында ориенталистер
шығысты экзотикалық көрініс, фольклор мен этнография мұражайы ретінде ғана
көргісі келеді. Ал оның тірі әрі ірі болуына, өзіндік мәдениет пен өркениет жолын
одан әрі жалғастыруына әсте разы болмайды. Өйткені, олардың ойынша шығыс
адамы – «надан, қараңғы». «Бір кездері аздаған жетістіктерге қол жеткізгенімен,
заманның ыңғайына бейімделе алмады және бұдан кейін де өз жолын, даму
бағытын таңдап алуға қабілетсіз. Сондықтан, олар тек батыстық құндылықтарды
қалтқысыз қабылдағанда ғана көгермек». Міне, мұндай пиғылды Ресей Орталық
Азияны жаулап алған кезде жасалған Горчаков декларациясынан да анық
байқауға болады.
Бұл орайда Мұстафа Шоқайдың қазақтың біртуар ұлдарының бірі Шоқанды
«орыс мәдениеті мен орыс билігінің миссионері еді», - деп бағалауында да
үлкен мән жатыр деп ойлаймыз. Өйткені, Орынбордағы Шоқан білім алған
Неплюев кадет корпусы ориенталистер тәрбиелейтін арнайы оқу орны болды.
Бұл оқу орнынан тек әскерилер ғана емес, сонымен қатар ірі шығыстанушылар
да жетіліп шықты. Жоғарыда ориенталистика мен миссионерліктің қатар туып,
егіздің сыңарындй етене жақын болып, дамығанын айтып өттік. Шоқан бәлкім
миссионер болған жоқ шығар, бірақ ориенталистика ғылымы оның санасына
ақыл тоқтатпаған кезден, бала жастан сіңді. Бұл соңында оның халқының
құндылықтарынан көз жазып қалуына әкеп соқтырды. Шоқайдың сөзімен айтар
болсақ, Шоқан орыс халқының рухымен өз халқын бақытты ету мүмкіндігін
іздеді. Яғни, ол халқының бақытын Ресей империясымен байланыстырып
қарады. Сондықтан Ресей империясының Азияда ілгерілеуіне қызмет етті.
Өкінішке қарай, ол Орталық Азия халықтарын бөлшектеп билеу саясатын
жүргізген Ресейдің қитұрқы саясатына құрбан болды. Ресей оны тек Азияның
өзіне беймәлім аймақтарын ашу үшін ғана емес, сонымен қатар қазақты ислам
дінінен қол үздіріп, бауырлас халықтардан ірге ажыратуы үшін де пайдаланды.
Құрыққа ерте іліккеннен болар, Шоқан да орыс ориенталистерінің ізімен жүрді.
Сондықтан, жалпы, Шоқанның дін, дәстүр сияқты тақырыптар төңірегінде
жазғандарын абайлап қолданған дұрыс деп ойлаймыз. Ал кейін Петербордың
пиғылын сезіп, ес жинаған сәтте бәрі кеш болды. Өйткені, «қожайынның сырын
білетін қызметшінің» сырт айналғанын Ресей әсте кешпейтін еді. Сондықтан,
Шоқанның өлімі де өте күмәнді өлім.
Ұлы тұлғаларды салыстырған дұрыс емес те шығар, бірақ Абайдың
Шоқаннан ерекшелігі де осында жатқан сияқты. Тамырын тереңге тартып,
ұлттық құндылықтармен сусындап өскен Абайдың қолында елеуіш болды.
|