ҰЛЫ ДАЛА тарихы
386
4. Ататүрік бойында айрықша алғадайлық қасиеттер бар
Ататүрік – Түркия және түрк халықтары үшін аса қастерлі есім. Оны сондай
қадірлі еткен қандай қасиеттері еді? Соған да тоқталып өтсек.
Біріншіден, Ататүрік төңкеріс жасап, билікті тартып алған жоқ. Мемлекетін
жау қолынан азат етті. Құлап жатқан Осман империясының қирандыларының
ішінен өзінің ұлтын сақтап қалды. Сондықтан, ол әуелі Отанын құтқарған
қаһарман, жаужүрек Ғази.
Екіншіден, ол тәуелсіз мемлекет құрды. Мемлекеттің іргесін бекітіп, көп
ұлтты біртұтас ұлысқа айналдырды, тарихи таным мен ұлттық рухты күшейтіп,
түрік тілінің көсегесін көгертті. Жаңа қоғам, жаңа сана қалыптастырды. Сол үшін
түбегейлі саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени реформалар жүргізді.
Мәселен, соның бірі – фамилия реформасы. Оның реформасы арқылы әрбір
азаматқа жаңа түрікше фамилия берілді. Ол адамның әулетімен мүлде қатыссыз
болды. Сол арқылы Түркияда мекендеп жатқан көптеген этнос өкілдері түрік
болып есептелді. Əрине, олар өзінің өткенін біледі. Бірақ, түрік жерінде тұру
арқылы, түрікше сөйлеп, түрікше білім алу арқылы олардың әрқайсысы Түрік
Республикасының азаматы, патриоты ретінде қалыптасты.
Үшіншіден, ол халықшылдық саясатын ұстанды. Ленин сияқты өзге топтарды,
партияларды жоя отырып, бір партияның басшылығына сүйенген жоқ. Ол тұтас
халықтың қолдауына ие болды. Ататүріктің жерді, елді құтқаруы, қоғамды, ұлтты
қалыптастыруы және халыққа арқа сүйеуі, халықтық билікті орнатуы оның есімін
өзге көсемдерден биіктетіп тұр.
Жалпы, Ататүріктің азаттық жолындағы жеңісі мен жүргізген жемісті
реформалары барлық бодан халықтарға үлкен үлгі болды. Оның 1930 жылы
айтқан «Күн шығыстан атады. Таңертең күннің қалай атқанын анық көргенім
сияқты, бір күні бүкіл шығыс халықтарының да солай оянғанын айқын көріп
тұрмын» деген сөзі бар. Ол шын мәнінде шығыстағы отаршылдыққа қарсы
күрестің символына айналды. Сондықтан, исламға қайшы көрінетін кейбір
әрекеттеріне қарамастан оны бүкіл шығыс халықтары мен ислам әлемі
тегіс құрметтеп, ұлы тұлға ретінде мойындап, дәріптеді. Мәселен, Мұстафа
Шоқай да оны «Түркия тарихының бағытын түбегейлі өзгерткен көсем» деп
бағалады. Ал Үндістан мұсылмандарының рухани жетекшілерінің бірі, әйгілі
ақын Мұхаммед Икбал «Кемал пашаға» деген жыр арнап, «Біз сақтандық, қор
болдық, Саған сақтық не керек?!!» деп жазды. Əрине, әр адам жұмыр басты
пенде болғандықтан, қателіктері мен кемшіліктері де қатар жүреді. Дегенмен,
біздіңше, Мұстафа Кемал Ататүрік тек Түркияның құрушысы ғана емес, бодан
ұлттардың үмітін оятқан, қирандыдан шыққан елдің еңсесін тіктеудің бағдарын
жасаған аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері.
|